ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ ИДЕЯЛЫҚ ТҰҒЫРНАМА

18

Жаһандану заманында капиталистік бағытпен даму үрдісі кеңінен насихатталып жатыр. Десек те, таяқтың екі ұшы тәрізді капитализмнің жақсы  жақтары мен кемшін тұстары бар екендігін мойындауымыз керек. Мәселен, алдыңғы қатарлы дамыған капиталистік елдер тек материалдық игіліктерге құнығып, рухани құндылықтарды көлеңкеде қалдырып жатыр.  Соның салдарынан адамзат баласының рухани құндылықтарды ұмыта бастауы түрлі азғындықтарға жол ашуда. Бүгінгі таңда қылмыс, лаңкестік, зорлық-зомбылық саны артуда. Адамның рухани болмысы мен сана-сезімі әлсіреген  сайын тура жолдан тайып, адасатыны ақиқат. Ақпараттар ағыны тоғысқан шақта Қазақстан халқының рухани жаңғыруға деген ұмтылысы – тарихи маңызы бар батыл қадам. Үнді халқының ойшылы, атақты қоғам қайраткері Махатма Ганди: «Адам баласын құртатын нәрсе – принципсіз саясат», – деген болатын. Елбасының рухани жаңғыру идеясы ақпараттық майдан ғасырында Қазақстан халқының бағыт-бағдарын, рухани принципін тамыршыдай дөп басып отыр.

Америкалық саясаттанушы Карл Дойч өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында: «Жаңғырудың сыни мәселесі – бұл экономикадағы құрылымдық өзгерістер емес, құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер», – деген екен. Расымен де рухани құндылықтарды жаңғырту арқылы біз еліміздің мәңгілік ел болуын рухани тұрғыда қамтамасыз етеміз. Рухани құндылықтарымызды игеру арқылы еліміз береке-бірлікке, саяси тұрақтылыққа, бейбітшілікке қол жеткізеді.

Рухани жаңғыру – мемлекеттің саяси, рухани, экономикалық  бағытта жаңарып-жаңғыруына, өзгеруіне ықпал ететін идеялық тұғырнама. Елбасының рухани жаңғыруымен еліміз болашаққа саяси, рухани, экономикалық ұстаныммен қадам баспақ.

 

ЛАТЫНҒА АЛҒАШҚЫ НЫҚ ҚАДАМ

Елбасының халық санасын дүр сілкіндірген ауқымды бағдарламасы алты жобадан тұрады. Бірінші жоба – қазақ тілінің латын графикасына біртіндеп көшуі. Латын графикасына көшу мәселесі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген еді.

Осы орайда Елбасының тапсырмасы бойынша латын әліпбиін ұлттық мүддемізге қарай  құрастыруды А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қолға алды. Биылғы жылдың 11 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Парламентінде қазақ тілін  латын әліпбиіне көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылып, қазақ-латын әліпбиінің ұсынылған көптеген нұсқалары негізінде тіл мамандары құрастырған ортақ нұсқа ұсынылды. Сөйтіп, 25 әріп пен 8 қосар әріптен (диграф) тұратын әліпби нұсқасы баспасөзде жарияланып, қоғам талқысына  ұсынылды. Әліпбидің бірінші нұсқасына көпшіліктің көңілі тола қоймады. Себебі, жазылған сөздің ұзындығы қабылдауға қиындық келтіреді. Екіншіден, қосар әріптің әр әрпі оқылуда дербес қабылданып кетуі мүмкін екендігі. Үшіншіден, ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың төл дауысты дыбыстары – ә , ө,  ү дыбыстарының қос әріпті болып келуі болатын. Көпшіліктің талап-тілектеріне сәйкес әліпбиіміздің екінші нұсқасы дайындалды. Жаңа әліпбиді құрағанда А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты қызметкерлері мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығы мамандарының пікірлері ескерілді.

12 қазанда Астана қаласында өткен баспасөз конференциясында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры  Ербол Тілешов пен  А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынды. Жаңа нұсқада қазақ тіліне ғана тән  кейбір дыбыстарды апостроф (дәйекше) арқылы белгілеу ұсынылған. Жаңа нұсқа туралы Ербол Тілешов: «Апострофтық нұсқада түсінбейтіндей белгісіз таңба жоқ. Осы әріптен 19 таңбасы классикалық латын әліпбиіне сәйкес келеді. Сонда ерекшеленіп тұрған 13 таңба бар. Ол да латынның ішінен шығып тұр. Үйрену қиын деп ойламаймын», – деді.

Жаңа нұсқада бірен-саран кемшіліктер болғанымен, диграфтық латын әліпбиіне қарағанда артықшылықтары жетерлік. Әлемде кемшіліксіз әліпбидің жоқ екендігін ескерсек, «Көш жүре түзеледі» дегендей, жаңа нұсқаны игергеніміз жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  27 қазанда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Қаулыға қол қойды. 32 әріптен тұратын төл дыбыстарымыз апостроф арқылы белгіленген нұсқасы бекітілді.

Латын графикасына көшу тіліміздің дыбыстық ерекшеліктерін сақтауға, тіліміздің жаңғыруына жағдай туғызады. Әлемде 4 млрд 200 млн адамның латын графикасын қолданатынын ескерсек, бұл – заман талабы. Сондай-ақ, бауырлас түркі халықтарымен рухани-мәдени байланысымызды одан әрі нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Елбасының латын графикасына көшу туралы ұсынысы дер кезінде көтерілген мәселе.

 

РУХАНИ АЗЫҚ

Екінші жоба – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Жобаның мақсаты – қазақстандық студенттерге әлемнің үздік оқулықтарын ана тілінде оқуға мүмкіндік береді. Әлемнің үздік оқулықтарын оқыған жастардың интеллектуалдық деңгейлері көтеріліп қана қоймай, жастар арасында қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейе түспек.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»  жобасын іске асыру мақсатында биылғы жылдың 20 қазанда Астана қаласында «Рухани жаңғыру»  тақырыбына арналған сарапшылар талқысы сериясының аясында Еуразиялық интеграция институты мен «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ ұйымдастыруымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган басшылары, ғалымдар мен ұстаздар, аудармашы-редакторлар мен баспагерлер және белгілі филолог мамандар мен әдебиетшілер қатысып, жобаның маңыздылығын атап өтті. Конференция барысында  аударма барысындағы кездесетін қиындықтар және де латын әліпбиіне көшу кезінде туындайтын орфографиялық мәселелер талқыланды.

Жобаның өзектілігі – 100 оқулықты аударудың нәтижесінде  ғылыми контент қоры көбейеді, тіліміздің ғылыми қоры халықаралық ғылыми лексикамен байытылады. Бұл – бір. Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы білімнің дәрежесі әлемдік деңгейге көтерілуіне жол ашады. Үшіншіден, бұл жоба арқылы Қазақстандағы аударма мектептерінің базасы күшейеді. Төртіншіден, жоба тіліміздің дамуына орасан зор үлесін қосады.

«Ұлттық аударма бюросы» жоспарды іске асыру үшін 17 жұмыс  тобын құрып, аударма жұмыстарына жүзден аса мамандарды  жұмысқа тартты.

Жұмыс құрамында оқытушы ғалымдар, аудармашылар,  редакторлар  мен  баспагерлер  және де  әдебиетшілер бар.  Ұлттық  аударма  бюросы тәржімалаған 17 кітаптың тізімі төмендегідей:

  1. Derek Johnston. A Brief Hisotry of Philosophy: From Sосrates to Derrida;
  2. Anthony John Patrick Kenny. A New History of Western Philosophy (In Four Volumes). Volume 1;
  3. Anthony John Patrick Kenny. A New History of Western Philosophy (In Four Volumes). Volume 2;
  4. Реми Хесс. 25 ключевых книг по философии;
  5. David В. Brinkerhoff, Suzanne Т. Ortega, Rose Weitz. Essentials of Sociology. 9th Edition;
  6. George Ritzer. Sociological Theory. 10th Edition;
  7. Elliot Aronson. The Social Animal. 11th Editon;
  8. Duane P. Schultz, Sydney Ellen Schultz. A History of Modern Psychology. 11th Edition;
  9. David G. Myers. Social Psychology;
  10. N. Gregory Mankiw and Mark P. Taylor. Economics. 4th Edition;
  11. Donald F. Kuratko. Entrepreneurship: Theory, Process, and Practice. 10th Edition;
  12. Ricky W. Griffin. Management. 12th Edition;
  13. Karen Armstrong. A History of God: The 4.000-Year Quest of Judaism, Christianity and Islam;
  14. Victoria Fromkin, Robert Rodman, Nina Hyams. An Introduction to Language , International Ed;
  15. Светлана Тер-Минасова. Язык и межкультурная коммуникация;
  16. Alan Barnard. History and Theory in Anthropology;
  17. Klaus Schwab. The Fourth Industrial Revolution.

Шет тіліндегі тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, филология салаларындағы оқулықтарын оқыған жастардың көкірегі ояу, көзі ашық боларына сеніммен қараймыз. Әлемнің үздік оқулықтарымен сусындаған қазақстандық студенттердің білім деңгейінің артып, жан-жақты дамыған, зерделі болып бой түзеуіне «100 жаңа оқулық» жобасы мүмкіндік бермек.

 

ҮЛГІ БОЛАР ТҰЛҒАЛАР

Үшінші жоба – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы. Жобаның мақсаты – тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту. Ата-бабамыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Халқымыз қашанда жақсылықты дәріптеп отырған. Жүз жаңа есімді анықтау үшін  арнайы 100esim.el.kz сайты ашылып, халыққа онлайн түрде дауыс беру мүмкіндігі берілді. Дауыс беру 18 қазанда басталған болатын. Дауыс беруге 302 кандидат ұсынылып, дауыс беру барысында 102 кандидат жеңіске жеткен. Онлайн дауыс беру 13 қарашада аяқталды. Жалпы, іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға  1 миллион 376 мың дауыс берген екен. Кандидаттар өздері жұмыс жасайтын сала бойынша алты категорияға бөлінді. Мысал үшін 45 үміткер – ғылым, 42 – спорт, 85 – қоғам, 46 – медицина, 37 – мәдениет, 47 – кәсіпкерлер. Дауыс беруге еліміздің 14 облысы, сондай-ақ, Алматы және Астана шаһарлары қатысты. 10 қарашада Астана уақыты бойынша сағат 23.59-де  www.100esim.el.kz сайтында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына онлайн дауыс беру аяқталды.

Статистикаға сүйенсек, жеңімпаздар арасында көш бастап тұрған –«Қазақтың Моцарты» атанған, еліміздегі жас композитор әрі пианист Рахат-Би Әбдісағин. Он екі жасынан бастап музыкалық шығарма жаза бастаған жеткіншек – айтулы халықаралық байқаулардың жеңімпазы.

Сонымен қатар, көш басында бизнес саласының өкілі – петропавлдық кәсіпкер, меценат Гарик Бернецянды атап өткен жөн. Кәсіпкер азамат 11 жылдан бері «Титан-Север» жауапкершілігі шектеулігі серіктестігінде қызмет жасап келеді. Гарик Бернецян әлеуметтік нысандарға айтарлықтай қаржы бөліп жүрген атымтай жомарт атанған кәсіпкерлердің бірі. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де көш бастап тұр. Мысал үшін айтсақ, Зеленов ауданының орталық ауруханасының учаскелік медбикесі Елена Шушлебина. Ақ халатты абзал жан Орал-Тасқала трассасында көлік ішінде толғағы қысқан ананы босандырып алып, екі бірдей адамның өмірін ажал аузынан алып қалған дәрігер.

Жобаның өзектілігі – еліміздің көркеюіне, ел экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан жерлестерімізді құр насихаттап қана қоймай, олардың жемісті еңбектерін, еңбек жолдарын жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету. «100 жаңа есім» жобасы жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке, халқына адал қызмет етуге ынталандырады. Аталмыш жоба қоғамда табыстылық идеяларын, бәсекелестік принциптерін,  прагматизмді насихаттап, дамыту арқылы қоғам санасын рухани тұрғыда жаңғыртуды көздейді.

 

ҰШҚАН ҰЯ

Төртінші жоба – «Туған жер» жобасы. Жобаны жүзеге асыру үшін алдымен, әр адам өзінің туған жерімен байланыс орнатуы қажет. Еліміздің тау мен тасы, өзен-көлдері, ұшқан құстың қанаты талатын кең даласы тарихқа тұнып тұр. Сан ғасырлық жаугершілік замандардың куәсі болған қасиетті Отанымыздың әр қойнауы тарихқа толы. Жас ұрпақ  олардың әрбірінен хабардар болуы тиіс. Өйткені, өз тарихына терең бойлай алған ұрпақ қана Отанына адал, жауапкершілігі жоғары азамат болып шыға алады.

Жобаның бірінші мақсаты – білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізіп, экологияны жақсартып, елді мекендерді абаттандыруға баса мән беру. Сондай-ақ, елді мекендердегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру шараларын жүзеге асырады.

Жобаның екінші мақсаты – туған жерлерін ұмытпай, оның көркеюіне үлесін қосқысы келген зиялы қауым өкілдеріне, шенеуніктерге, кәсіпкер азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың туған жерлеріне қамқорлық көрсетулеріне жағдай жасау.

Бүгінгі таңда «Туған жер» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, Қарағанды қаласында «Туған жер» бағдарламасы аясында  әйгілі боксшы Генадий Головкин туып-өскен Майқұдық шағын ауданында жас бүлдіршіндерге арналған алты бірдей ойын алаңы ашылды. Алаң барлық керек жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер ересектерге арналған спорт комплексін салуды жоспарлап отыр.

«Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен  23 мамырда шаһардың шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, бизнес-қоғамдық өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиында «Таза қала», «Таза аудан», «Таза көше» акцияларын өткізу, туристік карта жасау, тарихшылар слетін өткізу және басқа да өнегелі шараларды іске асыру жайында кеңесті. Алматы әкімі қала кәсіпкерлерін әлеуметтік нысандарды салуға, әлеуметтік шараларды өткізуге, қайырымдылық акцияларына белсене араласуға шақырды.

«Туған жер» бағдарламасы  бабаларымыздың ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мирас етіп қалдырған қасиетті қазақ даласына деген құрметіміздің жоғары болуына үндейді. Туған жерге ерекше құрмет – туған жердің көркеюіне бір кісідей атсалысу. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ қана діттеген мақсатымызға жетеміз. Үкімет, жергілікті билік, қала, ауыл халқы туған жерінің тарихи ескерткіштеріне тағзым етіп, мәдени нысандардың бой көтеріп, рухани орталыққа айналуына атсалысуы қажет. Еліміздің әр аймағына тарихи-өлкетану мұражайларын ашып, жастарды туған өлкесінің салт-дәстүрімен, тарихымен, шежіресімен таныстыру аса қажет.

 

КИЕЛІ ОРЫНДАР КАРТАСЫ

Бесінші жоба –  Қазақстанның  киелі  жерлерінің географиясы. Жобаның мақсаты – Қазақстандағы мәдени ескерткіштерге, символдық, сакралдық және мәдени-тарихи заттарға баса назар аудару. Бұл жоба жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасына ұқсас. Жобаның ерекшелігі тек қана тарихи нысандар ғана емес, сонымен бірге, ұлттық қасиетті орындардың тізбегі жасалып, киелі орындарды дәріптеп, тағзым етуге үндейді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бұл орайда: «Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің  ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географикалық белдеуі неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің  бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз».

Бұл жоба бойынша Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, киелі орындардың тізімін жасауда. Мәселен, киелі жерлер тізімін анықтау мақсатында «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Жобаны жүзеге асыру үшін тағайындалған жауапты мамандар – Хангелді Әбжанов, Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Александр Гаркавец, Меруерт  Әбусейітова сияқты түрлі саланың білікті ғалымдарынан құрылған жұмыс тобы жасақталды.

«Киелі жерлер географиясы» ретінде 500-ге тарта тарихи-мәдени нысан белгіленбек. Тізімге археологиялық сәулет ескерткіштері, діни құрылыс нысандары, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлер енеді. Бағдарлама аясында алты бағыт бойынша: Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс аймақтарына ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын өткізу жоспарланған.

Бағдарламалық жоба – сана-сезімімізді дамытып, қазақстандық бірегейлікті сақтау жолында жұмыс атқарады. Сондай-ақ Елбасымыз айтқандай бұл жоба бізге сырттан келіп жатқан жат идеологияларға рухани қалқан болады.

 

ЖАҺАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

Алтыншы жоба – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет». Бұл жоба еліміздегі өнер адамдарына, зиялы қауым өкілдеріне, шығармашылық адамдарына өздерінің үздік туындыларын әлемдік қауымдастыққа паш етуіне жол ашады. Жоба қазақ мәдениетінің әлем мәдениетімен байланыс жасауға мүмкіндік береді.

Қазақ мәдениетін әлем елдеріне таныстыру мақсатында біршама ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, ЭКСПО көрмесінің аясында өткен Дүниежүзілік «Астана»  театрлар фестивалі, Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық байқауы, «Сахнадан сәлем»  халықаралық театр фестивалі, «Еуразия» кинофестивалі тәрізді ірі жобаларды атап өткен жөн.

Осы күнге дейін біздің елді әлем елдері мұнайға, газға, түрлі-түсті металдарға, химиялық элементтерге бай ел ретінде танып келді. Бүгінгі күні біз әлем халықтарына өзіміздің рухани-мәдени бай ел екенімізді көрсетуіміз қажет. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы еліміздің рухани құндылықтарын шет елдерге насихаттаумен қатар жаңа тұлғалардың қалыптасып, әлемдік аренада өнер көрсетулеріне мүмкіндік беріп отыр. Бұл жоба қазақ мәдениетінің дамуына, жаңа сатыға көтеріліп, ұлтымыздың рухани бет-бейнесін жасауға зор ықпалын тигізеді.

Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мақсаты – шығармашылық топ өкілдерінің басын қосып, жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындау. Жоспарға сәйкес, келесі жылдан бастап, Біріккен ҰлттарҰйымының алты тілінде қазақ тілі, әдебиеті, мәдениеті, өнер, театр, кино саласы бойынша үздік деп танылған туындыларды халықаралық деңгейге шығару көзделеді. Жұмыс тобы  еліміздегі өнердің төрт бағыты бойынша үздік туындыларды жинап, келесі жылдың екінші жартысында туындыларды бүкілхалықтық талқылауға ұсынбақ. Тағы бір айта кетерлігі, іріктеуден өткен туындылар жұмыс тобының жалпы отырысында талқыланып, Ұлттық комиссияның қарауына, бекітуіне жіберіледі.

Жоба бірнеше мәдени салалардың дамуына септігін тигізеді. Әдебиет, музыка, кино, театр, сурет, мүсін өнерлерінің заманға сай қарыштап дамуын көздейді. Осы ретте қолдауға зәру сала – кино саласы. Еліміздің кино режиссерлері  фестивальдерде бір-екілі жүлделер алып жүргенімен бүкіл әлем назарына ұялмай көрсететін кино туындылар жоқтың қасы. Егерде «Жаһандағы заманауи Қазақстан» жобасының негізінде кино саласына қолдау білдірілсе, отандық кино режиссерлердің туындылары да Голливудтың туындыларын кем түспесі анық.

Аталмыш бағдарламаның мақсаты мен мұраты айқын. Қолға алынған шаруалар да жетерлік. Бүгінде жобаны іске асырушылар жобаның өзектілігін халыққа түсіндіруде.

Тобықтай түйін: Елбасымыздың биылғы жолдауы – Қазақстан халқының мәңгілік ел болудың даңғыл жолына бастайтын бағдары. Елбасының рухани жаңғыруы ата-бабаларымыздың тәуелсіз, еркін, мәңгілік ел болуды аңсаған идеясымен  ұштасып жатыр. Бұл ауқымды бағдарлама сан ғасырлық тарихымыз бен ата-бабаларымыздан мирас болып қалған рухани құндылықтарымыздың жаңғыртып, заманға сай қайта түлеуіне жол ашты.  Заман көшіне ұлттық кодымызды сақтай отырып ілессек, болашақта алдыңғы қатарлы дамыған отыз елдің қатарына кіретініміз күмәнсіз.

Фараби СӘЙКЕНОВ, арнайы «Qazaq» газеті үшін