«ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ!»

29

Баяғыда Биағаң (Бейімбет Майлин) айтып кеткен бұл өлең жолы қанатты сөзге айналғалы қашан. Айтты айтпады ауыл – қазақтың өзегі, тал бесігі, ұлттық генефоны, тілді, ділді, салт-дәстүрді сақтайтын «сыр-сандығы». Қазіргі нарық жағдайында айтсақ, экономиканың қозғаушы күші, қайнар көзі, дәм-тұзы.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық белгілі мақаласында осы ауыл өміріне қатысты қат-қабат мәселелер жайлы келелі пікірлер айтылып, ойға қонымды өзекті жәйіттер атап көрсетілді.  Соның бір парасы – туған жер.

Ол әркімнің кіндік қаны тамған, мың сан рет жаялығы жуылған, әлемді танып-білуде, алғашқы көзі көріп, көңіліңе тоқыған, тіпті облыс түгіл ауданның да картасына түспеген шөкімдей бір елеусіз жер болуы мүмкін. Бірақ ол бәрінен ыстық, сенің көңіліне бәрінен жақын. Оған деген үкілі сезімің өмір бойы өз көлеңкең сияқты өзіңмен еріп жүреді. Егер ол өмір сүруге жағдайлы бақуатты болса, ол сенің үлкен мағынадағы ауылыңның гүлденгенінің, ауылыңның жақсы болуы – ауданыңның жан-жақты жетілген болуының, ауданыңның жақсы болуы – еліңнің еңсесінің биіктігінің белгісі болуы емес пе?! «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз, бәріміздің» мәнісі осыған саяды. Мұны қазір ат тізгінін ұстағандардың қай-қайсы да терең түсініп отыр.

Міне, осындай елді мекендердің бірі – Қостанайдағы Сарыкөл ауданы. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін бұл аудан Урицкий деп аталды. Бұл қай Урицкий?! Бұл жерге оның қаншалықты қатысы барын бір құдай біледі. Әйтеуір ондаған жылдар бойы солай аталып келді. Кезінде мұнда баяғыда «күн көсем» Ленинді атқан Каплан айдауда болды деп те әңгіме қылатын. Болса болған шығар, Стекең (Сталин) кімді қайда қумады?! Біздің бетке шығар марқасқаларымыздың талайы итжеккенде қалған жоқпа?!

Аудан әкімі орта бойлы, мығым денелі, жылы жүзді Елдар Күзембаев деген азамат екен. Облыстық баспасөз орталығында ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жай-жапсары жайлы тәп-тәуір есеп берді. Журналистердің кей-кейде қиыстап кетіп, қиялай қоятын құйтырқылау сұрақтарына да байсалды жауап қайырды.

Сарыкөл – Қостанайдан 130-140 шақырымдай қашықтықта жатқан аграрлы аудан. Негізінен егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысады. Терістік жағы Солтүстік Қазақстан облысымен, шығыс жағы Көкшетаумен қойнауласып жатыр. Үстінен шойын жол да, автомобиль жолы да өтеді. Жер көлемі 116 мың шаршы шақырым. Халқы 21 мың 160 адам. Ұлттық құрамы әрқилы. Баяғы тың игеру дақпырты кезінде мұнда Ресей мен Украинаның кенеп шекпенділерін төгіп-төгіп жіберген емес пе, сары шашты бала-шаға басым болыпты бір кезде. Қайта кеше тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен құлдырау кезінде солардың дені ата-жұртына қайта қашып, қара домалақ балалардың қарасы көбейе бастаған сыңайлы. Тәуба, өссін қазақ баласы, өзінің атамекенінде!

Әкім есебінен белгілі болғанындай, өңірдің экономикалық өсімінің негізін агрошаруашылық құрап отыр. Ауданда жауапкершілігі шектеулі 26 шаруашылық пен 643 шаруа қожалығы бар. Олар бір ғана өсімдік шаруашылығынан 10 млрд 54,6 млн теңге табыс түсірген. Мемлекеттік бюджетпен аудандық бюджетке берілеген түсім тиісінше – 110,5 және 102,3 пайызды құрайды. Бұл деген сөз ауданда жұмыссыздық жоқ дегенді білдіреді. Әр үйдің қора-қопсысында кем дегенде 10 шақты қой-ешкі, бес-алты сиыр, төрт-бес жылқы бар. Олардың бәрі заңдастырылып есепке алынған. Үкіметке салығын төлейді. «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамы арқылы немесе тиісті банкілерден жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Қазір күрделі ауылшаруашылық жұмыстарын заманауи талапқа сай жүргізу үшін әлеуетті, сапалы техника қажет. Пішенді баяғыдай ешкім айырмен шөмелелемейді немесе қол орақпен шөпті ормайды. Сондықтан машина-трактор паркін жаңалауға аса зор мән беріледі. Соған сәйкес ауданда 961 трактор, 471 астық жинайтын жаңа комбайн, 1100 дән сепкіштер және ондаған қосалқы құрал-жабдықтар бар.

Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында биылғы жылы мемлекеттен 543 млн 675 мың теңге субсидия бөлінген. Соның нәтижесінде сүт өндіру 4,1 пайызға, ет өндіру 0,7 пайызға артқан. Ауыл қазақтары қазір сиырын сауып май, қаймақ, ірімшік жасайды. Биесін сауып, қымыз ашытады. Және оны базарға шығарып пұлдайды. Бұл қолма-қол ақша деген сөз.

Ауданда «Сыбаға», «Құлан» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы 119,1 млн теңге, қолдау қоры бойынша 83,9 млн теңге, «Аграрлық несиелік корпорация» бойынша 35,2 млн теңге бөлініп отыр. Өңірде төрт элеватор, екі ГЭС, жалпы сыйымдылығы 785,6 мың тонна болатын 24 астық құрғату қондырғысы бар.

Әрине, бұл бір ғана Сарыкөл ауданындағы атқарылып жатқан жақсы іс. Ал облыс бойынша айтатын болсақ туған жерді түлетіп, кәсібінен нәсібін айырып отырған азаматтар аз емес. Бұрынғы «Бестау» совхозының директоры, қазір белді бизнесмен, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ибраш Естаев, қарасулық ағайынды Тұрсыновтар, шолақсайлық Иқтиляповтар, диевтік Книязевтер, карлмаркстік Ветштейндер, меңдіқаралық Сайран Бұқанов және басқалар соның жарқын мысалы. Олар ауылдарда әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салып, жерлестерінің алғысына бөленіп отыр.

«Біз «Туған жер» бағдарламасы бойынша әлеуметтік салаға 25 млн теңге бөлдік,– дейді Шолақсай ауылының егесі Мәди Иқтиляпов. – Бағдарламаға сәйкес наубайхана, мәдениет орындары, спорт секциялары жұмыс істейді. Күніне 400 бөлке нан пісіреміз. Бір бөлкенің істелу шығыны 50 теңге болса, ауыл адамдарына 25 теңгеден сатамыз. Ауылымызда 50 орындық балабақшабар. Ол да арзан, ата-аналар екі-ақ мың төлейді. Өзіндік құны тоғыз мың, соның жеті мыңын серіктестік төлеп отыр».

Облыста биыл «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша 26 өндірістік кооператив ашылды. Ол етпен сүт өндіру бағытында жұмыс істейді. Оның құрамында мыңға жуық адам бар. Өңірде бұған қоса 11 сүт зауыты, 27 ет өңдеуші кәсіпорын үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Олардың өнімі көршілес Ресей еліне де жіберіледі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаңырақ көтерген Қамысты ауданындағы «Қарабатыр» агрофирмасының даңқы бүкіл елімізге аян. Бүгінде егіншілікпен мал шаруашылығын қатар өрбітіп отырған бұл еңбек ұжымы жүздеген адамды жұмыспен қамтыған. Агрофирма шағын қалашық сияқты онда адамға қажеттінің бәрі жасалған. Қол жұмыстары озық технологияны пайдалану арқылы механикаландырылған. Ауылда спорт комплексі, мәдениет үйі, монша, кітапхана, мектеп бар.

Міне, осының бәрі түптеп келгенде, облыс көлемінде мемлекет алға қойған асқаралы міндеттер абыроймен жүзеге асып жатқандығының жарқын мысалы болып табылады. Ал болашақ болжамы бұдан да зор, бұдан да ауқымды. Қазақ баласы қашанда келешекке үмітпен қарап, барға – қанағат, жоққа – салауат айтатын халық қой. Әр жерде ауыл көркейіп жатса, Қазақ елінің де еңсесі биіктеп, абыройы асқақтай берері сөзсіз.

Серік ШАЙМАН,

«Qazaq» газетінің

 Қостанай облысындағы

меншікті тілшісі