ЕНДІ ЖОҒАЛҒАН МАЛДЫ «SAMSUNG» ҚАЛАЙ ІЗДЕЙДІ?

55

Соңғы жылдары мал ұрлығы, олардың жоғалуы өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты «Samsung» компаниясы «Lives’talk» командасының көмегімен қазақ шаруаларының жұмысын жеңіл-детіп, ұрылардың түбіне жететін, яғни жоғалған малдың қай жерде жүргенін бірнеше секундта анықтайтын құрылғыны ұсынды. Бұл туралы abctv.kz порталы жазды.
«Шаруалар көзден таса болған малды іздеп, тау-тасты кезеді. Іздеу шараларына кем дегенде 5-6 сағат кетеді. Технология дамыған заманда мұның бәрі ақылға сыймайды», – дейді құрылғыны «Lives’talk» командасы-ның көшбасшысы Юн Янгчен.
Осылайша, оңтүстіккореялық маман қазақ фермерлеріне көмектесуді көздеп, мәселенің шешімін де табады. Ол үшін заманауи технологияларды пайдаланады. Атап айтқанда, хабар таратқыш, ақпарат қабылдағыш және смартфонды қолданады. Сөйтіп, хабар таратқыш жануарға бекітіледі. Аталған қондырғы арқылы түліктің қай жерде жүргендігі туралы ақпарат қабылдағышқа келіп түседі. Bluetooth-дың көмегімен ақпараттар мобильді құрылғыға беріледі. Ал фермер осының бәрін бақылап қана отырады.
Юн Янгченнің сөзінше, жануарға бекітілетін хабар таратқыш үш күн бойы жұмыс істеуге жеткілікті. Ол әрбір 10 секунд сайын ақпарат таратып отырады. Хабар таратқыш 5-6 шақырым радиусты қамтиды. Ал ақпарат қабылдағыш бір сәтте 1 600 хабар таратқыштан сигнал ұстай алады.
«Біз құрылғыны сынақтан өткізудеміз. Әлі де кейбір функцияларды жетілдіру керек. Мәселен, хабар таратқыштың жұмыс істеу мерзімін екі-үш аптаға дейін ұзарту қажет. Біз өнімнің соңғы нұсқасын келер жылдың көктемінде назарға ұсынуды жоспарлап отырмыз», – дейді Юн Янгчен.
Әзірше құрылғының 10 бас малға арналған жиынтығы 700 долларға бағаланып отыр. Алдағы уақытта 300 долларға дейін арзандайды.