«БІЗДЕ БЕНЗИН ҚЫМБАТ» ДЕП КІМ АЙТТЫ?! БОЗЫМБАЕВ ПІКІРІ

19

Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев алдағы 1 маусымнан бастап жанар-жағармай қымбаттай-тынын айтты.
«Жанар-жағармайға келер болсақ, 1 маусымнан бастап барлығымызға белгілі акциз күшіне енеді. Яғни, баға көтеріледі деген сөз. Сондықтан мамыр-маусымға жоспарланған көлемді осы айдың соңына дейін алу қажет. Бұл барлық облысқа қатысты. Осы мәселелерді бақылауға алатын болсақ, көктемгі егістік жұмыстарын табысты өткіземіз», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Өмірзақ Естайұлының былай дегені сол екен, Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин бағасы Қазақстанға қарағанда қай елдерде қымбат екенін айтып, деректер келтірді.
«Салыстыру үшін 167 елдің арасында мұнай өнімдері бағалары бойынша халықаралық «Global Petrol Prices» агенттігінің рейтингін ұсынғым келеді. Басқа елдерге қарағанда бізде мұнай өнімдерінің құны қымбат деген сөздер жиі естіледі. Бұл ретте тәуелсіз агенттіктің рейтингін көрсеткім келеді. Бензин бағасы бойынша соңынан бастап қарағанда Қазақстан 12-ші орында, ал дизель отыны құны көрсеткішінде 14-ші орында тұр. Яғни, 167 елдің арасында бізбен салыстырғанда тек 11 елде бензин арзанырақ, осы орайда Венесуэла, Иран, Кувейт, Түрікменстанда баға төмен. Дизель отыны 13 елде арзан, олар: Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Түркіменстан», –деді министр.