БЮДЖЕТТІ ТЕҢЕСТІРУ. ЖӘРДЕМ БЕРЕТІН ЖӘНЕ АЛАТЫН ҚАЙ АЙМАҚТАР?

56

Әлемдегі кез-келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай қалған өңірлері бар. Бұл бір аймақтың тұрғындары пысық, екінші өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Оның үстіне экономикасы шикізатқа тәуелді әрі жері көп, халқы аз Қазақстан үшін мұндай жағдайдың болуы заңдылық.

Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде нақты жазылған.
Жайшылықта трансферлер жергілікті бюджетті теңестіреді. Ал, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына, өңір басшысының өтініші бойынша жоспарланбаған шығындарға Үкіметтің қорынан немесе республикалық бюджеттен бөлінген бұл қаржының мақсатты жұмсалуына жергілікті әкімдік тікелей жауап береді.

АЛҒАНЫНАН БЕРГЕНІ КӨП ТӨРТ ДОНОР-АЙМАҚ

Республикадағы 14 облыс пен 2 қаланың ішінен тек төрт донор-аймақ қана мемлекеттік бюджетке алғанынан көбірек береді. Бұл Алматы қаласы мен Атырау, Маңғыстау облыстары. 2016 жылдан бері олардың қатарына Астана қаласы енді. Әйтсе де, бас қаланың бюджетке берері жоғарыда аталған үштікке қарағанда азырақ. Дегенмен, Астананың шығысынан кірісі көп өңірлердің қатарына енуі қуантады.
Қазақстанның жағдайында барлық донор-аймақтарды табыс принциптеріне қарай үш топқа бөлуге болады. Бұл:
– қазба байлығы көп Атырау мен Маңғыстау облыстары;
– экономикасы тұрақты, соның ішінде шағын шәне орта кәсіпкерлік, өндіріс пен сауда қызметі дамыған Алматы қаласы;
– ұлттық компаниялардың бас кеңселері орналасқан Астана қаласы.
Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы донор-аймақтардан қаржыны алу көлемі 16 миллиард теңгеге артады. Бірақ, 2016 жылмен салыстырғанда Алматы қаласы мен Маңғыстау облысы бюджетке Астана қаласы мен Атырау облысынан көбірек кіріс түсірді. Салық түсімі соңғыларында 5 пайызға өссе, алдыңғыларында бірден 8 пайызға өсті. Бұл үлкен айырмашылық болып көрінбеуі мүмкін. Дегенмен, мемлекет бюджетті былтырғы жылы үш мәрте қайта қарастырды. Және әр қарастырған сайын Алматы қаласының бюджетінен алынатын қаржының көлемі артып отырды. Яғни, алғашқы жоспармен салыстырғанда айырмашылық аз емес.
Рас, тәуелсіздіктің тал бесігі саналатын «оңтүстік астана» елдегі барлық салық түсімдерінің бесінші бөлігін береді. Демек, мемлекет шығындарын жабу үшін Үкімет мұнай өндірісінен басқа кірістерге де тәуелді. Егер салық түсімдерін тереңірек қарастыратын болсақ, онда Алматы қаласының барлық салық түсімдерінің жартысы сауда мен қызмет көрсетуден түседі. Демек, елдің өзге облыстары төрт донор-аймаққа тәуелді болмаулары үшін сауда жасауды үйренулері керек. «Батыстағыдай (Атырау мен Маңғыстау облыстарын меңзеп отыр, – ред.) мұнайымыз жоқ» деу орынсыз. Ал жергілікті компаниялар аяқтарын нық баспай, бұл мәселе түпкілікті шешілмейді.

КІРІСІНЕН ШЫҒЫСЫ КӨП АЙМАҚТАР

Қаржылай көмек алатын аймақтар бір қарағанда тең. Биылғы жылы дотация барлық әкімдіктер үшін 5-6 пайыздың көлемінде өседі. Бұл шамамен инфляцияға тең. Әрине, бұл қуанарлық жағдай емес, себебі Астанадан басқа ешбір аймақ дотациядан донорлыққа өтпейді. Ал, елдің барлық облысы Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары сияқты өз-өзін «асырай» алса, тіпті пайдаға кенелетін болса, онда Қазақстанға дамыған отыз елдің ауылы жақындай түседі.
Мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы алатын аймақтардың көшін Оңтүстік Қазақстан облысы бастап тұр. Болжам бойынша, биылғы жылы аталған облыс 392 миллиард теңге субвенция алады. Бұл қаржылай көмекті көп алатын Шығыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облысын қосқандағыдан да жоғары көрсеткіш. Бірақ, көмекті тұрғындар санына бөлетін болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекет үшін соншалықты қымбат аймақ болмай қалады. Өйткені, бәрінен жоғары қаржылай көмекті Қызылорда (жан басына шаққанда 175,8 мың теңге), Солтүстік Қазақстан (жан басына шаққанда 171,1 мың теңге) облыстары алады. Бұл жағдайы жаман емес саналатын Павлодар облысы тұрғынының алатын қаржысынан үш есе (62 мың теңге), Алматы облысымен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы аталған тізімнің ортасында тұр (134,6 мың теңге).
Бір қызығы, бұл статистика комитетінің мәліметімен мүлдем сәйкес келмейді. Комитеттің дерегіне сәйкес, өмір сүру деңгейі ең төмен аймақтар – Оңтүстік Қазақстан (жан басына кіріс көлемі – 45,5 мың теңге) мен Жамбыл (52,7 мың теңге) облыстары.
Бюджет заңының көрсетуінше, дотация алатын облыстар қаржымен өздерін толықтай қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл қорытындысы бойынша шамамен 318 миллиард теңге салық түсімі болуы мүмкін. Ал, республикалық бюджеттен өз тапқан табысынан 74 миллиард теңгеге артық алады. Жамбыл облысының тәуелділігі одан да жоғары. Табысы – 80 миллиард теңге, алатыны – 158 миллиард теңге. Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары да салық түсімінен артық дотация алады. Қалған аймақтар салықпен салыстырғанда дотацияны азырақ иеленеді.

Тобықтай түйін: Мемлекеттік бюджетті теңестіру әлем елдерінің көбінде бар. Сондықтан бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, реті де жоқ. Оның үстіне бұл тақырып қозғалғанда «Кім-кімді «асырап» жүр?» дейтін сұраққа жауап іздеудің өзі артық. «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазақ үшін бұл таңсық болмауға тиісті. Тек айтпағымыз, бүгінгідей нарық уақытында Қазақстанның кез-келген аймағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Дотацияға күні қарап отырған барлық аймақтар өздерінің әлеуетін ұтымды пайдаланғанда ғана Қазақстан озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын алады.

Гүлмаржан ҚОСЖАНОВА, 

“Qazaq” газеті