ЕРКЕШ ШӘКЕЕВ: «ҰЛЫМЫЗ ТУРАЛЫ ӨТКЕН ШАҚТА СӨЙЛЕУ – ҚИЫННЫҢ ҚИЫНЫ»

6

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сазгер, ақын Еркеш Шәкеев былтыр Ұлыбритания астанасы Лондоннан оралды. Сазгер «Тұманды Альбионда» өзінің «Remember me» жинағына енетін жаңа туындыларын жазыпты. Бұл шараға «Metropolitan Orchestra» симфониялық оркестрі мен «London Voices» хорының 100-ге жуық музыканттары қатысты. Сазгер бұл туындысы арқылы былтыр денесі Алматыдағы Есентай өзенінен табылған ұлының екінші өмірі басталғанын айтты. Өйткені, Сапар көзі тірісінде бұл жобаны іске асыратынын әкесіне айтқан екен. Еркеш Шәкеевтің «Сахна сыртындағы сырын» 104 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті өз оқырмандарының назарына ұсынып отыр.

– Жағдайыңыз қалай, Еркеш мырза?

– Бұл өте қиын сұрақ. Өйткені, оған жауап беру қиын. Ұлымыз Сапардың қазасы бізге ауыр тиді, қабырғамызды қайыстырып кетті, жүрегімізге жазылмайтын жара салды. Әрине, аз уақыт өтті ғой. Жағдайымыз жақсы емес. Біздің отбасымыз үшін баяғы өміріміз артта қалды, күндер жәй ғана сырғып өтуде. Бізге қазір қалай қиын екенін елестету, айтып жеткізу мүмкін емес. Менің «Твои шаги» әнімдегі өлең жолдары есіңізде болар: «И брожу ночами, словно под водой…». Міне, су астында өмір сүріп жатқандаймыз. Айналамыздағы тіршілік, шынында, қазір бізге қызық емес.

– Әрине, қайғыңызға ортақпыз. Десе де, тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Былтыр Сіз Лондонға барып, жаңа туынды жаздырып келген екенсіз…

– Былтыр қыркүйек айында Лондоннан жаңа туындыларымды жазып келдім. Бұл музыкалық жобаның авторы Сафар болатын. Марқұм ұлым көзі тірісінде маған осындай идея тастап, менің жаңа әндерімді жаңа белеске шығару үшін нақты қадам жасады. Ұлым екеуіміз бұл жобаны өткен жылдың көктемінде – наурыз айында бастадық. Британдық пианист Джон Ленеханмен бір жинағымды жазып бітіргеннен кейін ұлым: «Әке, неге жаңа әуендеріңізге виолончель аспабын қосып, жинақ шығармайсыз?» – деп ой тастады. Ол менің кейбір әуендеріме виолончель керек деп есептеді, себебі бұл өте сезімтал аспап. Сонымен қатар, бұдан шыққан туынды киноға да сұранып тұратынын айтты. Сафармен болған осы әңгімеден кейін, мен Джонмен хабарластым. Ол мені қазір Германиядағы виолончелистер оркестрін басқарып жүрген атақты британдық виолончелист Александр Бэйлимен таныстырды. Осыдан кейін біз дайындала бастадық. Мен әуендерімді Сафарға көрсеттім, ал ол маған әлі де жұмыс жасау қажет әуендерімді айтып отырды. Мен оларды өңдеуге жібердім. Кейін дайын нұсқаларын тыңдап, келесі қадамдарымызды жасап отырдық. Осылай бірнеше ай тынбай еңбек еттік және Лондонға барып әуен жазуды жоспарлап жүр едік…

– Ал қазір жұмыс Сізге барлығын бір сәтке болса да ұмытуға көмектесе ме?

– Менің жұмысым өжет мінез танытуға ықпал етеді. Бірақ, осындай уақытта бәрін ұмытып, бір жұмыстың соңынан кету оңай емес. Әрине, жұмысымда көңілім бір сәтке болсын бөлінеді. Бірақ қалай мұны ұмытасыз? Шын мәнінде мұны бір секундқа да ұмыту мүмкін емес екен. Қыршынынан қиылған ұлым ойымнан кетпейді. Әйелі мен баласынан бір күнде айырылып қалған досыммен жақында әңгімелестім (17 жасымыздан бері дос болып келеміз). Ол: «Сені шын мәнінде осы оқиға басынан өткен адам ғана түсінеді», – деді. Бұл шындық қой. Осы бір оқиғадан кейін мен бұрын мүлдем сезбеген жағдайды бастан кешірдім. Қазір біреу менің кеудемнен жүрегімді жұлып алғандай күйдемін.

– Бірнеше жылдан бері жазып келе жатқан шығармаңыз туралы не айтасыз?

– Мен күн демей, түн демей – қажырлы еңбек етудемін. Халық әндерімді тыңдап, одан рахаттанғанын қалаймын. Өзімнің артымда қалатын нағыз мәдени мұра осы деп ойлаймын. Демалыссыз жұмыс жасап келе жатқанымызға, міне, үшінші жыл. Жазған 55 шығарма – бес сағаттық таза әуен. Бұл жанрда әлі 10-15, мүмкін одан да көп туынды жазылатын болар. Сосын балаларға арналған әндерді шығара бастаймын, қазір жазу үстіндемін. Барлығын қосқанда, менде кемінде неоклассика стиліндегі 100-ге жуық шығарма болады. Сонымен қатар, джаз стиліндегі әуендерімді қайта өңдеу жоспарда бар.

– Сіздің шығармаларыңызды қайдан тыңдасақ болады?

– Бірнеше шығармамды кезінде Сафар «Фейсбукке» жүктеген болатын. Марқұм ұлымның бұл бастамасы аяқсыз қалмайды. «London Metropolitan Orchestra» мен «London Voices»-пен бірге жазылған «Remember me» атты жинағымды ағымдағы жылы жарыққа шығарамын. Ал Сафардың идеясы болған виолончельмен өтетін концертті ағымдағы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында өткізуді жоспарлап отырмыз.

Осы жылғы 2 қыркүйек күні Алматыдағы Республика сарайында Сафарды еске алу кеші өтеді. Егер барлығы жоспарлағанымыздай болса, ағылшын оркестрін алып келеміз. Концертте Сафар жұмыс жасаған, идея тастаған менің «Remember me» жинағымдағы шығармаларды тыңдауға болады. Бұйырса, 2018 жылы Лондонда жеке шығармашылық кешімді өткізуді жоспарлап отырмын.

– Ал Еркеш Шәкеевтің эстрадалық хиттері қашан жарыққа шығады?

– Бір уақытта барлығын бірдей алып жүру мүмкін емес. Себебі, бұлар әртүрлі дүниелер. «A-студио» мен Батыр (Шүкенов) үшін жасағандарым біткен кезең. Алға қарай қадам басу керек. Қазір мен поп-музыка жазып жатырмын, бірақ орыс тілінде емес. Атақты ағылшын ақыны Гарри Осборнмен бір ән жазып қойдым. Ол осыған дейін Элтон Джонға және Род Стюартқа өлең жазған. Біз онымен 2000 жылдары таныссақ та, 16 жыл өткеннен кейін ғана бірге жұмыс жасай бастадық.

Тағы да ағылшын ақыны Крис Портермен шығармашылық байланыс орнаттым. Бүгінде екі өлең жазып үлгердік. Жақында ол Сафар туралы «Встретимся на небесах» фильммен және оның «Thank you for flying» атты дипломдық жұмысымен танысты. Осылардан алған әсері болса керек, «Because of you» атты өлеңді менің ұлыма арнап жазды. Сол түні мен ол өлең жолдарына әуен жаздым, сонымен жаңа ән туды.

– Ұлыңыздың құрметіне мүлдем бейтаныс жандар балаларын оның есімімен атап, өлеңдер, әндер арнап жатыр. Бұл керемет қой…

– Өйткені, Сафардың өзі керемет жан еді. Оны біз Сафар дүниеге келе сала байқаған болатынбыз. Біз отбасымызда жиі еске алатын Сафардың балалық шағындағы бір оқиға бар. Ол кішкентай кезінде есік алдында дос баласының артынан: «Валентин, аяқ киіміңнің бауын байлашы!» – деп, жүгіріп жүретін. Ол ұқыптылықты жақсы көретін, ол үшін барлығы өз орнында тұруы керек. Ол оқуды өте ерте үйренді (екі жарым жасында), сонымен қатар, спортпен айналысқысы келді. Өте мейірімді еді және барлық адамдарды сыйлайтын-ды. Біздің отбасымызда осындай адам болғаны үшін қуанамыз. Сафар – Жаратқанның сыйы. Ұлымыз туралы өткен шақта сөйлеу, естелік айту қиын.

– Сіз өзіңіздің басқа ұл-қыздарыңыз Меруерт, Сафи және Мұқағали туралы мүлдем неге айтпайсыз?

– Ол не үшін керек? Біз өз балаларымыз жайлы айтқымыз келмейді. Сафар туралы да ешқашан айтқан емеспіз. Егер бұл қайғылы жағдай болмағанда айтпас та едік…

– Марқұм ұлыңыздың айтқан идеясын, қолға алған жобасын әрі қарай жалғастырып жатқандығыңыз қуантады. Сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айта отырып, Сафар жасамаған ғұмырды артында қалған Сіздерге берсін! Зор шығармашылық табыс тілейміз! Ең бастысы, ешбір қиындыққа мойымаңыз!

– Рахмет! Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан: Ақнұр ТОРҒАУЫТҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті