БІР ӨЗЕННІҢ ЕКІ ИЕСІ НЕМЕСЕ ІЛЕНІҢ “ТАҒДЫРЫН” ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ ҚАЛАЙ ШЕШЕДІ?

44

Аты аңызға айналған Іле өзеніне тартылу қаупі төніп тұр. Неліктен деймісіз?!  Бұған  Қытайдың жобалары мұрындық болып отыр. Олардың өзен маңындағы ірі жобалары Қытайдың батыс өңірінде барған сайын күрделеніп бара жатқан ауыл шаруашылық суының жетіспеушілігі мен электр энергиясы тапшылығын айтарлықтай деңгейде жеңілдетуге бағытталған көрінеді. Құмырсқадан көп қытай жеріміздің ғана емес, суымыздың да қадірін қашыруды мақсат еткен тәрізді.  Жаугершілік кездердегі соғыс тәсілінің бірі – қарсыласын судан тарықтыру. Құдық, бастау, бұлақ, өзен секілді су көздерін иеленіп алған жақ жауласқан тарапты шөлден тарықтырып жеңіс туын тіккен ғой. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де «жауымыз» аз емес. Басқасын айтпағанда, бастауын Қытайдан алатын қос алыбымыз – Ертіс пен Ілені білгендерінше бұрып, өз мүдделеріне пайдалануға әрекеттенуі елімізді тығырыққа тіреп отыр…

2050 ЖЫЛЫ ІЛЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА  ҚЫТАЙДАН КЕЛЕТІН СУ ҚОРЫ 40 ПАЙЫЗҒА АЗАЯ МА?

Қытайлардың Іле дариясын бұруы – Қазақстан Республикасы территориясындағы осы өзен арнасын-дағы су ағысының көп мөлшерде азаюына және соның салдарынан тұтастай аймаққа экологиялық апат қаупін төндіріп, ондағы тұрғын халықтың денсаулығы мен әлеуметтік-экономикалық хал-жағдайын қайғылы күйге түсірері анық. Сонымен қоса, Қытай БҰҰ-ның 1992 жылғы «Халықаралық көлдер мен трансшекаралық су көздерін пайдалану мен қорғау туралы» конвенциясына қосылмаған. Демек, Қытайға ешкім кедергі бола алмайды. Тіпті, Халықаралық қауымдастық та қауқарсыз.
Іле өзені Шыңжаңнан басталып, Қазақстанның көп аймағы арқылы өтіп, Балқаш көліне құяды. Ол Балқаш көлінің 80 пайыз суын құрайтын үш үлкен су көзінің бірі. Балқаш көлі – әлемдегі 16-шы, ал Орта Азиядағы екінші ең үлкен көл. Балығы көп Балқаш көлінің суы да суландыруға және үкіметтің инфрақұрылымына, оңтүстік Қазақстан қалаларын электр көзімен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Алайда бұл судың деңгейі де 1960 жылдардан бері орасан көп қолданғандықтан төмендеп кеткен.
Ал Іле өзенінің проблемасы 1970 жылдардан басталған. Қапшағай су қоймасының пайда болуы табиғи режимді бұзып, алғашқы жылдары Балқаш көліне құятын суды бұрғаннан-ақ қолайсыз жайлар байқала бастаған. Көлдің деңгейі үздіксіз төмендеп, ал судың минералдылығы көтерілгендіктен мемлекет Қапшағай су қоймасын толтыруды шектеуге шешім қабылдаған болатын, бірақ ол іске асырылмады. Бұл жобаның жағымсыз экологиялық зардаптарын жан-жақты зерттеу және оны тоқтату үшін жұмыстар әлі күнге дейін атқарылып келеді, дегенмен, нәтиже аз.
Іле өзенін бүтіндей сақтап қалуға тырыссақ та, Қытай оған жол берер емес. Олар шөлді аймақтарының өндіріс қуаттылығын, ауылшаруашылық жерлері мен саны күрт артқан халқын сумен қамтамасыз ету үшін Іле өзені алабында ондаған жобаны  жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Мұндай жобалардың қатарында гидротехникалық станция да бар.
2050 жылы осы аймақтағы суармалы жерлердің ауданын 600 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазір Қытай Іле өзенінен Тарым шөлді ойпатының батыс бөлігіне баратын арна жүргізіп жатыр. Қытайлық жобалардың барлығының жүзеге асырылуы  2050 жылға қарай Іленің Қазақстанға келетін су қорын 40%-ға төмендетеді. Егер жағдай тура осылай жалғаса берсе, экономикалық апат өз алдына бір бөлек, судың ластануы, жайылма алқаптардың жаппай сортаңдануы, фауна және флораның азаюы, сонымен қоса, Арал маңы шөлдері сияқты шөлдену процесіне алып келуі ғажап емес.
Өзеннің жалпы ұзындығының – 40%-ы, яғни 600 шақырымға жуығы ҚХР аумағында. 80%  су көрші мемлекеттен келеді. Қытайда ең мықты дамыған ауыл шаруашылығы  саласы – күріш, ал күріш тек сулы жерде өсіріледі. Сол себепті Қытай Іле өзенінің біраз бөлігін бөгеп отыр.  Бөгеп қана қоймай, күріш өсіруде қолданылатын пестицидтер, минералды тыңайтқыштар өзеннің суын ластап, экожүйесін бұзып, ондағы өсімдіктер мен балықтардың азаюына әкеліп соқтыруда.
Іле өзенінің суы біздің елімізде де егіншілікке кеңінен қолданылады. Оның экожүйесіндегі өзгерістер  өте сирек кездесетін Іле тоғайын, өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдар мен оның сағасындағы қамыс-қоғаның жойылуына себепші болды. Көлдің жағалаулары кеуіп, тұзды шаң жиі көтерілуде. Ауа райы өзгеріп, қуаңшылық пен аңызақ желдер үдеді. Әрине, егер судың көлемі азая берсе, орны толмас экологиялық апатқа әкеліп соқтырары сөзсіз.
Іленің мол суына бөгеу салған Қытай қазірдің өзінде 3,5 текше шақырым су көзін өзіне бұрып  отыр. Бұл күндері Қытай мемлекеті Шыңжаң ұйғыр автономиясы орналасқан аймаққа егіс алқаптарын ұлғайтып, Қазақстанға келетін өзендердің басын байлап, мол суды қамтып қалу саясатын ұстануда.  Мәселен, 2050 жылдары аймақтағы суармалы алқаптардың көлемі 6 миллион гектарға дейін ұлғаяды деген дерек те бар. Су мамандары Бейжіңнің осынау су саясатындағы  ұзақ мерзімді жоспары  іске асып  кететін болса, еліміздің судан қатты таршылық көру қаупі басым екенін айтады. Сонымен қоса, біздің еліміздің су қоры таусылуға жақын екен. Су шаруашылығы мамандарының есебінше, соңғы жылдары 126 текше шақырым су ресурстарының көлемі азайып, 100 текше шақырымды құрап,  26 текше шақырым су көздері құрдымға кеткені анықталуда. Себебі, есепте тұрған 100 текше шақырым су қорының 44 текше шақырымын осы сырттан келетін өзен сулары толтырады.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР МӘСЕЛЕСІ

Әдетте, «Заң алдында бәрі бірдей» дейміз ғой. Сонда, Қытай заңға бағынуды білмей ме, әлде, ымыраға келуден қаша ма? Алғаш рет Қытаймен трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша ресми келіссөздер 1998 жылы басталды. Осы жылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасында аталмыш мәселе бойынша келіссөздердің 5 раунды өтіп, нәтижесінде трансшекаралық өзендер бойынша Бірлескен жұмыс тобы құрылған.
2000 жылдың 6 қарашасында Алматыда осы топтың бірінші мәжілісі болып, онда 23 трансшекаралық өзеннің тізімі жасалып, 3 кезеңнен тұратын жұмыс белгіленген болатын. Дегенмен, трансшекаралық өзендер мәселесі екі ел ресми адамдарының кездесулерінде әрдайым талқыланса да, Қытай жағы суға байланысты мәселені жауапсыз қалдырып  отырған.  Тек  1999 жылдың 31 наурызындағы Қазақ-стан Президенті Н.Назарбаевтың  ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминге хат жолдауы сол жылдың мамыр айында  су мәселесіне байланысты келіссөздердің жандануына септігін тигізді. Қытай басшысына жолдаған хатында Нұрсұлтан Назарбаев трансшекаралық су ағысының жағдайы қоршаған ортаның тұрақтылығы мен екі елдің экономикаларының дамуының шешуші факторы болып табылатынын айта келіп, Қазақстан мен Қытайдың тиісті министрліктері мен ведомстволарына сол жылдың сәуірінде су ресурстарын тиімді пайдалану, олардың ластануын азайту мен болдырмау мәселелері жөніндегі келіссөздерді бастауды тапсыруды ұсынды. Бұл келіссөздердің нәтижесі трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мен қорғау жөніндегі келісімге қол қою бола алатынын айтты. Қазақстан Президенті тараптар бірлесе отырып, Қазақстан-Қытай қатынастарында дәстүрге айналған достық пен өзара тиімділік рухында осы мәселе жөніндегі өзара іс-қимылдың нақты жүйесін жасай алады деп сенім білдірді. Сөйтіп, нәтижесінде аталмыш мәселеге байланысты келіссөздер жүргізуге келісім алды.
1997 жылы Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы әр мемлекет жеке-жеке Қытай тарапына трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша хаттар жолдаған болатын. Қытай жауап ретінде аталмыш мәселе бойынша екіжақты форматтағы келіссөздер жүргізуге ниет білдірді. Мұны ол әр жағдайға өзіндік жол керек деп түсіндірді. Ал кейбір сарапшылардың пікірінше, Қытай жағы ұсынған екіжақты келіссөздерден бас тарту Қазақстан үшін тиімдірек және бұл мәселеге қызығушылығы бар тараптарды (ол, ең алдымен, Ресей, себебі Ертіс өзені Ресейдің Омбы облысы үшін өте маңызды, сонымен бірге, Қырғыз Республикасы, өйткені бірқатар Қытай өзендері Қырғызстаннан бастау алады) тартып, көпжақты келіссөздер Қытай тарапының басымдығын әлсірете түседі. Дегенмен, Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда Қазақстан мүддесін ескеру туралы қытай тарапының қандай да болмасын міндеттерін қарастырмаған. Сондықтан бұл келісім екі ел арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесін толық шешті деп айтуға болмайды.
2004 жылғы 19 мамырда Президент Н. Назарбаев өзінің Қытайға ресми сапары кезінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы Компартиясының хатшысы Ван Лэцюаньмен кездесіп, онда ҚХР-дың бұл мәселе бойынша көзқарасы анықталды. Онда: «Трансшекаралық өзендер мәселесіне келгенде, біз Сіздің позицияңызға зор құрметпен қараймыз делінді, мәселен, біздің есебіміз бойынша, Ертістен 12,3 миллиард текше метр су өтеді. Қытай жағы оның 1,5 миллиард текше метрін ғана өз мақсатына пайдаланады. Ал Іленің суы 16,7 миллиард текше метр болса, біз соның 3,5 миллиард текше метрін ғана пайдаланамыз». Бұл қос өзеннің арнасының кемуіне немесе экологиялық қауіпсіздігіне зиянын тигізбейтіні атап көрсетілді. Осы күнге дейін Қазақстан мен Қытайдың арасында трансшекаралық өзендер бойынша 4 үкіметаралық келісім жасалған.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының су бетінің ресурстары шамамен 100,5 куб. км құрайды. Соның ішінде ҚР аумағында 56,6 текше км (56%) су құралады және көрші елдерден – Ресей, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстаннан бізге жалпы көлемі 43,9 текше км (44%) су келеді.
Қазақстанның 8 өзен бассейндерінің 7-і трансшекаралық болып табылады, яғни біздің негізгі  ірі деген өзендердің барлығының, Нұрадан басқасының, трансшекаралық сипаты бар деуге болады. Алайда, Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы халыққа Жолдауында Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес әзірленген және  2014 жылғы 4 сәуірде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың № 786 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын» сапалы жүзеге асыру, су шаруашылығы саласын нығайтуға және су үнемдеудің озық технологияларын енгізу арқылы еліміздің экономикасының барлық салаларын толық сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, ауыз су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

СҰРАУЫ БАР СУДЫҢ ДА…

Қытай қалағанын жасай берсе, аз күнде Балқаш та Аралдың «кебін киюі» мүмкін. Ал, Арал өздігінен сондай күйге түсті ме? Жоқ! Суды саяси қысым көрсететін құрал ретінде пайдалануға болмайды. Адамзат судың да сұрауы бар, киесі мен қасиеті бар екенін естен шығарған сыңайлы. Арал теңізінің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан  суландыру жүйесінің құрылыстары жүріп, бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1445 шақырымға созылды да, Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Арал теңізінің тартылуының негізгі себебі: өзбектер мен қарақалпақтар Әмудария суын күріш дақылдарына есепсіз пайдаланды, ал  жалғыз Сырдарияның үлкен теңізді толтыруға қауқары жетпеді. Осы аталған фактілер Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді.
Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған еді. Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды.
«Су таласы» күштілер мен әлсіздердің арасын-дағы бәсеке болмауы тиіс. Әлі жеткендер табиғи арнасымен ағып жатқан судың көп бөлігін өзіне бұрып алып, күш көрсетуі ақылға сыймайтын дүние. Мәселен, Жамбыл облысы аймағын судан тарықтыруды бастаған көршіміз қырғыз ағайындар: «Су біздің жерден бастау алады. Ендеше, су біздікі! Қазақтарға суды тегін беріп отырмыз. Одан да саталық», – деген өзімшіл әрі қате пікір бар. Олар біздің диқандарға жыл сайын қысым көрсетіп, егіс алқаптарын суаруға мүмкіндік бермейді екен. Ондағы 60-тан аса шаруа жалғыз арна арқылы алқаптарын суарады. Кейде, қырғыздар ол арнаға да су жіберуден бас тартатын көрінеді. Суға қатысты қырғыздардың қысым көрсетуі жылдан жылға жалғаса берсе, ұлтаралық қақтығыстар туындамасына кім кепіл?!

P.S. Су тапшылығы – бұрын да, қазір де ең үлкен мәселенің бірі. Өзеніміздің тартылуы халыққа   да  үлкен  апат  болады.  Мәселенің   өзегі  –  табиғи  процесс  болғандықтан, оны адамдар өзгерте алмайтыны анық. Өзен бастауын қайдан алатыны табиғаттың еншісіндегі дүние. Алайда, Іле «тағдырына» қатысты дер кезінде іске кіріспесек, орны толмас өкінішке душар болуымыз бек мүмкін. Бір ғана жол – Қытай Халық Республикасымен келісімшартқа отырып, екі елге өзен суы бірдей кетуі қажет. Яғни, тез арада Қытай Халық Республикасының Іле дариясын бұруға қатысты нақты жоспар-жобаларын анықтап, бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын бұрып, Қытай үкіметінің халықаралық келісімдерде көрсетілген шарттарды өрескел бұзуына жол бермеу керек. Сонымен қоса, дарияның бүгінгі күні шекарадан ағып өтіп жатқан мөлшерін анықтап, оның шеткі деңгейден кеміп кетпеуін халықаралық ұйымдардың қатысуымен бақылауға алу да артық болмайды. Экология мен экономияға қатар көңіл бөліп, шекаралас елдер өз орнын біліп, кез-келген мәселеде ымыраға келсе, ұлтаралық шиеленістер де болмайтыны сөзсіз!

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті