ДИМЕКЕҢНІҢ ДАНЫШПАНДЫҚ ӘЛЕМІ

12

Адамзат тарихында «данышпан» деген ұғым ертеден келе жатыр. Құранда айтылатын Сүлеймен, Нұқ, Мұса және Лұқпан хакім, тарихта аттары жазылған Аристотель, әл-Фараби, Конфуций, тағы да басқа толып жатқан даңқты адамдардың бәрі данышпан атанғандар. Ғылым данышпандық қасиетті былай түсіндіреді: «Данышпандық – бұл бүкіл адамзаттың игілігі үшін өлшеусіз еңбек етіп, ұлы мәселелерді парасаттылықпен шеше алатын адамға тән психологиялық қасиет».
Қазақ еліндегі ұлы философ әл-Фараби мен хакім Абай қазір әлемге белгілі данышпандардың санатындағы ұлы адамдар екенін әлдеқашан санаға сіңірген.
Қазір бұлардың қатарына кемеңгер мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, академик, еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз, ақыл-ойдың алыбы, адалдығы аңызға айналған Дінмұхамед Қонаев қосылып отыр. Өйткені, ол кісінің ақыл-ойы мен еңбегі жоғарыда айтылған данышпандық қағидаға сай келеді. Сондықтан әңгіме Димекеңнің данышпандығы жайында.

Кеніштің келешегін болжауы

1935 жылы болашақ Тау-кен инженері студент Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қоңырат кенішіне өндірістік практикаға келіп, бес-алты ай «практикант десятник» болып тәжірибеден өтеді. Теориялық білімін өндірісте көрсетіп, жарты жылдай тәлім алады әрі жұмыс істейді. Болашақ диплом жұмысына «Жылына 90 мың тонна қара мыс өндіру үшін Қоңырат карьерінің қуатын айқындау» деген тақырыпты алады. Туғаннан зерек Димаш дипломды үздік қорғайды. Оның осы жобасы бойынша кешенді істер мен жүзеге асатын жұмыстардың жоспары жасалады. Өндіріске енгізілген болжам-жоба көп өтпей нәтижесін береді. Мөлшерленген 90 мың тонна қара мыс уақытында өндіріледі. Ақыл-оймен еңбек ізденісі арқылы алысты болжай алатын болашақ инженердің көрегендігі алғаш осылай кен орны кеніште әріптестерін қайран қалдырды. Мәскеу түсті металдар мен алтын институтын Қызыл дипломмен (1936 ж.) бітірген жас тау-кен инженерінің қабілеті мен пайым біліктілігі және парасаттылығы оның түбінде алысқа баратынын айғақтаған еді.
Орталық Қазақстандағы Қоңырат кенішінің келешегін студент-практикант кезінде-ақ дәл болжаған Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ерекше қасиет күні бүгінге дейін тәнті етіп, таңдандырады. Яғни, көрегендік Димекеңе діндар дана, әулие-кемеңгер, кемел рухты ата-бабаларынан дарыған.
Димекең бойында көрегендік пен алған бетінен қайтпайтын қайсарлық қашанда қатар көрінеді. Ол кезде Кеңестер Одағында теңдесі жоқ Қоңырат кеншінің жұмысына қатысты Кремльде Сталиннің серіктестері Г.Маленков пен Н.Булганиннің қабылдауында болып, кеніш келешегі жөнінде өзінің ұсынысы мен талабын батыл айтуы және оны жүзеге асырудың жоспар-жобасын дәлелдеуі шынында ғажап. Дәлелдеуді талап етпейтін мамандығы инженер Қонаевтың көрегендігі қашанда көз алдымызда тұрады. Міне, сондықтан жасы әлі отызға толмаған өте талантты, ерен қабілетті инженер КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасы М.Калинин ақсақалдың қолынан айырықша марапат медалін алады.
Кремльде сұңғақ бойлы, иманжүзді, жүзінен нұр төгілген қазақ жігітінің өз еліндегі кеніштердің болашағын болжап сөз сөйлеуі оның бойындағы даналарға тән көрегендік пен кемеңгерліктің түбінде бір жарқырап көрінетінін дәлелдегендей еді.
Дүние құбылысына байланысты Димекең ашылмай жатқан құпияның ашылатыны, шешілмейтін жұмбақтың шешілетіні жөнінде ой толғайды.

Жанталас еңбек немесе соғыстың болуын сезуі

Қоңыратта қабілеті мен кен істеріне қатысты жоспары жүзеге асып, көрегендігі астана Алматыға жеткен дарабоз, дарынды инженер Дінмұхамедті Орталық Комитет Алтайдағы Ридер кенішіне қызметке ауыстырды. Талант танитын, кісі бойындағы ерекше қасиетті аңғаратын Партияның сол кездегі жетекшілері және тау-кен істерінің білгірлері Димаштың онда баруын жөн деп табады. Мұнда ол қызметі жоғарылап директор болып келеді. Орда бұзар отыз жасында зор кеніштің бастығы ерен ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізеді. Оның керемет инженерлік болжамдары мен нұсқаулары жүйелі іске аса бастады. Тұралап, жұмысы тоқ тауға айналған кенішке жан бітіріп, орындалмайтын жоспар орындалды. Басшылық қызмет пен инженерлік ізденісті қатар алып жүру оңай емес еді. Алла-Тағала аямай ақыл-ой мен ерен қайрат және мол сабыр-парасат берген Димаш сойқан қопарылыстар жасалып, соғыстағыдай жойқын жарылыстар болатын кеніш-шахтада күндемей, түндемей жұмыс істеуге мәжбүр болды. Өйткені, Батыста соғыс басталған болатын. Кеңсе Үкіметі қауіпті сезіп, Қорғаныс үшін қорғасын мен темір өндірілетін кеніштердің жұмысына ерекше көңіл бөліп, мұны қатаң қадағалап отырды. Сондықтан бар тіршілік әскери жағдайға көшкен. Инженер Қонаев соғыстың болатынын алдын ала білді. Өйткені, естелігінде «соғыс болмай қалмайтынына күмән жоқ еді» деп жазады. Сол үшін әскери қару-жарақ жасауға қажетті өнім өндіретін кеніште орасан жұмыс жүрді. Жоспар екі-үш есе еселеніп жасалды. Нәтижесінде көзделген меже, ауқымды жоспар артығымен орындалды. Қонаевтың таңғажайып инженерлік шешімдері мен болжамдары жүзеге асты. Риддер кенішіндегі иеженерлік ақыл-ой жұмысына қатысты ойын Димекең естелігінде былай тұжырымдайды: «Мен ешбір кітаптан, ешбір диссертациядан кездестірмейтін ондаған, тіпті жүздеген инженерлік шешімдер туралы ұзақ әңгімелер едім».
Тау-кен істеріне байланысты орасан ғылыми-зерттеулердің авторы Димекеңнің бұл саладағы еңбегі өз алдына бөлек әңгіме.
Риддердегі кеніш директорын онда барып көреген басшылар Н.Скворцов пен Ж.Шаяхметов оны Алматыға шақырып, одан соң Мәскеуге бекітуге жіберіп, соңында Қазақстан Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады. «Менің Риддерде кеніште істегенім жөн ғой» деп басында келіспейді. Бірінші хатшы Н.Скворцев «Сізге қатысты мәселе әлдеқашан шешілген» деп айтқанынан қайтпайды.
Соғыс кезінде Димекеңнің Ауыр өнеркәсіп саласын басқарып, қару-жарақ жасайтын заводтар үшін кен шикізаттарын өндіруге байланысты ұлы ұйымдастырушылық еңбегі осылай жалғасты. Қазақстандағы ауыр өнеркәсіп орындары тоқтаусыз жұмыс істеді. Көлік қатынасында кідіріс болған жоқ.
Соғыстың болатынын білген Димекең тылда – қару-жараққа қажетті темір мен қорғасын өндіретін кеніштердің жұмысын ширатып, өзі тікелей басқарып, «Майдан үшін» маңдай терін төгіп, ақыл-ойын сарп етіп, кейде күн мен түнді ажырата алмайтындай жағдайда жүрді.
Майдандағы «Т-34» танкісінің сауыты Ақшатау мен Балқашта байытылған вольфром мен молибденнен жасалғаны белгілі. Соғыс кезінде өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Димекең еңбек еткен Қоңырат кенішінде өндірілгені қазір айтса ертегі сияқты елестейді.
Нағашылары болып келетін сәуегей Бөйіт сопы екеуі кейде кеңесетін. Құлшылық кезінде соғыстың жеңіспен аяқталатынына анық көзі жететін.

Қытай ғалымдарын таңдандыруы немесе осы елдің болашағы жөнінде пайымдау

Тікелей кен өндірісінде жүріп, нақты ғылыммен шұғылданып, қопарылыстар арқылы кен өндіру жөніндегі жаңалық ашқан Димекең 1952 жылы Қазақ ғылым академиясының президенті болып сайланды. Қазақстанға белгілі біраз кен орындары осы академиктің барлап, болжауымен табылып, таңбаланғанын көп біле бермейміз.
Геология саласындағы білгір ғалым әрі білікті ұйымдастырушы академик 1954 жылы Қытай Халық Республикасына ғылымдағы жетістіктер жөнінде байланыс жасауға қатысты барып қайтты. Делегация құрамында Н.Хрущев, тағы да басқа белгілі мемлекет қайраткерлері мен атақты ғалым, жазушылар бар еді.
Академик Қонаев геология ғылымы бойынша Қытай Ғылым академиясында, Тау-кен істері ғылыми-зерттеу институтында және көптеген білім ордаларында баяндама жасайды. Димекең баяндамалары миллиондаған таралыммен шығатын Қытай басылымдарында жарияланып, ел ғалымдарын таң қалдырады. Өйткені, Қытай жер асты байлықтарын әлі игере алмай жатқан болатын. Кеңестер Одағында оның ішінде Қазақстандағы геология ғылымы мен Тау-кен істерінің жұмысы Қытай үшін үйренетін және үлгі алатын іс еді. Қазба байлықтарды иегрудің заманауи жолы мен тәжірибесін түсіндірген академикті Қытай зиялылары хан көтеріп, құрметтейді. Димекең Қытайда бір айға жуық болады. Қытайдың атақты өлкелері мен қала- кенттерін толық аралайды. Бәрін көзбен көріп, көңілге түйеді. Бес мың жылдық тарихы бар Қытайдың өткеніне, социалистік өркендеуі мен дамуына шолу жасай келіп, әлемде теңдесі жоқ еңбекқор халық, жаңа заман орнатқан ел түбінде дамудың шырқау биігіне көтерілетіні жөнінде болжам айтады. Шынында Димекең Қытайдың болашағын болжап кеткен екен. Қытайдың болашағы жөнінде сәуегейлікті бұдан 150 жыл бұрын Шоқан да жобалап айтқан. Ал, Димекең дәлелдеп шын көз жеткізеді.
Адамзат тарихында компасты, қағаз бен оқ-дәріні ойлап тапқан Қытай қазір алпауыт ел АҚШ-тың өзімен тайталасып отыр. Экономикасы бұрын-соңды болмаған биікке көтерілді.
Димекең Қытайдың кие санайтын қасиетті орындарының көбінде болып, халық рухына байланысты ой түйеді. Ұлт үшін Пайғамбар саналатын философ Конфуцийдің туған жерін көріп, мұражайын тамашалайды, Қытай қорғанына келіп, оның тарихымен танысады.
Пайғамбар хадистерінде айтылғандай ғылым мен білім ежелден дамыған осы ел жөніндегі «Халықтық Қытайдағы 30 күн» атты құнды еңбегін жазып (1955 ж.), оны кітап етіп шығарады. Оқыған адам Қытай жөнінде академиктің қалай данышпандық ой толғағанына көзі жетеді.

Тұлғаны «тай күнінен» таниды

1959 жылы әлемді шулатқан Теміртау көтерілісі Қазақстан тарихындағы төтенше оқиға еді. Дүрбелеңді тоқтату үшін Мәскеуден Л.Брежнев, Алматыдан А.Қонаев келді. Л.Брежнев жұмысшылардың жұмыс орнын, жатақханасын және асханасын тексеріп, кемшілікті көрген соң олармен іш тарта сөйлеседі. Ал, Димекең қаланы үш күн жаяу аралап, оқиғанның не себепті ушыққанын біледі.
Қаланы аралап жүріп, бір тұста бір шоғыр болып тұрған қазақ жігіттеріне көзі түседі. Оларға алдымен өзі сәлем беріп, амандасады, жөн сұрасып біліседі. Содан соң:
– Жігіттер, – дейді Димекең: – Сендер үшін Алматыдағы Үкімет үйінің есігі әрқашан ашық. Келсеңдер кез келген уақытта қабылдап, көтерген мәселелеріңді шешуге әзірміз, – деп жастарға уәде береді.
Олардың арасында Аягөзден комсомолдық жолдамамен келген Зиядин атты жігіт бар еді. Арада біраз уақыт өткенде Димекеңнің уәде сөзін тыңдаған Зиядин Алматыға келіп, Қонаевтың қабылдауына жазылады. «Теміртаудан бір жас жігіт келіп тұр» дейді көмекшісі. Жастарға берген уәдесі есіне түскен Димекең оның кіруіне рұқсат етеді. Амандық-саулықтан кейін:
– Ал, інім келген шаруаңды айта бер, – дейді.
– Шаруа сол, аға, біздің комсомол комитетінде жаңалық болды. Украинада оқып келген, өте өжет, жұмыста алғыр, қоғамдық жұмыста белсенді Нұрсұлтан Назарбаевты Комсомол комитеінің жаңа хатшысы етіп сайладық. Үлкен жаңалық осы, аға, – дегенде Димекең қатты риза болып, бұған қуанады.
– Қазақ жігіттерінің қашанда алда жүргені жақсы ғой, айналайын. Біз өздерің сияқты жастарға сенім артып көмектесеміз, егер өсіп жатса қуанамыз. Қолдан келгенше қолдау біздің парызымыз. Сайлаған жаңа хатшыларын құтты болсын, інім, – деп сөзінің соңында:
– Түбінде біздің орнымызды басатын сендер сияқты жастар, жаңа өзің аты-жөнін айтқан Нұрсұлтан сияқты алғырлар ғой, –деп жігітпен біраз әңгімелесіп, соңында бұйымтайын сұрап, шығарып салады.
Димекеңнің Нұрсұлтанды жас кезінде көрмесе де сыртынан танып, досы арқылы біліп, оған тілектес болғаны осы бір кездейсоқ оқиғадан анық көрініп тұр. Алғаш атын естігенде «Түбінде біздің орнымызды басатын Нұрсұлтан сияқты алғырлар ғой» деген сөзді оның аузына Алла-Тағала салып отыр. Кейін Нұрекең «комсомол лидері» атанып, аты Одаққа белгілі бола бастағанда оның қабілет-қарымын сыртынан әдбен біліп жүреді.
Комсомол съезінде сөйлегенін көріп, сөзін тыңдады. Шетелде дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысқаны, Қытай комсомолынан хат алғаны, тағы да басқа Нұрекеңнің жас кезіндегі «лидерлік қасиеті» «Лениншіл жас» газеті арқылы Бірінші басшыға белгілі еді.
Кезінде Теміртау оқиғасына байланысты Димекең де «таяқ жеген». Сондықтан, бұл қаладағы барлық жағдай оның назарында тұратын. Онда атағы дүркіреп тұрған жас металлургтің еңбек пен қоғамдық жұмыстағы ерен ісі «ұзын құлақ» арқылы оған жетіп жатты. Димекеңмен етене араласқан, жиі қабылдауында болатын қаламгер Балғабек Қыдырбекұлы Теміртаудағы өжет, алғыр жігіт, көркем, келісті бозбала жөнінде анда-санда тұспалдап айтып, сыртынан «Біріншіге» ишараттаған кездері болған. Өйткені, Бәкеңнің Нұрекеңмен туыстық жақындығы бар болатын.
Нұрекеңнің комсомол жетекші кезінде жұлдызының жанып, Одаққа танылуына септігі тиген Орталық Комсомол комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібектің де ықпалы болды. Бұл қоғам қайраткері де Қонаевтың тәлімін алғандардың санатына жатады.
Қазір Алматыдағы Димекең мұражайына бұрынғы партия қайраткерлері мен ардагерлері жиі келіп, сол кездің саясатына байланысты әңгіме қозғайды. Ардагерлердің арасындағы жасы үлкендері жас қыран Нұрсұлтанды Димекеңнің қалай баулып, мансабын өсіргені жөнінде әңгімелейді. «Қарағандыдағы хатшы Қазақстанның тізгінін ұстайды» деп Димекең бірде тұспалдап айтса керек. Сондай-ақ «Нұрсұлтанның Алатауы бар, Арқадан түбінде Алатау жаққа самғайды» деп кемеңгер ағынан жарылса керек. Осы сияқты әңгімелерді ардагерлер кейде асыра айтады. Айналып келгенде, ақкөңіл ардагердер әңгімелерінің түйіні мынаған саяды. Димекең Тұлпар-тұлғаны «тай күнінен таныған» данышпан, ол әулие-сәуегей.
Ұстазы Димекең туралы соңғы бір еске алу лебізінде Нұрекең өзі былай дейді: «Әрине, мұндай жоғары лауазымды қызметке жастай көтерілуімде Республика басшысы Д.Қонаевтың маған деген ықыласты қабағының да әсері бар деп ойлаймын», – деп ардагерлер асыра айтатын «лепес-деректі» жоққа шығармайды.
2013 жылы ақпан айында «Егемен Қазақстанға» шыққан сұхбатының бір тұсында Елбасы Димекеңе қатысты тілші сұрағына орнықты жауап береді. Нұрекеңнің өзін демеген адамға деген құрметі өз алдына. «Қонаев тақырыбы күрделі» деп тұспалдайды. Иә, ұлы адамдардың өмір жолы, тағдыры қашанда ауыр, күрделі болғаны дәлелдеуді қажет етпесе керек. Кезіңде Димекең де «қыл үстінде» жүрді. Өмірінің соңында ауыр жағдайды бастан кешірді.
Әңгімеміз о бастан Димекеңнің көрегендігі туралы болғандықтан Тұңғыш Елбасы жөніндегі: «Қазақстанның Президенті міндетінде ол қиындықтарды жеңді және ауыр дағдарыстан тезірек шығудың жолын табады деп сенемін» деген данышпандық сөзі қазақты емес адамзатты қайран қалдырады. Бұл шындығында айтуға тіл жетпейтін Пайғамбарлық мұғжиза-көрегендік қой. 1992 жылы шыққан «Өтті дәурен осылай» атты кітабындағы осы жолдарды оқыған адам Димекеңнің рухына еріксіз бас иеді.

