ДӘСТҮРЛІ ӘНДІ ДӘРІПТЕУДІ МАҚСАТ ЕТКЕН “ҮШ ҚОҢЫР”

31

Әрине, әр жанрдың өз тыңдарманы бар. Сондықтан екіге бөліп қараудың қажеті жоқ. Қазіргі кезде халық өте талғампаз. Әннің мазмұны мен сапасына қатты мән береді. Сол себепті есте қалатындай туындыны ұсыну – әрбір әншінің арманы. Ал, дәстүрлі әнші болу – кез келгеннің бағына бұйыра бермейтін бақыт. Оның құпиясын ашу үшін кілт керек. Өзге емес, өз кілті. Ол ашылмаса дәстүрлі ән өнерінің халыққа жетпейтіні де белгілі. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз – Нариман Әбдірахманов, Ерғали Ағайдаров, Айсәуле Қайырғазина дәстүрлі ән әлеміне өзіндік қолтаңбаларын, дара жолдарын қалдыруға ұмтылып жүргендердің бірі, осы мақсатта құрылған «Үш қоңыр» тобының мүшелері. Дәстүрлі әнді өмірі мен өнеріне бағдар еткен «Үш қоңыр» тобы «Алатау» театрында алғашқы концерттерін де өткізіп үлгерді. Халықтың шынайы ықыласы мен қошеметіне бөленген өнерпаздарды халық әні көкке өрлететіні анық. Өздері таңдаған жолдан жаңылмай, нысаналарына дәлдікпен қараса, үш өрен талай биікті бағындырары сөзсіз. Жауапкершілігі мен жүгі ауыр жолға түскен талантты да талапты дәстүрлі әншілердің сахна сыртындағы сырын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Qazaq»: Өнер атты алып теңізге қарай бағыт алуларыңызға не түрткі болды?
Айсәуле Қайырғазина: Әуелде басқа мамандық бойынша білім алып, мұғалім болып жұмыс істедім. Өзге де салаларда бағымды сынап көрдім. Бірақ, жаным тыныштық таппады, өзімді «мен не істеп жүрмін» деген сұрақ жиі мазалады. Содан 20 жасымда бар ерік-жігерімді жинап, Алматыға жалғыз өзім тартып кеттім. Консерваторияға оқуға түскен соң, іздеген, аңсаған өз ортама түскенімді түсіндім. Тоқ етерін айтар болсам, өнерге айналып келуімнің басты себепкері Алланың қалауы болар. Әрі әжемнің де үлкен еңбегі бар. Ол кісінің бала күнімнен термелер, жырларды жаттататыны есімде.
Нариман Әбдірахманов: Ең алғаш әнге деген қабілетімді анам байқады. Бұл анамның ақ сүтімен келген өнер. Әкем марқұм нағашым Тұрсынғазы Рахимовті өз ағасындай жақсы көрді әрі балаларының ең болмаса біреуі талантты қайын ағасына ұқсаса деп армандаған. Кішкентай кезімде, шамасы 3-4 жасымда анам құрылымы қиындау келген нағашымның «Ақбөкен» деген әнін айтып, мені ұйықтатпақ болады. Сонда анама «Бұл әнді мен айтып берейінші» деп, «Ақбөкенді» айнытпай орындап берген екенмін. Содан нағашым ауылға келгенде анашым «Мына бала саған тартқан екен, кейін әнші болады» деп, нағашыма аузыма түкірткен. Ал, әкем менің әнді бұзбай шырқауымды қадағалады. Бағыт-бағдар берді. Менен үлкен үміт күтті. Алладан кейін өнерге келуге басты себепші әкем болды.
«Qazaq»: Барлығымыз білетіндей дәстүрлі әнде әр өңірдің өз мектебі бар. Бұл мектептер бір-біріне ұқсамайды. Ал, Сіздердің ән айту мәнерлеріңізге туған жердің әсері қандай?


Айсәуле Қайырғазина: Тарихтан Ақтөбе облысындағы «Көкжар» деген жәрмеңке жайында білетін боларсыздар. Сол жерде кейін елдімекен қалыптасады. Түсініп отырғандарыңыздай, мен Батыс мектебінің өкілімін. Батыс мектебінің өкілі Мұхит Мерәліұлы сол мектептің негізін қалаған әрі халық композиторы. Көкжардан тағы атақты Мұхиттың өзі мойындаған Қызыл Тұрдалыұлы деген керемет кісі шыққан. Әбубәкір Кердері, Нұрпейіс Байғанин сынды талай таланттың туған жеріненмін.
Нариман Әбдірахманов: Шығыс Қазақстан облысы – Арқа мектебі болып саналады. Абайдан бастап ауыз толтырып айта берсек болады: Шәкәрім, бертін келе Жәнібек Кәрменов, Болат Сыбанов, өзім айтып отырған нағашым Тұрсынғазы Рахимов, Санақ Әбуов, Келденбай Өлмесековтей дарындардың кіндік қаны тамған өнер майталмандарының ордасы. Арқа мектебі негізі өте ауқымды, сонау Ақаннан бастап, Біржан, Иманжүсіп Мәди Бәпиұлылар осы мектептің негізін қалаған. Сол мектептің өкілімін және соған мақтанамын.
Ерғали Ағайдаров: Туып өскен жерім – киелі Қазығұрт. Киелі жерден киелі өнер, киелі адамдар шығады. Сол жердің тумасымын.
«Qazaq»: Дәстүрлі өнер өкілдерінің арасында өзара бәсекелестік бар ма? Жастар мен аға буынның қарым-қатынасы қалай?
Нариман Әбдірахманов: Дәстүрлі әншілерде мынадай бір түсінік бар: дәстүрлі ән айтатын әнші эстрадаға жоламау керек. Менің жеке пікірімше, ол кісілер эстрада жанрында ән айта алмайды. Себебі, эстраданың ритмі басқаша, көбіне түсе алмай жатады. Ал, біздің екі саланы да қатар алып жүруіміздің басты себебі эстраданы да, дәстүрлі әндерді де тыңдап өстік.
Содан кейін қазір үлкендер жағынан жас әншілерді қолдау, демеу жоқ. Әрине, бұл өкінішті жағдай.
Айсәуле Қайырғазина: Әрине, бәсекелестік бар. Бәсекелестік болған жерде даму болады.
«Qazaq»: Бүгінде домбыраны серік еткен топ та, трио да көп. Солардан ерекшелену үшін Сіздер қандай қадам жасап жатырсыздар?
Айсәуле Қайырғазина: Билеп үйренуіміз керек. Бұл – бір. Екіншіден, әлемдік жарыстарға дәстүрлі әндерімізбен баруымыз жөн шығар.
Нариман Әбдірахманов: «Шетелдіктерді немен таңғалдырамыз?» деген сұрақ болса, «Тек өзіміздің ұлттық өнермен ғана» деп жауап берер едім.
«Qazaq»: Сіздер үшін мемлекеттің қолдауы қаншалықты маңызды?
Айсәуле Қайырғазина: Мемлекеттің жастарға көңіл бөлуі қуаныш пен сенім сыйлайды. Костюмдеріміз толықтай театрға бөлінген қаражат есебінен тігіледі. Өз жекеменшік театрымыз бар. Әр мерекені өз деңгейінде атап жүрміз. Былайша айтқанда, қозғалыс та, нәтиже де баршылық.
«Qazaq»: Ал талапты да талантты жастардың көкке өрлеуіне не жетіспейді?
Нариман Әбдірахманов: Әрине, жарнама жетіспейді.
Айсәуле Қайырғазина: Дәстүрлі бағыттағы концерттер күнде болады. Бірақ, соны халыққа жеткізетін, насихаттайтын бұқаралық ақпарат құралдары аз. Қанша жерге барып ақ тер, көк тер болып әнімізді шырқаймыз, ал бір телеарна келіп түсірмейді. Болмашы тақырыптардың соңында жүрген тілшілерге өкпеліміз. Нені түсіріп, нені жазу керектігін айыра алмай қалған сияқты.
«Qazaq»: Жақында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шығармашылық кештеріңізді өткіздіңіздер. Бейнебаян түсірмей, бірден концерт берулеріңіздің себебі қандай?
Ерғали Ағайдаров: Әрине, бірінші орында халықтың батасын алу біз үшін маңызды болды. Содан кейін халықтың ықыласын, энергетикасын сезінуді, өзіміздің күшімізді, мүмкіндігімізді анықтауды мақсат еттік.
«Qazaq»: Топтың атауы неге «Үш қоңыр» деп аталады?
Айсәуле Қайырғазина: Біздің басымызды біріктірген қасиетті Үшқоңыр тауы болды. «Үш қоңырға кел» деген әніміз де бар.
Ерғали Ағайдаров: Жоғарыда айтқанымыз-дай үшеуміз үш жүзден тарағанбыз әрі мінезіміз де бір-бірімізге мүлдем ұқсамайды. Бізді біріктірген – өнер. Мұның барлығын жай ғана сәйкестік деп ойламаймын. Оның үстіне өнерде шекара болмайды.
«Qazaq»: Концерттен күткен үміттеріңіз ақталды ма?
Ерғали Ағайдаров: Ең бастысы, тәжірибе жинақтадық. Сосын сын естігіміз келді. Себебі, «сын түзелмей, мін түзелмейтінін» білесіздер ғой. Әрі өз өнерімізді бізге сенбегендерге, тіпті өзімізге дәлелдегіміз келді. Негізі, шығармашылық концерт беру өте қиын екен. Дегенмен, үмітіміз ақталды. Бұл әлі бастамасы ғой.
«Qazaq»: Сахна сыртындағы сырларыңызға алғыс айтамыз!

Тобықтай түйін: Дана Абай «Әнді сүйсең, менше сүй», – деп қазақтың ән мен күй құдіретін осылай жырлаған. Өйткені,  халқымыз көне заманнан бері асыл қазынасын, ұлттың бекзат болмысын, жүрек сыздатқан сағынышын, көңілдің нәзік қылын шертер сезімін, мұң-шерін осы өнер арқылы жеткізген. Ендеше, дәстүрлі әнді дәріптеу мақсатында құрылған «Үш қоңыр» тобына өнер айдынында сәтті сапар тілейміз!

Жанар Дәулетқызы, “Qazaq” газеті