ДІН ТАТУЛЫҒЫ – ІШКІ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

57

Қазақ халқы «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді. Ендеше, Елбасының: «Ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақыруға тиіспіз», – деген сөзі баршаға бағдаршам іспетті. Бұл ретте жас буынды имандылыққа баулу жұмыстары ауадай қажет. Отанын, елін, жерін сүйетін ұрпақ қиянатқа қия баспайтыны айдан анық.

Расында да, тарихтың бұралаң жолдарында халқымыз бірлігінен айырылмай, тура жолдан тайқымай елдігін сақтай білді. Өйткені, діні, ділі бір еді. Қазіргі Сібірдегі алтай, ойрат, хакас, телеуіт, кет халықтарының құрамында да қыпшақ, керей, найман, жалайыр, кете, т.б. қазақтың рулары бар. Осыған байланысты Ислам дінін қабылдаған рулар «Қазақ» деген ұлт болып ұйыды да, ал дінді ұстанбағандары «алтайлықтар», «ойраттар», т.б. ұлыс болып сыртта қалды. Қазақ ұлты болып қалыптасқандар діннің арқасында біріге отырып, мемлекет құрды.

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДЕГІ ДІН БІРЛІГІ

Бүгінгі таңда еркіндік алған ел көк байрағын желбіретіп, әлемдік аренаға шығып,  дамыған елдердің қатарына қосылды. Еліміз тәуелсіздігін алған сәтте әлемдегі ең көпұлтты, көпдінді мемлекеттердің біріне айналғаны белгілі. Осындай жас мемлекеттің экономикалық өрлеуі де, саяси тұрақтылығы да, демократиялық дамуы да бұл елді мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара сыйластығына, түсіністігі мен татулығына барып тірелетінін әу бастан жақсы түсінген Елбасының жетекшілігімен жүзеге асырылған мемлекеттің ұлттық саясаты әр ұлттың этникалық жаңғыруын, өз тілдері мен салт-дәстүрлерін қалағандарынша берік ұстану арқылы өздерін толыққанды ұлт ретінде, әрі осы елдің тең құқылы азаматы ретінде сезінуіне жағдай жасаған болатын.

Республиканың   ішкі  саясатында  ұлтаралық келісім мәселесі, өркениетті түрде өзара келісімге келуі айрықша маңызды орынға ие болды. Бүгінгі әлемде түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың көпшілігі дәл осы ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан туындап жатқанда, еліміз бейбітшілік пен татулықтың негізін қалау жолында өзгелерге үлгі бола білді.

Діни татулықты әрдайым басты назарда ұстайтын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттің зайырлылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен арқаулық табады. Конфессияаралық толеранттылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ», – деген болатын.

Бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату өмір сүріп келе жатқан 100-ден астам ұлт өкілдері Қазақстанның қарыштап дамуына үлкен үлес қосуда. Ата Заңымызда айқындап жазылғандай, азаматтардың діни сеніміне еркіндік берілген. Бұл – бейбіт жолды басты бағдар еткен еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығының үздік үлгісі. Халқымыздың кең пейілі, қонақжай, бауырмал, дархан мінезі кең байтақ даламызда бейбітшіліктің салтанат құруына негіз болды.

ЖАСТАРДЫ ЖАТ АҒЫМДАРДАН САҚТАУ

Ислам дінінің мақсаты – ізгілік. Асыл дініміз мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Еліміздегі барлық мешіттер мен медреселер бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында қызмет етіп келеді. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген. Бір ғана елді емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған діни экстремистік және лаңкестік әрекеттер шектен шығушылықтың салдарынан болып отыр. Қазіргі таңда елімізде 2,5 мыңнан астам мешіт жұмыс жасап жатыр. Имамдар мен дін қызметкерлері жастарымыздың жат ағымдардың жетегінде кетпеуін қамтамасыз етіп, уағыз-насихат жүргізуде.

Ата дініміздің бай тарихын жан-жақты насихаттау, жағымсыз бағыттардың пайда болу себептерін ашып көрсету, Ислам туралы таным-түсініктерді терең талдап, қалың қауымға жеткізу бағытында атқарылар шаруалар әлі де болса көп. Тарихтан мәшһүр, руханияты мықты, діні берік елді ешқандай қитұрқы уағыздар да, сыртқы экспансиялар да ала алмайды. Сол себепті де дәл бүгінгідей күрделі шақта ел болып жастардың діни сауатын ашуға айырықша ден қойғанымыз дұрыс. Неге десеңіз, адам жастық шақта албырттықпен жаңсақ қадамдарға жиі барып жатады. Міне, осыны өз арам ниеттерін жүзеге асыруға дер кезінде пайдаланып қалушы сыртқы да, тіпті, қайсыбір ішкі де күштер әлі де баршылық.

Түркияның әрбір азаматы: «Мен түрік болып туғаныма бақыттымын!» – деп кеуде кере, намысын жаниды. Отаншылдық дегеніміздің шыңы осы! Осынау мемлекет қарт құрлықта анталаған арам ниетті жауларының бел ортасында тұрып-ақ ешкімге есесін жібермей, адамзат айдынындағы бет-беделін биіктете түсуде. Қазақ елінің тәуелсіздігін әлемде өзгелерден бұрын мойындауының өзінде қаншама бауырластық, тарихи бүтіндік жатыр десеңізші! Ал бізге не жетпейді? Аллаға шүкір, экономикамыз салыстырмалы түрде алғанда ТМД елдері арасында алдыңғы қатарда келеді. Халықтың жай-күйі ешкімнен кем емес. Тек рухани байлық пен рухани тұтастық болса еліміздің бағындырар белесі көп деп есептейміз.

ДІН БІРЛІГІ – ҮН БІРЛІГІ

Астанамыздың төрінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтуі – жалпақ жаһанның Отанымызды, Елбасымызды, қазақ халқын мойындағаны демеске лаж жоқ. Дін бірлігі – үн бірлігі. Мұндай үлкен жиынның дүниежүзінде бұрын-соңды ұйымдастырылмағандығын ескерсек, съездің мән-маңызы тіптен арта түседі. Осылайша, әлемдік діндер көгінде құс жолындай айшықты арна тартылды. Сол бейбітшілік пен ынтымақ, төзімділік пен бірліктің алтын ордасы тағы да Қазақстан болып отыр. Бұдан биік мәртебе, бұдан асқан құрмет те жоқ шығар. Барымызды бағалап, қазақи қалпымызды тағалап жүрелік!

Сөзімді Қабан (Қаблиса) жырау Асанұлы бабамыздың:

– Бақыт қайда барасың?

– Ата-анасын сыйлаған,

Ұйымшылдық ойлаған,

Тату жанға барамын, – деген аманат сөзімен түйіндегім келеді.

Иә, намысын қайрап, бірлігін сақтаған, білімін шыңдап, діні мен салт-дәстүрін ардақ тұтқан елдің әркез шыңнан көрінері хақ!

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігін арттырғай!  Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай!

Руслан СҰЛТАНОВ, ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облыстық өкіл имамы