ВИКТОРИЯ ЗЯБКИНА: «ЕНДІГІ МАҚСАТ – ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕТІК МЕҢГЕРУ»

29

«Спорт патшайымы» аталатын жеңіл атлетика Қазақстанда дамыған спорт түрі болатын. Бұл кешегі жағдай еді. Ал бүгін ше? Кешегі мен бүгінгінің арасына көз жүгіртіп көрсек, отандық жеңіл атлетиканың жағдайы жүдеу екеніне үнсіз келісесіз. Әйтпесе, жазғы Олимпиада ойындарында бір ғана жеңіл атлетиканың өзінен 47 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сонда бәрін қосып санағанда – 141 жүлде. Осы спорттың түрін қарыштата дамытып, жүлдені күреп алып отыруға болатын еді. Мысалы, былтырғы Рио Олимпиадасында АҚШ жеңіл атлетиканың өзінен 32 медаль (13 алтын, 10 күміс, 9 қола) олжалады. Ал бізде бұл спорт түрінен медаль иеленген спортшыларды санасаңыз, бір қолыңыздың саусағы да жетеді. Айталық, Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі  үш жеңіл атлетіміз – Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов және Ольга Рыпакова халықаралық дүбірлі додаларда жеңіл атлетикамыздың туын жықпай келді. Соңғысы әлі бабында. Енді олардың қатарына жүгіруден Азияның 6 дүркін чемпионы, Универсиаданың 3 дүркін жеңімпазы Виктория Зябкина қосылып отыр.

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қазақстандық жеңіл атлетиканың патшайымы саналса, ал ханшайымы ретінде желаяқ Виктория Зябкинаны айтуға болады. Өйткені, бұған дейінгі жеңістерін айтпағанда, күні кеше ғана желаяқ қыз Үндістанда өткен Азия біріншілігінен үш алтын медальмен оралды.

105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетінің редакциясы байрақты бәсекелерде байрағымызды көкке желбіретіп, еліміздің даңқын асырып жүрген 25 жастағы желаяқ қыздың спорттағы жетістіктерін ескере отырып, «Қазақстанның жаңа 100 есіміне» енуге лайық тұлға санайды.

 «ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ТАРИХЫНДА БІР УНИВЕРСИАДАДА

ҮШ АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕЛЕНГЕН ЖАЛҒЫЗ СПОРТШЫМЫН»

– Вика, Үндістандағы құрлық біріншілігінде үш алтын медаль иелендіңіз, оның алдында Универсиаданың үш дүркін жеңімпазы атандыңыз. Айтыңызшы, Сіз үшін қай бәсекедегі жеңіс маңызды?

– Байрақты бәсекелердегі барлық жеңіс мен үшін маңызды. Ал, Азия чемпионаты мен Универсиаданы салыстырар болсақ, әрине, соңғысының (Универсиаданы айтады, – ред.) салмағы басымырақ болса керек. Оның үстіне, мен жеңіл атлетика тарихында бір Универсиадада үш алтын медаль иеленген жалғыз спортшымын.

– Ал, Сіз үшін алтын медальдардың ішінде қайсысы құнды?

– Үлкен спорттағы менің ең ірі жетістігім, мойныма таққан алтын медальдар емес, Бейжіңде өткен әлем біріншілігінде алған он екінші орным. Жартылай финалға дейін жетіп, Қазақстанның рекордын жаңарттым.

– Үндістанда алғаш рет 100 метр қашықтықта топ жардыңыз. Демек, Сіз бұл қашықтықта жылдам жүгіретін болдыңыз ба, әлде қарсыластар әлсіздік танытты ма?

– Қарсыластар «оңай шағылатын жаңғақ» емес, шетінен «сен тұр, мен атайын» деген кілең мықтылар болды. Мұның сыры тек тәжірибеде шығар.

– Иә, сөз жоқ, соңғы жылдары алты дүркін чемпион болған Азия құрлығында, үш дүркін чемпион болған Универсиада ойындарында Сізге шақ келер қарсылас табылмай тұр. Дегенмен, бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуді армандайтын, жоспарлайтын боларсыз. Солай ма?

– Ойыңызды түсіндім! Рас, әлемдік деңгейде үздік нәтижелерге қол жеткізгім келеді. Әлбетте, әлемдік бәсекелерде бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан да, әзірге медальға таласа алмаймын. Мендегі мақсат – әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында финалға өту.

– Айтпақшы, жеңіл атлетикадан Қазақ-станның Бас бапкері Григорий Егоров қазақстандық жеңіл атлеттердің әлем чемпионаттарында ақтық сынға жолдама алуын маңызды санайды. Өйткені, финалда медальға ілігуге мүмкіндік қашанда бар. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген қисынға салсақ, фавориттер де пенде ғой, қателік жіберулері әбден мүмкін…

– Григорий Александрович дұрыс айтады. Назар аударсаңыз, Олимпиада мен әлем біріншіліктерінде спортшылар финалға қарағанда жартылай финалда жылдамырақ жүгіреді. Ал, ұзақ қашықтықтағы эстафетада бәрі де болуы мүмкін.

«ЕКІ (ҚЫЗЫЛ) ДИПЛОМЫ БАР САНАУЛЫ СПОРТШЫЛАРДЫҢ БІРІМІН»

– Вика, ата-анаңыз да спорттың ауылынан алыс емес. Сіздің спортпен айналысуыңызға солар себепкер болды ма?

– Бастапқыда, әрине, жеңіл атлетикаға солар әкелді. Бірақ, мен колледжге оқуға түскенде олар үлкен спортпен қоштасуымды сұрады. Өйткені, ата-анам үшін қыздарының жоғары білімді маман болуы бәрінен де маңызды еді. «Нашар оқысаң, спортпен қош айтысасың!» деп ашық айтты. Спортты жанымнан артық жақсы көргендіктен ата-анамның бұл шартымен келістім. Жақсы оқыдым. Қазақстандағы дене шынықтырудан бөлек, тағы екінші мамандығы бар санаулы спортшылардың бірімін. Мен аудармашымын. Университетті қызыл дипломмен бітірдім.

– Демек, үлкен спортпен қоштассаңыз, жұмыссыз қалмайсыз ғой?

– Иә, аштан өлмеймін. Жоғары білімім бар. Ағылшын тілін жетік меңгергенмін. Бір ғана кемшілігім бар – қазақ тілін түсінгенмен, жетік білмеймін. Осы кемшілігіммен жұмыс жасап келемін, ендігі мақсат – қазақ тілін жетік меңгеру.

– Жеңіл атлетикадан өзге қандай спорт түрі Сізге ұнайды немесе ұнамайды?

– Енді жеңіл атлетикадан бөлек, маған ұнайтын басқа спорт түрі жоқ. Екі рет баскетбол турниріне бардым. Қызығушылық болды. Ал қыздардың ауыр атлетикамен (штанга) айналысқанын түсінбеймін. Қыздар боксы туралы да сол пікірдемін.

– Енді денесі ірі қыздар көркем гимнастикаға бармайды ғой. Ауыр атлетика мен күреске бармағанда қайда барады?

– Жеңіл атлетикада шарбалға лақтыру (метание молота), ядро лақтыру (толкание ядра), найза лақтыру (метание копья) бар. Бұл спорт түрлері ауыр атлетикаға қарағанда әлдеқайда нәзіктірек көрінеді.

– Ал футбол қытығыңызға тимей ме? Футболшылар Сіздерге қарағанда еселеп айлық алады, ал нәтиже жоқ…

– Футбол әлемдегі №1 спорт түрі болғандықтан, барлық елде футбол жақсы қаржыландырылады. Енді футболшылар: «Бізге бұл айлық көп, жартысын жеңіл атлеттерге берейік», – деп айтпайды ғой. Сондықтан футболшылар қыруар қаржы алатындары үшін кінәлі болмаса керек. Негізі, мен футболды спорттан гөрі бизнеске жатқызамын.

«МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨЗҚАРАСЫ ДҰРЫС БОЛМАЙ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕРДЕН МЕДАЛЬ КҮТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

– Жеңіл атлетика – спорттың патшайымы (королева спорта), бірақ бұл спорт түріне Қазақстандағы көзқарас патшайымдағыдай емес. Егерде Сіз спорт министрі болсаңыз, жеңіл атлетикаға қандай өзгеріс, жаңалық енгізер едіңіз?

– Спорт министрі болсам, ең алдымен жеңіл атлетикаға реформа енгізер едім. Біріншіден, спортшылардың айлық беру жүйесіне өзгеріс енгізу. Айталық, жыл соңында әрбір спортшының жеткен жетістігіне, көрсеткен нәтижелеріне талдау жасау арқылы айлық, сыйақы тағайындау. Екіншіден, мамандандырылған дәрігерлер жетіспеушілігін шешу. Үшіншіден, жеңіл атлетикаға арналған спорт нысандарын елдің әр аймағында ашуды қолға алар едім. Өйткені, Өскемен қаласында Қазақстандағы жалғыз Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығы бар. Ал аудандарды айтпағанның өзінде облыс орталықтары мен ірі қалаларда мұндай спорт нысандары атымен жоқ. Алматыдағы Орталық стадион – бұл футбол нысаны. Амалсыздан біз сонда жаттығып, түрлі жарыстар өткіземіз. Мегаполистегі (Алматыны айтып отыр, – ред.) жағдай осылай болғанда, басқа қалалар туралы айтудың өзі ұят екен.

Жеңіл атлетикаға арналған мамандандырылған спорт мектептерінің есігіне баяғыда-ақ қара құлып салынған. Ондай жалғыз мектеп Алматыда ғана қалды. Соның өзіне бас сұқсаңыз, жыларман болып шығасыз. Елдегі жағдай, көзқарас солай болғанда, жеңіл атлеттерден медаль күтудің өзі бекер. Қайта, құрлықтық бәсекелерде топты жарып жүрген біздің спортшылардың жаны сірі екен.

– Сөзіңіз аузыңызда, бұл енді жауыр болған тақырып, десе де, байрақты бәсекелерде топты жарған спортшыларды мемлекет алақанына салып аялайтынын жоққа шығара алмайсыз ғой. Ақша да, баспана да, көлік те береді. Алысқа бармай-ақ, осы жеңіл атлетиканың өкілі, атақты Ольга Рыпакованы алайықшы, Олимп шыңын бағындырғаны сол еді, туған қаласында есімімен аталатын жеңіл атлетика орталығын ашып берді. Сыйақы, баспананы айтпағанда. Ал Азия құрлығының алты дүркін, Универсиаданың үш дүркін чемпионы Виктория Зябкинаның материалдық жағдайы қалай?

– … (күлді)

– Жарайды, жауап бергіңіз келмесе, сұрақты басқаша қояйын: қандай көлік мініп жүрсіз?

– Менде көлік те, көлік жүргізушісінің куәлігі де жоқ. Есесіне, қалаған жеріме апарып тастайтын жақсы достарым бар. Негізі, Орталық стадионның қасынан пәтер алуға қаражат жинау үстіндемін. Неге Орталық стадион? Сонда қысы-жазы стадионға жаяу барып, келу үшін көлік те қажет болмай қалады.

– Түсінбедім! Азия біріншіліктеріндегі, Универсиададағы жеңістеріңіз үшін алған сыйақы сонда пәтер сатып алуға жетпей ме?

– Таразда тұрсам, баяғыда-ақ пәтер сатып алар едім. Орталық стадионнан пәтер сатып алуға ақшам жетпесе, демек, сыйақының жетпейтін болғаны ғой!..

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан:  Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті