ЕЛ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН АЙЫРЫҚША ЖЕТІСТІК

9

ЭКСПО көрмесі –  экономикалық форумдардан, туристерге арналған мәдени-көпшілік шаралардан тұратын ауқымды шара. Оны сарапшылар Олимпиада және әлемдік футбол чемпионаттарымен қатар қояды. Әлемде бұл көрмені өткізу құрметіне ие болған қалалар саны 50-ге де жетпейді. Биыл Қазақстан астанасы солардың қатарына қосылды.

Астана қаласы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құрметіне 2012 жылдың 22 қарашасында ие болды. ЭКСПО халықаралық бюросы Бас Ассамблеясының жиынында Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 елдің өкілдерінің дауысқа салуы барысында Астана 103 мемлекеттің қолдауына ие болды. 2014 жылы Париж қаласындағы Халықаралық көрмелер бюросының жиынында аталған көрменің Астанада ұйымдастырылатыны жөнінде барша әлемге ресми түрде хабар таратылды. Осыдан кейін елімізде көрме өткізуге қызу әзірлік басталды. Көрме кешенінің құрылысы 174 гектар аумаққа жоспарланды. Мұнда мыңдаған жұмысшылардың күшімен аз жылда ондаған нысандар бой көтерді. Алып шар пішінді Қазақстанның Ұлттық павильонын кешеннің ең көрікті, ең басты ғимаратына айналдыру көзделді.

2015 жылдың сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көрме елордамызды мүлде өзге қырынан көрсетеді, оны кеңейте және көркейте түседі. Бүгінгі таңда Астанада маңызды нысандар аз салынған жоқ. Алайда, ЭКСПО кешені – мүлде басқа сападағы, ХХІ ғасыр талаптарына толықтай сай келетін технологиялар қолданылатын жоба. Елорда тұрғындары мен меймандары үшін энергетика саласындағы болашақпен қауышудың, ғылыми жетістіктерді көрудің және бой көтерген нысандардың көркін тамашалаудың тамаша мүмкіндігі туады», – деп атап өтті.

2010 жылғы ЭКСПО Қытайдың Шанхай қаласында «Тамаша қала – тамаша тіршілік» тақырыбымен өтсе, Астанадағы халықаралық көрмеге Қазақстан «Болашақтың қуаты» тақырыбын ұсынды.

«Біздің республикамызды көптеген аспектілер бойынша, ірі энергетикалық мемлекет, уран кенін өндіретін жетекші ел, астық экспорттаушы, бай табиғи ресурстарға ие мемлекет ретінде біледі. Енді болашаққа ұмтылған жаңа елді көрсету қажет. Ұлттық павильон тұжырымдамасының өзі де Қазақстан жеткен жетістігімен тоқталып қалмайтынын, әрдайым әрі қарай ілгерілеуді мақсат тұтатынын көрсетеді», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

ЭКСПО-ны ұйымдастыруға байланысты Астанаға тартылған қаржы көлемі 4,5 триллион теңгеге жеткен. Қалаға салынған қаржы шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, 19 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

Осы көрме арқылы ірі инвестициялар тартумен қатар, «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология, инновациялармен танысу, оларды кеңінен насихаттау, әлемдік қауымдастық назарын баламалы энергия көздерін пайдалану мәселесіне аудару көзделді.

Көрменің ашылу салтанаты биылғы маусымның 9-ы күні өтті. Шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО қалашығында бірқатар мемлекет басшылары мен премьер-министрлерді қарсы алуымен басталды. Мәртебелі меймандардың арасында Ресей Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Чехия Республикасының Президенті Милош Земан, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, Армения Президенті Серж Саргсян, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев,  Сербия Президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди,  Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шариф, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, т.б. болды. Көрменің ресми ашылу рәсімі Конгресс-орталығында мыңдаған өнерпаз жұмылдырылған шоу-бағдарлама арқылы жалғасты. Театрландырылған көріністер, көрменің тақырыбына орай, Жер, Күн, Су, Энергия сияқты адамзатқа ортақ ұғымдармен, оларға қатысты көне түсінік-пайымдар және жаңа инновациялық технологиялармен астасты. Әрине, ән-күйге, балалардың кім-кімді де елжіретер жүрекжарды лебіздеріне кезек берілді. Шоу-бағдарламадан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөз сөйледі.

Көрме жұмысы 93 күнге созылды. Жоғарыда аталғандай, Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасқан «Нұр Әлем» кешені көрменің ең танымал орталығы болды. Көрмені тамашалаушылардың үштен бірі осы нысанды аралаған. Мұнда баламалы энергияның негізгі түрлері: ғарыш, күн, жел, су және кинетикалық энергия үлгілері көрсетіліп, «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясы ұсынылған. Қазақстанның Ұлттық павильоны «Нұр Әлем» ғимаратының 5 мың шаршы метрлік бөлігін алды. Оның бірінші бөлігінен көрмені аралаушылар Қазақстанның тарихы мен мәдениеті, қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде мәліметтер алды. Ал «Жасампаз қуат» аталған екінші бөлігіне көрме тақырыбы аясында Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бастамалары, отандық ғалымдардың үздік жобалары қойылды. Көрменің алғашқы күнінде Қазақстан мен Түрікменстан ұлттық павильондарында мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, осы елдер ұсынған жобалардың таныстырылымы өтті. Екінші күні кезек Оңтүстік Корея еліне беріліп, осылайша әр мемлекет көрме аясында өз күнін өткізді. Ал ЭКСПО аясындағы шараларға қатысу үшін үш айда Астанаға 40 шақты мемлекет басшысы, 9 премьер-министр, 72 сыртқы істер министрі көрмеге арнайы ресми сапармен келген.

Сондай-ақ, көрме аясында қазақстандық спорт жұлдыздарының, белгілі өнерпаздардың қатысуымен көптеген шаралар, Қазақстан облыстарының күндері ұйымдастырылып, әр күн жарқын оқиғаларға толы болды. Ал, жалпы алғанда, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылған.

«ЭКСПО-2017» көрмесін 4 миллионға жуық адам тамашалаған. Олардың басым бөлігі – жастар. Бастапқыда шетелден 300 мың турист келеді деп жоспарланса, іс жүзінде 180 елден жарты миллионнан астам адам келді. Барша әлем назары ауған ЭКСПО қалашығына әр күн сайын, орта есеппен, 40-50 мың адам арнайылап келген. Бір ғана «Нұр Әлем» павильонын 1,8 миллион адам аралап көрген екен.

Қыркүйектің 10-ы күні өткен көрменің жабылу салтанатында Елбасы ЭКСПО-ның Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін атап өтті. Әсіресе, туристік сектор жандана түсті. Ал туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артыпты. Астанадағы кәсіпкерлік субъектілер саны 10 пайыз көбейіп, қызмет көрсету саласынан бюджетке түскен салық 1,2 есе өскен.

Иә, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ел шежіресінде алтын әріптермен жазылатын тарихи оқиға ретінде қалды. Ал көрмені өткізу үшін салынған нысандар ел игілігіне одан әрі де пайдаланылмақ. Мысалы, «Нұр Әлем» павильоны мұражай, ал басқа павильондар білім беру орталығы, жасөспірімдерге арналған жоғары технологиялар орталығы, т.б. ретінде пайдаланылатын болады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, «Qazaq» газеті