ДӘСТҮРЛІ ӘННІҢ ДҮЛДІЛІ

79

«Қасиетіңнен айналдым, кешір, Домбыра!

Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?

Есі кеткенше билейтін етегін ашып,

Эстраданы қайтейін есірген мына?!»

Қалқаман Сарин

Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы. Ұлттың тарихымен тамырлас дәстүрлі әндерін даңғырлаған батыстың даңғаза музыкасы басқан заманда киелі өнердің шашбауын көтерген азаматтар халықтың қымбат қазынасын қалай сақтап қалмақ? Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай сынды дәстүрлі ән өнері көшбасшыларының асыл мұрасын жалғаушылар да жоқ емес. Соның бірегейі, дәстүрлі әнші, «Мен қазақпын» тележобасының жеңімпазы Бейбіт Мұса – «Жәшіктегі жұлдыздың» бүгінгі кейіпкері. 

Бес жасында «Бозторғай» деп ән салған

1984 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қоғалы өңіріндегі Тастыөзек деген жүз түтінді шағын ауылда дүниеге келген Бейбіт Мұса балабақшадан бастап өнерге құмартып өседі.

«Қолына домбыра ұстаған балаға имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады» – деген нақыл сөзді ескерген анасы күні-түні домбыраны дыңғырлатып, ыңылдап әндетіп жүретін өнерге бейімі бар баласын баптауға күш салады. Мектеп табалдырығын аттаған талантты ұлын түрлі жарыстарға қатыстырып, талабын ұштайды.

«Балабақшада жүрген төрт-бес жасымнан ән айта бастадым. Сол кезде Алтынбек Қоразбаев ағамыздың Мейрамбек Беспаев орындайтын «Бозторғай» әнінің шыққан кезі. Оны Мейрамбекке қосылып айтпаған қазақ баласы жоқ шығар. Соны төрт жасар мен де жиырма бес шумағын радиодан естіп жүріп жаттап алдым.  Наурыз мерекесінде «Бозторғайды» айтамын деп қоймай, әпкеме домбырада әуенін тартқызып, өзім сол жиырма бес шумақты айтып шығып, үлкен апа-аталардың батасын алғаным әлі есімде. Өнерге деген махаббат болар, бес жасымда домбыраны өз бетімше үйрендім. Әке-шешем де мұғалім. Анам он бір жыл бойы маған сабақ берді, сынып жетекшім болды. Өнер жолына баулыған алғашқы ұстазым – анам.  Ол кісі  бала кезден қазақша костюм кигізіп, Тазша баланың, Жиренше шешеннің, басқа  да кейіпкерлердің сөзін жаттатқызып, қолымнан жетектеп жүріп түрлі жарыстарға қатыстыратын. Әндердің сөзін тек радиодан жазып алып жаттап өстім. Бір әннің мәтінін алу үшін бір апта уақыт кететін. Он бірінші сыныпты аяқтағанша бүкіл ауылдың «гүлі» болдым», – дейді балалық шаққа саяхат жасаған Бейбіт Мұса.

Арқа әнін «арқаланып» айтқан әнші

Тастыөзек орта мектебін тәмамдаған он жеті жастағы Бейбіт Мұса Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға тапсырады. Ешқандай музыкалық білімі жоқ ауыл баласының бойындағы табиғи талантын, ерекше дарынын  аңғарған мамандар үлкен өнер ордасында білім алуға мүмкіндік береді. Консерваторияға түсу кезіндегі қызықтарын кейіпкер бүгінде күліп еске алады: «Еркем-ай», «Гүлдариғай» сынды қарапайым халық әндерін, содан кейін Кенен атамыздың, Алтынбек Қоразбаев ағамыздың әндерін орындап жүріп консерваторияға бардым. Қайрат Байбосынов, Қанат Құлымжанов, Ардақ Исатаева сынды танымал аға-апаларымыз емтихан қабылдап отыр екен. «Қай өңірдің баласысың?» – деп сұрады алдымен. «Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Тастыөзек ауылынанмын», – дедім. «Елің кім?» – деді. «Арғынмын», – дедім. «Түһ, ол өңірде қайдан жүрген арғынсың, жарайды, ендеше арғын болсаң, Арқаның бір әнін орындап берші?» – деді ағалар. «Арқаның» дегенді «арқаланып» деп түсіндім де, «Алтынбек Қоразбаевтың әні «Жан ана», – дедім. Негізі, Рүстем Қоразбаевтың әні ғой. Әнді хабарлағаным сол еді, аға-апайларым күлкіге көміліп қалды. Ұстазсыз үйренген әнім ғой, өзімше орындап шықтым. «Ой, шіркін-ай, тағы бір Арқаның әнінен жіберші, қане?» – деді езулерін жия алмай. «Ойбай-ау, менің орындауым ұнап жатыр екен, өтіп тұрмын-ау» деп ойлап қоямын іштей. «Алтынбек Қоразбаевтың әні «Шашбаулым», – деп хабарлап, оны орындап шықтым. Ұстаздарым одан әрмен қыран-топан күліп жатыр. Ештеңені ұқпаған соң, ұялмайсың да. «Мына баланы ала сайықшы?» – деді Ардақ Исатаева апайымыз күлкісін тия алмастан. Талабыма қызығып, «ары қарай өзіміз тәрбиелеп аламыз» деп отыр екен ғой. «Енді он күннен кейін негізгі емтихан болады, сен сол күнге Кенен атаңның «Бозторғайын» дайындап кел», – деді. Он күннен кейін Кенен атамыздың әндері мен Қапез Байғабыловтың «Үш Меркі» әнін дайындап барып, сыннан өткенмін. Музыкалық еш білімім болмағандықтан, алдымен екі жылдық дайындық курсына қабылдандым. Бас-аяғы 6 жыл оқып, «Жетісу ән-жыр мектебі» бойынша бітірдім».

Ауылдан арман қуып келген бозбала Бейбіт консерваторияда өткен 6 жыл ішінде қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен өмірі, тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық-әлеуметтік қатынастары, жалпы ұлттық болмысы көркем көрініс тапқан дәстүрлі ән өнерін терең меңгерді. Өнерлі ортада майталман мамандардан шеберлігін шыңдап, танымын кеңейтіп, тәжірибе жинаған Бейбіт Мұса дәстүрлік әншілік өнердің айтылу және құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты түрлі мектептерге бөлінетінін біліп, әр өңірге тән әншілік мектептердің қыр-сырына қанығып, ән-қоржынын мол қазынаға толтырып шығады.

Байқауда бағы жанған Бейбіт

Консерваторияда оқып жүрген Бейбіт Мұса әртүрлі байқауларға қатысып, бақ сынайды. 2005 жылы Кенен Әзірбаев атындағы республикалық байқауда дипломант атанып, араға екі жыл салып қайта қатысып,  бірінші орыннан көрінеді. Бағы мен бабы қатар шапқан Бейбіт сол жылы «Кел, еркем, Алатауыма» атты Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқауда да жеңіс туын желбіретеді.  2006 жылы «Алматы – жастар қаласы» фестивалінде гран-при иегері  атанады.

2008 жылы оқу бітірген дәстүрлі әншіні сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Талдықорған каласындағы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына арнайы жұмысқа шақырады.  Сол  жылы «Қазақстан» ұлттық арнасында «Сегіз кырлы» бағдарламасы ашылып, эфирде төрт жыл бойы көрсетілген тележобаға төрт жыл үзбей катысып, көрермендер үздік деп тауып, жеңіс тұғырынан көрінеді. Ал 2009 жылы «Ұлы дала ойындары» байқауының бірінші орын иегері болып, 2011 жылы «Ән керуен» бағдарламасының бас жүлдегері атанады.

Қазақтар ән салады, басқа жұрт тамсанады

2010 жылы Бейбіт Әміржанұлы Шанхай қаласында өткен ЭКСПО көрмесінде қазақстандық делегациямен барып, өнер көрсетеді. Бір жарым айдай Шанхай каласында ұлттық көрмеде қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттайды.

«Ең алғашқы шетелдегі гастрольдік сапарым – Шанхайдан басталды. Ең сәтті өткен көрмелердің бірі – ЭКСПО-2010 көрмесі дер едім. 192 мемлекет пен 50-ге жуық ұйым қатысқан бұл шараны көзбен көргендіктен, ерекше әсер алдым. Жалпы «өнерде тіл жоқ» дейді ғой, соған сол жерде көзім жетті. Сахнада «Сары бидай» әні мен «Тік шырқау» әндерін орындап бола бергенімде, қытайлық таяққа сүйенген қария келіп, ақшасын ұстатып, сыйлығын берді. Тіл білмесек те ымдасып түсіністік. Жымиған жүзінен өнерге деген құрметін көрдім», – дейді әнші таңданысын жасырмай.

Ұлттық аспаптарын арқалаған қазақ өнерпаздары 2012 жылы Оңтүстік Кореяның Йосу қаласында өткен көрмеге қатысады. Төрткүл дүниеден жиналған жұрттың алдында қазақтың күйін күмбірлетіп, әнін әуелеткен өнерпаздар құрметке бөленеді. Ол сапар туралы Бейбіт Мұса былай дейді: «Йосуда үш жарым ай жүрдік. Менен басқа әріптестерім домбырада, түрлі аспаптардың құлағында ойнайтынын көрсетті. Күніне отыз дәстүрлі ән айтатынмын. Сонда үш айдан астам уақытта 300-дей ән салып әбден машықтанып алдым. Бұл жерде керемет тәжірибе алмасып қайттым».

Бұдан кейін 2014 жылы Каир қаласына (Египет) гастрольдік сапармен барған қазақ өнерпаздарын  Хургада қаласының Губернаторы арнайы шақыртып: «Қазақ қандай рухты халық! Киген киімдері қандай ерекше! Өнеріне тіптен тәнті болдым», – деп ризашылығын білдіреді.

2014 жылдың жазында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы үлкен  Карнеги-холл залында Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Қосанова, Медет Шотабаев бастаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрімен бірге Бейбіт Мұса да барып кіл мықтылармен иық тіресе концерт қояды. Осы құрам АҚШ астанасы Вашингтонда Джон Кеннеди залында концерт береді.

«Сол концертте Стивен Сигал, Боло Янг сынды голливудтың актерлары алдыңғы қатарда отырып, бізге ұзақ қол шапалақ құрмет көрсеткені есімде қалыпты. Сол залда тұрып бала кездегі «үлкен сахнада өнер көрсетсем ғой» деген арманымның орындалғанына таң қалдым», – деп ағынан жарылды Бейбіт Әміржанұлы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Халқымыздың ән мұрасы негізінен домбыра аспабының сүйемелдеуімен дамыған. Осындай өзіндік дәстүрлі сүрлеу салған қазақ ән өнері «Жан серігім – домбыра» дейтін Бейбіт Мұсадай дәстүрлі әнші барда, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғаса бермек.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті