ЕЛБАСЫ АСТАНАДАҒЫ ЖАҢА МЕШІТКЕ БАРДЫ

27

Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы қарсаңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының Сарыарқа ауданында орналасқан жаңа мешітке барды.

Мемлекет басшысына қайырымдылық мақсатпен жинал-ған қаражат есебінен тұрғызылған жаңа мешіттің салыну барысы, сондай-ақ осы ғимаратты электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері жөнінде мәлімделді.
Айта кетейік, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған.
Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыртқы дизайны гүлді әрі алмастың қырларын еске салады.
Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол «қалам» – «қасиетті қауырсын» түрінде бой көтерген.
Жаңа мешітті энергия қуатымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері қажетті мөлшерден үш есе көп электр қуатын өндіреді.
Мешіт ғимаратының ауданы – 2 248 шаршы метр. Орналасқан жердің ауданы – 1,44 га.
Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған.