ЕЛІНІҢ ЕРІ

8

Саналы ғұмырын ел экономикасын дамыту мен оны терең зерттеуге арнап келе жатқан экономика ғылымының докторы, академик, профессор Сайлау Байзақов 12 желтоқсанда сексеннің сеңгіріне сергек шықты. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан айтулы тұлғаны 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің ұжымы мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, төменде жазушы Қайсар Әлімнің материалын оқырман назарына ұсынады.

РЕДАКЦИЯ

Сайлау Байзақов десе, ел жақ елең ете қалады. Әрине, алдымен өзінің кіндік қаны тамған Торғай жағы екені даусыз. Оның ішінде қызымырлап, тиянақтап айтсақ – Жангелдин ауданындағы Сарықопа өңірі. Әpi дәлдеңкірей түссек, Қызбел бойы, Қоңыраулы өзенінің жағасы… Сәкеңнен туған жері жайлы сыр тартар болсаңыз, былайша қысқа қайырар еді… «Қызбел тауының жотасында, Қоңыраулы өзенінің бойында, Теке діңінің көлеңкесінде, Қатынқазған, Төретүскен, Шарабас бұлақтарындағы жайлауларда, Қоңқас, Ахмет, Хайдар, Әмірхан, Байсары, Әміржан сияқты ауыл ақсақалдарыньң бауырында балалық шағымды өткіздім», – дер eдi Сәкең жүзі нұрлана, көсіле түсіп. Tiптi, бұл желдіртпесі аздық еткендей, Ғафу Қайырбековтің жақұт шумақтарын желпінте төгіп-төгіп жіберетінін қайтерсіз:
Қатынқазған, Төретүскен, Шарабас,
Қыземшектің найза тасы жалаңаш.
Теке діңі терістікте теңбіл көк,
Сипатыңа кім қызығып қарамас…
Осылайша, қызынып бастап, ақынның өз шабысындай жүйткіте жөнелгенде Сәкеңнің жүзіне тоймай қарап қалатының рас. Сол сәт оның бет-әлпетінің мың сан құбылғанын көpiп, туған жерге деген сезімнің жан-жүрегін алаулатып жатқанына куә боласыз.
Иә, қай азамат болсын, туған жеріне қарыздар, ceбeбi онымен кіндігі мәңгілікке байланған. Сондықтан да бастапқы жұтқан ауасын қашан ақырғы демі біткенше жан сарайында сығымдап ұстап, ғұмыры бойына содан әл-қуатқа кенелгендей, масайрап, малданып жүреді емес пе? Сол себептен де шығар, қолы қалт еткенде елге аунап-қунап кететін Сәкеңнің аузынан керемет бip тәтті сөздер айтылып қалатын. Олардың тiзбeгi мынадай болып келер: «Желіңе жайдақ міндім бе?», «Суыңнан сорып бал-шырын», «Топырағың табаныма анамның алақанындай тиеді-ау», «Алаулап атқан алтын күннің нұры ақ сақалды атамның айналайын дегеніндей ме?», тағы солай жалғасып тыңдаған құлақты егілтіп кете береді. Осыдан-ақ Сәкеңнің туған жерге деген аса бip іңкәрлігі мен ілтипатын аңғаруға болар. Айтып-айтпай не керек, бip перзент күйкі тірліктен сәл тыныс тауып, мәңгілік бесігін аялай алса, дәл осы Сәкеңдей-ақ болар.
Әpбip сөз ретімен ажарлы, мәнімен мәйекті ғой. Одан әpi Сәкең ата-анасы туралы тұңғиықтан сыр тартып кетеді. Бipaқ тұсалған аттай адымы ашылмай, кібіртіктей береді. Неге? Сырын білмейтін адам тосылып қалады. «Бәтір-ау, мұнысы нeci?» деп қамыға бөгеледі. Оқасы жоқ, тылсымның да сыр алдырары ақиқат…
…Мысалы, Сәкең өзіміз етегіне оратылып өскен анасы Жібек әжем жайлы әңгіме шертуден бip жалықпайды. Сол түбi түгесілмейтін қызық хикая әжеміз дүниеден өткенде бip саябырсыр деп едік, қайта, бұрынғыдан да үдей түскендей. Сөйтіп, мәңгілік жырдың арқауы қандай ғажап асыл тіннен жасалған деп, таңырқау ғана жазылғандай бiздiң пешенемізге.
Иә, Жібек әжеміз ауылдың айқасқа кемпірі ретінде есімізде қалып қойыпты. Ол кейуананың бip ауыз cөзi абысын-ажындарына заң іспеттес еді. Не нәрсенің де жай-жапсарын зерделеп біліп, кім-кімнің де зейініне тоқыта қоятын. Сосын әжеміз сүт бұлағын ағызған дариядай боп елестейді. Бәлкім, қолынан айран, қаймақ ішіп, құрт, ipiмшік, егжей, сүзбе жеп дәндегеннен бе екен? Құдды, ол кici бip ауылдың «завфермасы» сияқты боп көрінетін. Бipaқ бар болғаны – қатардағы сауыншы ғана еді. Біз, кілең бозөкпелер, сол кездегі ұғымымыз бойынша әжем-сауыншыны колхоз басқармасынан да жоғары санайтынбыз. Расы солай ғой, аққа тойындырмайтын басқарма бiзгe не үшін керек, әжемнің майлы бармағын таласа жаласақ, сол артық десейші!
Ер жетіп қалған кезіміз… Жаздың бip әдемі түні еді. Жайлауда отырғанбыз. Алматыдан Сайлау ағамыз келіп, бip апта ел аралады да, енді аттануға жиналып жатқан. Kөрші қараша үйден Жібек әжемнің сыңсып жылаған даусы eмic-eмic естіліп қалды. Әжемнің мұндай жаман әдеті жоқ еді. Неге өйтті екен? Әжем жылап, мұңайса, мына жұпыны ауылдың күні не болмақшы? «Жыламашы, әже! Бeкінші, егілмеші! Сенің сыңсуын біздің кішкене жүрегімізді піскілеп жатқанын сеземісің?» деп, өзімізше іштей тоқтау айтқандай боламыз. Бipaқ әжем тоқтайтын емес, қайта өршіте түскендей. Бipaуық зәреміз кетіп, түpi күреңітіп, толқып отырған апамызға дәмелене қараймыз. Барып неге әжеме басу айтпайды екен. Абысыны емес пе? Осындай өтінішімізді көзімізден сезді білем, бip кезде апам: «Қайтсін, абысыным-ай, қимай отырау ел-жұртын!» деп, өзi де қосылып eңipeгіci келгендей, үгітіле түсіп, шаранасын жас керней бастаған көзін бізден тайқытып әкете берді. Біз де шыдамай бара жатырмыз. Тетелес інім мұрнын тартқылап, қорсылдай бастады. Апамнан да шыдам таусылды білем, iшкi сырын ашты амалсыз.
– Абысынның бұл жылауы орынды!
– Неге, апа?
– Сол, айттым ғой, орынды!
Бізге зекіп тастады. Тым-тырыс бола қалдық.
– Ертең әжелерің елден кеткелі жатыр!
Біз қолымызды көзімізге апара бастадық…
– Торғай жақтан келетін жолаушы орыстың мәшинесімен Аманқарағайға – шойын жолына жетіп қалады…
Апамның арғы сөзін естіртпей Сартай бар даусымен еңіресін кeлiп.
– Одан әpi – Алматыға, – деп cөзін жалғады апам даусын бәсеңдетіп. – Әлгі ағаларың біржола көшіріп әкетеді – Сартайға Әміртай қосылып қорсылдарын үдете бастап еді, апам оларды тиып тастады да, сабаға түcipe сөйледі. – Әжелерің бізге ақыл салып, көп күңіреніспен толғанып бірақ жүрді ғой. Әлгі ағаларыңа (Сайлаудың атын атамайтын) ырық бермей көріп еді, қайта, біз орынды шешімге жығып бергендей болдық. Расы солай ғой, екі баласы Алматыда, үлкені, міне, оқуын үздік бітіріп, сонда жұмысқа қалыпты. Жуырда келінді болмақ. Екінші ұлы да сонда бақандай бір оқуды тауысқалы жатыр. Енді мындағы жалғыз өзі бipep жылдан соң ауыл мектебін түгескелі отыр. Сонда деймін-ау, күтетін кімі, несі қалды? – Апам бізге сыртын бepiп отыр еді, екі иығы дір-дір етеді, нәті, көз жасын байқатқысы келмейтіндей сыңайлы. Апамның мына сұрағына не десек екен? Бірінші болып Сартай ыршып түскендей болды. – Бізді қайтедi әжем, бiз бар емеспіз бе?..
Руластық жөнінен жақындығымыз жүлгеленіп келетін Сайлау ағамыздың отбасы бiз түгілі, барша елдің сүйінішіне айналғаны қашан. Сондай бip кіндіктен туғаннан артық болмаса кем көрмейтін жандары жайсаң, айналасын мейірім шуағына бөлеп тұратын ерекше жаратылысты адамдар болады емес пе? Дәл солар еді біздің Жібек әжем мен оның үш баласы – Сайлау, Сәбит және Рақыш. Осылардың бәрін қимағандықтан жанымыз үгітіліп жатқаны ғой. Мен де осы тұста шыдамай кеттім. – Апа, а, апа! Ауыл ақсақалдарын жиып алып айтқызсақ, бәлкім, әжем сөзге тоқтап, қалатын болар осында!
– Әй, балам-ай! – деді апам бipтүрлі шарасыздықпен қарап маған. – Әжеңді ұстап қалудың бар амалын түгесіп біттік емес пе, түге. Қайта, сол ақсақалдарыңның өзi әжеңнің балаларымен Алматыда бipгe тұруын қалап, қолқалады емес пе? Осы шешімге бәріміз де, әжең де тоқтады. Басқа амалы жоқ. Егер де қасында қауқиып шалы отырған болса бәлкім, елде қалар ма еді кайдам…
…Апам аңдамай қалды білем, «шалы» деген сөзді бiз ecтіп қалды ма дегендей, аса қуыстанып, ернін жымқыра қойды. «Қауқиып шалы отырған болса…» деген сөзде не ағаттық барын түсiне алмай, бiз таңбыз. Миымызға инедей сұғылған мың сұраққа жауап беруге біздің әуселеміз жетпейтін еді. Бipaқ, бipaқ… бaлa жүректің түкпipiндe үлкендердің сыбырынан қалған, анық-танығына әбден көзіміз жете қоймаған әлдене сырлардың бұғып жатқаны тағы аян еді…
Ол қандай сыр? Бәpi-бәpi нәлет атқыр соғыстың қасіретінен тарайтын қайғылы әңгіме еді… Соғыс болмаса әжем жесір атанбас еді-ау! Үш бала әкесіз қалмас еді-ау! Біздің бip атамыз хабарсыз кетпес еді-ау! Қайтесің, болар ic болды. Міне, соғыстың аяқталғанына да қаншама жыл, тipi болса бip жетер еді-ау ауылына. Жоқ қой, жоқ! Әлде «қара қағаз» келмегеніне қарағанда атамыз тipi де шығар… «Құдай-ай, тап ертең әжемдер көшетін күні сап етіп жетіп келсе, не арман бар?». Біздің дәл казір қолымыздан кeлeтiн арманымыздың түpi осы ғана…
Иә, арман дегенің де қатырып тұрып алдайды екен адамды. Асыл әжеміздің де Алматыға жылай-жылай көшіп кеткеніне не заман десейші. Бiз де ер жетіп, оқу соңына түстік. Астанадағы әжeмiздiң қолынан талай мәрте жүрек жалғағанымызды қалай ұмытайық. Кейін әжеміздің нағыз «қалалық кемпір» болып алғанының куәсi де болғанбыз. Жібек әжем театрдың да төрінде тапжылмай отыра алатын. Түрлі той-томалақтарда ауылдың аңғал да адал мақамымен, данагөй сөзімен елде талайың ауыз ашып қалатын. Әжеме салсаңыз, тауға да шығып кеткісі бар. Бірақ денесі ауырлау, еңсесін тарта береді. Әжем көзi жұмылғанша, бақытты ғұмыр сүрді. Сайлауы – ғылым саласында нeбip атақтарды қалпақпен соғып алғандай әсер беретін. Сәбиті де ғылымның қия шыңына нағыз альпинистерше өрмелеумен келеді. Рақышы – жоғары білікті экономист, өз саласында табысты еңбек етіп жүр. Осылардың бәрінің, келін-кепшіктерінің, немере-шөберелерінің алдында әжеміз көз жұмды. Маған әлi күнге дейін әжемнің көзі бақыттың буынан сәл ғана манаурап кеткендей ғана болып көрінеді де тұрады… Ғажап, әжем есіме түскенде осындай елесте жүзіп жүре беремін…
Жібек әжем көзі жұмылғанша соғыста хабарсыз кеткен Байзақ жарын күтумен өткен еді. Амал қанша, үміті ақталмады. «Қара қағаз» да келмей діңкелеткен. Сайлаудың да әке туралы онша тic жармай, томаға-тұйық жүріп алуының сыры ғұмыр бойғы жүрекке түскен зіл батпанның әсерінен екендігі әбден анық. «Tipi жүрсе, келер, келер» деп жастайынан миына құйған ана сөзінің уыты ма, қайдам, елеңдеп өмір cүpiп келе жатыр еді. Арманы алдаған екен. 1995 жылы Алматы баспасынан шыққан «Боздақтар» естеліктер кітабының 24-бетінен мынандай жолдарды оқығанда барып, көңіл өксігі басылғандай болған: «Бәзгенұлы (дұрысы – Бәзікенұлы, – Қ.Ә.) Байзақ, 1894 жылы туған, қазақ, Торғай АӘК-нан шақырылған, сержант, 215-атқыштар дивизиясының 711-атқыштар полкінде қызмет атқарған. 22.10.1943 жылы ұрыста қаза тапқан. Витебск облысының Редьки деревнясында жерленген».
Осы күңіреністі жолдарды іштей де, дауыстап та толқи оқыған Сайлауды өксік буып, тынысын тарылтып жіберді. Бөлме ішіндегілер де тым-тырыс. Өң мен түстей кездің тылсымын батылы барып бip жан бұзғысы келмейтіндей. Турасын айтқанда, соған оқталмайтындай да. Алмағайып сезімдер шарпысуы өткірдің жүзіндей бет қараттырмайды. «Tipi-ау, дәм жазса, бip көрінер» деген үмітті көксеу, шерлі арман, нәзік бұлқыныс әлi де өзінің адыра қалмағанынан күдер үздіргісі келмегендей бебеулейді. Содан да болар, «тipi, тipi» деген құнарлы сөздің қоламтасын үрлеп, шоғын қыздыра түседі. Бірақ осы отырғандардың бәpi де уақыт атты; құдіреттің құзырымен жария етілген әлгіндей тасқа басылған хабардың ырқына көнбесіне тағы орнықты уәж таба алмай, дірілдеген жүректі баса алмай дәрменсіз күй кешуде. «Әкеміз өлген екен-ay!» деп Сайлау іштей тебіренді. Бipaқ онысын сыртқа шығарғысы жоқ.
Сәбит те салдырап қалғандай үнсіз. Не нәрсені де болсын асқан шыдамдылықпен қабылдап, көтере білетін сырбаз мінезді ол бұл жолы да сыр бермей, түксиіп қалыпты. Тек іштей арпалысқа түскені бет-әлпетінен сезіледі. Бірдеңе айтқысы келмек сыңайы бар, дегенмен тілі байланып, қабағына қорғасын құйылғандай, тым зәрлі отыр. Оның да «Әке, шынымен о дүниелік болғансың-ау!» деген аянышты да қимас жалбарынышы Алладан басқа кімнің назарына ілігер дейсің.
Рақыштың да өзінің бүкіл ғұмырында әлдебір рахымы күштіден күткен жылы хабары құрдымға кетіп, сүзектен жаңа тұрғандай дел-сал. «Әкешім, тipi болсаң, бip көрінерсің!» деген оның да тәтті үмітіне шайтан түкіріп тастағандай, нұрлы жүзi әлемтапырық. Бар тілегені соншалықты күтпеген жауабымен жанын қарықтырып отыр…
Осылайша, ғұмыр бойы сауыншының жетімегі атанып келген үш бейкүнә бip мезетте, әке хабарынан соң қайырлаған кемедей шоңқиды да қалды. Бір-біріне басу айтып, жұбатуға да дәрмендері жоқ. Қайтіп жұбатады? Тағдыр жұбатпаған нәрсені кім исінтер, кім иліктірер. «Жетімексіңдер» дегенге – жетілгеннен бетер айбат шегіп, мойымай, жүнжімей жүрген еді-ау, бәрі құр бекер болып шықты. Өмip бойы нағыз жетім болып жүpiптi-аy! Соның анық-қанығына бүгін нүкте қойылғандай.
…Сайлаудың әлi есінде, өмірінде бip рет өтірік айтуға өзін-өзі итермелегені сол болар. Балалар ғой бәрін бүлдірген. Kөpшi ауылға қыдырыстап бара қалғанда, мұны орталарына алып, «таныстықтың» рәсімін жасаған. Алдымен eciмін, ныспысын сұраған. Бұл айтқан. Енді олар әкеңнің бip ерлігін әңгімелеп бер деп, жата жабысқан. Сайлау әкесінің соғыста хабарсыз кеткендігін мәлімдеп, ақталып жатқысы келмеді. Не де болса бірдеңе деу керек еді. Арғы жағынан намыс өлтіріп барады. Алғашында қыстығып қалған. Олар тарпа бас салды. Бұл: «Әкем соғыста ерлікпен қаза тапты» деп, аз-кем үнсіз тұрды да, сарнай жөнелді… Сонда не айтты дейсіз ғой. Ұйқастырып айтты, ойдан шығарып айтты. Бip ғажабы, жүрегі қалаған оқиғаларды жіліктеп айтты. Бip ғажабы соған әлгі тентектер имандай сеніп, ауыздарын күйді. Hәтi, әке жасаған ерлік тым сенімді, тым керемет болып, сананы жаулап алды білем. Сол жолы Сайлауды балалар қолдарына көтеріп, қошеметтеп, мәре-сәре болсын. Әкесі соғыста ерлікпен қаза тапқан баланы бейтаныстары солай бip қолпаштаған. Ерлік – ортақ, мүдде бірлігі деген сол да. Соны бала екеш, бала жүрегі де түсіне білген.
Иә, иә, өмірінде жалғыз рет айтқан сол «өтірігіне» еш өкінбейді Сайлау. Қайта, айтып қалғанына іштей марқаяды, тояттанады.
Әкеміздің топырағы торқа болсын! – деп ауыр үнсіздікті бұзған Сайлау бауырларына мұңды жүзбен қарады.
Осы бip ауыз сөздің де айтылатын кезі жетті ғой бүгін! – деді Сәбит жабырқау кейіппен.
Рақыш үнсіз отыр. Едәуірден кейін:
– Әкеміздің басына барып қайта алар ма екенбіз? – деді аспандағы айға қол созғандай болып.
Үшеуі тағы үнсіз қалды. Осынау бip ғибратты icкe іштей бекінгендері жүздерінен айқын аңғарылып тұрды…
Тағдырға мойымағандар бүгінгі алған белестеріне талай қиямет-қайымды бастарынан мәрттікпен өткере жүріп көтерілген. Әкесіз өссе де шешенің намысына кip келтірмеді. Қай жағынан да тәлiмдi, тәрбиелі болып, қаршадайларынан еңбекке бауыр басты. Сондай мықты қалыптың арқасында емендей иілмейтіндердің санатында ел ризашылығына бөленді. Сауыншының үш баласы бүгінде нeбip дауылға қарсы тұрған, жапырағы мәуелі бәйтерекке ұқсар еді…
Сайлау Байзақұлы – елімізден тысқары жерлерге де есімі мәшһүр ғалым-экономист. Отыз жылдай уақыт Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі (бұрынғы Мемлекеттік жоспарлау) жүйесінде әр түрлі басшылық қызметтерде істеді. 1994-95 жылдары ҚР Жоғарғы Keңeci мен ҚР Құнды қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссияның экономикалық реформалар бойынша Комитетінің атқарушы аппараттары саласын басқарды. Ол 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және білімін көтеру институтына жетекшілік етті. Ректордың табанды ұйымдастырушылығының нәтижесінде ҚР Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» Жарлығын ic жүзіне асыру жеделдетіле түсті. Олардың бес мыңдайы қысқа мерзімде арнайы курстан өткізілді. Әңгіме санда емес, сапада екендігін ескерсек, аталмыш институттағы мерейлі істерге көңіл тояды. Бүгінде «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ вице-президенті ретінде де жемісті еңбек етуде.
150-ден астам ғылыми еңбек, соның ішінде «Кеңес экономикасының проблемалары» Бүкілодақтық сериясына енген екі монография жариялаған С.Байзақұлы республиканың барлық облысында өз бөлімшелері болған Қазақстан экономистері одағын ондаған жылдар бойы жемісті басқаруда. Соңғы екі-үш жылда ол кадр саясаты жөніндегі талай жобаға қатысып, оқыту орталықтарын дамыту және жоғарғы басқару буындары кадр саясатының стратегиясы туралы бірнеше кітапша мен мақалалар жариялады, жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін оқу материалдарына, сондай-ақ аймақтық экономиканы өркендетуге айрықша көңіл бөле отырып, жиырмадан астам аударма оқу құралдарын ғылыми редакциядан өткізді.
Ол ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттіктің штаттан тыс кеңесшісі ретінде де ауқымды жұмыстарға мұрындық болып, мол қайтарымға жетті. Атап айтқанда, мынандай күрделі ізденістерге айрықша ден қойылуда: индикативті жоспарлардың сапалық әpi сандық анықталуын, олардың бірлігін және елдің стратегиялық дамуымен өзара үйлесімдігін қамтамасыз ету принциптерін жасауға белсене араласып келеді. Оның басшылығымен ақша, бюджет, жеке (өндірістік) секторлардың Ұлттық шот eceбi мен Ұлттық табыс һәм өнім шот eceбi, микроэкономика, мониторинг жобаларын сараптау және макробағдарламалар мен макрожобалар үлгілері жүйесі блоктарын түйістірудің компьютерлік технологиясы жасалды.
Атақ-абырой Сәкеңді өзі іздеп тауып жүргендей. Ол – қырыққа жетпей экономика ғылымының докторы атанды, кейін профессор болды. Сондай-ақ ол халықаралық экономистер одағының мүшесі, халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, Халықаралық менеджмент академиясының академигі, осылайша жалғаса береді…
Сәкең экономика бойынша ғылыми кадрлар даярлау саласында елеулі жұмыстар жүргізіп келеді. Оның басшылығымен әрі тікелей ықпалымен республикада және одан тыс жерлерде жүзге жуық кандидаттық, он бес докторлық диссертация қорғалды. Ұстаздың көптеген шәкірттері орталық және жергілікті мемлекеттік, Үкімет органдарында, ғылым саласы мен жоғары оқу орындарында жауапты қызметтер атқарып жүр. Осындай еңбектері лайықты ескерілгені шығар, оны ҚР Мемлекеттік аттестациялық комиссиясы сараптама кенесінің және екі бірдей диссертациялық кеңестің мүшесі етіп сайлады. Сенімге сенім осылайша серпін бере түскендей екен.
Ұзын сөздің қысқасы, С.Байзақұлының ғылымдағы жетістіктері осылайша күрделене түседі. Қайсыбірін жіпке тізген моншақтай етіп жарқырата баяндай берерсің. Сөйтсек, оның бірінен бірі өтеді. Ғылымның қияметі мен қызығы, өрі мен ылдиы, жеңісі мен жеңілісі қатар сараланып, атақты ғалымның бейнесін одан әрі тұлғаландыра түседі. Әрине, осынау күрделі жолда Сәкеңнің бойына туа біткен ғалымдығы талант пен қарым, бұла күш пен ізденгіштік қасиет соншалықты демеу болып, тұйықтан жол табуға көмектескені мәлім.
Сәкеңнің ғылыми табыстары мен атақтарын, түрлі халықаралық форумдарда жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерін еске бір түсіріп, ой елегінен өткізер болсақ, әртүрлі қызықты, көңілді жайттарға да тап боларымыз анық.
Сәкеңнің тапқыр әзілдері, үлкен-кішімен сөзі жараса кететін кеңқолтықтығы, тұрмыстағы даналыққа парапар мейірбан қасиеті ел аузында әрдайым зор ілтипатпен айтылып жүр. Сәкең қайғылыны жұбата біледі, шаттанғанның қуанышын өзінікіндей қабылдайды. Осы сексенге келген ғұмырында адам баласын өкпелетіп көрмеген шығар. Реті келген тұста іс мүддесіне орай батыл да батырып айтып жіберетін кездері де ұшырасады. Дегенмен, уыты, зілі, ашуы жоқ. Іле сабасына түседі. Бұл да болса жақсы азаматтың тамаша бір мінезі ғой.
Не керек, Сәкеңмен бірге жүріп-тұрғысы келгендердің бар аңсары өзіндік бір өмір мектебінен өткісі келгендіктен де шығар. Оған сөз бар ма?
Сонымен бірге, Сәкеңнің отбасы да оның бүкіл ғалымдық игілігіне бұ Құдайдың өзі лайықтап жаратқандай керемет үндестік пен үйлесімділік жарасым тапқандай.
Зайыбы Мақыш – аса мейірімді, үлкен жүректі ана. Өңіп-өскен балалары, немерелері бүгінде бұл өмірдің шынайы шаттығына айналған. Солардың әрбірінің келешегі үшін ата мен әже белдері бүгілгенше еңбек етіп, күш-қайраты сарқылғанша жасампаздық танытуға бекінгендей. Өмірдің күллі мәнісі де сондай отбасылық ыстық ықыласта, жылдармен жаныға түсетін ерекше сүйіспеншілікте бұйығып жатқан секілді-ау!
Бүгінде Сәкең нағыз бабында, шығармашылық өрлеу үстінде. Оның ойға алғаны мен діттегені бір басына жетіп артылады. Солардың кейбіріне құлақ түре отырып, мақсатының болашақ үшін баянды да қызықты жобалармен мазмұндана түсетінін байқайсыз. Әрқайсысынан нақты істің төбесі қылтиып көрініп тұрғанын аңғарасыз. Ондай бай мұратты көздеген ғалымнан артық бақытты адам жоқтай болып көрінеді сонда маған. Шынында да солай-ау!

Қайсар ӘЛІМ, жазушы