«БҰЛ КҮНІ ӘН АЙТУ – АҚША ТАБУДЫҢ КӨЗІ ҒАНА БОЛЫП ҚАЛДЫ»

20

Жұбаныш Жексенұлы дегенде менің көз алдыма кең дала елестейді. Оның әрбір әні сол жазира далаға өскен қызғалдақтай көркем, жанға жылы. Әнқоржынында Абайдан тартып, Шәмшіге дейінгі, бергісі Мұхтар Шахановтың ғажайып туындылары бар талантты әншіні қазақ өнерінің «Жоқ іздеушісі» деп атағым келеді. Ол орындайтын әр әнде ұлы махаббат, алапат күш бар. Мен соны сезінемін! Бірақ, «күйдім, сүйдім» деп жалаң сезімдерге иек артпайтынымен ерек. «Жанарыңда сенің, жатыр екен менің тағдырым» дегенде-ақ ғажайып махаббат кеудеңізге орнайды емес пе?

«ӨМІРДЕН ӨТКЕН ТАЛАЙ ТАЛАНТТЫ КОМПОЗИТОР ӘНІН АҚША ҮШІН ЕМЕС, ЖАН РАХАТЫ ҮШІН ЖАЗДЫ ҒОЙ»

– Жұбаныш мырза, Сіз екеумізді қасиетті өнер жүздестірді. Сіздіңше, өнер деген не өзі?

– Өнер – ұлы құндылық, қайталанбас ғажайып туынды. Әр елдің өткені, бүгіні, болашағы өнерге көгенделген. Адамның ішкі тебіренісі өнер туындатады. Ол ойдың ұшқырлығынан, қиялға қанат бітіруден қарыштайтын, жанданатын тірі процесс!

– Сонда бүгінде қиялымыздың қанаты қырқылуға таяу дей аламыз ба?

– Сол «қиялымыз» да коммерциялық болып кеткен секілді ғой (күлді). Мысалы, өмірден өткен талай талантты композитор ағаларымыз «Осы әнді жазып, ақша табайыншы», – деген жоқ қой. Олар жан рахаты үшін жазды әнін. Мінекей, сол туындылары халықты әлі де рахатқа бөлеп жүрген мәңгілік, ғұмыры ұзақ шедеврлерге айналды.

– «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген ұстанымға қайшы келіп отырған жоқпыз ба?

− Әр дүниенің өз құны бар. Туындының бағасын халық беруі тиіс! «Ән сату немесе тапсырысқа жаздырулар осы нарықтық заманға сай ғой» дегің келді ме?

– Иә…

− Негізі ол ойың да қисынды. Қағаздың екі беті болатыны секілді әр мәселеге де екіжақты қарауымыз керек. Бұл заманға бәрі кешірімді шығар.

– Кейде осы сүріп жүрген бірсарынды өмірді, алып қаланың қарбаласын қалдырып, басқа жаққа кеткім келеді. Қайта оралған соң өзгеріс байқала ма екен, жатсыну бола ма екен. Сол қызық…

− Расында да, күнделікті күйбең тіршілік шаршататыны рас. Қоғамды түсіну қиын. Психология күрт өзгерді, оған әрбіріміз кінәліміз. Сембек Жұмағалиев ағамыздың бір оқиғасы есіме түсіп отыр. Өзінің айтуынша, Алматыдан кетіп, 10-15 жылдан соң қайта оралған ғой, сонда Алматыны «танымай» қалыпты. Таңданысын жасыра алмапты. Әрине, заманға сай үйлер, ғимараттардың салынғаны түсінікті. Бірақ, ол кісі адамдардың 180 градусқа өзгергеніне таң қалған. Мүлде бұрын-соңды осы Алматыда жүрмеген секілді күй кешкен екен… Қазақ «Елу жылда − ел жаңа» деп нысанаға дөп тигізген ғой.

 «ӨЗГЕРМЕЙТІН АДАМ – ӨЛГЕН АДАМ»

 – Меніңше, адам өзін ешкіммен де салыстырмауы тиіс секілді…

− Мүлде, ешкіммен салыстырмауы керек! Өзін өзімен ғана салыстыра алады және ол шынайы.

– Сол арқылы өседі, өзін дамытады дейсіз ғой… Сіз өзіңізге жиі есеп бересіз бе?

− Әрине, өзіңді өз өткеніңмен салыстыру ақылға қонымды. Ол керек дүние. Әрдайым істеген ісіңе анализ жасап, ой елегінен өткізіп, Абайша айтқанда, өзіңе күн сайын есеп берген де жақсы қасиет. Бұл – адамдық қой. Адамнан басқа кім бұлай жасай алады? Тек қана адамның құзырындағы құндылық осы.

– Бұрынғы Жұбаныш пен бүгінгі Жұбаныштың арасында нендей айырма бар?

− Осы күні тәжірибе жинақтаған, бірақ, баяғы тап-таза үнімді сыртқы факторлар әсерінен сәл өзгертіп алған Жұбанышпын (күліп). Жас кезде тұп-тұнық дауыс, тек тәжірибе, техника жоқ болатын. Бүгінде өз салама қатысты көзқарасымды айтып, сынайтын жерінде сынай алатын, осы өнерді бір кісідей білетін әншімін.

– Әншілік талғам қалай қалыптасады?

− Әннің құрылымы, мінезі, бағыты, стилін жақсы білемін. Ол уақыт өткен сайын, ізденіспен келетін дүние. Жыл сайын жатталып, қаттала беретін құбылыс қой. Бұрын әннің сөзіне қарамай тек аранжировкасына қызығып айтқан кездерім де болды. Сол арқылы талғам қалыптасады екен.

Майқы би: «Өлең айту – мінәжат», − дейді ғой. Өнерде жүргеніме қарағанда Жаратқан осы бақытты маған бұйыртыпты. Әр әнімді айтқанымда бір мінәжатым қатар жүрсе бақыт емес пе?

– «Пікірін өзгертпейтін адам – ақымақ» деген ауыр сөз бар. Сіз принципшілсіз бе?

− Өмір болған соң өзгеріс те болады. Ол қалай өзгеретінін сенен сұрамайды. Өзгермейтін адам – өлген адам! Бұлттар қалай көшсе, ойлар, пікірлер де әрқашан солай ауысып отырады.

– Кей сәттерде рухани жеңілістер бола ма?

− Ондай бір қиындыққа душар еткен жеңілістер жоқ. Дегенмен, өзіңнің көңіліңдегі көрікті ойлар болады. Сол ойлардан да асып түсетін биік ойларды көргенде «мәссаған» дейтінім бар. Өнерде жүрген кейбіреулер кейін бәрі өз арнасымен ағатын шаққа келгенде өресіздігінен ұялатын шығар. Соған сенгім келеді. Өресіздік – ең үлкен жеңіліс қой. Бұл күні ән айту − ақша табудың көзі ғана боп қалды. Үлкен қасіретіміз осы. Шығармашылық деген жайына қалды. Ащы болса да шындық. Адам өзіне сын көзбен қарамай, қателігін түземей, өзгені де, өзін де, дүниені де өзгерте алмайды.

«ЭСТРАДАЛЫҚ  МУЗЫКА – ДУМАНДЫ КЕШТЕРГЕ АРНАЛҒАН МУЗЫКА»

– Анда-санда айтылып жүрген шәкіртіңізбен шырқап жүрген жаңа әндеріңіз тыңдарманға ерекше әсер еткен секілді. Маған да ұнады. Әннің аты да «Анда-санда»…

− Иә, ол ән өзіме де ұнайды. Асқар Қалмырзамен жазылған дуэт болатын. Ол ән кім орындаса да, халыққа ұнайтын еді. Себебі, әннің өзі керемет.

– Жұбаныш мырза, кім орындаса да халыққа ұнайтын әндер тізімін жасайықшы…

– Алдынғы буын ағаларымыздың әлі де орындалып, жаңғырып жүрген әндерін айтуға болады. Шәмшінің әндерінің бәрі сол тізімді толықтырады. Мысалы, Қайрат Нұртастың «Ауырмайды жүрегін» кім орындаса да халық жақсы қабылдар еді. Сонымен қоса менің әнқоржынымдағы «Өкінбе сен» әні де солай.

– Түсінікті… Бірақ, Шәмшінің әндері мейлінше халыққа жақын болғандықтан солай қабылданатын сияқты. Ал бүгінгі әндер эстрадалық, кәсіби әндер емес пе?

− Ол рас. Шәмші сонысымен Шәмші ғой! Біз эстрада арқылы әлемдік аренаға шығамыз деп осы бағытқа көштік қой, шындығында.

– Эстрада деген не? Осы сұрақтың жауабын таптыңыз ба?

– Бізге «Эстрада – көп жанрлы сахнада көрсетілетін халық өнерінің бір түрі» деп теориясын түсіндіруші еді. Эстрадалық музыка – думанды кештерге арналған музыка. Осының ішінен стильдерге бөлінеді. Джаз, блюз, поп, рок-н-ролл…

– Біз әлі ажырата алмай жүрген, білмей жүрген стиль бар ма?

– Мысалы, регги деген стиль бар. 90-жылдары сәнге айналды. Ол қазір көмескіленіп барады. Жеңіс Сейдоллаұлы осы стильдің королі ғой! Маған ол кісінің өмірдегі ұстанымдары ұнайды. Әндерінен сол мінезі көрініп тұрады. Көңілді жүретіндіктен адамға жақсы энергиялар сыйлайды.

– Кәсібилік пен әуесқойлыққа көзқарасыңыз қалай? Әуесқой әншіге де білім керек қой…

– Қандай сала болмасын біліммен ұштасып тұрмаса мәнсіз. Жалаң, өзі ғана болса түк те бағасыз. Салмағы жоқ. Салмақсыз болған соң, оның құны да болмайды. Өнер мен әдебиет қатар жүруі керек деп есептеймін. Мәдениетке қатысы бар нәрсе әдебиетпен, тарихпен қоршалып тұрса ғанибет қой. Ол – көрегендік.

«АТАҚ – ҚҰР БОС ЖҮРМЕГЕНІҢНІҢ ДӘЛЕЛІ, жемісі»

– Сіздің өміріңізде атақ маңызды ма?

– Атақ − жігерлендіруші күш. Мотивация дейікші. Еңбегің еленіп, маңдай термен алған атақ пен абыройдың не зияны бар? Кейде керісінше де болады. Атақ − құр бос жүрмегеніңнің дәлелі, жемісі ғой. «Ең ізгі адам – мені жұрт танымай қалады-ау, атым шықпай қалды-ау деп мазасызданбайтын адам»,− деп Конфуций бекер айтпаған. Бірақ, ең ізгі адам да еңбегінің еленгенін қалайды ғой, негізі.

– Ұлтқа іріткі салушы құралдардың бірі – дін мен тіл екені мәлім. Осы тұрғыдан бүгінде көп өнер адамдары, қарапайым адамдар да дінге ден қойды…

– Иә. Ол қоғамның бір кезеңіндегі орын алуға тиіс құбылыс шығар. Бұған екі жақты қараған жөн. Таза жолмен жүргендер де бар ғой. Ал кейбіреулер дінге сүйеніп, өзінше ақылды көрініп, орталарда сөйлеп отырады. Ол олардың қаруы іспеттес.

– Жұбаныш мырза, сонда олардың өз шындығына ешкім қарсы шыға алмай ма?

– Кейде солай. Сол пікірлеріне ешкім ұқсас жауап айта алмайды. Жаратқанға иек артып сөйлейді ғой олар. Әрине, құдайдың альтернативасы жоқ. Құдайға қарама-қарсы нәрсе де жоқ. Ол жалғыз ғой… «Намаз тек өзіңе ғана керек»,− деп бір досым жиі айтушы еді. Расында да солай ғой.

– Бізге паралель әлем бар екеніне сенесіз бе?

– Сенемін! «Он сегіз мың ғалам» деп бекер айтылмаған ғой. Бізден де басқа жерлерде тіршілік бар шығар, бәлкім…

– Жұбаныш мырза, сахна сыртындағы сырыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:  Әлия ІҢКӘРБЕК,  «QAZAQ» газеті