ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫС: ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ

150

Елімізде декреттік демалысқа шығудың реті қандай? Жүкті қызметкерлер қандай маңызды ақпараттарды білуі тиіс? Заң бойынша жүкті қызметкерлер жұмыс кезінде қандай жеңілдіктер алуға құқылы? Декреттен декретке шығуға бола ма? Бала күтіміне байланысты әлеуметтік жәрдемақыларды қалай алуға болады? Оларды рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет? Төменде осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫСТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:

  1. Жүктілікке және босануға байланысты демалыс;
  2. Жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлерге демалыс;
  3. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс.

Бұл туралы Еңбек Кодексінің 99-бабында жазылған.

ЖҰМЫС БЕРУШІ ҚЫЗМЕТКЕРДІ ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫСҚА ҚАШАН ЖІБЕРЕДІ?

Жүкті әйелге «еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы» беріледі. Осы парақтың негізінде қызметкер декреттік демалысқа шыға алады.
Жұмыс беруші парақта көрсетілген күннен бастап жүкті қызметкерді жұмыстан босатуы тиіс. Басқаша айтқанда, декреттік демалысқа жіберуі керек.

Еске салайық, демалыс мерзімі: босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 күнге (қиын босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда – 70) жүктілікке және босануға байланысты демалыс беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 99-бабының 2-тармағында көрсетілген.

ЖҰМЫС БЕРУШІ ҚЫЗМЕТКЕРДІ ЖҮКТІЛІКТІҢ ҚАНДАЙ МЕРЗІМІНДЕ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУҒА ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ?

Жұмыс беруші қызметкерді жүктіліктің 12 аптасында және одан да көп мерзімінде жұмыстан босатуға құқығы жоқ. Яғни, еңбек шартын бұза алмайды. Сондай-ақ, жұмыс беруші:

– Жасы үшке толмаған балалары бар;

– Жалғызбасты аналарды;

– Он төрт жасқа дейінгі баласы бар (баласы мүгедек болса, 18 жасқа дейін) әйелдерді жұмыстан босата алмайды.

Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабының 2-тармағында көрсетілген.

ЖҮКТІ ҚЫЗМЕТКЕР ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТУДІ ТАЛАП ЕТУІНЕ БОЛА МА?

Иә, талап ете алады. Жұмыс беруші жүкті қызметкерді денсаулығына зиян келтіретін жұмыстан басқа қызметке ауыстыруға тиісті (медициналық қорытынды негізінде). Сондай-ақ, мұндай жағдайда қызметкердің орташа жалақысы сақталуы керек.

Жүкті әйелге басқа жұмыс берілгенге дейін жұмысты орындаудан босатылуы керек. Бұл кезде де орташа жалақысы сақталуы тиіс. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 44-бабы, 1-тармағында көрсетілген.

Сонымен қатар, жүкті қызметкер вахталық жұмысқа жіберілмейді. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 135-бабы, 3-тармағында жазылған.

ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫСҚА БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ ШЫҒА МА?

Иә, шыға алады. Әкелер де бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа шыға алады. Алайда, отбасы мүшелері таңдауы тиіс: декреттік демалысқа не анасы, не әкесі шығуы керек.
Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100-бап, 1-тармағынан біле аласыз.

ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫСТЫҢ МЕРЗІМІ

Баласының жасы үшке толмай тұрып, қызметкер кез келген уақытта жұмысқа шыға алады. Бірақ, жұмыс берушіге бұл туралы бір ай бұрын ескертуі тиіс.

Ескеріңіз, жүктілікке және босануға байланысты демалыстан мерзімінен бұрын жұмысқа шығуға заңмен рұқсат етілмейді. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 100-бап, 4-тармағынан біле аласыз.

1,5 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАСЫ БАР АНАЛАР ЖҰМЫС УАҚЫТЫНДА ҚАНДАЙ

ҮЗІЛІСТЕР АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ?

1,5 жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге, 1,5 жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге (бала асырап алушыларға) баланы тамақтандыру үшін жұмыстың әрбір үш сағатынан сиретпей ұзақтығы мынадай:

1) Бір баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде 30 минут;

2) Екі немесе одан көп баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде бір сағат болатын қосымша үзілістер беріледі.

Қызметкердің өтініші бойынша, баланы тамақтандыруға арналған үзілістер тынығуға және тамақтануға арналған үзілістерге қосылады. Үзілістерді жинап, жұмыс күнінің (ауысымның) басында немесе аяғында алуға болады.

Ескеріңіз! Баланы тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына қосылады. Үзілістер уақытында әйелдердің, әкелердің, бала асырап алушылардың орташа жалақысы сақталады. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 82-бабының 3, 4, 5 тармақтарында көрсетілген.

ЖӘРДЕМАҚЫ КӨЛЕМІ

Жұмыс істемейтін әйелдер үшін баласы бір жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақы бала күтімімен отырған жұмыссыз әйелге немесе ер адамға беріледі. Бір жыл көлемінде ай сайын беріліп отыратын жәрдемақының мөлшері мынадай:

– бірінші балаға – 5,76 АЕК (13 853 теңге);

– екінші балаға – 6,81 АЕК (16 378 теңге);

– үшінші балаға – 7,85 АЕК (18 879 теңге);

– төртінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК (21 405 теңге).

Босану жәрдемақысы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін барлық әйелдерге республикалық бюджеттен төленеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК, яғни 91 390 теңге; төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК, яғни 151 515 теңге беріледі.

ЖӘРДЕМАҚЫ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Жұмыс істейтін әйелдер үшін баласы бір жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақыны кім ала алады? Қордан әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыс істейтін әйелдер алады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, жұмыс берушісі әлеуметтік аударымдарды жүргізетін қызметкер әйелдерге беріледі.

Жәрдемақысы қалай есептеледі? Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысының көлемін 24 айға бөлу қажет, содан кейін 0,4 көбейту және 10% зейнетақы жарнасын алу қажет.

ДЕКРЕТТЕН ДЕКРЕТКЕ ШЫҒУҒА БОЛА МА?

Декреттік демалыста жүріп, екінші балаға жүкті болатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай кезде, декреттегі қызметкер бала күтіміне байланысты тағы да демалыс сұрап, өтініш жазады. Сол арқылы бұйрық шығарылады. Жұмыс орнын сақтау үшін жұмыс берушіге қызметкер өзінің жүктілігін растайтын тиісті құжаттарды беруі тиіс.

Декреттік демалыстың бүкіл кезеңі еңбек өтіліне қосылады.
Екінші декреттік демалыстан шыққан қызметкер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқылы.

Айта кетейік, жұмыс беруші декреттегі қызметкердің міндетін уақытша атқарып жүрген қызметкерге еңбек қатынастарының өзгергені туралы (жұмыстан босату немесе басқа лауазымға ауыстыру) дереу хабарлау керек. Бұл туралы ҚР Еңбек Кодексінің 48-бабында көрсетілген.

ЖҮКТІ ӘЙЕЛ ЕҢБЕККЕ ҚАБІЛЕТСІЗДІК ПАРАҒЫН ҚАЛАЙ АЛАДЫ?

Бұл парақ мынандай жағдайға қажет болады:

– Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуына байланысты декреттік демалысты беру үшін;

– Жүктілікке және босануға, баланы немесе балаларды асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді алу үшін қажет болады.

Парақты алу үшін жеке басын куәландыратын құжат жеткілікті. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын медицина қызметкері (акушер-гинеколог дәрігер), ал ол болмаған жағдайда – ДКК қорытындысынан кейін, бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, дәрігер береді.

Асқынған босану, екі және одан да көп бала туған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы босандыратын денсаулық сақтау ұйымының шығару қағазына сәйкес бақылаған жері бойынша әйелдер консультациясында (кабинетінде) қосымша күнтізбелік 14 күнге ұзартылады.

Мұндай жағдайда босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі демалыстардың жалпы ұзақтығы күнтізбелік 140 күнді құрайды.

Ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасы қалыпты босанған жағдайда 27 аптадан бастап ұзақтығы күнтізбелік жүз жетпіс күнге және асқынулары бар босанулар немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда күнтізбелік 184 күнге беріледі.

ЖӘРДЕМАҚЫНЫ АЛУ ҮШІН ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР

Баланың бір жасына дейін берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін қажетті құжаттар:

  1. Өтініш;
  2. Жеке басын куәландыратын құжат;
  3. Тұрақты мекенжайы бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл округі әкімінің анықтамасы, Байқоныр қаласының тұрғындары үшін – Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы);
  4. Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме;
  5. Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын «Қазпошта» АҚ сияқты басқа ұйымдарда ашуға болады;
  6. Егер құжаттарды үшінші тұлға берсе, нотариалдық куәландырылған сенімхат.

(Мақалада Baribar.kz деректері қолданылды)