ДОМБЫРАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙТЫН МОЗЕС ЗИБО ӨНЕРДЕ ШЕКАРАНЫҢ БОЛМАЙТЫНЫН ТАҒЫ БІР ДӘЛЕЛДЕДІ

165

Өнерде шекараның болмайтыны рас. Бір ғана мысал: өткен ғасырда жез таңдай әнші Әміре Қашаубаев «Балқадишамен» Париж төрінде тебіренте ән салып, тыңдаушы ықыласына бөленді. Яғни, қай елдің әні болса да, қай тілде шырқалса да, орындаушы оны бойына сіңіре білсе, онда сол ән тыңдаушының жүректеріне жететіні сөзсіз. Өйткені, бұл жерде тілді түсіну маңызды болмай қалады.

Жалпы, өзіміз қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілін көрсек, құрақ ұша қолпаштаймыз. Дұрыс та шығар, кейде өзіміз білмейтін ана тілімізді өзгелер үйреніп, үлгі болып жүрсе оның еш әбестігі болмаса керек. Ал егер қазақша ән салса, тіпті керемет! Бұл соңғы уақытта қазақстандық шоу-бизнесте белең алған соны үрдіс (тренд). Мәселен, конголықтар мен нигериялықтардан құралған «Килиманджаро» тобы, Ұлыбританиядан келген итальян әншісі Сон Паскаль,  2001 жылдан бері Қазақстанда өнер көрсетіп жүрген малайзиялық Лилиан, 15 жыл бұрын Алматыға қоныс аударған нигериялық әнші Рич Ди сынды өнерпаздар қазір қазақ көрерменіне етене таныс болып қалды. Түрлі бағдарламада ән айтып, экраннан жиі көріне бастады. Бұлардың қатарына өткен жылы нигериялық музыкант Мозес Зибо қосылды.

«Қазақстан – өте әдемі ел. Мұндағы адамдар да, қалалар да тамаша. Маған қазақтың мәдениеті мен тілі ұнайды», – деп ағынан жарылған Мозес Қазақстанға әлеуметтік желідегі достарының бірінің шақыруымен келгенін айтты. Бұған дейін ол Нигерияда сурет салумен айналысқан.

«Мен Интернеттің көмегімен қазақ халқының салт-дәстүрлерін білдім. Домбыра мені өзіне баурап алды. Ерекше аспап екенін көріп, мен оны меңгеруді ұйғардым. Домбыра гитараға ұқсас, бірақ екі ішегі ғана бар. Домбырашылардың аспапта өте жылдам ойнайтынын видеодан көрдім, сол кезде дыбыс жақсы шығады екен», – дейді музыкант.

Мозес домбыраны 2014 жылы сәуірден шілдеге дейінгі үш ай ішінде үйренген. Продюсерінің көмегімен бейнебаян түсіріп, оны Интернетте жариялаған.

«Мен Еңсеповтің «Балалық шақ» композициясын, Құрманғазының «Адай» күйін орындай аламын. «Адайды» бір айдан астам уақытта меңгердім. Бір ай бойы «Атамекен» әнін де үйрендім. Адамдар қара нәсілді, афроамерикалық жігіт домбыраны, екі ішекті аспапты ә дегеннен үйреніп кетті деп таңғалып жатады. Мәселе аспапта емес, музыкаға деген сүйіспеншілікте. Егер сүйіспеншілік болса, онда сіз аспапты тез меңгересіз», – дейді музыкант.

Нигериялық азамат Қазақстанда өзінің шығармашылығын дамытуды көздейді. Ол қазақ тілін үйреніп, музыкадан білім алып жүр. «Келешекте домбыраны өзіммен бірге шетелге алып шығамын. Мен өзге халықтарға домбыраның бар кереметін көрсетемін», – деген музыкант Алматыда әйелімен және баласымен тұрып жатыр. Жары – қырғыз ұлтының өкілі.

Осылайша Мозес Зибоның қазаққа деген махаббаты домбыра арқылы келген. Қазақтың әні мен күйіне деген құштарлық оны көптеген қазақ достарымен табыстырды.

Әлбетте, қазақша ән мен күй шығару, оны жетесіне жеткізіп орындау үшін қазақтың жан дүниесін, болмысын, тарихын терең білу қажет, мүмкін, қазақ боп туу керек та шығар. Қалай болғанда да, өзге ұлттардың қазақша үйреніп, тіпті қазақша ән шырқап, қазақтың ұлттық аспабын меңгеріп жатқандарына іш жылиды. Ал, Мозес Зибоның бүгінгі жетістікке қазақтың шанағынан сыр мен мұң төгілген қасиетті қара домбырасының арқасында жеткенін ешқашан ұмытпаса екен деп тілейміз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті