ЕКІНШІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АГРОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ САММИТІНДЕ ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫПТАР ҚОЗҒАЛДЫ?

9

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық бағытта дамыту тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университеті жыл сайын Орталық Азия агротехнологиялық саммитін ұйымдастырып келеді.

ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хабтың ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 8 желтоқсан күні Алматыда «Intercontinental Almaty» отелінде кезекті «Central Asian AgTech Summit‘2017» – екінші Орталық Азия Агротехнологиялық Саммиті өтті.
Халықаралық саммит жұмысы цифрлі технологияларға негізделген ауыл шаруашылығы, экономиканың аграрлық секторындағы әлемдік тенденциялар, агробизнесте стартап жобаларды іске асыру, ауыл шаруашылығындағы маркетинг, мемлекеттік қолдау және аграрлық білім беру мәселелеріне арналды. Саммит бағдарламасында тақырыптық панельдік сессиялар, дөңгелек үстелдер, стартап-жобалармен таныстыру, нақты кейстер ұйымдастырылды.
Агроөнеркәсіптік кешеннің келешегін сарапқа салған саммитке 137 жетекші кәсіпорын мен агроқұрылым, 108 мемлекеттік мекеме, 102 бизнес-құрылым, 44 ҒЗИ, 26 қаржы институт өкілдері, АҚШ, Германия, Қытай, Австрия, Жапония, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Италия және ТМД елдерінің жетекші ЖОО мен ғылыми орталықтарының мамандары, магистранттар, докторанттар қатысты.
Саммит қорытындысы бойынша отандық АӨК-ті инновациялық бағытта дамыту бойынша арнайы ұсыныс әзірленіп, ҚазҰАУ базасында озық білім мен ғылым трансфертін тартуға жаңа мүмкіндіктер беретін тұрақты бағдарламаларды іске асыру бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы мақұлданды. Саммит қатысушылары республиканың барлық өңірлерінде ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хаб филиалын құру туралы аймақ басшыларының ұсынысын бірауыздан қабылдады.
Халықаралық саммиттің негізгі ұйымдастырушысы – Агротехнологиялық хаб бүгінде шетелдік әріптестермен тығыз-қарым-қатынас орнатып, әлемдік стандарттарға сай, бірлескен инновациялық жобаларды тиімді жүзеге асыратын халықаралық инновациялық зерттеу орталығы болып табылады.
Қазіргі уақытта Агрохабтың ауыл шаруашылығы ғылымы мен технологиялары бойынша АҚШ ауылшаруашылығы департаменті, Колумбия, Корнель, Мичиган университеттері, Италияның тұрақты ресурстар мен жаңа технологиялар агенттігі сияқты ірі орталықтармен әріптестікті жан-жақты дамытып, Азия, Еуропаның даму және Дүниежүзілік банктерімен байланыс орнатты.
Университеттің аталған бағыттары бойынша ғылым, білім, өндіріс интеграциясын дамытуға негізделген жүйелі жұмыстарында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау көрсетіп келеді.
Саммит жұмысын ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик, ҚазҰАУ ректоры, академик Есполов Тілектес Исабайұлы маңызды жиынның модераторы ретінде агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық бағытта дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады. Ректор өз сөзінде агроөнеркәсіптік кешеніндегі әлемдік тенденцияларға тоқталып, саладағы жаңа білім мен ғылым трансфертін тиімді іске асыру және заман талабына сай ауыл шаруашылығын цифрлі технологиялармен қамтамасыз ету мәселелерін атап көрсетті.
Пленарлық отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.И.Мырзахметовтың атынан – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Е.Көшербаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының орынбасары М.А.Құл-Мұхаммедтің атынан – «Нұр Отан» партиясының идеологиялық мәселелер бойынша хатшысы Ф.Қуанғанов, Алматы қаласы әкімі Б.Қ.Байбектің атынан – орынбасары А.Мәдиев сөз сөйлеп, саммит жұмысына табыстар тіледі.
Сонымен қатар, ҚР Парламент Сенатының депутаты А.Нұралиев, Мәжіліс депутаты И.Смирнова, Қазақстанның ӘӘК генерал-майоры, Қазақстанның Халық қаһарманы, Қазақстандық ғарышкер А.Айымбетов сынды тұлғалар да өз тілектерін жеткізді.
Пленарлық отырыста АҚШ президенттері Джордж Буш пен Барак Обаманың технологиялар жөніндегі экс-кеңесшісі, доктор Томас Селлучи ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа технологияларды коммерцияландыру үшін, ең алдымен, тұтынушылармен өзара тиімді серіктестікті орнатып, аграрлық нарық қажеттіліктеріне бейімделген әзірлемелерді ғана ұсыну қажеттігін атап өтті. Коммерцияландыруды тежеуші факторлардың бірі – ғылыми зерттеу нәтижелерінің өндіріске қол жетімсіздігі. Оның айтуынша, коммерцияландыруға тек жаңа технологиялар мен жаңа өнімдер ғана жатады және оларды өндіріске жедел енгізіп отыру керек.
Қазақстандағы Азия даму банкінің Тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли саммитке қатысушыларды АӨК-ін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған банк бағдарламаларымен таныстырды. Ол тәжірибемен алмасу алаңына айналып, шұғыл жағдайларда жедел әрекет етуге қажетті ақпараттар ағымымен дәл уақытында алмасуды қамтамасыз етеді.
Агротехнологиялық хаб директоры Марат Бексұлтанов жаңа технологияларды іздеуге, тартуға және әзірлеуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыруға, ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға, аграрлық сектордағы жаңа технологияларды импорттауға басты назар аударды.
Мичиган штаты Университетінің жаһандық өзгерістер мен Жерді бақылау Орталығының жетекшісі, Қытайдағы бағдарламалар офисінің директоры Джиягуо Чи саммитке қатысушыларға климат өзгерісінің су, энергетика ресурстарына және ауылшаруашылық өнімдерді өндіруге әсер ететіні туралы айтты. Оның ойынша, 8 жаһандық мәселе бар. Ең басты мәселе – табиғи ресурстардың шектеулігі жағдайында бүкіл жер тұрғындарын тамақтандыру қажеттігі. Ол әлеуметтік-экономикалық жүйедегі жаһандық өзгерістердің болып жатқанына, сондай-ақ Арал теңізі мәселесімен қатар, басқа да жедел шешімді талап ететін өзекті сұрақтарға тоқталды. Бұл мәселелерді шешу үшін білімнің әр түрлі саласындағы интеграцияланған прогрессивті идеялар, инновациялық тәсілдер мен технологиялар қажет.
Бұл тақырыпты Азия Даму Банкінің кеңесшісі Пламен Бозаков (Lahmeyer International GMBH, Германия) жалғастырып, ол су ресурстарын басқарудың интеграцияланған әдісі туралы айтты.
АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұлттық ресурстарды сақтау Агенттігінің орман және жайылым гидрологиясы бойынша жетекші доктор Кен Спает АҚШ-та жайылымдық жерлерді бағалау және мал азығы ресурстарын басқарудағы цифрлы құралдарды қолдану (жайылымдық гидрология мен эрозияның моделі, топырақ құрамын зерттеу және т.б.) туралы әңгімеледі.
АҚШ-тың Мичиган штаты Университетінің жаһандық өзгерістер мен Жерді бақылау Орталығының профессоры Джикуан Чен өсімдік шаруашылығындағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған сұрақтарға тоқталды.
АҚШ-тың Корнель университетінің өсімдіктерді генетикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі Дженнаро Фазио корнель селекциясының ең үздік екпелері негізінде ҚазҰАУ-дың Агрохабымен бірлесіп «virus free» алмасын отырғызу материалының тұрақты өндірісі үшін тәлімбақ құру бойынша ғылыми жобасы туралы айтып берді.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Инвестициялық Орталығының агробизнес бойынша жетекшісі Инна Пунда Қазақстан үшін де өзекті болып табылатын сүт сапасының мәселелеріне тоқталды. Ол ҚазҰАУ базасында сүт өнімі сапасын стандарттау және сүттің сапасы бойынша референттік (төрелік) зертхананы құру қажетілігін атап айтты. Ол үшін университетте біліктілігі жоғары және тәжірибесі мол кадрлар жинақталған.
«Агробизнесті қаржыландыру және оны дамыту» сессиясы қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің (ЕҚДБ) өкілдері Решетник Т. және Калмаматова Н. банктің фермерлерді және ауылшаруашылық тауарөндірушілерді өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда шағын бизнестің дамуына ықпал ету бағдарламаларымен таныстырды және банк пен аграрлық кәсіпорындардың ынтымақтастығының оңтайлы мысалдарымен бөлісті.
«Полимедиа» ЖШС ақпараттық жүйелері бағытының жетекшісі Николай Муравьев (Ресей) ауылшаруашылық нысандарын тиімді басқару үшін цифровизация бойынша жағдайға байланысты орталықты (ситуационный центр) құру және оны пайдаланудың келешегі бар екенін атап айтты.
«Almaty Tech Garden» компаниясының басқарушы директоры Асқар Айтуов өз баяндамасында АӨК үшін кадрларды дайындау туралы, яғни болашақ маман өзі таңдаған мамандығына қарамастан, нарыққа дайын кәсіпкер болып шығуы қажеттігін айтты. Бұған ҚазҰАУ-дағы стартап-жобаларды ұйымдастыру ықпал етпек.
Саммит жұмысы барысында проректор Қанат Искаков жетекшілік ететін Еуразия технологиялық университеті стартаптары және MOST Бизнес-инкубаторының жетекшісі Алима Хамитованың жобалары көрсетілді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» аясында «Даму» Қоры ауылшаруашылық өнім өндірісі мен өңдеу саласында шағын және орта бизнесті қолдау құралдары туралы баяндады.
«EurasiaGroup» компаниясының өкілі Василий Деменков «Нақты егіншілік: ақылды техниканы қолданудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы ауылшаруашылық менеджмент жүйесін ұсынды. Аталған жүйені қолдану өндіріс үрдісін барынша жоғары деңгейде басқаруға, жоспарлауға және талдауға, еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік туғызады.
«Apple World» ЖШС жобалау менеджері Арсен Рысдаулетов «Apple World» мысалындағы үдемелі бақша шаруашылығы» баяндамасында жыл сайын үш оңтүстік облыста мыңдаған гектар аумаққа алма, жидек, сүйекті дақылдар отырғызылады. Бұл жерде отырғызылатын көшеттің сапасы, үдемелі бақша шаруашылығының мамандармен қамтамасыз етілуі, өсімдік қорғау құралдары мен фертигация әдістерінің орны зор. Жеміс шаруашылығын кеңінен тарату және дамыту мақсатында Агротуризм, «Алманың гүлдеуі», «Алма өінімі», «Жеміс-көкөніс Pop-Up жәрмеңкелері» секілді үгіт насихат шараларын ұйымдастыру қажет.
Қазақстандағы Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев елдегі мал шаруашылығының даму жағдайы туралы баяндады. Бүгінде мемлекет те, инвесторларда осы саланы қолдауда.
Орталық Азияның Өңірлік экология орталығы бағдарламаларының менеджері Тахмина Азизова өңір экономикасының даму мәселелеріне тоқталды.
Саммит барысында мамандар инновациялық идеяларын ортаға салды, ноу-хоу жаңалықтар көп болды, әрбір қатысушы көкейіндегі сұраққа жауап тапқан шын мәніндегі іскерлік пікір алмасу болды. Әлемдік деңгейдегі білікті мамандармен бірлесе атқарылып отырған мұндай ауқымды шаралар еліміздегі ауылшаруашылық өндірісті тұрақты дамытуға, әлемдік нарыққа шығатын, экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті өнімді арттыруға ықпал етіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге едәуір септігін тигізбек.
Саммит қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметіне отандық АӨК-ті инновациялық бағытта дамыту бойынша арнайы ұсыныс әзірленіп, ҚазҰАУ базасында озық білім мен ғылым трансфертін тартуға жаңа мүмкіндіктер беретін тұрақты бағдарламаларды іске асыру бойынша АҚШ Ауылшаруашылығы министрлігінің (USDA) ұсынысы мақұлданды. Саммит қатысушылары аймақ басшыларының республиканың барлық өңірлерінде ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хаб филиалын құру туралы ұсынысын бірауыздан қабылдады. Үшінші Агротехнологиялық саммит келесі 2018 жылдың желтоқсанына жоспарланды.

Үкілай КЕРІМҚЫЗЫ,
ҚазҰАУ Стратегиялық зерттеу
және агробизнес орталығының жетекшісі, экономика
ғылымының докторы, профессор