СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: «ДИМАШҚА ҚАТЫСТЫ БАРЛЫҚ ДҮНИЕЛЕР ПАТЕНТТЕЛЕДІ»

14

– Светлана Ермекқызы, әңгімемізді әлемдік жұлдыз болудың сәл-ақ алдында тұрған ұлдарыңыздан  бастайықшы. Димаштың бала арманы қандай болып еді?

– Димаш әрқашан әлемге танымал болуды армандайтын. Кішкентай кезінде  берген сұхбаттарын қарасаңыз, ол әлемдік жұлдыз болуды, өз елін, жерін дүние жүзіне танытуды армандайтынын жиі қайталайтын. Ұлым өз арманын мақсатына айналдырып, мақсатына жету жолында аянбай тер төкті. Нәтижесіне бәріміз куәміз. Ол осымен тоқтап қалмауға тиісті. Димаштың алар асулары әлі алда.

– Димаштың бұл танымал-дылығынан кейін өмірлеріңізде  қандай да бір өзгерістер болды ма?

– Лүпілдер (лайк) өте көп (күлді).  Мен әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылардың бірімін. Қазір  Instagram-дағы парақшама күніне мыңдаған адамдар жазылып жатады.  Бір ғана Димаш туралы салынған видеороликті ең аз дегенде 200 000 адам көреді. Оның үстіне тек қана қазақтар емес, түріктер, ағылшындар, кәрістер, тағы да басқа ұлт өкілдері де лүпіл басып, өздерінің ақ тілектерін жазып пікір қалдырып жатады. Ал басқасы бәз баяғы қалпында, кереметтей бір өзгеріс жоқ (күлді).

– Қазір Димаш финалда. Қытайдан келіп жатқан жаңалықтар бар ма?

– Бұл сайыстың шарты бойынша, шыққалы тұрған бағдарлама туралы алдын-ала айтуға тыйым салынған. Бірақ, біз үшін ең бастысы Димаш «I am a Singer» байқауының финалында өнер көрсетеді. Ол Қытайға  жол жүрер алдында ең болмағанда байқаудың ортасына дейін жетуге тырысатынын айтып еді. Аллаға шүкір, финалға өтті ғой. Ал байқау негізінен 14 кезеңнен тұрады. Қазір финалға дайындық үстінде. Ерекше жанрдағы туындыны таңдады, киім үлгісі де бұрынғыдан өзгерек болады. Басқа ұлт өкілімен қосылып дуэтте өнер көрсетеді. Қалғаны құпия болып қалсын.

– Димаштың қайталанбас дауысына өз еліне қарағанда Қытай халқы  дұрыс бағасын беріп жатқан сияқты. Сіздің ойыңызша қалай?

– Мәселе байқаудың форматына байланысты деп ойлаймын. Себебі, қазір барлық байқаулар бір форматта ғой: үш күнге созылады, үш кезеңнен тұрады, үш күнде үш ән орындайды, соңында галаконцерт. Ал  «I am a Singer» жобасының ерекшелігі – бірнеше айға созылады. Осыншама уақыт аралығында қатысушыны әр қырынан тануға болады. Бұл басқа жобалардың дәрежесі төмен деген сөз емес, әрине.  Мысалға «Славянский базар» жобасын алсақ. Онда 40-тан астам мемлекеттердің әншілері өз өнерлерін ортаға салады. Белоруссия президенті Александр Лукашенконың  сөзі бар емес пе: «Славянский базар» құдды бір жазғы олимпиада ойындары секілді» деген. Мен ол кісімен толықтай келісемін. Дегенмен де, «I am a Singer» байқауының форматы, рейтингі жағынан алсақ та қазіргі таңда көш бастап тұрғаны даусыз.

– «Өз Отанында Димаштың қадірін білмейді» деген пікірлерді қазіргі таңда екінің бірі айтатыны рас. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

– Мен бұл пікірлермен мүлдем келіспеймін. Димаш Қазақстанда қатысқан байқаулардан әрқашан жеңіп шығатын. Қырымда, Белоруссияда, Қырғызстанда өз өнерін көрсетіп жүрді. Сонымен қатар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Сіздің сауалыңызға былай жауап беріп көрейінші, қазақстандық байқауларға қатысу үшін өте көп талаптарын орындауға тура келеді. Ең алдымен әнге түсірілген бейнебаян болуы керек, оның теледидар арналарынан біраз уақыттан бері көрсетіліп келе жатуы шарт. Ал оның барлығы қып-қызыл ақша емес пе?

– Есесіне, Димаштың суреті бар тауарлар Қытайда өтімді екен. Болашақта осы тауарларға авторлық құқық алу  жоспарларыңызда бар ма?

– Әрине. Бірақ, дәл қазіргі уақытта ең бастысы – «I am a Singer» жобасының финалы. Кейін Димашқа байланысты барлық дүниелер патенттеледі.

– Димашқа қолдау көрсетіп, жанында болуы үшін әкесі Қанат Айтбаев мемлекеттік қызметінен кеткен екен. Бұл шешім қалай қабылданды?

– Біз үшін ең бастысы – балаларымыздың қызығушылығы. Балалардың болашағы туралы біз оларды өмірге әкелмей жатып алаңдайтынбыз (күлді). Менің жолдасым керемет әнші. Бірақ, қазір Димашқа оның көмегі көбірек керек. Осы уақытқа дейін Димаштың жанында досы әрі PR-директоры Алпамыс Шәрім жүрді. Сонда да команданы әкесімен толықтыру қажет болды. Сонымен біз облыс әкімімен және отбасымызбен ақылдасып, бірауыздан осындай шешім қабылдадық. Қазір Димаш әлемдік сахнада өнер көрсетіп жатқандықтан, оған жақындарының көмегі мен қолдауы ауадай қажет.

– Не себептен Димаш Ақтөбедегі музыка колледжін таңдады?

– Бізде ешқандай таңдау болмады. Бұл музыкалық білім алғысы келетін жандардың алдындағы үлкен бір мәселе ғой. Елімізде музыкалық білім алуға болатын білім ордалары саусақпен санарлық. Сондықтан да, Қазанғап пен Ахмет Жұбановтың туған жерінде дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Ал Димашқа келсек, ол колледжді таңдауымыздың басты себебі – ұстаз Марат Әйтімов еді.

– Түсінікті. Димаштың аспан асты елінде жүргеніне үш айдай болып қалды. Өз елінің асханасын сағынды ма екен?

–     Тамақ, асхана деген не, тәйірі? (күлді). Ол жақтың тамағы таңсық болса да, шыдау керек. Айтпақшы, күні кеше Димаштың жанкүйерлері отандық тәттілерді сыйлап бір қуантыпты.

– Жанкүйерлер демекші, олардан келген сыйлықтарының санына жету мүмкін емес сияқты. Оның бәрін қайда сақтайды, сол қызық?

– Ақтөбеге тек  жанкүйерлері жасаған  фотоальбомдарын ғана алып келді, қалған сыйлықтарды таратып жібереді екен (күлді).

– Тәрбиесіне атасы мен әжесінің қосқан үлестері көл-көсір екенін Димаш ылғи айтып жүреді. Бұл туралы Сіз не дейсіз?

– Димаш – үйдің тұңғышы. Димашты дүниеге алып келгенімде бар болғаны бірінші курс студенті болатынмын. Сонымен Қанаттың ата-анасы Димашты бауырларына басты. Бізге “Оқыңдар, жұмыс істеңдер” деп әрқашан айтып отыратын. Димашты өздері бақты, үйірмелерге өздері алып барып, алып келетін. Негізі ата мен әженің тәрбиесінде өскен бала жаман болмайды. Мен де атам мен әжемнің бауырында өскен болатынмын. Олардың айтқан ертегілері мен ақылдары әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр. Қазіргі жас келіндерге де “Балаларды ата мен әже тәрбиесінен құр қалдырмаңдар” деп айтқым келеді.

– Димаштың басқа тағы қандай қызығушылықтары бар?

– Димашты бес жасынан музыка мектебіне бердік. Сонымен қатар, жүзу және таэквондоны қатар алып жүрді. Әнге деген икемін байқап, тек ән салуға бейімдеуге шешім қабылдадық. Біраз жылдар бойы спортпен айналысты. Осының арқасында бойы 191 сантиметрге жетті.

– Басқа балаларыңыз немен айналысады?

– Димаштан кейінгі қызым – Раушан. Назарбаев интеллектуалды мектебінде білім алып жатыр. Қызым: «Мен сахна үшін жаралған адам емеспін», – деп айтып отырады. Ал үшіншісі Әбілмансұр қазіргі таңда Қазанғап атындағы музыка мектебінің білім алушысы. Әбілмансұр домбырада жақсы ойнайды.  Раушан мен Әбілмансұрдың да қызығушылықтарын анықтау үшін бірнеше үйірмелерге алып барып көрдік. Тағы да қайталаймын – балалардың қызығушылығы біз үшін ең басты мәселе.

– Болашақ келініңізге қояр талаптарыңызды білуге бола ма?

– Менің бұл сұхбатымды мыңдаған адамдардың назарына ұсынатындарыңызды ескере отырып, артық сөйлеп қойғым келмейді. Бірақ, келінім қазақ болуы керек. Дегенмен де, баламыздың таңдауына құрметпен қараймыз. Ең бастысы – балалардың бақыты.

– Елестетіңізші, болашақта Қазақстанда дарынды тұлғаны тәрбиелеу тақырыбында кітап жазсаңыз, неден бастар едіңіз?

– Бұл секілді жауапты іске кірісу үшін, ең алдымен ойыңды бір жүйеге келтіріп алу қажет қой. Ал егер болашақта мүмкіндік болып жатса, неге жазбасқа? Қазіргі таңда бос уақытымыз жоқ деп айтсам болады. Тіпті кейде сұхбатты машинада, кабинетте, таксиде беруге тура келеді. Баланы дұрыс тәрбиелеу деген тақырыпқа келсек, ең бірінші баланың бос уақыты болмауын ата-ана жіті қадағалауы қажет. Бір ғана емес, бірнеше үйірмені қатар алып жүрсе тіпті жақсы. Ең бастысы ата-ана мен бала ашық сырласа алса, бұл керемет!

– Ашық сұхбатыңызға рахмет! Ертеңгі финалда Димаштың бағы жансын!

– Айтқаныңыз келсін! Нәтиже қандай болса да, ұлымыз қазақты жерге қаратпауға барын салды. Тілеулес халыққа алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті