ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ БАР, ТОЗЫҒЫ БАР…

133

Көпшілік халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл дәстүрлерін білсе де, оларды күнделікті өмірде мүлдем қолданбайды. Сондықтан да біз қолданыстан шығып қалған дәстүрлердің кейбірін еске алуды жөн санадық.

Ерулік. Бұл жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі.  Жаңа көшіп келгендердің тосырқамай, өздеріне тез үйреніп кетуі үшін жасалатын ырым. Ерулік көршілердің арасын жақындастырады. Шақырушы тарап қонақтарға жылқы етінің ең сүбелі болып есептелетін қазы-қарта, жал-жаясын, сондай-ақ, қой етін тарту етеді.

Ат тергеу. Қазақ дәстүрі бойынша әйелдер күйеуінің туыстарының атын ата-маған. Бұл сыйластықтың көрінісі. Қазақ әйелі күйеуінің аға және әпкелеріне,  ет  жақын туыстарына көпшілік жағдайда «мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым» деген сияқты ат қойған.

Құрсақ той, құрсақ шашу. Бұл өзінің келінінің аяғы ауыр екендігін білген ене достарын, туыстарын, көрші-қолаңдарын шақырып, мол дастархан жаю дәстүрі. Аталған шараның мақсаты жүкті болған келіннің көңілін аулау. Үлкендер жағы болашақ анаға баталарын берсе, құрбылары, жеңгелері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Жарыс қазан. Аяғы ауыр әйелдің қиналмай босануы үшін жасалатын ырым. Ырымға сәйкес оның ет жақын туыстары, көпшілігі әйелдер қонақтарға арнап ет асулары керек. Қазанға салынған ет піскенше әйел де босанады деген сенім қалыптасқан.

Сүйек жаңғырту. Бұл құдалықты жалғастыру, яғни бір құда тағы да бір рет құдаласу дәстүрі. Дәстүр қыз бен жігіттің келісімі бойынша жүргізіледі.

Абысын асы. Бұрынғы кезде қазақ келіндері ерлерінің рұқсатынсыз көңіл көтермеген. Ерлері тойға, айтқа кеткен кезде ауылда тек әйелдер ғана қалған. Осы кезде олар дәмді еттерін асып, самаурынға шәйлерін қойып, бастарын бір жерге қосып, әзіл-әңгімелерін жарастырған. Бұл қазақ әйелдерінің береке-бірлігін, татулығын арттырған. «Абысын асы» әйелдердің татулықта өмір сүруіне тәрбиелейді.

Асату. Көпшілік аузы дуалы, елге сыйлы ақсақалдар өз қолымен табақтың түбінде қалған асты өзінің балаларына берген. Бұрынғы кезде балалар қонақ шақырған үйді айналшықтап жүрген, өйткені оларды кез келген уақытта асқа шақырып қалуы мүмкін. Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларында бұл дәстүрді насихаттаған болатын.