БҰРЫМДЫ СПОРТШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР

26

6-мамырда Алматы қаласындағы «Kazakhstan Top Team» клубында Джиу-джитсу күресі бойынша семинар өтті. Бұл семинар бұрынғы семинардан өзгерек. Неге десеңіз, мұхиттың арғы жағындағы Америкадан келген Адам Фокс өткізген аталған семинар Джиу-джитсу жолында жүрген бұрымдыларға арналды. Семинарда шеберлігін шыңдап жүрген спортшы қыздарымыз өздерінің осы уақытқа дейін үйренген әдістерін көрсетті. Қаракөз қыздарымызға арнап семинар ұйымдастырған Аида Құрбанова болуы да кездейсоқ емес. Өйткені, Қазақстандағы осы спорт түрінен алғаш болып көк белбеуге ие болған және алғашқы болып әлем чемпионы атанған, қыздарға арнап спорт клубын ашқан тұңғыш ару да осы қазақ қызы еді.

Бұрын ұлдар мен қыздар бір топта бірлесіп жаттығу жасайтын. Бұл, әрине, кейбір тұрғыдан келгенде, нәзік жандыларға қолайсыздық тудыратын. Арулардың жеке топ болып ашылып жаттығып жүргеніне екі жылдың көлемі болды. Нәтижесінде Абу Даби қаласында өткен «Adu-Dhabi World Jiu-Jitsu Festival» атты әлемдік чемпионаттан 62 кг салмақ бойынша Кәмшат Дүйсебаева чемпион атағын жеңіп келді. Бұның бәрі қыздар тобын ашып, қамқорлық жасап жүрген жандардың жетістігі деп есептейміз. Сондай-ақ, Аида Құрбанова мен Адам Фокс спортшы қыздарға деген қамқорлығын мұнымен шектеп қалмақ емес. «Еңбегіне сай жемісі» демекші, осы семинарда тосын сый ретінде Кәмшат Дүйсебайға Адам Фокс арнайы көк белбеуді табыстады. Осындай келелі істерден кейін алдағы уақытта қыздар арасындағы джиу-джитсу қарыштап дами беретініне сенеміз. Спорттың қыр-сырын терең ұғынып, қыз балаларға жеке назар аударып, дұрыс жұмыс ұйымдастыра білген «Kazakhstan Top Team» клубының елдегі алдыңғы қатарлы спорт клубы екеніне күмән жоқ.

Жантөре КУШКАРОВ, Джиу-джитсудан, ережесіз жекпе-жектен Қазақстан чемпионы, грепплингтен халықаралық жарыстың жеңімпазы