ДЕПУТАТТАР УНИВЕРСИТЕТТЕ БОЛДЫ

24

Елбасының әлеуметтік бес бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында таяуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұстаз-ғалымдарымен кездесіп, Студенттік үйлерде болып, білім алушы жастардың тыныс-тіршілігімен жақын танысып, университет жанындағы Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрамына кіретін инновациялық орталықтар мен зерттеу-зертханаларын аралап, «Н. Назарбаев білім және ғылым орталығының» ашылу салтанатына қатысты.

Университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға байланысты университет бойынша әзірленген жұмыс жоспары аясында атқарылып жатқан нақты іс-шаралар барысы туралы мәлімет берді.
Университетке арнайы келген халық қалаулылары – ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі Гүлнар Иксанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі Зәуреш Аманжолова өздерінің жұмыс сапарларын университет жанындағы студенттер үйін (жатақханаларды) аралаудан бастап, білім алушылар тұратын бөлмелерге бас сұғып, олардың жай-күйімен танысып, ой-пікір бөлісіп, ақыл-кеңестерін берді.
Мәжіліс депутаттарымен қатар университетке арнайы келген қонақтардың ішінде «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбек, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуров және басқа да лауазымды азаматтар болды.
Құрметті қонақтар студенттік үйлердегі жағдаймен танысып шыққаннан кейін, университеттің бас ғимаратындағы Мәжіліс залында арнайы басқосу өтті. Жиынды университет ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, жүргізіп отырды:
«Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Елбасы Үндеуіндегі маңызды бес бастаманы қолдап, онда айтылған өзекті мәселелерді ерекше ықыласпен қабылдады. Елбасы Үндеуінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды 2020 жылға дейін салу жоспарлағаны туралы айтылды. Бұл, әсіресе, 98% ауыл балалары білім алатын біздің университетіміз үшін қуана қабылдайтын жаңа бастама болып тұр. Бүгінгі таңда университетімізде студенттердің 40%-ы ғана жатын орындармен қамтамасыз етілген. Әлі де 2000-нан аса студентіміз жатақханаға мұқтаж. Осыған байланысты университет тарапынан құзыретті орындарға арнайы ұсыныс жасалып, жаңа үлгідегі заманауи жатақхана құрылысының жобасы әзірленді», – деді ректор.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Мемлекет басшысының егемен еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, Елбасы ұсынған әлеуметтік бес бастаманың маңызына тоқталып, студенттермен пікірлесті.
Жиында ҚазҰАУ-дың Стратегиялық даму басқармасының бастығы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Үкілай Керимова, Даму жобаларын басқару басқармасының бастығы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлмира Нұрманбекова сынды ғалымдар мен белсенді студенттер сөз сөйлеп, Елбасының бес бастамасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Карима МЫРЗАБЕК,
ҚазҰАУ тағам өнімдері
технологиясы және қауіпсіздігі
кафедрасының
қауымдастырылған профессоры