БӘСЕКЕЛЕСТІКТІҢ НЕГІЗІ – САПАЛЫ БІЛІМ

20

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында 10 басым бағыт белгіленді.  Жолдаудың жетінші бағыты «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталып, білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін шешуді көздеген мәселелер көтерілген.

Бүгінгі төртінші өнеркәсіптік революция цифрлы қоғамды қалыптастырып отыр. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңі басталды. Бұл жағдайда қажетті шарттың бірі – білікті мамандар даярлау. Мамандарды даярлау сапасы негізінен жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары бойынша анықталады. Жолдауда «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап өтілген. Жұмыс берушілердің жоғары талаптарына әрқашан сай түлектерді дайындау оқу жоспарын үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Білім беру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі ғылым, техника және өндіріс даму деңгейіне тығыз байланысты, ол еңбек мазмұны мен еңбек нарығының құрылымының дамуынан туындайтын қарқынды өзгерістерге ұшырайды.
Бәсекеге қабілетті білім беруге ерекше мазмұнмен, жаңаша талаптармен қарап, бағалап отырған жоғары оқу орнының бірі – Тараз инновациялық-гуманитарлық университет. Университетте бітірушілерді бәсекеге қабілеттілікке қойылатын қазіргі талаптарға бейімдеу бағытында жүйелі және мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда Тараз инновациялық-гуманитарлық университет оңтүстік өңірдегі ғылыми ізденістер мен жасампаздық жолына түскен оқу ордасы болып табылады. Университетте 9 бағыт бойынша 28 бакалавриат және 12 магистратура мамандықтары бойынша білім беру реформаларына сәйкес әлемдік стандарттар негізінде білікті мамандар даярлау қызметі жүзеге асырылады. Студенттерге 20-ға жуық ғылым докторы, 80-нен астам ғылым кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары сапалы білім беруде.
Университетте білім беру бағдарламаларын әзірлеу құзыреттілік негізде, яғни еңбек нарығы қажеттілігін, кәсіпорындарда мамандарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осындай мамандарды дайындау үшін ЖОО-ның мүмкіндігін ескеру негізінде орындалады.
2016 жылдың 1 қаңтарынан «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтары әзірлеген кәсіптік стандарттарды бекітеді. Кәсіби стандарт жұмыс берушіге мамандық немесе қызмет атауын, сондай-ақ жұмысшыларының еңбек функцияларын дұрыс белгілеуге көмектесетін бағдар болады. Кәсіби стандарттар білім алуға қойылатын талаптар мен жұмыс берушінің қарамағында қандай да бір еңбек функциясын атқаратын маманның біліктілігін білуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жұмыс беруші осылардың арқасында өзінің жеке бизнес-процесстеріне сай келетін қызметкерлерді таңдай алады. Әрбір жұмысшы өзінің заманауи нарықтың талаптарына сай немесе сай еместігіне көз жеткізе алады. Ол өзінің біліктілік деңгейін анықтап, қаншалықты сұранысқа ие екенін түсініп, болашағын бағдарлай алады. Ал, ең бастысы, кәсіби стандарт әрбір жұмысшыға жұмыс берушінің қарамағында қызмет жолын өз бетінше жоспарлауға мүмкіндік береді.
Уақыт өте келе кәсіби стандарттар міндетті түрде өзгеріп отырады. Заман талабына, қоғам қажеттілігіне сәйкес кәсіби стандарттар негізінде университетте модульдік білім беру бағдарламалары әзірленді. Білім беру бағдарламалардағы әрбір модуль нақты бір құзыретті немесе құзыреттер жиынын қалыптастырады. Жалпы құзыреттілік – берілген пәндік облысында тиімді қызмет атқаруға қажетті құзыреттері жиынтығы, білім мен тәжірибесі болуы. Қазіргі білім беру үрдісінің сапасының ажырамас көрсеткіші әрбір уақыт нүктесінде студенттердің жеткен құзыреттілік деңгейі болады. Бұл деңгейі оқу мерзімі ішінде жоспарлы түрде талапкерлердің кіріс құзыреттері деңгейінен ЖОО бітірушісінің оқу қорытындысы құзыреттері деңгейіне дейін көтеріледі. Бұл ретте, негізгі білім беру бағдарламаларында бақылау нүктелері және оларға тиісті нысаналы оқу деңгейін сипаттаушы дескрипторлар көзделуі тиіс. Құзыреттілік деңгейінің динамикасы тікелей студенттердің ағымдағы оқу сапасын және жанама оқытушылар мен олар қолданатын білім беру технологиялары сапасын көрсетеді.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде білім беру технологиялары студентке бағытталған оқыту принциптеріне негізделген. Білім беру үрдісінде студенттердің бойында келесідей қасиеттерді дамыту маңызды болып табылады: шығармашылық белсенділік, креативті ойлау, нарықтың өзгермелі қажеттіліктеріне жылдам бейімделу, бағалай білу және т.с.с. Оқу үрдісінде қолданылатын инновациялық білім беру технологиялары әлеуметтік тапсырысқа, болашақ мамандардың кәсіби қызығушылықтарына, студенттердің тұлғалық, жеке қасиеттерін ескеруге негізделеді.
Құзыреттілік принципке негізделген модульдік білім беру бағдарламалары оқытудың инновациялық технологияларымен бірге практикалық тұрғыда бәсекеге қабілетті мамандарды кәсіби дайындау стратегиялық мақсатының ең тиімді шешімі.

Марал ОҢҒАРБАЕВА,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің
«Ақпаратты-коммуникативтік технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты