ЕНДІ ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІН ТАҒАЙЫНДАУ ЖЕҢІЛДЕТІЛЕДІ

12

Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап зейнетақы төлемдерін тағайындау жеңілдетіледі. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова айтты.
«Әр азамат зейнеткерлік жасқа жеткен кезде төлемнің төрт түрін – мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты ынтымақты зейнетақы, жинақталған зейнетақы, мемлекеттік кепілдік алуға құқылы. Осы төлемдерді алу үшін азамат бүгінгі күні бірнеше инстанцияға жүгінеді. Мысалы, мемлекеттік корпорацияға 2 рет 2 өтінішпен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін, 1 айдан соң тағы да өтінішпен мемлекеттік кепілдік мәселесі бойынша барады. БЖЗҚ-ға 1 өтінішпен зейнетақы төлемдерін тағайындау мәселесі бойынша жүгінеді. Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап осы тәртіп айтарлықтай жеңілдейді», – деп түсіндірді министр.
Мәдина Ерасылқызының сөзіне қарағанда, ендігі уақытта зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін бір жерге – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ғана жүгінетін болады. Төлемдердің үш түрін тағайындау жөніндегі қызметтердің барлық спектры бар болғаны бір өтініштің негізінде композиттік түрде көрсетіледі.
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер автоматты түрде пайдаланылып, көп құжат талап етілмейді. Ал мемлекеттік кепілдік төлемі өтініш бермей жүргізіледі. Яғни, төлем мөлшері автоматты түрде есептелінеді және қызмет алушының шотына аударылады. Төлемдердің барлық түрлері бір уақытта және бір банк шотына жүргізіледі», – деді министр.