«БҮЙРЕК-БИЗНЕС»: ОЛ ҚАНДАЙ БИЗНЕС?

40

«Донор» сөзі латыннан аударғанда «сыйлаймын» деген мағынаны білдіреді. Аты айтып тұрғандай, реципиентке, яғни, қан немесе ағза қажет адамға медицина талдаулары сай келген жағдайда өзінің «жәрдемін сыйлайтын адамды» − донор десек те болады. Бүгінде бұл сөзбен бірге трансплантация да қатар айтылады. Жыртылған киімге жаңа жамау жамаған секілді, қандайда бір ағзаны ауыстырып, донордың көмегімен басқа ағза орнату һәм науқасқа екінші өмір сыйлау – трансплантация делінсе керек. Трансплантацияға тірі донор өз келісімімен ағзасын береді, онымен қоса, мәйіт трансплантациясы да бар. Мәйіт трансплантациясында өлген адамның ағзасын дәрігерлер туыстарының рұқсатымен өзге адамға салуына болады. Алайда, донорлық пен ағза алмастыру бүгінде күнкөріс көзі, оңай ақша табу жолына айналған секілді. Бұған «Бүйрек сатамын», «Жас қыздың бүйрегі. Бағасы келісімді» деген секілді  толып жатқан жарнамалар дәлел. Сонда қалай, бүйрек трансплантацияға ең оңай ағза болғаны ма? Әлде, ағза сату әлемде бар үрдіс пе? Донор болу «көк қағаздың» жолында құрбан болу деген сөз бе? Бүйрек – бизнеске айналды ма? Бұған діннің көзқарасы қандай? Алдымен осы тектес сұрақтардың жауабына қанығайық…

ДОНОРЛЫҚ ТУРАЛЫ СЕГІЗ САУАЛ

№1. Қазақстанда статистика бойынша қай ағзалар трансплантацияға зәру?

Бүгінде елімізде трансплантация жасату үшін кезекте тұрғандар өте көп. Өкінішке қарай, «Күту парағындағы» тізімнің жылжуынан үміттілердің үміті ақталар емес. 2017 жылдың маусымындағы деректер бойынша, бүйрек трансплантациясын − 2 860 адам,  жүрек трансплантациясын – 135 адам, бауыр трансплантациясын – 526 адам, өкпе трансплантациясын −10 адам күтуде.

Ағза ауыстырып, жаңа өмір бастағысы келетін реципиенттер күннен-күнге артуда. Алматыда 950 реципиент, ал Оңтүстік Қазақстан облысында 607 реципиент, және Астанада 291 реципиент өзіне екінші ғұмыр сыйлайтын донор күтуде.

№2. Дәрігерлер қайтыс болған науқастың ағзасын туыстарының келісімінсіз алуына бола ма?

Егер науқас тірі кезінде донор болуға қарсы болса, денсаулық сақтау әкімшілігінің шешіміне сай науқастың туыстары да оның ағзасын донорлыққа қолдану үшін келісім бере алмайды. Алайда, ҚР «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексіндегі «өзара ымыраға келу» деген ұғым бар. Яғни, егер қайтыс болған адам тірі кезінде донорлыққа түбегейлі қарсылық көрсетіп, қағаз жүзінде шағым жазбаған болса, туыстарына алдын-ала ескертіліп, қайтыс болған адамның ағзасы өзге адамның өміріне араша түсе алады. Былайша айтқанда, ауыр күйде ауруханада жатқан науқас өлгені расталғаннан кейін, дәрігерлер оның ағзасын қолданып өзге науқасқа трансплантация жасауына болады. Тек бұл туыстарының рұқсатымен ғана іске асуы тиіс.

№3. Кімдер донор бола алмайды?

– 80 жастан асқан қарттар;

– жұқпалы ауруға шалдыққандар;

– СПИД және ВИЧ-инфекция бар адамдар;

– В гепатиті (HBsAg) немесе С гепатиті (anti-HCV) расталғандар;

– организмі ауруды көтере алмайтын, аса сезімтал адамдар мен емдеуге келмейтін тері ауруы бар науқастар донор бола алмайды.

№4. Елімізде трансплантация жасау мүмкіндігі бар ма?

Қазақстанда бүгінде ересектерге жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек трансплантациясы, ал балаларға бауыр мен бүйрек ауыстыру оталары жасалады.

№5. Қалай донор болуға болады?

Донор болу үшін донор мен реципиент арасында гендік байланысы болуы керек. Яғни, олар жақын туыс болған жағдайда ағзалары сәйкес келу мүмкіндігі жоғары. Донор дәрігерлер кеңесімен жан-жақты талдаулардан өткеннен соң, бәрі ойдағыдай болған жағдайда ол ағзасының сәйкестігі жөнінде құжаты болуы тиіс. Бірақ, бұл аса сирек болатын құбылыс. Көп жағдайда тексерістер мен медициналық қорытындылар сәйкес келе бермейді.

№6. Донор болу қауіпті ме?

Трансплантация үшін жұп ағзаның бірі ғана алынады. Яғни, біреуін алған жағдайда, донордың денсаулығына зиян тигізбестен, екіншісімен де өмір сүре алатындай болуы керек. Мысалы, бір бүйрек, бір өкпе немесе бауырдың бір бөлігі.

№7. Донорлықты кәсіп көзі етуге бола ма? Өлген адамның ағзасын туыстары сатуына бола ма?

Адам ағзасын саудалауға қарсы Еуропа Кеңесінің конвенциясында: «Адамның мүшелері сату және сатып алу, саудалаудың көзі болмауы керек екені, әрі оны ақша табудың оңай жолы деп есептеуге де болмайтыны»  көрсетілген. Ал Қазақстан Республикасының «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексінде ағзаларды сату немесе сатып алуға қатаң тыйым салынған.

№8. Донорлыққа дін қалай қарайды?

Ислам діні ағза ауыстыруға және қан құюға түбегейлі қарсы емес. Ал ислам ғұламалары шариғатта бір ғана жағдайда: мұқтаж жанға өз мүшесін қайырымдылық жасауға, садақа ретінде ғана беруге болатынын айтады. Науқастың беті бері қараған соң донорға ризашылығын білдіріп, садақа беруіне болады екен. Тіпті, үзіліп бара жатқан адамның мүшесінің өзін ең жақын туған-туыстарының келісімінсіз мұқтаж науқасқа беруге болмайды. Яғни, дінімізде ағза мүшесін сатуға ешқандай да рұқсат жоқ. Алланың адамға берген аманатын ақшаға сату ауыр күнә деседі. Жан мен тәнді Жаратқан аманаттап берді. Сондықтан, өлгеннен кейін де тән бүтін болғаны жөн.

АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫН ІЗДЕ!..

Мінекей, донорлыққа қатысты әркімді толғандырған сегіз сауалдың жауабы осындай. Мәліметтерге сәйкес, елімізде бүйрек трансплантациясына зәрулердің саны өзге ағзалар трансплантациясынан көп.

Бүйрек кіп-кішкентай ағза болғанымен, адам денсаулығында оның атқаратын қызметі зор. Ол бойымыздағы бүкіл қанды сүзгіден өткізіп, ағзаға керексіз сұйықтықты сыртқа шығарып тастаумен айналысатыны мәлім.

Егер  бүйрек  істен шықса, улы заттар адам денесіне жайылып, денені ісітеді. Демек, бүйрек істен шықса, адам денесі уланады. Сөйтіп, өмірін ұзарту үшін науқастар диализдік құрылғыға таңылады. Яғни, диализдік құрылғы уақытша бүйректің қызметін атқарып, адамның қанын тазалап, өзіне қайта құяды. Мұның соңы бүйректі ауыстыруға әкеліп соғады. Осыдан келіп, ағза алмастыруға зәрулік туындап, «күту парағына» жазылып, науқас өзінің құтқарушысын, яғни, донорын күтеді.

Қазіргі таңда диализдік құрылғының көмегіне сүйенген науқастар саны екі мыңға жуық. Бұл науқастардың  барлығының  бүйрегі  істен шыққан, донор бүйрек қана олардың одан әрі өмірін ұзарта алады.

Атап айта кетер жайт, соңғы уақытта елімізде ағза алмастыру оталарына деген оң көзқарас қалыптасып, трансплантация мәселелері де шешіліп келеді.

Астана қаласында бір клиникада, Алматы қаласында екі бірдей клиника қазір ағза алмастыру жұмыстарын жолға қоюда. Бұрын донордың жоқтығынан елімізде мұндай оталар мүлдем жасалмаса, қазір туыстық донор арқасында оталар саны күн санап көбеюде. Бірақ, барлық науқастардың тәуекелге барып, бір бүйрегін беретін ағайын-туысы табыла бермейді. Науқасқа өз туысы донор болып, өмірін ұзартуы аз болса да кездесетін жайт. Алайда, көптеген дәрігерлер мәйіттік донорды қолдайды. Яғни, олар алдағы уақытта мәйіттік донор көбейсе, еліміздегі талай науқастың денсаулығы дұрысталып, ғұмыры ұзарар еді деген пікірде.

«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, әр нәрсенің жақсы жағы да, жаман жағы да болады емес пе? Қазақстанда әзірге мәйіт трансплантациясы туралы арнайы құжат жоқ. Бірақ, бұл мәселе біраздан бері талқыланып жатыр. Егер ол заң қабылданар болса, бізде де ағза сату «қара базарға» айналып кетуі де мүмкін.

Мамандардың айтуынша, біздің елде бүйрек ауруына шалдыққандар саны жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Сондықтан мамандар тұрақты түрде учаскелік дәрігерге барып, биохимиялық сараптама жасатып тұру керектігін айтады. Ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын қарастырып, алдын-алу шараларын қолға алған жөн секілді. Өйткені, асқынған ауру алмастыруды талап етеді. Бүйрек – өте нәзік мүше әрі бағалы. Бұл күні донор табу аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Тіпті, хал үстінде жатқан сырқат күте-күте көз жұмуы да мүмкін.

«БҮЙРЕК-БИЗНЕС» ҚЫЗЫП ТҰР

Бүйрек құны – 35-100 мың доллар аралығында екен. Өзінің сау ағзасын саудалаушылардың басым бөлігі жастар. Әлі де оң-солын танымайтын олар жастықтың жалынымен ақшаға қызығып, ағзасын сатады. Алайда, жылдар өтіп, өзі де жарымжанның күйіне түспесіне кім кепіл?!

Ағзасын саудалайтындар бір жағынан өмір мен өлімнің ортасында тұрған адамға жарық күн сыйласа, екінші жағынан өз өмірімен ойнайды. Былай қарағанда, кімді жақтарыңызды білмей қаласыз… Шын ниетпен донор болудың орнына жанын қинамай байып кетуді ойлаған жасты жақтар ма едіңіз?  Қиын сұрақ…

Ағзасын сатып, жарнама жасаушыларды заң қолдамайды. Ол қылмыс болып саналады. Қазақстан Республикасындағы қылмыстық кодекстің 113-бабы бойынша, мұндай заңсыз әрекетпен айналысқан азамат 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алайда хабарландыру негізінде  және өз еркімен ағза мүшесін сатамын деген азаматтарды полиция қызметкерлері қандай да бір жауапкершілікке тарта алмайды. Ол үшін шағым түсуі тиіс екен. Заңның осы бір осал тұсы қарыздан құтылу үшін ағза мүшесін сатуды ойлағандарға тосқауыл бола алмай отыр. Яғни, қарызға батқандар жұмыс емес, реципиент іздейді.

Ал реципиентке кімнің жаны ашиды? Өз туыстарының нәтижелері сәйкес келмегендіктен, өзге донордың табылуын асыға күткен науқастың үміті үзілмек емес. Шет елде бүйрегіне трансплантация жасату шамамен 35-55 мың доллар тұрады. Бар ақшасын жинап Қытай, Пәкістан, Ресей секілді бірнеше мемлекеттерге барып, бүйрегін ауыстырып келетіндер де бар екен. Бұл да дұрыс шығар. Қай жерде донор бар болса, сол жерден үміт қол бұлғайды…

Өткен жылы туыс ағам бүйрек трансплантациясын жасатты. Жақындарының сараптама нәтижелері сәйкес келмегендіктен, сырттан донор іздеуге тура келіп, оны ұзақ күтті. Екі жарым жылдан соң донор табылды. Құтқарушымыз –  қарағандылық қыз екен. Қатты қуандық. Алайда, ол қыздың жасы бар-жоғы 20-да. «Жас болған соң осы қадамға барып отыр. Оның үстіне қыз балаға бір бүйрексіз болашақта қиын болады», – деп науқас ағам онымен көріскен соң, ойынан айнытқысы келді. Бірақ, донор қыз өзіне сенімді екенін айтып, бірнеше ай медициналық дайындықтан соң Астана қаласында ота жасалды. Нәтижесі өте жақсы. Донор да, реципиент те бір жылға жуық дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір де дәрілерін ішіп, күтімдерін үзген жоқ. Бүгінде, ағама өмір сыйлаған донор замандасым біздің туысымыздан да жақын…

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті