ДІНИ ТҰЖЫРЫМДАМА ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМНЫҢ КЕПІЛІ

9

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру әртүрлі конфессия мен этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

(Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасынан)

Бүгінде Қазақстанда 18 конфессия мен 3658 діни бірлестік тіркелсе, ел аумағында 2500-ден астам мешіт, 294 православ және 109 католик шіркеулері, 495 протестант, 2 будда ғибадатханасы, 7 иудей синагогасы мен Кришна және бахаи қауымдастықтарының 7 құлшылық үйлері жұмыс істейді. Осындай діни алуандылық дін саласындағы негізгі үдерістер мен үрдістерді елеп-екшейтін мемлекеттік саясатты жаңадан ой елегінен өткізуді талап етеді. Сондықтан былтыр ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті дінтанушылар мен сала мамандарынан дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты дұрыс және ұтымды қалыптастыруды мақсат еткен бұл тұжырымдаманың маңызы жайында сұрап білген еді.

 

Мұқан Исахан, теолог-ғалым, дінтанушы:

«ШЕТЕЛДЕ ДІНИ БІЛІМ АЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР ЕНДІ ҚМДБ  БЕЛГІЛЕГЕН ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ҒАНА БІЛІМ АЛАДЫ»

Қазіргі таңда дiн саласында тиiмдi мемлекеттiк саясатты қалыптастыру өте маңызды болғандықтан, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет былтыр Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Кейін ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданып, ҚР Президентінің Жарлығы шықты.

Тұжырымдамада қамтылған дін саласындағы ауқымды ойлар жүзеге асса, қоғамда тұрақтылық орнап, рухани жаңғыру үрдісі жеделдейтіні мәлім.

Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамаcы – Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауымен үндескен маңызды құжат.

Тұжырымдама ішкі және сыртқы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталып, экстремистік сипаттағы діни ағымдардың бүлікшіл әрекеттеріне тосқауыл қоюды мақсат етеді. Өйткені, діни алауыздық – мемлекеттің зайырлы қағидаттарын мансұқтап, дәстүрлі құндылықтарға қауіп төндіреді.

Қоғам әлемдік жаһанданудың сын-тегеуріндеріне жауап бере алатын әлеуметтік даму мен рухани жаңғыруға мұқтаж.

Тұжырымдамада мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас, мемлекеттің зайырлылығы жөнінде туындап жатқан толассыз мәселелер, қоғамда діни қағидаттарды, құлшылықты зайырлы мемлекет төңірегіндегі мекемелерде орындау немесе орындамау, сыртқы келбетке байланысты талаптар, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары сияқты өзекті мәселелер қарастырылған.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынған тұжырымдамада қамтылған негізгі мәселелер:

  1. Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтып, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету;
  2. Дін саласын бақылау жөніндегі Заңнаманы жетілдіру;
  3. Ел азаматтарының діни көзқарастарының заңмен қорғалуын қамтамасыз ету;
  4. Діни деструктивті ағымдардың ұлттық қауіпсіздікті, зайырлы мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзуына жол бермеу;
  5. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырып, этносаралық және конфессияаралық бірлікті одан әрі нығайту.

Тұжырымдамада қоғамда дәстүрлі рухани құндылықтарға, эволюциялық дамуға, зайырлы мемлекет  қағидаларына  негізделген  ұлттық  бірегейлікті нығайтуды көздеп, діни экстремизмге қарсы қоғамның иммунитетін қалыптастыратын нақты шаралар ұсынылған.

Өз бетімен діни білім алуға аттанып, ол жақта экстремистер мен радикалдардың арбауына түсіп, террористік ұйымдардың қатарын толтырып жүрген жастарымыздың бар екенін жасыруға болмайды. Білім алу тәртібін реттеу, жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартуға жол бермеу, діни әдебиеттерді тарату тәртібін жетілдіру және т.б. мәселелерімен бетпе-бет келген ата-аналар арнайы хат жазып, осы мәселені заңмен реттеуді ұсынуда.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҚР  Білім және ғылым  министрлігімен бірлесіп,  діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін жасақтады. Яғни, шетелдерде  діни  білім алғысы келетін азаматтар ҚМДБ белгілеген оқу орындарында ғана білім ала алады.

Тұжырымдама жаңа геосаяси, ішкі және сыртқы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар ресми түрде тіркелген діни бірлестіктер мен азаматтық қауымдастықты тартумен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асырылады. Тұжырымдамада еліміздің дамуының зайырлы қағидаты тұрғысынан дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бағым бағыттары дұрыс айқындалған. Сондықтан Тұжырымдаманы тәжірибелік іске асыру мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара әрекеттесуінің қазақстандық үлгісін дамытудың алғышартын қалыптастырады.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырындағы жетістіктерді тиянақтап, әлемнің дамыған  30  елінің қатарына кіруге сеніммен қадам басқан Қазақстан мемлекеттің зайырлы дамуының конституциялық қағидаттарын ұстанады.

Қазақстандықтардың діни және этномәдени әрқилылығына қарамастан, жалпыұлттық бірлік пен келісімнің қалыптасқан үлгісі – елімізді мекен еткен әртүрлі конфессиялардың жалпы әлемдік дамуға қосқан қомақты үлесі.

Діни наным – жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар, рухани үйлесімді, әлеуметтік қарым-қатынастар мен азаматтардың санасындағы әлеуетті қамтитын айырықша сала. Сондықтан дін саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің ұсынылып отырған тәсілдері мен мемлекеттік саясат қағидаттары елдің өзгешеліктерін және халықтың мәдени-менталды ерекшеліктерін ескеретін айрықша сипатқа ие.

 

Алау Әділбаев, дінтанушы, PhD докторы:

«АҚИҚАТҚА ЖЕТУ  ЖОЛЫНДА ҒЫЛЫМ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛ САНАЛАДЫ»

Әлемде және елімізде соңғы жылдары орын алған лаңкестік әрекеттер мемлекеттің дін саласындағы саясатына күрделі өзгерістер жасауға итермелеуде. Осы орайда, 2017 жылы «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданып, сол бағытта ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Мемлекетіміздегі тұрақтылық пен тұтастықты, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамда діни радикализм мен фанатизмге төзбеушілік түсінігін қалыптастыру – күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі.

Өкінішке  қарай,  дінге  бет  бұрған  кейбір азаматтарымыз діни сауатының төмендігінен немесе мүлде жоқтығынан түрлі жат пиғылды топтардың жетегінде кетіп, өз елімізде лаңкестік әрекеттерге барумен ғана шектеліп қалмай, әлемдік саясаттың құрбанына айналып, шетел асып, соғыс майданынан бір-ақ шықты. Бұл дінге берілгендік немесе діндарлықтың көрінісі емес, керісінше, нағыз сауатсыздық пен рухани таяздықтың жемісі.

Сондай-ақ, исламтану саласында білім алып жүрген кейбір студенттердің де ғылымды діни және дүниелік деп бөліп, соңғысын оқуға құлықсыздық танытуы да өз кезегінде діни сананың әлі жеткілікті деңгейде қалыптаспағандығын көрсетеді.

Ислам дінінде Алла Тағаланың  ең алғашқы  бұйрығының «Оқы!» деп келуінің өзіндік үлкен астары бар.

Иә, Құран Кәрімнің алғашқы әмірі «Оқы! Раббыңның атымен…» деп басталған («Алақ» сүресі 96/1). Бірақ, бұл жерде тек «Құранды оқы!» деп ашық айтпаған, тіпті, «Сендерге берілген кітапты оқыңдар» да демеген. Бұл «оқы» деген бұйрықтың мәнісін де Құран өзі түсіндіруде: «Оқы, сол жомарт раббыңның атымен оқы, ол адамға қаламмен жазуды үйретті» («Алақ» сүресі, 96/3-4).

Бұл жердегі «оқы» деген бұйрық тек Құранның сөздерін оқумен ғана шектелмейтіндігі, одан кейінгі келетін сөйлем жолынан түсінікті болып тұр. Құран «оқы» деген бұйрығымен әрі иләһи аяттарды, әрі ғаламдағы заңдылықтарды оқып-білуге үндейді. Сол себепті, оқығанда әрі жаратылуымызды, әрі ғаламды, әрі Алланың кәламын зерделеу қажет.

Жалпы, ғылымның түпкі мақсаты – өзін, қоршаған ортаны тану арқылы Жаратқанды табу. Мұсылман ғалымдары арасында кең тараған «Мән арафа нәфсәһу фақад арафа раббаху», яғни, «Өзін таныған адам, Раббысын да танығаны» деген сөз де осыны көрсетеді. Яғни, ақиқатқа жету жолында ғылым маңызды құрал болып саналады. Қиямет қайымға дейін келетін адамзатқа жетекшілік жасап, жол сілтейтін Кітаптың осы сөзді таңдауы мұсылмандарға ғылым-білімнің маңызын ұқтыру жолындағы ең алғашқы қадам болып табылады.

Құранда білу деген мағынаға  саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз өтеді. Ғылым деген сөзбен мағыналас «хикма» мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерін де қоса кетуге болады. Мәселен, Хикма сөзі 20, хаким сөзі 97 жерде өтеді. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық жерде кездеседі. Сонымен қатар, ілімге қол жеткізу жолында қажет саналатын «тәфәккур» 18, «ақыл» мен «тааққул» сөздеріне қатысты 49 сөз өтеді. Ғылымға қатысты «тәфаққуһ», «тәдәббур», «тәфәһһум», «шуур» сөздерінің де көптеп кездесуі бекер емес.

Алла Тағаланың ғылым-білімге ынталандырған бірнеше ғана аяттарын келтіре кетейік.

«Бақара» сүресінің 269-аятында: «Ол хикметті (даналықты) қалаған  пендесіне нәсіп етеді. Кімге даналық берілген болса, расында оған қыруар игілік берілгені. Алайда (бұл ақиқатты) тек шынайы ақыл иелері  ғана  терең  түсініп,  ғибрат  ала алады», – делінген.

«Жер бетінде (Аллаға) қалтқысыз иланғысы келетін жандар үшін көптеген айдан анық айғақ бар» («Зәрият» сүресі, 20-аят), «Уа, Раббым! Білімімді арттыра гөр!» – деп айт» («Таһа» сүресі: 20/114), «Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт»(«Зумәр» сүресі: 39/9), «Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді» («Мужәдилә» сүресі: 58/11), «Расында, Алладан құлдарының ішінен ғалымдар ғана шынайы түрде қорқады» («Фатыр» сүресі: 35/28).

Сонымен қатар: «Дәуіт пен Сүлейменге ілім бердік. Екеуі: «Бізді мүмин құлдардың көбінен үстем еткен Аллаға мадақ»,– деді» («Нәміл» сүресі, 15). Осы аятта да екі Пайғамбардың ілім нығметін сыйлап, өзге муминдерден үстем еткендігі үшін Жаратқанға мадақ айтқанынан ілімнің қаншалықты артықшылық екенін байқаймыз.

«Тәуба» сүресінің 122-аятында да Алла Тағала мұсылмандарға «барлығың тегіс жиһадқа шығып кетпей, дінді жақсы үйреніп, қалғандарына үйрету үшін бір топтың қалуын»  бұйыруы да ілім үйренудің артықшылығын көрсетеді.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да үмбетін оқып-білуге ынталандырған хадистері жетерлік. Әбу Дәрда (р.а.) жеткізген мына хадис ғылымның артықшылығының көптеген қырларын қамтыған: «Алла елшісінің (с.ғ.с.): Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті, судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені – деп айтқанын естідім» – деген (Тирмизи, ильм 19; Әбу Дәуіт, ильм 1).

Осы аят-хадистерді үмбетіне жеткізген Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдағы надандық пен сауатсыздықты жою үшін сол кездегі мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, қолынан келгенін жасады. Соның нәтижесінде қысқа уақыттың ішінде сауатсыздық жойылып, әлемге нұр шашқан ғалым-ғұламалар жетіліп, адамзаттың игілігі жолында өшпес мұраларын қалдырды.

Мұсылмандардың адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан «алтын ғасырында» құқық, тәпсір, хадис және кәләм секілді дін ғылымдары саласында ғылымға ғашық өте әйгілі дін ғалымдары өсіп жетілсе, бертін келе медицина, математика, география, астрономия және т.б. жаратылыстану ғылымдары саласында да жүздеген ғалымдар жетіліп, құнды ғылыми мұраларын адамзатқа тарту етті.

Жалпы, Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың хадистеріне мұқият үңілгенде,  араб  тіліндегі «Илм», яғни, ғылым сөзінің жалпы түрде  келгенін  байқаймыз.  Ғылым деген    кезде   тек   қана   діни   білім  көзделмеген.  Міне, осының сырын терең ұққан мұсылмандар алғашында дін саласын игерумен қатар, бертін келе ғылымның барлық салаларымен айналысып, қазіргі зманауи ғылым-білімнің өркендеп дамуына негіз қалап кетті.

Өкінішке қарай, ең алғашқы бұйрығы «Оқы» деп келген мұсылман үмбетінің қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Ғылым-білім саласына қосып жатқан үлестері жоқтың қасы. Көптеген мұсылман елдерінде оқу-жазу сауаттылығы мүлдем төмен. Соның салдарынан қазіргі таңда өркениет көшінің соңында келеді. Бұл, әрине, орта ғасырларда күллі адамзатты өзіне тәнті еткен, кітабы – Құран, ұстазы – Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болған исі мұсылман баласы үшін мақтанарлық жағдай емес. Сондықтан, мұсылман баласы өзінің адамзат тарихындағы мақтанышқа толы орнына қайта жайғаса алуы үшін білім-ғылымға ерекше мән беруі керек. Жасалуы қажет ең үлкен жихад қараңғылыққа, сауатсыздыққа, рухани жұтаңдыққа қарсы бағытталуы тиіс.

Осы орайда, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп айтқаны біздерге де ой салуы қажет.

Діни  радикализм  мен  экстремизмнің  алдын  алуда білікті   де  білімді  мамандарға  деген  сұраныс  өте жоғары. Өз кезегінде  бұл қажеттілік  кейбір  талаптарды да алға тартады. Сондықтан да, дін саласының мамандары өз тарихын, ұлттық құндылықтарын, ділі мен дінін жақсы білуі, білім мен ғылым күн санап дамып отырған қазіргі заманда бәсекеге қабілеттілік таныта алуы ең негізгі талаптардың бірі.

 

Айдар Әбуов, ҚР Халықаралық рухани және дін орталығының директоры, профессор:

«ОТАНДЫҚ ДІНИ КАДР ДАЯРЛАУ САЯСАТЫ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ»

Қоғам бір орында тұмайтыны белгілі. Саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, танымдық өзгерістермен қатар, ғылыми технологиялық жаңалықтар заңнаманы заман талабына сай жетілдіріп отыруды талап етеді.

Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған үрдістерден бөлек, радикалдық идеалдарды тарата отырып, діни ұстаныммен діни түсініктерде жасанды қайшылықтар туындату арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейтін теріс пиғылдағы топтар пайда болуда.

Бұдан да басқа қалыптасқан жаһандық жағдайларды күрделендіре  түсетін  факторлар да  аз  емес. Олар  қоғамның діни сауатының төмендігінен, толассыз ақпараттардың сараланып, ой елегінен өтіп үлгерместен ғаламтор арқылы жедел тарауынан, құқықтық базаның заман талабына сай келмеуінен туындайтын келеңсіздіктер.

Былтыр Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл бастамалар діни ұрандарды жамылып әрекет ететін экстремистік идеологияларға қарсы тұруға және деструктивті әрекеттерді тыюға бағытталған, заңнамалық тұғырды нығайтуға септігін тигізері анық. Онда діни білім беру, неке, діни бірлестіктер қызметі, экстремизмге қарсы іс-қимылдар, миссионерлік және басқада салаларды қамтитын заңдарға өзгертулер мен пысықтаулар енгізу көрсетілгендей зайырлы, құқықтық мемлекеттің қағидаттарына қайшы келетін құбылыстарды заңнамалық реттеу межеленуде.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында шетелде теологиялық білім алуды  заңнамалық  реттеу  діни біліммен  зайырлы білімнің  ортақ  мәселесі  айналып  отыр. Осы орайда, заң жобасына Қазақстан азаматтарының шетелдерде діни білім алуын реттейтін жаңа норма енгізілуде. Заң жобасына сәйкес еліміздің азаматтары жоғары білімді Қазақстанда алғаннан кейін ғана шетелде діни білім алуына рұқсат етіледі. Бұл толықтырулар халқаралық тәжірибелерге сүйене отырып енгізілуде. Айталық, Малайзия және Түркия елдерінің азаматтары шет мемлекеттерде діни білім алу үшін ең алдымен өз отандарында жоғары білім алулары шарт.

Жалпы, елімізде жастардың шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған, мысал ретінде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасын айтсақ болады. Алайда, соңғы уақытта жастарымыздың шетелдерде білім алып жүріп, әртүрлі келеңсіз оқиғаларға тап болу жайттары орын ала бастағаны жасырын емес. Ал мемлекет өз тарапынан өз азаматтарының қауіпсіздігіне, жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделі. Өйткені, кейбір шет мемлекеттерде, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделенуде. Сондықтан, еліміздің азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алып, яғни оң-солын танығаннан кейін ғана шешкені жөн.

Қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады, оның 9,9 пайызы белсенді түрде дінге бет бұрған. Демек, осы осы жастардың қауіпсіздігіне мемлекет жауапкершілігін сезінеді.

Осы аталғандарды ескере отырып, дін саласындағы заңнамаларды толықтыру мен жетілдіру, оның ішінде шетелде теологиялық білім алуды заңнамалық реттеу мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне, яғни экстремистік, лаңкестік іс-әрекеттерге қарсы тұрудағы әл-ауқатын арттырары анық.

 

Тілеген Мұхтарқызы, Дін мәселелері  жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері:

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМЕН ҮНДЕСКЕН ТҰЖЫРЫМДАМА»

Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты: қазір рухани жаңғырудың, ұлттық сана жаңғыруының бағыт-бағдарын айқындап, Елбасымыз айтқандай, революциялық емес, эволюциялық дамитын кезең. Мемлекетіміздің жаңғыру кезеңінде мемлекет пен дін қатынасының қазақстандық үлгісін жасақтау – жаңа белестерге жол ашып, көпконфессиялы қоғамымыздың тұрақтылығын сақтаудағы маңызды қадам. Сондықтан ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынған «Қазақстанның  дін  саласындағы  мемлекеттік   саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бүгінгі күні дін аясында орын алып жатқан көкейкесті мәселелердің шешімін табуға үлкен негіз болмақ.

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – дін саласын реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілер ережелерін жүзеге асыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысатын мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстардың жетілдіру, Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде және шетелдерде әрі қарай ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау…

Тұжырымдама негізінде діни экстремизм идеологиясының қоғамда, әсіресе жастар арасында таралуы, шетелде діни білім алу, миссионерлік қызметті реттеу, жасөспірімдерді заңсыз діни қызметке тарту және өзге де маңызды мәселелер кеңінен қарастырылған. Сондай-ақ, еліміздің тыныштығын бұзатын дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы қоғам иммунитетін қалыптастыру шаралары да жан-жақты қамтылған.

Тұжырымдама мазмұны ағымдағы ахуалдың талдауы, діни ахуалдың дамуының негізгі үдерістері, дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі қағидалары мен басым бағыттары секілді мәселелерді қамтиды.

Тұжырымдаманы осы тарихи кезеңде қабылдаудың да өзіндік себептері де бар.  Бір ғана мысалға тоқталсақ, бүгінгі таңда қаншама қаракөз жастарымыз өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өз бойындағы ұлттық құндылықтарды аяқасты етіп жүр. Мысалы, діни білім алу мақсатымен шетел асқан жастарымыз дін атын жамылған жат ағымдардың идеологиясына арбалып, шетін көзқарас жетегінде кетіп жатқанына куә болып отырмыз. Сол себепті, тұжырымдама бойынша дін саласындағы мамандардың кадрлық әлеуеті, яғни азаматтарымыздың шетелдік діни оқу орындарында теологиялық білім алу тәртібі құқықтық реттеуді қажет ететіні назарға алынған.

Қазіргі уақытта шетелдік  оқу  орнына  ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы) рұқсатнамасы негізінде қабылдау туралы келісімдер жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл тұжырымдама негізінде тиісті  заңнамаға енгізілетін  өзгертулер  мен  толықтырулар жастарымызды барынша сақтандырудың кепілі болатынына сенімдіміз.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап өткендей, тұжырымдама рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы күресу мақсатын көздейді. Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың  құқықтық, әдістемелік, ұйымдастыру шараларын кешенді түрде қамтыған.

«Біз фанатизмге, діни консерватизм мен догмаларға көзсіз ілесуден алшақ болатын өз өмірімізді құрамыз. Қазақстан халқы бөтен мүдделерді насихаттайтын фанатик «кеңесшілерге» алаңдамай, мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың өзіндік қазақстандық моделін қалыптастыратындай толық құқыққа ие. Біздің өзіндік моделіміз бүгінгі күннің шынайылығын ескеруге және ұлттық дәстүрге негізделеді. Бұл модель дінді соқыр буквалистік тұрғыдан қабылдамауға, діни канондардағы оңды құндылықтарға, яғни қайырымды, өнегелі және бейбіт қатар өмір сүруге негізделуі қажет»,  – деп ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тұрғанда Нұрлан Ермекбаев қоғамның санасын жаңғырту саласындағы министрліктің басым бағыттарының бірі – мемлекет пен дін арасындағы ынтымақтастықтың өзіндік моделін қалыптастыру екенін атап көрсеткен еді.

Мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығы, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі қағидалары мен басым бағыттары тұжырымдамада айқын көрсетілген.

Қазақстан – зайырлы мемлекет, ал зайырлылық – құқықтық ұстаным. Дін мен мемлекет қатынасының жаңа моделін қалыптастыру мемлекетіміздің зайырлылық үлгісін басты назарға алады. Себебі, зайырлылық ұстанымы жат ағымдардың  идеологиясымен күресудің басты қалқаны болмақ.

Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Сондықтан, дін – дұрыс түсінген адам үшін рухани кемелденуге жетелейтін, ал қате түсінген адам үшін қиындыққа бастайтын жолға айналуы мүмкін.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз кез келген қиындықты бейбітшілік, келісім және тұрақтылық негізінде жеңіп шығамыз. Дінаралық және ұлтаралық келісім – біздің басты байлығымыз», – деген ойы әрбір Қазақстан азаматының күнделікті ұстанымына айналуы тиіс.

Дiн мен мемлекеттiк мүдденің түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы.

Бұл тұжырымдама – мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының даму бағытын айқындайтын құжат. Оның басты мақсаты әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеу. Бұл консерватизм емес, керісінше, ұлттық кодымызды сақтай отырып, заман талабына сай икемделу, сан ғасырлар бойы сақталып келген рухани құндылықтарымызды жаңғырту.

 

Жарас Аханов, Дін істері комитетіне қарасты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы:

«ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ»

Қазақстан – көпконфессиялы ел ретінде әлемге бейбітшіліктің үлгісі болып отырған бірегей ел. Елбасымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылдың 14-желтоқсанындағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің құндылығымыз. Көпұлтты елімізде татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік этолон ретінде танылған», – деген болатын.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың (қазір Қорғаныс министрі) 2017 жылдың 18 қыркүйегінде ҚР Парламент Мәжілісінің үкімет сағатында Министрліктің Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізінде заңнамалық актілерге түзетулерді көздейтін құжаттар пакетімен таныстырған еді. Заң жобасы  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталды.

Заң жобасында көзделген жаңашылдықтар дін саласындағы мемлекеттік саясатты реттеу барысында  мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады.  Оның ішінде еліміздің көпконфессиялығын ескере отырып, зайырлылық қағидаттарды одан әрі мығымдау болмақ. Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы саны 18 конфессияны құрайтын  3693 діни ұйым өз қызметін жүзеге асыратынын ескере келе, зайырлылық қағидаттарды негіздеу бағыты мемлекеттің тыныштығы мен дамуына кепілдік бермек.

Тарихта қашанда халықтың ішкі ерекшелігіне қарап, елдің дамуын бағдарлау, мемлекеттің басты бағыттарынан айнымау, елдің бірлігін сақтау жалғасын тапқан болатын. Қазақ тарихында көмекей әулие атанып кеткен Бұқар жырау бабамыз берекесі кеткен еліне қарап  «Шашырап шыққан қандар көп, шашау жатқан малдар көп», деп «Ай, заман-ай, заман-ай» атты толғауында ел басшыларына назын жеткізеді. Ата-бабамыз қашанда мемлекетшіл, елді басқарушыларға үмітпен қараған. Жұмыла көтеріп, жүк көтергенде көштің басын жақсылыққа бұратын ел басшылары екеніне сенген. Сенген де, соңынан ерген. Анау шетімен мына шетіне ұшқан  құстың қанаты талатын ұланғайыр жерімізді ата-бабамыз ерген басшысының кемеңгерлігімен аман сақтап, ұрпаққа аманаттаған болатын. Біз сол аманатты болашақтың қолына қалдыруға не істеп жатырмыз?  Оның негізі бірлік екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір сөздерінде жалықпай айтып келеді.

Елдің болашағы, мемлекеттің дамуы ауызбірлікте, таңдап алған сара жолыңнан танбай сұңғыла болуыңда емес пе?! Сонда біздің қазіргі таңдап алған жолымыз қайсы? Өткенмен сабақтасып, болашақпен бағамдайтын бағалы ісіміз не? Міне, бұл сұрақтар көлденең тұрады. Ол қазіргі Елбасы салған сара жолың, төзімділігің, сабырың, зайырлы және құқықтық бағытың болмақ.

Көпконфессиялы  Қазақстанның  бірлігіне септігін тигізіп, елдің   дамуына  серпін  болып  отырған  зайырлылық  бағыт  не? Бұл бағыт алаш жұртын несімен мәңгілік етпек? Бұл сұрақтар да халықтың, әсіресе діндар  азаматтарымыздың   санасында   қайнап  жатыр.

Елдің берекесіне сына қаққысы келетін базбіреулер зайырлылықты дінге қарсы бағыт деп айтудан жалықпайды. Бұндайларға хакім Абай атамыз: «Ойға салып оқыр да, сөзің сынар», – дейді. Абайдан асып не айтпақпыз? Сонымен қош делік.

Елбасымыз халықпен кеңесіп салып берген сара жолымыз зайырлылық қағидаттар елге не береді? Осы маңызды тұжырымды саралап көрсек.

Елбасымыз: «Мемлекетімізде түрлі ұлттар мен олардың көпдінді болуы, ол біздің тарихи тағдырымыз», –  деген болатын Ұлытау сұқбатында.

Қазақстан зайырлы қағидаттарымен азаматтары-мыздың діни бостандығына нұқсан келтірмейтінін Ата Заңында айқын көрсетті. Дегенмен, мемлекет кейбір  діннің  идеологиясының  мемлекеттік құрылымды  бұзуға да мүмкіндік бермес.

Зайырлылық бағыттың мемлекеттің тұрғындарына қаншалықты тыныштық бермек? Сол туралы ойымызды тарқатсақ.

Зайырлылық қағидаттары базбіреулер айтып жүргендей азаматтардың діни бостандығын шектемек емес. Біз айтып жүрген «зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең болатын. Қазіргі заманғы зайырлылық аясына ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру кіреді.

Зайырлылық діни таным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Мемлекеттің зайырлы сипаты дінді теріске шығармайды. Яғни, зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау болмақ.

Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етпек. «Зайырлылық» ұғымына француз философы Эмиль Литтре: «Барлық культтерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамадан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі», – деген анықтама берген болатын.

Зайырлы дүниетанымның қалыптасуында позитивті білімдер жүйесі маңызды рөл атқарып келеді. Алайда, ғылыми таным зайырлы дүниетанымның маңызды элементі болғанымен, оның мазмұнын толық қамтымақ емес.

Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының екі типі кең таралған. Біріншісі – мемлекет діннен ажыратылған, екіншісі – мемлекеттегі белгілі бір дінге (дәлірек айтсақ, конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі.

Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Бұл қатарда зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.

Зайырлылық – мемлекетті, қоғам мен жеке тұлғаны діннің үстемдігінен азат ету идеяларының модернизация нәтижесінде туындаған жинытығы болып табылады. Зайырлы мен қасиетті, парасат пен иман ұғымдарының бір-біріне қайшы келмейтін дүниелер екендігін ұмытпаған жөн.

Зайырлылық  «дінді  өмірден  аластату» емес. Адамның жеке тұлға әрі қоғам мүшесі ретінде үйлесімді даму мүмкіндігіне қол жеткізуі үшін зайырлы мемлекет бар жағдайды жасайды.

Зайырлы   мемлекет  діни  ұйымдардан  алшақ  болуының нәтижесінде пайда болған қоғамдық қатынастарды діни нормалар негізінде емес, азаматтық келісім негізде реттеп отыратын, мемлекеттік органдарының шешімдері діни тұрғыдан шықпайтын мемлекет.

Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін болса да, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылығымен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни ұйымға қатыссыз да өмір сүре алады.

Мемлекет басқарудағы зайырлы жүйе – дінді мойындамайтын, дінге қарсы жұмыс істейтін жүйе емес. Сондықтан қазіргі дін мәселесіндегі өзекті тұстардың бірі – зайырлы жүйе анықтамасын дұрыс түсіндіру болып табылады.

Тобықтай түйін: Қазақ руханияты туралы сөз болғанда алдымен мемлекетшіл буын қалыптастырған Алаш арыстары ойға оралады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды алып тұлғалар география, экономика, медицина, саясат, тіл білімі мен әдебиеттану секілді түрлі мамандықты игеріп, елдің – ел, ұлттың – ұлт болып қалуы үшін қоғамға қажетті сан саланың тұтқасын ұстаған еді. Ал осы мақтан тұтар тұлғалардың баршасы әуелгі сауатын ауыл молдасынан – медресе қабырғасынан ашқан. Айтпағымыз, діни сауатты жанның болашақ жайлы байламы бекем, пайым-түсінігі кең, жан-жақты өсіп жетілетіндігі. Ұлт көсемінің (Әлихан Бөкейханов) рухани ақиқаты бар сөзімен айтар болсақ, «Ұлтыңа, жұртыңа қызмет қылу – білімнен емес, мінезден. Шайтан жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылған». Білім алып, ғылым игеруде Алаш қайраткері берген анықтамадан асырып ештеңе жеткізе алмаспыз. Ал күллі түркі жұртына ортақ тұлға әл-Фараби:  «Тәрбиесіз  берілген білім – адамзаттың қас жауы», – дейді. Бұдан шығар қорытынды, тәрбие мен мінез ұғымдары адамның имани һәм парасат деңгейін көрсетеді. Білім-ғылым игеру тек сол саланың маманы ғана болу емес, бәлкім екі дүниенің сырына ой жүгіртіп, төрт құбыланы түгел танитын тұлға болып қалыптасу. Алпыс екі тамырыңды иіп, бойға сіңген білім ғана адамзаттың болмысын шын биікке көтереді. Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы осындай парасат-пайымы терең тұлға боларлық дін маманын қалыптастыруды, имамның тұлғалық дәрежесін өз деңгейіне көтеруді, қандастарымыздың діни сауатын ашуды көздейді.

Дайындаған: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті