«ЕЛЕС ҚАЛА». «ЖЕТІ РЕТ ӨЛШЕП, БІР РЕТ КЕСЕТІН» ҚЫТАЙ КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚАТЕ ШЕШІМІ

73

Қытай Халық Республикасында 1,4 млрд халық тұрады, яғни әлем халқының 18,6 пайызы осы елде шоғырланған. Дегенмен, әлем халқының 17,9 пайызы тұратын Үндістандағыдай өлместің күнін көріп отырған қытайды кездестірмейсіз. Керісінше «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» қытайлық менталитет әлем экономикасын тығырыққа тіреген дағдарыс жағдайында да өз есептерінен жаңылмай, байсалдылықпен ел игілігін еселей білді. Қытай Коммунистік партиясының сәтті жүргізген реформалары мен дер кезінде жүзеге асырған бағдарламалары ел экономикасын АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шығарды. Дұрыс экономикалық саясат ұлт экономикасының да тұрақты өсімін қамтамасыз ете алды. Соның нәтижесінде Қытай билігінің алмаған асуы мен бағындырмаған биігі кемде-кем. Алайда Қытай Коммунистік партиясының 2003 жылы Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында жаңа қала салу бастамасы «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтынын» тағы бір дәлелдеді.

ТҰРҒЫНЫ ЖОҚ ҚАЛА

Ордос – Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданындағы су жаңа қала. Көмір сатудан ерекше байлыққа кенелген жергілікті билік 2003 жылы тұрғындар мен инвестиция тарту мақсатында жаңа қала салуды қолға алды. Жеті жылда тақыр жерде 1 миллион тұрғынға арналған заманауи қала пайда болды. Бүгінде қаланың ауданы – 350 шаршы километрді құраса, халқының саны 100 мыңға да жетер-жетпес. Тіпті, қыруар қаржыға салынған тұрғын үйлер мен ғимараттардың 90 пайызы қаңырап бос тұр.

Ордос – әлемдегі ең үлкен «елес қала». Көшелер мен алаңдарда тірі пенде жоқ, қаңырап қалған кеңселер және сауда орындары. Көпқабатты үйлер қоныстануға асықпайтын тұрғындарын күтуде. Бағдаршамдарда «жасыл» мен «қызыл» ауысып жұмыс істейді, бірақ қиылыстан өтер ешкім жоқ. Кейде, өте сирек, бірен-саран жаяу жүргіншілер байқалады. Талапқа сай олар сарғыш киім киеді және маңайды тазартумен айналысады.

«Мұнда опат болған адамдар жайлы кино түсіруге болады» деп жазыпты саяхатшы Александр Беленьский.

Иә, халқы көп Қытай үшін бұл таңсық жағдай!

ҚАЛАҒА НЕГЕ ЕШКІМ ҚОНЫСТАНБАЙДЫ?

Рас, бұл заманауи жаңа қала. Тек тұрғын үйлерді салумен шектелмей, бірден барлық инфрақұрылымды қамтитын дүкендерді қоса есептегенде кеңселер мен саябақтар да тұрғызылған. Моңғолдың ұлттық стиліндегі саябақты «күшті жылқы», «әділетті хан», «төзімді түйе» бейнелеріндегі ескерткіштер әрлей түседі. Саябақтың басқа жағында орналасқан дәл осындай ескерткіштер алтын түсте жасалған. Кітапхана, мұражай, стадион, ойын-сауық, сауда орталықтары, мектеп, аурухана – халыққа қажетті ғимараттардың бәрі де бар. Сонда мұнда неге ешкім қоныстанбайды? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Біріншіден, Ордос қаласы салынған Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында 25 миллион халық тұрады, 1,4 млрд халқы бар Қытай үшін бұл өте аз көрсеткіш, яғни бұл аймақта халық аз шоғырланған. Қарапайым тілмен айтқанда, Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданындағы халық арасында жаңа қалаға сұраныс жоқ.

Екіншіден, халық  арасында баспанаға  сұраныс  болғанымен жаңа  қаладағы  баспананың құны тым қымбат. Қолда бар мәлімет бойынша, Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданында орташа айлық – 400-500 доллар, ал Ордостағы жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі – 4-4,5 мың доллар тұрады. Баспананы одан да арзан сату инвесторлар үшін тиімсіз.

БАСЫ ҚАТҚАН ИНВЕСТОР

Қытай билігі мен инвесторлар бұл қаланың құрылысына қыруар қаржы жұмсаған. Олар қыруар қаржының құмға сіңген судай жоқ болып кетпеуі үшін әлі де шығындалып жатыр. Өйткені, қаланы қараусыз қалдыруға болмайды, ал қаланы ұстап тұруға кететін шығын шаш етектен. Мәселен, тазалық, жылу, жарық, күзетке кететін айлық шығын 10-12 млн долларға жетеді.

Болашағы   бұлыңғырлана   бастаған    Ордос қаласы  Қытай Коммунистік партиясының бас ауруына айналғаны жасырын емес. Бірақ, ел билігі қол қусырып отырған жоқ.

Баспананың бағасын жылдан жылға арзандатып жатыр. Үйсіз жүрген 25 мыңға жуық бұрынғы әскери қызметтегілерге үй берді. Әйтсе де, бұл теңізге құйған тамшыдай үлес, қала халқының саны 1 миллионға жету үшін әлі 40-50 жыл керек екен.

Тобықтай түйін: Қытайдағы 1,4 млрд халықтың басым бөлігі елдің орталық, оңтүстік және шығыс бөлігінде шоғырланған, ал батыстағы Шыңжаң-Ұйғыр мен солтүстіктегі Ішкі Моңғолия автономиялық аудандарында халық саны аз (қытайлық көрсеткішпен). Соған сәйкес, бүгінгі күні аспан асты елінде урбанизация үдерісі бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Яғни, Қытай билігі тығыз қоныстанған орталық, оңтүстік және шығыстағы халықты батыс пен солтүстікке көшіруді көздейді. Ордос қаласы сол мақсатта салынды. Бірақ, билік жаңа қаланы салуда асығыстық танытты.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq»  газеті