Болашақта болатынды болжауы

Ақылы алысқа самғайтын Димекеңнің жетпісінші жылдардың ортасында Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етуді ойлаған кемеңгерлігін көбіміз білмейміз. Бұл ол кезде үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін саясаттағы санаулы адам ғана білетін құпия еді. Мемлекеттік мәні бар бұл мәселенің күн тәртібіндегі мақсатын Политбюро мүшелері ғана білетін. Кремльде бір Политбюро мәжілісінде Одақтас Республикаларды БҰҰ-ға мүше ету жөнінде «жабық есік» жағдайында тосын әңгіме болып қалады. СОКП көсемдері Ұлт республикаларын БҰҰ-ға мүше етсек, біз көп дауыс аламыз және айбынымыз бұрынғыдан да асып, империализмді жеңеміз деп ойлайды. Көп өтпей құпия әңгімені естіген АҚШ бұған қарсы шығады. «Тәуелсіздігі жоқ қуыршақ республикаларды мүше етуге болмайды» деп мәлімдейді.
Димекеңнің ұлт болашағы үшін қам жегені сол – түбі дербестікке әкелетін мәселе әңгіме болғанда Қазақстанды БҰҰ-ға қалай мүше етудің амалы мен жолын ойлап, ниет қылуында. Ол үшін Қазақстанның жер көлемін алға тартып, «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазақ жерінде екенін дәріптеп және досы Брежневке арқа сүйеп, алға қойған мақсатын жүзеге асыру еді. Өкініштісі, басында әңгіме болып, Политбюро мәжілісінде қаралған мәселені кейін «орыстық шовинизм» басып тастайды.
Димекеңнің адамзатқа ортақ кемеңгер екенін сол дәуірдегі ұлы мемлекеттердің басшыларымен кездесулерінен көреміз. АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауэрмен, Франция басшысы Жорж Помпидумен, Египет президенті Гамаль Насермен, аты әлемге әйгілі Куба Коммунистік Партиясының көсемі Фидель Кастромен және Қытай, Жапония сияқты Шығыс елдерінің үкімет басшыларымен терезесі тең сөйлесіп, кеңес мемлекеті атынан халықаралық мәселелерге байланысты келісімдерге қол қойғаны – әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға екенін дәлелдейді.
Осы жерде Кеңес Үкіметі саясатындағы бір құпия, бұрын айтылмаған шындықты еске алайық. Корей Халық Демократиялық Республикасының президенті Ким Ир Сен Л.Брежневті менсінбеген. Л.Брежневтің жұмсауымен Одақтас республикалардың бір басшысы Корея көсеміне Орден тапсыру үшін келеді. Қызық болғанда көсем оны қабылдамай қайтарып жібереді. Леонид Ильич әрі ойланып, бері ойланып, Димекеңнің баруын өтінеді. Кореяға келген Димекеңді көсем үш күн уәзірлері мен ғалымдары арқылы сыртынан зерттеп, біліп, шын мәнінде ақыл-парасаты мол басшы екеніне көзі жеткен соң қабылдауға мәжбүр болады. Танысып, жөн сұрасқанда екеуі түйдей құрдас болып шығады. Ким Ир Сен тегін адам емес. Қонаевтың қолынан Орден алған ол шын кемеңгер басшымен кездескеніне қуанады.

Тобықтай түйін: Әлемдегі әр елдегі қоғам қайраткерлері мен мемлекет басшылары жөнінде көп оқыдым. Өмірбаяндарын зерттедім. Олардың ішінде адалдығы мен мейірімділігі және парасаттылығы жағынан Димекеңе тең келетіні жоқ. Өйткені, ол кісіге Ислам дінінде айтылатын «мұғжиза қасиет» дарыған. Өмірден өтерін оншақты күн бұрын ай-күніне дейін айтып кетуі осыны дәлелдейді. Сондай-ақ бір ұл балаға зар болып жүрген азаматтың Димекеңнен бата алғанда «Үйдегі келін енді үш қыздан кейін ұл туды, жетінші бала өмірге ұл болып келеді» деп дәл болжап айтқанына біреу сенер, біреу сенбес. Дүниеге келетінін Димекең болжаған бала қазір мектепте оқиды. Бәрінен бұрын Қазақстанның болашағын Құдайдай болжаған оның әулие-сәуегейлік қасиетіне теңеу жоқ. 1992 жылы белгілі қаламгерге берген сұхбатында сол кездегі ауыр жағдай туралы айта кетіп, «Қазақстанда, мәселен егеменді Республикалардың ішінен бірінші болып тұйықтан шығуға мүмкіндігі мол» деп, мұны өзінің пайымдары мен түйсік дәлелдері арқылы анық әрі батыл айтады. Қазақстанның жиырма алты жылдың ішінде қалай дамығаны қазір әлемге аян. Ол алып даланың төсіндегі өмір тіршілікті ғана емес көзге көрінбейтін тылсым дүние мен «рух сәулесін» де көретін. Бір сөзбен айтқанда, оған ұлы қасиет пен жоғарыда айтқандай мұғжиза дарыған, данышпандық пен кемеңгерлік ерте қалыптасқан бір таңғажайып адам.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы