БІРІНШІ МИНИСТР

45

Бұл естелік еліміздің құрылыс ісінің аса көрнекті майталман қайраткері, халық құрметіне бөленген азаматтарымыздың бірі, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болып қызмет атқарған Ұзақбай Қараманұлы туралы болмақ.

Құрылыс деген өзі күрмеуі қиын орта. Оны бастау да қиын, аяқтау да қиын. Басын бастап, аяғына дейін жеткізген маманды үлкен маман деп атауға болады. Өйткені, бұндай күрделі істе бастан-аяқ бақылау жасалып, жанашырлық болмаса, оның қиюы кетеді. Мысалы, аты әлемге әйгілі Антонио Гаудидің атақты жұмысы Саграда-Фамилиа (Temple Expiatori de la Sagrada Família) кешірім шіркеуінің құрылысы 19-ғасырдың соңынан бастап әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ұлы сәулетшінің қиялы мен ойынан шыққан бұл тарих ескерткіші қаншама өзгерістерге ұшырады. Бүгінгі күні тіпті оны тоқтату туралы да ұсыныстар түсуде, өйткені автордың бастапқы ойының өрнегі жойылған. Міне, бұл ғаламдық ауқымдағы бір мысал. Ал күнделікті өмірімізде басы қызу басталып, аяғы сиырқұйымшақтанып кететін қаншама жобалар бар. Осындай мүшкіл халге жеткізбей, қолына алған жұмысты аяғына жеткізу кез-келген маманның қолынан келе бермейді. Ондай мамандар санаулы ғана. Осы тұрғыда Ұзекеңді осы салада білімділік деңгейі мол, түсінік дәрежесі биік маман деп білемін. Ол құрылыс мамандарының ішінен өзінің еңбекқорлығымен, басқару шеберлігімен бәрінен оқ бойы озық шығып, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болды.

Премьер-Министр – ағылшын тілінен аударғанда бірінші министр деген сөз, біздіңше, Үкімет басшысы. Қазақстанның бергі тарихындағы Үкімет басқарушы органдары әртүрлі аталды: Алаш үкіметі, Революциялық комитет (ревком), Халық комиссарлары кеңесі (Совнарком), Министрлер кеңесі. Бүгінгі Үкімет басшысы лауазымында болған азаматтарымыздың тізімі отызға жетіпті, олардың ішінде Алаш үкіметін басқарған Әлихан Бөкейхановтан бастап Сәкен Сейфуллин, Нұртас Оңдасынов, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты қазақтың марқасқа азаматтары бар. Елбасымыз Жоғарғы кеңеспен ақылдаса отырып, Кеңес үкіметі мен тәуелсіздігіміздің тоғысында осы лауазымды талай күрделі істің ыстығы мен суығын шыңдаған, өндіріс пен ел шаруашылығының қыр-сырын білетін Ұзақбай Қарамановқа міндеттеп, сенім артты.

Ұзекеңнің ұстамдылығын ерекше атап өткім келеді. Кез-келген даулы мәселені айқай-шыңсыз, құрылыс пен жобалау салаларын үйлесімді түйістіретін шешімдер тауып отыратын. Құрылыстың бүге-шүгесіне дейін білетін сауаттылығының арқасында ешбір мәселені уысынан шығармай, оң шешімін айтатын. Соның арқасында ол басқарған өндіріс орындары көптеген жақсы жетістіктерге жетіп отырды.

Ұзекеңмен қызметтес болғандар да, ол кісінің алдына барып, қандай да бір істің күрмеуіне шешім алғандар да оның терең білімін, ашық көзқарасын мойындап айтып жүретін.

Білімді құрылысшы мамандарының аздығынан өткен ғасырдың 60-70-жылдарына дейін Үкімет басшылығында құрылыс кураторлары болып басқа өндіріс мамандары қызмет атқарды. Осы жылдары елімізде құрылыс ісі қарқынды бастау алған еді.

Ірі панелді үй құрылысы зауыттары салынып, олар дами бастады, соның нәтижесінде еліміздің барлық қалалары мен басқа да елді мекендерінде ықшамаудандар бой түзеді. Жаңатас, Қаратау, Рудный, Арқалық, Хромтау, Лениногорск (Риддер) сынды өндірістік қалалар да жаңара түсті. Осы кезеңде құрылыс саласына ҚазКСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Социалистік Еңбек Ері, білікті металлург маман, өз саласындағы тәжірибелі басшы Вартанян Артем Мисакович жетекшілік етті.

Мен сол жылдары Тұрғын үй-азаматтық құрылыс басшысы, ҚазКСР Мемқұрылысы төралқасының мүшесі болған уақытымда Артем Мисаковичтің біздің салаға байланысты өткізген жиналыстарына жиі қатысып тұратынмын. Тұрғын үйлер серияларын таңдау, ірі панелді үй құрылысы зауыттарын салу және дамыту, ірі панелді үйлерді қайта өңдеу сияқты мәселелер қарастырылатын. Артем Мисакович – өз саласының асқан білгірі еді, батыл шешімдерді қабылдауымен ерекшеленіп тұратын. Алайда негізінде өзі құрылысшы болмағасын, бұл саланың мамандары басшылыққа өз пікірін толығымен жеткізе алмай жататын уақыттар да болатын. Сондықтан да сол кезеңде жобалаушылар мен құрылысшылар қауымы оның іскерлігі мен білімінін қанша мойындаса да, іштей құрылыс маманының жетекшілік етуін қалайтын. Әрине, Вартанян басшылыққа кездейсоқ келе қалған адам емес, құрылыс индустриясына жетекшілік еткен жылдары көптеген келелі істерді атқарып кетті. Дегенмен, сол кездері Үкімет басына құрылысшы, сәулетшілікті түсінетін маман келеді деген ой басымызға келмейтін.

Келді. Келгенде де еліміз тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, билікті өз қолына ала бастаған күрделі жылдары өзінің орнын тап басып дәл келді. Бұл құрылыс инженері Ұзақбай Қараманов еді. Көптеген жылдар құрылыс инженері мамандары, тіпті, төраға орынбасарлығына да тағайындалмаған болса, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылдың 17 мамырында қабылдаған қаулысы бойынша бекітілген Министрлер Кеңесінің құрамында төраға Ұзекеңмен бірге оның жеті орынбасарының үшеуі құрылыс мамандарынан тағайындалғаны біз үшін аса жағымды жаңалық болды. Құрылыс саласының өкілдері Гукасов Эрик Христофорович, Желтиков Октябрь Иванович, Макиевский Николай Михайлович және Ұзекең жас егемен елдің алғашқы қадамының нық болуына бірлесе тер төкті. Талай реформалық жобалардың негізі осы кезеңде бастау алды.

Тарихымызда мастерден министрге жеткен талай майталман азаматтар болған. Мастер, прораб кезінде құрылыс алаңдарында нивелирі мен теодолитін арқалап, күн сайын бір қабаттан екінші қабатқа көтерілуді ауырсынбай шыңдалған жас инженер маман министр болғанда да министрдің портфелі мен креслосын ауырсынбайды. Сол себепті де Ұзекеңнің аумалы-төкпелі заманда премьер-министр болып тағайындалуы кездейсоқ емес. Осындай деңгейге жеткен азаматтардың ішінде құрылыс ісінің ірі мамандары Асқар Құлыбаев, Евгений Ёжиков-Бабаханов, Амалбек Тшанов, Тайыр Мансұровтар қиын-қыстау замандарда облыс басшылықтарында болып, абыройлы істердің басы-қасында болды.

Ұзекең салған премьер-министрліктің сара жолын жалғастырушылардың бірі – құрылыс инженері маманы Павлодар үй құрылысы комбинатының мастерлігінен еліміздің Премьер-Министрлігіне (2003-2007 жылдар) дейінгі жолды жүріп өткен, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов.

Сол сияқты Елбасымыз сенім артқан, қазіргі рейтінгісі жоғары деп аталып жүрген әкімдердің бірі Амандық Баталов та мастер, прорабтан әйгілі Алматы облысының басшылығына үлкен-үлкен жетістіктерімен ие болып жүр.

Өзі құрылысшы болғасын ба, әлде еліміздің құрылыс индустриясын дамытудағы еңбегімізді елегені ме, Ұзекең жобалаушыларға да ерекше жанашырлық танытып жүретін. Кеңес үкіметі жылдарындағы жоспарлы шаруашылық тәртібі кезінде кәсіпорындардың қызметкерлеріне автобустар мен жүк көліктері, жеңіл көліктер ғана бөлініп отыратын. Автобустар мен жүк көліктеріне жазған өтінімдеріміз жылдам орындалғанмен, жеңіл көлік 5-10 жылда бір ауыстырылатын. Оның өзінде де жаңасын бермейтін. Қазіргі «Мерседеспен» дәрежелес «Волгалар» ол кезде қат еді, сондықтан жоғарғы орган басшыларына ғана берілетін. Біздің ұжымымыз «Волганың» жаңасына қол жеткізе алмай қойдық. Министрліктен, комитеттерден босағандарын талай жыл қанағат тұтып келдік. Бұл «Волгага» мекеме басшысы ғана емес, банкке, баратын басқа қызметкерлер де, құрылыс нысандарына баратын авторлық қадағалауға жауаптылар да мінетін. Жұмысбастылықпен кейінге шегеріле беретін осы істің сәті Ұзекеңе барған бір кездесуімде түсті. Одақ бойынша он жылдан аса ауыспалы Қызыл туды алып жүрміз, ұжымымыз орденге де ие болды, мамандарымыз  мемлекеттік сыйақылар мен марапаттар алып жатады. Бірақ, бұл жетістіктеріміздің бәрі біз жаңа көлік сұрағанда, ешқандай ескерілмейді, өтініміміз өтпей қала береді. Бізге көптеген шетелдік компаниялардың өкілдері келеді, сәулетшілер съездеріне қатысушыларды қарсы аламыз, яғни құрметті қонақтарды күтіп алу-шығарып салу сияқты жұмыстарды атқарамыз. Солардың бәрін алға тартып, сонымен бірге министрліктерде қысқарту болып жатқанын ескеріп, жаңа «Волга» сұрадым. Істің адамы ғой, мықты құрылыс басшыларының қандай істі болмасын қолма-қол шешетіні олардың «почеркі», сол дағдымен Ұзекең «дайын тұрған біреуі бар, қаражатың болса, бүгін дереу банкке төлемін өткізіп, кешке дейін келіп алып кетсең, сенікі, ертеңге қалсаң, кімдікі болары беймәлім» деді. Атыста тұрыс болатын бе еді, сол күні-ақ барлық құжаттарын дайындап,  тездетіп өткізіп, су жаңа «Волганы» тұрған жерінен суырып алып, өз тұрағымызға алып келдік.

Мен білетін Ұзекеңнің адамгершілік ұстанымында досқа адалдық, жолдасқа деген сенімділік қашанда биік дәрежесінен түскен емес. Ұзекеңнің жастық шағындағы тай жарысы кезінен бастап бергі күндерге дейін елағасы жасына келгенше дос-жарандықпен араласқан, бүгінде марқұм болған Асқар Әлмұхамбетов деген азамат болды. Ол ертеректе Мәскеудің Одақ бойынша өте белгілі, беделді «Тяжэлектропромпроект» жобалау институтының Алматы қаласындағы филиалында көп жылдар бойы директор болып қызмет атқарған. Өзі бір сымбатты, ақкөңіл, мінезге бай, адамгершілігі мол, білімді азамат еді. Қайта құру, нарық экономикасына көшуге бет алған заманында, еш дайындықсыз  ұжым басшыларын сайлау науқаны басталған. Сол науқан Асқар үшін сәтті болмай, ол филиал директорлығына өтпей қалды. Ұзекең маған Асқарды жұмысқа алуға ұсыныс жасап, ол «Казгорстройпроект» бас жобалау институтына жұмысқа келіп, менің орынбасарым ретінде бірнеше жыл қызметтес болдық. Мен Ұзекеңнің жұмысқа, қызметтес ортаға адалдығын білетінмін, онымен бірге жолдастыққа деген азаматтығының биіктігін де байқадым.

Ұзекең Үкімет басшысы болар алдында оның Абай даңғылы мен Бәйсейітова көшелерінің маңайындағы құрылыс басшылары тұратын үйлерден төрт бөлмелі сайлы үйі болатын. Премьер-министр қызметіне ауысқан кезде лауазымына сай басқа жерден үй берілді. Сол себепті тұрып  жатқан үйін көптен бері аралас-құрдас келе жатқан  жолдасы Асқар Әлмұхамбетовке заңдастырып қалдыру жолын қарастырды. Ол кісі, әрине, үйсіз болған жоқ, ықшамауданда ірі панелді үйлердің бірінде тұратын. Бұл өткен ғасырдың 50-жылдары жобаланып салынған үйлердің бірі болатын. Ол үйлердің сипатын қара сөзбен керегінде қан шығармай-ақ жан шығаратын майталман классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев керемет айтып кетіп еді. 90-жылдардың бас жағында болған Қазақстан сәулетшілерінің кезекті бір съезінде сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет ететін жазушы Әбекең Горбачевтің «гласность» (жариялылық) бағытының сәулетшілердің қызметіндегі көрінісін дәл тапқан болатын. Жалпылай айтқанда, ол кісі: «Гласность дегенді біреулер енді түсініп жатса, сәулетшілер көршілердің түнгі тірліктерін бір-біріне жариялауға кедергі келтірмейтіндей етіп, араларына жұқа қабырға салып, баяғыда-ақ жүзеге асырып қойған», – деп біздің съездің делегаттарына Мәдениет министрлігінің атынан жол болсын құттықтауын айта отырып, бізге сынын да жеріне жеткізіп айта білді.

Ондай  үйді, кеңейту мүмкіндігі жоғын біле отырып Ұзекең өз пәтерін Асқарға  заңдастырып  беру  үшін біраз көңілін бөлді. Ұзекең бас директор ретінде мені де шақырып, осы істі заңды түрде аяғына дейін жеткізуге септік етуімді сұрады. Көптеп-көмектеп жүріп, бәрі сәтті шешілді. Асекеңнің қоныстойында  болдық. Сол күні қолға алған істің ризашылыкпен  біткеніне  Ұзекеңмен  Ұлдай жеңгеміздің келісті-келісті   айтылған ниеттерінен білініп отырды. Баласына, туысына емес, жолдасына бергізгені де үлкен адамшылық қасиет.

Ұзекеңнің халықпен араласуда суықтығынан гөрі жылуы көп. Үлкен «креслоға» ие болып, оның буына уланып, кеудесіне нан пісетін басшылар да жиі кездесіп жатады. Францияның атақты философы Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады …» деген сөзі бар. Бұл билік етуді билеп-төстеу деп түсінетін кейбір азаматтарға тән болар. Ұзекең өз бойындағы ата-анасынан дарыған асыл қасиеттерімен осындай басшылардан айырмашылығы жер мен көктей. Ол жан-жағына жылу дарытып, айналасына игі жақсыларды топтастыра біледі. Бұл оның отбасының да жылуы мен ауызбіршілігін арттырып келеді.

Белгілі жазушы М.Мағауиннің «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» деген сөзі жалпы қазақ әйелдерінің келбетін тап басып аша алады. Елге танылған талай ер-азаматтың ар жағында әйелдің жөн сілтер ақылы мен ерінің бастамаларына деген адалдығы тұрады. Білімді, парасатты Ұлдай жеңгеміз де азаматын ардақтап, отбасына ұйытқы болатын асыл жан. Бүгінде Ұзекеңмен бірге үш ұлын жетілдіріп, немерелерінің қызығына бөленіп отырған жайы бар.

Ертеректе ата-бабаларымыз қасиетті қазақ жерін, киелі елін қорғау үшін шаңырақ иесі, атұстар ұрпақтың келуін бір жаратушыға сыйынып тілеумен болған. Алты ата Әлімнен тарайтын тарихымыздан белгілі желкілдеген қол бастаған Жанқожа батырдың ұрпағы болып келетін Ыңғай атасы дүниеге төртінші болып қыз немересі келгенде, баласы Қараман мен келіні Айсұлуға іштей өкпелеп, атына мініп алыс жолға аттанып кетіпті.

Алла Тағаланың жазуы шығар, уақытына сай киелі әулиелі жерге сыйынып сенгендіктен де болар, әлде Ыңғай ақсақалдың тілегі қабыл болды ма, бесінші немересі болып керегінде еліне бел болар, ерліктерге дайын, шекесі торсықтай атұстар ер бала дүниеге келеді. Бұл – атасын ұзақ күттіріп, отбасында тұңғыш ұл болып үлкен қуаныш алып келген, кейін бүтін қазақ халқы ұзақ күткен тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-министрі болатын Ұзақбай Қараманұлы еді. Біріншілік жәй ғана реттілікті білдіріп қоймайды, ол зор жауапкершілікті, ерен еңбекті жүктейтін озат жұмысты да білдіреді. Бұл тұрғыдан Ұзақбай Қарамановты нағыз Бірінші министр деп айта аламыз, оған елдің құрметі де куә бола алады.

Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик