ДЕПУТАТТАРДЫҢ АЙЛЫҒЫ, ЖЕҢІЛДІГІ ЖӘНЕ СЫЙАҚЫСЫ

81

Біреудің қалтасындағы ақшасын санаған, әрине, дұрыс емес, дегенмен егер ол ақша бір жағынан сізге де тиесілі болса, қалайша санамайсыз?!

Халық қалаулыларының еңбекақысының 30-50%-ға өскені халық арасында біраз шу шығарды.

Газет редакциясы әрбір халық қалаулысының айлығының  мемлекеттік қазынаға қаншалықты салмақ салатынын, жалпы біздің заң шығарушы органның айлығының қаншаға бағаланып отырғанын анықтап көрмек болды.  Біз депутаттардың жалпы қаржылық кірісінің, жеңілдіктерінің, сыйақыларының, шетелге іссапарларының  қаншаға бағаланатынын есептеп көрмек болдық.

Материалды техникалық қамтамасыз ету (Парламенттің шаруашылығын қамтамасыз ететін ұйым) орталығына біраз сұрақтарға жауап берулерін өтініп, «Депуттаттарда қандай жеңілдіктер бар? Былтыр Парламентті қамтамасыз етуге қанша қаржы жұмсалды? Ал биылғы жылғы жоспар қандай дейтін сауалдар жолдадық. Сауалдарымызға төмендегідей жауап алдық: «Қазақстан Республикасының «Парламент және оның депутаттарының дәрежесі жайында» Конституциялық заңының 30-бабында көрсетілгендей, оларға қызметтік тұрғын үй беріледіСонымен қатар, пәтердің коммуналдық төлемдерін депуттаттар өздері төлейді. Жұмыс күндері депутаттарға қызметтік автокөлікті қала аумағында айына 75 сағат уақыт қолдануға рұқсат. Қызметтен тыс уақытта, демалыс күндері қызметтік көлікпен келісілген тариф бойынша ақылы түрде қолдануға болады. Парламент асханасынан депутаттар өз қаржыларына тамақтанады. Емдіксауықтыру, курорттысанаторий, медициналық қызметтерге және басқа да қызметтерге Қазақстан Республикасының депутаттарына бюджеттен қаржы қарастырылмаған».

Жауап қысқа әрі түсінікті жазылған. Дегенмен депутаттардың жылдық шығыны жайлы сұрақ жауапсыз қалды. Мүмкін, онсыз да барлығын жүрегіне жақын қабылдайтындарды үркітпеуді ойлаған да шығар.

Нақты жауапты қайдан алсақ болады? Әрине, халық қалаулыларының өздерінен. Тіпті, бұрынғыларынан болса да. Біз оларға өзімізді қызықтыратын сауалдарға жауап алу үшін хабарластық.

ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ шақырылымының депутаты Ерасыл Әбілқасымов қымсынған жоқ. Ол парламентарийлердің тым көбейіп кеткендерін, жартысын қысқартса да артық болмайтынын айтты.

Менің ойымша, олардың (қазіргі депутаттардың, – ред.) еңбекақыларын жоғарылатудың қажеті жоқ. Жартысын мүлде қысқарту керек. Парламентте қызмет атқарғанда біз 67 депутат болатынбыз. Қазір – 109. Оларға кабинет пен көлік жетіспейді. Айлықтары миллионға жуық. Сондықтан бірінші кезекте олардың санын шектеу керек. Бұлбір. Екіншіден, депутаттарға көрсетілетін тегін қызметтерді тоқтату керек. Себебі, олардың көпшілігі бұрынғы жоғары қызмет өкілдері, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлер, оларға қосымша мемлекет тағы төлейді. Парламенттің айлығы мен олардың шығыны халық қалтасына салмақ салады, – деген пікір айтты Ерасыл Әбілқасымов.

Сіз депутат болған кезде халық қалаулыларына қосымша қандай жеңілдіктер қарастырылған еді?

– Біз небәрі 67 депутат болдық. Еңбекақымыз 250-300 мың теңге болатын. Бұл 2007 жыл еді.

– Жеңілдіктер мен артықшылықтар жайында айтсаңыз…

– Басшылықтың өзінің қызметтік жеке көлігі бар. Басқа депутаттар  (қазіргі депутаттарды айтады, – ред.) шақырылатын көлік пайдаланады. Айлықтары жоғары. Тағы бір сәт: оларға Парламентке жақын «Нұрсая-1», «Нұрсая-2» тұрғын үй кешендерінен пәтер беріледі. Шығынын мемлекет көтереді. Онда тұрмысқа қажетті тұрмыстық техникадан бастап барлығы бар. Олар тек қана коммуналдық төлемдерді төлейді. Жыл сайын айлықтарына қосымша 2-3 айлық есебінде қосымша емделуге қаржы алады. Яғни, жылына 12 айлық емес, 15-тен кем емес айлық алады. Шет елге іс-сапарға мемлекет қаржысының есебінен барады. Көбіне себепсіз барады. Басқарушы топ вип-қызметті қолданады. Бизнес класспен ұшады. Медициналық қызмет оларға тегін. Президент істерін басқарушы медициналық орталығы қызмет көрсетеді. Бұған қарамастан кейбір депутаттар мемлекеттен квота алып, шетелде емделеді.

– Сіздің ойыңызша, депутаттар қанша айлық алу керек?

– Бұл сұрақты халықтық ұйымдардың талқысына беру керек. Жатып ішерлерге қанша айлық төлену керек екенін солар шешсін. Бірақ, Конституцияның өзгеруіне байланысты Үкімет Парламенттің алдында есеп беретіндіктен олар өздерінің істерін күрделендіргілері келмейді. Анализді бейтарап ұйым жүргізуі керек. Автокөлікке қанша шығын кетті, бензин, телефон, барлығын есептеп, олардың шығындарын ауыздықтау керек. Менің ойымша, 50 депутат жеткілікті.

Парламент Мәжілісінің ІV шақырылымының депутаты Бақыт Сыздықова егер депутаттарға партия еңбекақы төлейтін болса, депутаттардан айырыламыз деп есептейді.

– Мен бұл дұрыс емес деп есептеймін. Себебі, олар саяси мемлекеттік қызметкерлер. Мәжілісте көбіне бір партиялылық. Бір-біріне бәсекелестік тудыра алатын партиялар жоқ. «Нұр Отан» күшті партия екені белгілі. Ол, әрине, өз өкілдеріне айлық төлей алады. Сонда басқалары қайтпек? Мысалы: коммунистер. Олар өз өкілдеріне айлық төлей алады деп ойлайсыздар ма? Егер қазір мысалға жаңа қоғамдық партия құрылса. Ол айлыққа қаржыны қайдан алмақ? Олар ешқашан ондай қаржы жинай алмайды. Яғни, біз Парламентке басқа саяси күштердің енуіне есікті біржолата жабамыз, – деп пікір білдірді.

Одан әрі Бақыт Сыздықова өзінің барлық депутаттық қаржысын жұмысына жұмсағанын айтып өтті. Парламент бюджеті жұмыс барысын толықтай қамтамасыз етуге жетпейді.

– Мен өзім 2007-2011 жылдар аралығында депутат болдым. Бұл ІV шақырылым болатын. Менің айлығым 300 мыңнан сәл жоғары еді. Оның барлығы менің депутаттық қызметімді атқаруға кететін. Себебі, депутатта штат бойынша бір ғана көмекші бар. Маған бір көмекші аздық етті. Себебі, сайлаушылардан үздіксіз көп хат келетін. Мен тағы бір көмекші алып оған өзім айлық төлеп отырдым. Көлік мәселесіне келсек, бізге айына 60 сағатқа рұқсат берілетін. Яғни, көлікпен күніне 2 сағат уақыт қолдана алатынбыз. Астана қаласының кептелісін есептесек, жұмысқа барып қайтудан аспайтын. Мен өз қалтамнан жүргізуші мен көлік жалдадым.

– Депутаттық жеңілдіктерді пайдаландыңыз ба?

– Әрине, депутаттарда басқа да саяси мемлекеттік қызметкерлер сияқты қолданылатын жеңілдіктері бар. Мысалы, басқа аймақтан келген депутаттарға Парламентке жақын орналасқан  «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен пәтер беріледі. Және Президент істерін басқару медициналық орталығында тегін емделеді. Тек қана депутаттар емес, Үкімет мүшелері, әкімдер, комитет қызметкерлері де сол емханада қаралады. Сонымен қатар, депутаттарға Сарыағаш немесе Оқжетпес емдеу-сауықтыру орталықтарында емделуге  жылына бір рет жолдама беріледі. Мен бұл жолдамалардан  бас тарттым. Себебі, оның бағасының бір бөлігін өзіміз төлеуіміз керек. Ол тегін емес. Олар тек басқа жолдамаларға қарағанда арзанырақ. Депутаттарға көрсетілетін жеңілдіктер ондай көп емес, сеніңіздер!..

– Депутаттар айлықтарының көтерілуі жайлы не айтасыз?

– Дағдарыс кезінде айлықты көтерудің қажеті жоқ еді. Мен бұған қарсымын. Егер бұл біздің шақырылым болса мен көтермеу жайлы мәселе көтеріп, ұсыныс тастар едім. Бірақ, БАҚ өкілдері үнемі депутаттарды айтады. Министрлердің айлығының жоғары екенін неге ешкім ескермейді? Бұл да дұрыс емес. Біздікіндей күшті мемлекетте депутаттың айлығы министрдің айлығынан төмен болуы дұрыс емес. Бұлар теңмағыналы билік өкілдері. Министр атқарушы болса, депутаттар заң шығарушы орган. Вице-министрлер қазір депутаттардан жоғары айлық алады. Бұл тамырымен дұрыс емес. Тағы қараңыздар, министрлердің көлігі «Mercedes» маркалы қымбат көлік болса, депутаттарда ескі «Фольксваген» маркалары. Парламент ғимаратын көрдіңіздер ғой? Менің кабинетім 14 шаршы метр және шағын қабылдау бөлмем болатын. Шетелдік делегациялар, келіп-кетуші адамдар көп еді. Мұндай тар жерде қабылдау қиынға соғатын-ды. Айтпақшы, мен АҚШ Конгресінде болғанда кең офис пен әрбір конгрессменнің 16 кәсіби көмекшісі барына таң қалдым. Әрине, ол жақта заң сапасы да басқа. Бірақ қазіргі қаржылық дағдарыс уақытында айлық көтеретін уақыт емес. Кеше ғана бір әйелмен сөйлестім. Айлығы 52 мың теңге. Сонымен салыстырғанда, депуттатың 700 мың теңге айлығы оған ақылға қонымсыз болып есептеледі. Сондықтан барлық саяси қызмет өкілдерінің айлығын төмендету керек деп есептеймін. Себебі, халықтан алшақтауға болмайды.

Мұндай тақырыпқа әңгімелесуге келісетін депутатты табу қиын. Кірісі жайлы сөйлесуге бірен-сараны ғана келіседі. Олардың ішінде коммунист Айқын Қоңыров келісті. Оның атап айтқаны Парламент қызметтік жұмыстарға бөлінген уақыт оған жеткілікті. Жұмысқа жаяу барып келеді. Бірақ медициналық көмекті пайдаланбайды. Біздің көптеген азаматтарымыз сияқты жеке емханаларға барады.

– Өз дәрігерлерім бар. Ақылы түрде қараламын. Бірге жұмыс істесіп үйренген адамдар бар, соларға сенемін. Оларды ауыстырып қажеті жоқ деп ойлаймын. Шипажайлар жайында ештеңе айта алмаймын. Пайдаланған емеспін. Емхананың жолдамасымен барып емделуге болатын белгілі уақыт бар. Асханада ас мәзірі бойынша тамақтанасыз. Қанша жесең – сонша төлейсің. Бірақ мен ол жерде тамақтанбаймын. Үйім жолдың арғы жағында. Үйге барып тамақтанамын.

– Депутаттардың айлығы жайында не айта аласыз?

– Мен айлықты тек қана депутаттарға емес, барлық мемлекеттік қызметкерлерге жоғарылату керек деп санаймын. Төменгі айлық жемқорлыққа апаратын бірден-бір фактор. Мұны әлемдік тәжірибе көрсетті. Жоғары айлық, мемлекеттік қызметкерлерге деген әлеуметтік жәрдемақы, әскери қызметкерлер, полиция арасында жоғары айлық арқасында жемқорлықты азайтуға болады. Түркия тәжірибесін алсақ: полиция пара алмайды. Олардың барлық жағдайы жасалған. Жүргізушіден пара алып, оның барлығынан айырылудың қажеті қанша оған? Бюджетте жұмыс жасайтындар мен мемлекеттік қызметкерлерге айлық көтеру керек. Мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлерге де. Айлық адамның барлық қажетін өтейтіндей болуы керек. «Тоңазытқыш» деген түсінік бар. Егер адам өзіне қарызданып-қауғаланбай тоңазытқыш сатып ала алатындай жағдайда болса, онда ол әлеуметтік қамтамасыздандырылған. Егер ол оны қарызға немесе несиеге алса, онда ол кедей болып саналады.

Ал қазіргі депутат Нұртай Сабильянов халық қалаулыларының ауыз толтырып айтарлықтай жеңілдіктері жоқтығын тілге тиек етті. Өзі оларды пайдаланбайтынын және айлығының бір бөлігін қайырымдылық іс-шараларына жұмсайтынын айтты.

– Бізде ауыз толтырып айтарлықтай  жеңілдіктер жоқ. Әрбір депутаттың қызмет көлігін пайдалануына шектеу бар. Керек кезінде қызметтік көлікті шақырып, Парламентпен байланысты іс-шараларға бара алады. Тек қызметке байланысты қажеттілікке ала аламыз. Қызметтік пәтерлерге келетін болсақ, кейбір депутаттар шынында да пайдаланады. Бірақ, бұл тегін деген сөз емес. Коммуналдық ақысын, жалға алу ақысын өздері төлейді. Қызметі аяқталғаннан соң бір айдың ішінде пәтерді босатуы тиіс. Жеңілдік жоқ. Көлікке кейде өз қаржымызға бензин құямыз. Шалғай аймақтарға барған кезде көлікті өзім тауып, өзім жанар-жағар майын құйып, кездесуді өзім ұйымдастыруым керек. Бұл шығын қарастырылмаған. Тек облыс орталығына дейінгі шығын қарастырылған.

Парламентте 13 жыл қызмет атқарып жүріп ешқашан шипажайға жолдама алған емеспін. Сонымен қатар, ешқашан қызметтік пәтерде де тұрған емеспін. Өз пәтерімде тұрамын. Төрт мәрте пәтер ұсынылды. Мен бас тарттым. Менің өз пәтерім бар. Қызметтік пәтердің маған қажеті қанша? Астанада үйлері бар әрбір депутат солай ойлайды. Тек қана басқа қаладан келгендер қызметтік пәтерде тұрады.

– Депутаттарда сыйақы бар ма?

– Кейде болады. Бірақ, ұлттық компаниядағыдай 10 айлық көлемінде емес. Тәуелсіздік күнінде бір рет, Наурызда бір рет.

– Бақыт Сыздықова егер айлық өз шақырылымы уақытында көтерілсе, әріптестерін дағдарыс кезінде бас тартуға шақыратынын айтты…

– Білесіз бе, айлықты біз өз-өзімізге көтергеніміз жоқ. Қазіргі заңнамаға сәйкес көтерілді. Бірақ, егер депутат бас тарту керек деп шешсе, ол өзі қызмет атқаратын уақытта ғана бұл жайлы айта алады. Депутаттардың қайырымдылық іспен айналысатынын білетіндер бар ма? Мысалы, біздің арамызда демеушілік көмек, балалар үйіне көмек, жетім балаларға арнап білім беру жинақ орталықтарын ашқандар да бар. Студенттерге оқу ақысын төлеуге көмектесіп, бала асырап алып отырғандары және бар.  Жақында Үржар мен Аягөзде екі үй өртеніп кетті. Мен оларға көмек көрсетумен айналысатын ұйымдарға 500 мың теңгеден қаржы аудардым. Ай сайын студенттердің оқуына 150-200 мың теңге қаржы аударамын. 2011 жылы Парламент тарағанда мен есеп жүргіздім. Мен өзім 50 млн теңгеге демеушілік көмек көрсетіппін. Бізде қазір тек  қана сын айтуды білетін  блогерлер көп. Соңғы кезде сын тек қана депутаттардың жағына айтылады. Депутаттардан басқа бізде әкімдер мен шенеуніктер де бар. Қарапайым халықпен жиі кездесетін кімдер? Депутаттар. Шалғай аудандарда жиі болатын кімдер? Депутаттар. Ауыл, шағын қалалардың шешуін таппай жүрген мәселелері жайында білетін кімдер? Депутаттар, – деп өз ойын айтты Нұртай Салихұлы.

Айнұр ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті