ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҰСТАЗЫ

17

Дәрігер мамандығы кең ұғымды қамтиды. Оның шындығында қастерлі мамандық екеніне ешкім дау айта алмас. Кез келген науқасты емдеу біліктіліктен де бөлек, маңдай тер мен асқан жауаптылықты талап етеді.
Ал ақ халат киген абзал жандардың уақытпен санаспайтынын, ұйқысыз түндер өткізетінін бірі білсе, бірі білмейді. Адал еңбегін бағалай білетіндер үшін медицина қызметкерлері тұғыры таймас биік тұлға.

Кез келген саланың өз ұстазы болады. Медицинада да солай. Студенттерге дәріс беретін, біліктілігін жетілдіретін, ғылымға баулитын міндет осы ұстаздарға жүктелген. Олар жас буынға қанат бітіреді. Тәрбиелейді. Тиісті жол көрсетеді. Медицина ғылымдарының докторы Оразбай Әбдіразақовты дәрігерлердің ұстазы деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Қиын салада сан мың шәкірт тәрбиеледі. Әлі де баулып келеді.
2015 жылдың көктемінде Алматыда Денсаулық сақтау министрлігі қолдауымен Ұлттық медициналық ассоциациясы дәрігерлердің Халықаралық конгресін өткізді. Жиында Қазақстан травматологтары мен ортопедтері қауымдастығының президенті, Қазақ медициналық университетінің травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдары Академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Оразбай Әбдіразақов қатысты.
Конгресте бірқатар ғалым-дәрігерлердің жасаған еңбектері талқыланып, белсенділері марапатқа ие болды. Олардың қатарында медицина ғылымдарының кандидаты, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» мен «Алтын дәрігер» төсбелгі иегері, хирург-травматолог Тілеулес Тіленұлы Батырхановтың да есімі аталды. Өзі өмірден өтсе де, білікті маман ретінде, марқұмның есімі ұлықталды. Ал «AVE VITAE» ордені артында қалған ұлы – Асқарға табысталды. Әке еңбегінің әлі де бағаланып жатқанын есту, әрине Асқар Тілеулесұлына алдымен тосын сый болғаны рас. Әрі-беріден соң, әкең өтсе де, оның көзін көргендердің тарапынан жасалған ерекше құрметі кім-кімді болса да толқытатыны шындық. Марапатты қабылдар сәтте Асқардың бойын өзге бір қуаныш кернеп, көңілі марқайды. Көзінен шын қуанғандығы аңғарылды. Толқып тұрды. Қуанатыны түсінікті. Одан бөлек, көзіне мөлтілдеп кеп қалған жасынан «Әттең, осы қуанышты әкем көре алмай кетті» деген өкініш сезімі байқалды.
Әкесі үшін толқып, көңілі алай-дүлей болған оның қасына әкесінің көзін көрген Икрам Төлеұлы жақындап: «Жүрші, әкеңнің ғылыми ұстазымен таныстырайын», – деді. Сөйтті де, қолынан жетектеп, ұзын бойлы, жылы жүзді ақсақалға ертіп апарды. Таныса сала құшағына алған ол: «Ой айналайын, Тілеулесті көргендей болдым ғой», – деп, қайта-қайта баласын құшақтады. Ұстаздың шынайы ықыласына Асқар да дән риза. Әкесінің ғылыми ұстазына, сырлас ағасына, қызметтес-замандасына, керек десеңіз, медицина «маршалы» Оразбай Әбдіразақовқа тағдыр өзін кезіктіргеніне қуанды. Әкесінің ұстазын көру, әсіресе, «асқар тауы» өмірден өткен шақта ұшырау сәті сөзсіз, толқытты. Әкесі мен анасы жайлы сөз қозғасты. Ұстаз Асқарға Тілеулес Тіленұлының ғылыми еңбектерінен мағлұматтар айтып берді. Осылайша аз-кем шүйіркелесіп тұрған тұста, ол кісіге жедел шақырту жетті. «Ауыр науқасқа ота жасайсыз» деген. Дәрігерлердің ұстазы, оның ішінде әкесінің де ғылыми жетекшісі болған атпал азаматқа ұшырасу оны бір серпілтіп тастады. Алғашқы көруі де осы еді. Бірер минуттық кездейсоқ кездесуі, осылайша тым қысқа болды.
Келер 2016 жылғы дәрігерлердің кәсіби мерекесі, Ұлттық медицина ассоциациясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ассоциация жетекшісі Айжан Бегайдарқызы елге танымал дәрігерлердің өмірбаянынан құралған «Алтын қолды дәрігер» атты шежіре кітапты басып шығарыпты. Ол жинақта Асқардың асқар тау әкесі – Тілеулес Тіленұлының есімі де алтын әріптермен жазылыпты. Құнды кітаптан осы саланың майталманы, әкесінің ұстазы – Оразбай Әбдіразақов та төрден сөзсіз орын алды. Асқар Батырханов аталмыш басылымнан әкесінің ұстазы болған ақсақалдың өмірінен кең мағлұмат алды. Өз кезегінде дәрігерлердің ұстазы Оразбай аға да, өзінің марқұм болған шәкірті Тілеулес есімін кітаптан көріп, есіне қайта түсіріп, әлбетте қуанған болар.
Профессор Оразбай Әбдіразақовтың шәкірті, дәрігер Тілеулес Батырханов 2006 жылы, ал Тілекеңнің жары Бибісара Байдәулетова 2014 жылы дүние салды. Ата-анасының Аллаға аманатын тапсыруы, артында қалған перзенті Асқар Тілеулесұлы үшін ауыр тиді. Перзент үшін ата-ана орны тым бөлек десек, ардақтыларынан айырылған сәтін: «Құдды бір қос қанатынан айырылған құстай сезіндім» дейді өзі. Қазақта «Әкең өлсе де, көзін көргендер өлмесін» деген қанатты сөз бар. Сондықтан араға жылдар салып, Асқар да әкесінің ұстазын көргенде, әсіресе аузынан ардақтылары жайлы ыстық ықыласқа толы естелігін естігенінде, сөз жоқ, ерекше сезімде болды. Мұндай әсерін өзі «Әсіресе, оңашада тұңғиық ойға шомасың. Көркем бейнесі,жылы шырайы, мейірімге толы жан тебірентер сөздері, бәрі-бәрі санаңа оралады. Ата-анаңа деген сағынышың артып, ары қарай тұңғиық ойға тереңдей түсесің» деп есіне алады. Осындай ойлар Асқарды ата-анасы жайлы естеліктер жинақтауға жетеледі. Жинақ кітапта сөзсіз, әкесінің ұстазы болған ғалым Оразбай атасының болғанын қалады. Сол мезетте іссапарда жүрген Оразбай Әбдіразақұлы «Әкең Тілеулес жайлы айтар ойларым жеткілікті, ойланып жазу керек, аз ғана уақыт бер маған» деді де, көп ұзамай естелігін жазып, оған жолдады. Жазғандарын оқып, Асқардың көңілі босады. Әкесінің өмір жолы жазылған естеліктерді оқи отырып, әкесін терең, кең тани түсті. Әлгі кісіге риза болды. Жүректен шыққаны сезіліп тұрды. Шынайылығымен баурады. Нағыз ұстаз осындай болар деді. Бұл жай ғана ұстаз емес, дәрігерлердің ұстазы, сондықтан мәртебесі де, жөні де бөлек деп ұқты. Ал әкесі турасындағы «Алтын дәрігер» атты кітап 2017 жылдың желтоқсан айында жарық көрді.
Ардақты әкенің 70 жылдығына орай өткен жылы 17 желтоқсанда ас беріп, Құран бағыштады. Келген қонақтарға жинақ-кітап сыйға таратылды. Елдің алғысы мен батасына ие болды. Асқа шақырту үшін Алматыға арнайы барып, әкесі үшін де, өзі үшін де орны ерек Оразбай ағаға шақырту берді. «Төрімізде жарқырап отырыңыз, аталық батаңызды беріңіз», – деді. Алыс шетелге жоспарлаған ғылыми конференциясы болғандықтан әрі «Шараның басты спикері мен модераторымын» деп, қатыса алмайтынын өкінішпен жеткізген. Ас берілген күні ақсақал: «Балам! Сен кеткен соң менің көңілім жай таппады. Өзіме жүрегімен де, тәнімен де жақын болған әріптесім, шәкіртім әрі бауырым Тілеулестің рухына қарыз болғандай сезімде тұрмын», – деп телефон шалды. Оған Асқар жүрегі де толқып: «Ореке, енді алдағы күндерімізде тек жақсылықтар болсын, хабарласып тұрайық», – деп еді. Сөздері періште құлағына шалынды білем, артынша-ақ ақжолтай хабар да жетті.
«Балам, мен әкеңнің ғылыми тұрғыдағы, тәжірибе бағытындағы еңбектерін жас мамандарға, өзімнің шәкірттеріме, әкеңнің көзін көрген жолдастары мен қызметтестеріне, жалпы жас буынға насихат жасаймын. Ал ата-ана үшін жасап жатқан еңбегіңді ерекше бағалаймын. Тіпті сүйсіндім. Ал Тілеулес Тіленұлының 70 жылдығына орайластырып, Шымкент қаласында ғылыми-практикалық конференция өткіземіз. Оған министрліктен, университеттен арнайы бұйрық болады», – деді профессор.
Тәңір қолдап, ағымдағы жылдың 6 сәуірінде Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханасының үлкен конференц залында Оразбай Әбдіразақұлы бастамасымен өңірдегі барша хирург-травматологтар бас қосты. Тілеулес Батырхановтың есімін ұлықтау мақсатында, жас буын ортопедтарға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ғылыми жиынға Тілеулес Тіленұлының барша қызметтес-замандастары, ағайын туыстары мен шәкірттері қатысты. Ұлағатты ұстаз конференцияны өзі жүргізіп, хирургия, ортопедия және травматология саласындағы күрделі мәселелерге тоқталып, шәкірті Тілеулес Батырхановтың өмірбаяны мен монографияларын қалың көпшілікке таныстырды. Т.Батырханов жайлы деректі фильм қойылып, ақындар жырдан шашу шашты. Сөз алғандар білікті дәрігер-ғалымның артында қалдырған еңбегін естеріне алып, ыстық ықыласқа толы жылы лебіздерімен бөлісті. Тілеулес Тіленұлының туыстары мен ұлы Асқарға да сөз тиді: «Әдетте шәкірті ұстазын мадақтап, алғыс білдіреді. Тағдыр болар, әкем өмірден өтіп, керісінше ұстазы шәкіртін ұлықтады. Жасаған еңбегін бағалап, оны қалың жұртқа насихаттағаны ұстаздың биік тұлғалығын танытады».
«Тағдырдың жазуымен, Тілеулес маған әріптес, қызметтес, жолдас болғанымен, шәкіртім де болды. Оған себепші болған екеуміздің жанымыз сүйген мамандық – травматология және ортопедия еді. Ол ұсынған ғылыми жұмыстар бойынша жарақаттың оперативтік емдеуінде жаңашылдық енгізіліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Оның монографиясы осы күнге дейін таптырмас библиографиялық еңбек болып есептеледі», – деп есіне алды ұлағатты ұстаз-дәрігер.
1945 жылы дүние есігін ашқан О.Әбдіразақов дәрігерлер мен ғалымдар ортасына танымал тұлға. 1968 жылы академик Павлов атындағы Самарқанд мемлекеттік медициналық институтын үздік бітірген. Еңбек жолын 1968 жылы аудандық аурухананың хирург қызметінен бастаған. 1970-1972 жылдары Мәскеуде Н.Приоров атындағы травматология мен ортопедияның Орталық ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ординатурасында оқуын жалғайды. Ал 1972-1975 жылдары Н.Пирогов атындағы Мәскеу мемлекеттік медициналық институтының травматология және ортопедия кафедрасының аспиранты. 1976 жылдан бастап осы күнге дейін Қазақ медициналық университетінде қызмет етіп, ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейін көтерілді. Он алты жылдан астам ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бас травматолог-ортопед лауазымында халыққа адал қызмет етті.
Оразбай Әбдіразақұлы интрамедуллярлық және экстрамедуллярлық остеосинтездің, көп түрлі ортопедиялық-травматологиялық науқастардың оңалту аппараттарының зияткері. Оның бастамасымен 1995 жылдан бастап клиникалық тәжірибеге артроскопия әдісі енгізілді. Ол екі жүзден астам ғылыми еңбектің авторы, жиырма патенттің иесі. Еңбегі лайықты бағаланды да. «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Алтын скальпель», «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Алтын дәрігер» төсбелгілерімен марапатталған.
Бастысы осы салада жүріп, сан мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың қатарында ақ халатты абзал жан, білікті дәрігер-ғалым Тілеулес Батырханов та бар. Үлкен ұстаздың «Тілеулестей шәкіртті, ғалымды, ұлтжанды батырды елге біз насихаттамағанда, кім айтады» дегені ұрпағына сөзсіз шабыт берді, қанат бітірді.
Әкеден қалған жалғыз тұяғы – Асқар Тілеулесұлы үшін де «әке» деген ардақты есімге деген құрметін арттыра түсті. Біле білгенге, мұндай шаралардың ауқымы кең. Берері мол. Ұрпағы үшін ғана емес, жас дәрігерлер үшін де тәлімі бар, тағылымды дүние дер едік. Өйткені, дәрігер үшін білімді болу ғана жеткіліксіз.
«Алтын дәрігер» жинағында естелік айтқан азаматтардың «Тілеулес алдымен бауырмал жан болатын. Науқасқа жан-тәнімен, ықылас-ниетімен қарайтын» деген сөздерді жиі естідік. Ал ақ халаттылар ортасында «Ем-домнан да бұрын, жылы сөзіңмен, жанашыр жүрегіңмен емдейсің» деген жазылмаған қағида бар.

Тобықтай түйін: Дәрігерлердің ұстазы Орекең де, бәлкім, мына заманда адамдар арасындағы азайып бара жатқан ыстық ықыласты, жылылықты, мейірім-шапағатты насихаттағысы да келген болар. Ал өмірден өткен шәкіртін еске алу, оның ғылыми еңбегін жастарға насихаттау жұмысы, біле-білгенге үлкен адамгершілік қасиет. Үлкен жүректі азамат, дәрігерлердің ұстазы болған Оразбай Әбдіразақов жасаған осындай шаралар, сөзсіз, болашақ дәрігерлер үшін аса қажет дүние. Ғалым ұстаз, ғалым шәкіртінің еңбегін дәріптеді. Себебі, кейінгі толқын білуі үшін, тәжірибеде қолдануы үшін, жақсының атын өшірмеу үшін, ғалымның хатын өлтірмеу үшін. Ата-бабамыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді» деп бекер айтпаған.

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы