ГРУЗИЯНЫҢ АТАҚТЫ ФУТБОЛШЫСЫ ТБИЛИСИДІҢ ӘКІМІНЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

6

Каха Каладзе (Кахабер Карлович Каладзе) – Грузия футболының және итальяндық «Милан» футбол командасының  нышанына айналған атақты футболшы. Спорттық өмірбаянында бұл футболшының жеңісті күндері көп болды. 39 жастағы Каха Карлович көптеген медаль мен атақтардың иегері. Сондықтан оның өмірлік, спорт пен саясаттағы өмір жолы өте қызықты. Өмірбаяны бағындырған биіктіктерімен жарқырап тұрған кешегі футболшы, бүгінгі саясаткердің «Саяси портретін» 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті өз оқырмандарының назарына ұсынып отыр.

Аты-жөні: Каха Каладзе
Туған күні: 27.02.1978 жыл
Туған жері: КСРО, Грузия КСР,
Самтредиа қаласы
Бойы: 186 см
Салмағы: 77 кг
Қызметі: футболшы, саясаткер, Тбилиси қаласының әкімі

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ ЖӘНЕ  СПОРТТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ

Каха Каладзе 1978 жылдың 27 ақпанында Самтредиа қаласында дүниеге келді. Балалық шағынан бастап футболмен әуестене бастаған. Бірақ, бала үшін футбол бастапқыда тек қана хобби болды. Ол шабуылшы болып өзінің туған қаласындағы жасөспірімдер құрамасында ойнап, сол командамен бірге түрлі аудандық, республикалық жарыстарға қатысып жүрді. Осылайша Каха Каладзе атақты кеңестік жаттықтырушы Давид Кипианидің көзіне түседі. Тіс қаққан жаттықтырушы дарынды жігітке «Динамо» Тбилиси жастар құрама командасында өнер көрсетуге ұсыныс тастайды. Ал өз кезегінде біздің бүгінгі кейіпкеріміз ойланбастан бұл ұсынысты қабыл алады.

Аталған команданың құрамында жүріп Каха кәсіби футболшы ретінде шыңдала бастайды. Түрлі командаларда ол түрлі позицияларда ойнайды. Орталық шабуылшы, шабуылшы, жартылай қорғаушы болып, соңында өзінің  нақты орнын шабуылшы ретінде және орталық қорғаушы ретінде табады. Он алты жасында осы позицияда алғаш рет Тбилисидің «Динамо» құрамасында өнер көрсетеді. Жастығына қарамастан Каха Каладзе алғашқы ойыннан-ақ өзін жарқын да талантты қорғаушы ретінде көрсете білді. Ол шабуылшылардың шабуылын аса ептілікпен қайтара білген. Қажеттілігіне қарай серіктестерін қорғап, футбол алаңында басты әрекет етуші тұлға ретінде қалыптасады. 1994 жылы біздің кейіпкер Тбилисидің «Динамо» құрамасының құрыштай берік ойыншысына айналды.

 

ФУТБОЛШЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ЖОЛЫ

Бұл жерде баса айта кететін жайт, ол кезде КСРО құрамында болған елдердегі футболдың деңгейі төмен еді. Сондықтан да, жас футболшының мансаптық сатымен көтерілуі қиынға соқпады. Грузия чемпионатында төрт маусым (1994-1997 жылдар аралығында) өнер көрсетті. Бұл уақытта жас футболшы төрт мәрте Грузия кубогын жеңіп алып, өз мемлекетінің чемпионы атанды. Қалай болған күнде де бұл жеңістердің өзі жас вундеркиндті Грузияның әлсіз чемпионатында ұстап қала алмады.

Тбилиси «Динамосының» құрамында 82 ресми кездесу  өткізгеннен кейін Каха Каладзе бұл ұжыммен қоштасып, Киевтің «Динамосына» ауысты. Ойыншының ауысуын Валерий Лобоновскийдің өзі талап етсе керек.  Жоғары деңгейдегі ойыншылар қатарына түскен соң ол біраз уақыт астаналық клубқа ауыстырылған. Бірақ, уақыт өте келе Каха Каладзе өз күшіне сенімділігін қайтарып, мүлде басқа нәтиже көрсете бастады. Соңында жарты жыл уақыт өткен соң ол  киевтіктердің ойын стилін қалыптастырушы  ойыншылардың  біріне  айналды. Өзіне өте сенімді ойнайтындықтан Валерий Лобоновскийдің ұжымы алаңдағы ерекше мықты қорғаныстарымен ерекшеленетін еді.

Киев «Динамосында» өнер көрсеткен төрт маусымда ол үш мәрте Украина чемпионатын, сонымен қатар, үш мәрте Ұлттық кубокты жеңіп алды. Одан бөлек, 1999 жылы дарынды кавказдық футболшы өз командасымен УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жетті. Бұл грузиялық футболшы үшін ақылға қонбайтын көрсеткіш болатын.

Каха Каладзенің ойыны  итальяндық «Милан» клубының назарын аударады. 2000 жылы футболшы итальяндық клубқа ауысуын рәсімдейді. Ойыншыны сатып алуға итальяндық «Милан» клубы 16 миллион еуро жұмсаған екен. Бұл Грузия футболының тарихында әлі де рекордтық көрсеткіштегі сома болып саналады. Нәтижесінде ол жұмсалған қаржыны артығымен ақтап шықты. Көптеген ойындарда құрыштай берік ойыншылардың бірі болды. Уақыт өте келе «Милан»   клубының   тірі   символына   айналды.  Ол  итальяндық  «А»  сериясын (2004)  жеңіп   алған.  Және  де екі  мәрте (2002/2003,  2006/2007) Чемпиондар Лигасының жеңімпазы болған.  Бұл тек қана Грузия үшін емес, сонымен қатар, бұрынғы КСРО үшін де рекордтық көрсеткіш. Ол өзінің футболдағы мансабын 2012 жылы итальяндық «Дженоа» құрамасында аяқтады. Бұл құрама командада ол екі маусым ойнады.

 

СПОРТТАН САЯСАТҚА НЕГЕ АУЫСТЫ?

Футболмен 33 жасында қоштасқан Каха Каладзенің далада қалмайтыны белгілі еді. Ол өзін қызықтыратын ұсыныстар қарастыра бастайды. Біраз уақыт оның «Милан» бапкерлер штабында немесе Грузия құрамасындағы бапкер ретіндегі бой көрсетуі талқыланып жүрді. Алайда Каха Каладзе спорттан біржолата кетіп, өзін саясат сахнасында байқап көрмек болады. Мұндай шешім қабылдауына болған себептердің бірі кіші бауырының лаңкестердің қолына түсіп, қаза болуы деген болжам бар.

Өзінің саяси мансабын «Грузин арманы» атты сол кездегі оппозициялық партияда бастаған. Партиялық бірлестіктің лидері Бидзина Иванишвили премьер-министр болып сайланғаннан кейін, бұрынғы  футболшы  Грузияның Энергетика министрі  және  вице-премьер болып тағайындалды.

Ағымдағы жылы 21 қазанда өткен Тбилиси мэрінің (әкім) сайлауында сайлаушылардың 50 пайыздан артық дауысын алған Каха Каладзе бірінші кезеңде-ақ жеңіске жетіп, Грузия астанасының мэрі болды.

 

КЕШЕГІ ФУТБОЛШЫ, БҮГІНГІ ӘКІМНІҢ ЖЕКЕ ӨМІРІ

2001 жылы Каха Каладзенің студент інісі Леванды әлдекімдер ұрлап алып кетіп, оны бостандыққа жіберу үшін 600 мың доллар талап етеді. Сол тұстағы Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе: «Оны (інісін айтады, – ред.) табу үшін барымызды саламыз», – деп мәлімдейді. Алайда төрт жылдан кейін ғана Леванның тағдыры белгілі болады. Атап айтқанда, 2005 жылы 6 мамырда грузин полицейлері сегіз адамның мәйітін табады. Жұмбақ жағдайда бақилық болған сегіз адамның бірі сол Леван екені жөнінде болжам жасалады. Болжам 2006 жылы 21 ақпанда сараптамалық тексеру кезінде расталды. Бұл қанды оқиғадан кейін Украина азаматтығын алып, елден кетуді ойлаған Каха Каладзе: «Ұлттық құрамадан кеткім келгені рас. Жанкүйерлер мен грузин халқы қиын сәтте отбасымызбен бірге қайғырды, бізден көмектерін, қолдауларын аямады. Сондықтан бұл шешім менің тарапымнан сатқындық болар еді», – деп райынан қайтқанын айтты.

Каха Каладзе грузиялық атақты дизайнерлердің бірі Ануки Арешидзеге үйленген. Жұлдызды жұптың үш баласы бар.

Айта кету керек, 2009 жылы 14 шілдеде Каха мен Анукидің тұңғыштары жарық дүниеге келеді. Інісінің құрметіне орай сәбиге Леван есімін береді.

Футболшы бола жүріп бизнеспен айналысқан Каха Каладзенің «Kala Capital» инвестициялық компаниясы, Киевте «Buddha Bar» (Украина), Миланда «Джаннино» (Италия) мейрамханалары бар. Сонымен қатар, «Кең болсаң – кем болмайсың» ұстанымымен өмір сүретін экс-футболшының «Kala Foundation» қайырымдылық қоры жығылғанға сүйеу, жылағанға демеу болып жүр.

Тобықтай түйін: Каха Каладзе таяуда ғана тізгінін ұстаған Тбилиси – 1,1 миллион халқы бар Грузияның ең ірі қаласы (бұл елде барлығы 3,7 миллион халық тұрады). Грузияда біздің елдегідей әкімді президент тағайындамайды, тек халықтың өзі таңдайды (сайлайды). Демек, Каха Каладзені тбилисиліктер таңдаса, бұл қызметке оның лайық болғаны. Ал спортта, саясатта биік белестерді бағындырған Каха Каладзенің әкім ретіндегі мансабы қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді.