«ЕРКЕ-НҰР»: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

14

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

 «Ерке-Нұр» ұлттық сән үйі

Президенті: Фарида Мерхамитқызы

Тауар түрі: Қазақтың ұлттық киім өнімдері

Мекенжайы: Алматы қаласы, 5 ықшамауданы, 45 А

Байланыс телефондары: +7 (727) 249 32 49, +7 777 118 38 99

Ресми сайт: www.erke-nur.kz

Әр халықтың өзiне тән киiм кию, киім тігу үлгiсi болады. Сол киiм үлгiсiне қарап, қай ұлттың қандай екендiгiн ажырататынымыз анық. Сондықтан, ұлттық нақыштағы киiмдер де кәсіптің, нарықтың басты назарында. Рас, қазақ халқының  ұлттық киiм үлгiсiнде өзгешелiктер көп. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін сол даралығымызды дамытып, кәсібін нәсіп еткен Фарида Мерхамитқызы негізін қалаған «Ерке-Нұр» ұлттық сән үйінің тарихынан сыр шертеді.

Қазіргі таңда ұлттық киім, ұлттық мода отандық fashion-индустрияда бар. Себебі, қазіргі тұсаукесер, сүндет тойы, қыз ұзату мен келін түсіру рәсімдерінің барлығында қазақ отбасылары ұлттық нақышта тігілген киімдерді қолданады. Қыс мезгілінде жастарымыздың киіп жүрген тымақ, бөріктері де өскелең ұрпақтың ұлттық киімге деген қызығушылықтары бар екенінің айғағы. Жалпы, бүгінгі қоғамның ұлттық модаға қатысты ой-санасы жақсы жағына қарай өзгеріп, сұраныс артып келе жатқан сыңайлы.

Ұлттық киімдердің құндылығын жоғалтпау мақсатында ашылған сән үйі − ұлттық киімдерді тігіп, оны мазмұндық жағынан да, түр-түсі, үлгісі жағынан да жаңарған модельдермен ұсынып, өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа үлес қосуда. Өйткені, «Ерке-Нұр» ұлттық сән үйі ою-өрнекпен көмкерілген қайталанбас киім үлгілерін өзімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танытып, насихаттап жүр. Қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық киім негізінде қазіргі заманауи киімдер, арнайы киімдер, оның ішінде әскери киім, шекарашылар киімдері, теміржолшылардың киімі, мектеп формасы, салтанатты кештерде киетін сәнді киімдер, сондай-ақ киімнің көптеген жаңа үлгісін халыққа ұсынады. Өндірістік кәсіпорын жаңа заманғы ең үздік технологиялық үлгіде жабдықталған. Соның арқасында «Ерке-Нұр» кәсіпорнының елдің тігін индустриясында алатын орны ерекше. Онда тігілетін тауарлар өзінің сапасы мен бағасының тиімділігінің арқасында нарықта сұранысқа ие болып келеді.

Кейіпкеріміз Фарида Мерхамитқызы осы кәсіпті бастағанда қолында бар жоғы үш-ақ тiгiн машинасы болған екен. Қазір бір күнде бірнеше сапалы өнім тігуге қауқарлы сән үйі жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін берген үлкен компанияға айналып қана қоймай, еліміздегі тігін өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосты.

Атажұртқа оралған соң кейіпкеріміздің бірден тігіншілікке ден қоюының да себебі бар. Жанына жақын жұмысты іздеген Фарида Мерхамитқызы бала кезінен-ақ қолөнердің түр-түріне қызығушылық танытып, өз бетінше үйрене бастапты. «Елім-айлап» ән салып отырып іс тігетін ісмер аналарының қолынан шыққан дүниелерге тамсанып, жастайынан қанығып өскен кейіпкеріміз осы кәсіпті таңдағанына еш өкінбейді. Өйткені, кейіпкеріміз атажұртқа келгеннен кейін дәл осы саланың дамымай жатқаны, әсіресе, ұлттық киімдерге жаңа серпін беру керектігін сезініпті.

«Ұлтымыздың бай өнерін қара базардағы қырғыздың арзанқол дүниелері алмастырып жатқанына қарап жаным ауырды. Осылай елге деген сүйіспеншілік пен өзім таңдаған кәсіпке деген ыстық ықылас зор табысқа кенелтіп, жетістіктерге жеткізді», – дейді табысы мол кәсіпкер ханым.

«Ерке-Нұр» кәсіпорны – ұлттық киім және ұлттық киім үлгілерінің негізінде өркениет талғамына сай қазіргі заманғы киім тігетіндігімен дараланады. Талғамы жоғары тұтынушының сұранысын қанағаттандырып отырған кәсіпорын халқымыздың салт-дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған жоғары сапалы киім үлгілерін, мектеп формасын, сонымен қатар, әртүрлі арнайы жұмыс киімдерін және сыйкәделер шығарады екен. Сәні мен сапасы үйлескен «Ерке-Нұрдың» тауарлары нарықта үлкен сұранысқа ие. Талай жұрттың төрінде тұрған «Ерке-Нұр» өндіретін жоғары сапалы өнімдер халықтың қажетін өтеп, ұлттық қолөнерімізді жаңғыртуда. Тіпті, сән үйі Қазақстанды әлемге танытқан Азия ойындарына арнап кәдесыйлар да жасапты.

Кейіпкеріміз 1997 жылы алдымен «Мерхамитқызы» кәсіпорнын құрып, соның негізінде 2000 жылы жаңа өндіріс орнын ашыпты. Бір қызығы, «Ерке-Нұр» бренді кейіпкеріміздің Еркебұлан және Нұрсұлтан есімді ұлдарының құрметіне осылай аталған екен.  2004 жылдан бері кәсіпорынмен қоса «Ерке-Нұр» сән театры жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жаңа коллекциялармен толыға түсетін сән театры ел тәуелсіздігінің 15 жылдығы кезінде Германия, Бельгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақтың киім үлгілерін көрсетіп қайтыпты. Сондай-ақ, Қытай, Түркия, Германия, Швеция, Ресейде өткен бүкіләлемдік сән өнері сайыстары мен фотомодель байқауларында «Ерке-Нұрдың» киімдері жүлделі орындарды иеленген екен.

2004 жылы Ассамблеямен бірлесіп Республика сарайында қазақ халқының және Қазақстан халықтарының ұлттық киім үлгілерінен алғаш рет «Атамекен көңіл сазы» деген қойылым жасап, ұлттық киімдерді көрермендер назарына ұсыныпты. Сонымен қатар, Ассамблеямен бірлесе отырып «Достық» үйінде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, сән үлгілерін тарту еткен.

2007 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы кәсіпкерлерінің арасында «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағына және «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік сән орталығы» марапатына ие болыпты. Ал, Алматы қаласы әкімінің ІІ-ІІІ-ші дәрежелі «Өнімнің жоғары сапасы үшін» дипломымен және Алматы облысы әкімінің мақтау хатымен марапатталған.

2008 жылы II-ші дәрежелі  «Алтын сапа» белгісіне ие болған. Сонымен бірге, 2008 жылы әлемдегі ең сапалы бұйым шығаратын үздік сауда маркасын анықтайтын Францияның Other Ways менеджмент және консалтинг Халықаралық қауымдастығының «Кемелді, жоғары сапалы және таңғажайып жұмысы үшін» берілетін «Платиновая булавка» халықаралық сыйлығын жеңіп алыпты. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының халық таныған сапа белгісі «Мінсіз» тауар үшін белгілеген арнайы дипломымен марапатталған.

Сонымен, «Ерке-Нұрдың» негізі ұлтқа жанашырлықтың, өнімді еңбектің нәтижесінде қаланыпты. Қазіргі таңда өзіндік ерекше бағыт-бағдарымен көпшіліктің ықыласына бөленген cән үйі барлық құрметке лайық. Себебі, көптеген қиындықтарды көріп, сан түрлі сынақтарға мойымаған жұмысшылардың жиырма жылдық еңбегін жоққа шығара алмаймыз.

Кейіпкеріміз Фарида Мерхамитқызы бизнестегі бастапқы қадамдары жайлы: «Ең алғаш рет шағын бiр үйдi жалға алып, цех құрдым. Ойым қазақтың бешпетi мен қамзолын тiгу. Ең алғашқы бұйымымызға да барымызды өрнектеп, қолымыздан келген өнердiң бәрiн үйiп-төктiк. Жұмысымыз жаман болмаған сияқты. Дайын болған өнiмдi сату керек емес пе? Сосын ол заттарды әуелi «Барахолкаға» алып бардық. Сапалы әрi ұлттық дүние болған соң, бағасы да сәл қымбаттау болады ғой. «Барахолкада» қалаған бағама өткiзе алмаған соң, қаладағы қымбат дүкендердiң бiрi «Цумға» алып келдiм. Киiм-кешек сатып тұрған орыс әйелiнiң қасына жақындап келiп, тiккен дүниелерiмдi көрсетiп едiм, сатушы әйелге бiрден ұнады. Ол менiң бешпетiм мен камзолымды алып қалды да, өзi кейiнiрек хабарласатынын айтты. Сол күнi кешкiсiн телефон соғып: «Сiздiң киiмдерiңiздiң екеуiн де алып кеттi. Сондай тамаша киiмдер тағы бар ма? Тұтынушылар сұрап жатыр», – дейдi. Сөйтiп, менiң өнiмiмнiң жолын ашқан кiсi сол. Әлi күнге ол кiсi бiздiң дүкенiмiзде сатушы болып жұмыс iстейдi», – деп бар шынын айтты.

«Ерке-Нұрда» бастапқыда бес адамды жұмыс істепті. Бас киiм тiгетiн адамды, өрнек тiгетiн шеберлердi жеке-жеке жұмысқа шақырған кейіпкеріміз осылайша компаниясындағы жұмысшылар құрамын кеңейтіп қана қоймай, сапалы өнімдерді жарыққа шығара бастапты. Кейіпкеріміз сол кездегi еңбек бюроларына барып, бұрын тiгiн фабрикаларында жұмыс iстеген, кейiн қызметсiз қалған адамдарды арнайы іздеп, жұмыспен қамтамасыз еткен екен.

Қызметкерлерге төлейтiн жалақыны өндiрген өнiмдерден түскен ақшадан төлеп отырған кәсіпкер түскен табысты жинақтап, заманауи тiгiн машиналар мен компьютерлiк машиналар сатып алып, кәсіп аймағын кеңейте түсіпті. Бүгiнде сән үйiнде 200-ге жуық қызметкер бар және бiрнеше цех үздіксіз жұмыс істейді.

«Ерке-Нұр» сән үйі арнайы шақыртулармен алыс-жақын шетелдерге байқауларға жиі барады. Сол байқаулардың ең алғашқысы да салмақтысы да 2004 жылы Үрiмжiде өткен сән байқауы екен. Себебі, он үш елден қатысқан үміткерлер ішінде «Ерке-Нұр» алдыңғы орынға шығып, Қазақстанның туын желбіретті.

Сән-үйіне сырттан түсетін тапсырыстар көп екен. Сонымен қоса, мемлекеттiк тапсырыстарға да жауапкершілікпен қарайтын кәсіпкер оркестрлердегі өнерпаздарға арналған киім үлгісі, үлкен кештерге арнайы тапсырыс қабылдап, тапсырыс берушінің сенімін ақтап жүр. Ең ғажабы, халық күнделiктi өздерi тұтынатын заттарын осы сән үйіне сеніп тапсырады екен.

«Ерке-Нұр» бәсекеге қабілетті, жан-жақты «қаруланған» сән үйі. Олар кез келген бәсекелеске қарымта қайтара алады. Кейіпкеріміздің айтуынша, сән үйлерiнiң iшiнде бәсекеге қабiлеттiсi «Сымбат» қана екен. Қалғандарының көбi шағын шеберханалар болғандықтан оларға бәсекелес ретінде қарау орынсыз тәрізді.

Ұлттық нақыштағы киімдерді, оюмен көмкерілген ерекше өнімдерді бұрындары өте сирек киетін едік. Ал қазір, мерекенiң қарсаңында ғана емес, күнделiктi өмiрге ыңғайлы киімдер бар болғандықтан ұлттық киiмге деген сұраныс артып келеді.  Кейіпкеріміздің басты мақсаты – өзіндік ерекшеліктері бар ұлттық киiмiмiздi әлемге таныту. Ұлттық дүниемiздi көрсету арқылы өзгелерге өзiмiздi, өз деңгейімізді танытатынымыз анық.

Фарида Мерхамитқызы басқаратын «Ерке-Нұр» компаниясы Алматы қаласында өтетін мәдени, іскерлік шараларына жиі қатысады және жағдайы төмен отбасыларына, мүгедек баласы бар аналарға, жетім балалар үйіне, қарттарға көмегін көрсетіп келеді.

Бүгiнде «Ерке-Нұр» компаниясы аясында «Ерке-Нұр» атты қыз-келiншектердiң әдеби танымдық сән журналы да жарық көреді. Тұсауын жаңадан кескен аталмыш журнал маусымдық басылым болмақ.

«Ұлттық мода, ұлттық киім, ол – ұлтымыздың болмысы. Менің сән әлемінде қызмет еткеніме 15 жылдай уақыт болды. Бұл кезеңде қаншама киім тігіп, пішіп, ұлттық киімнің түр-түрін насихаттап үлгердік», – дейді кейіпкеріміз.

Журнал бетінен оқырман сәнге қатысты түрлi танымдық дүниелердi, түрлi сән үлгiлерiн, ұлттық құндылықтарымызды оқып бiлетiн болады.

Кейіпкеріміз дәл қазіргі уақытта ұлттық киімді күнделікті киюге арнап «Саламат» коллекциясын тігіп жатыр екен. Коллекцияда қазір 15 түрлі киім бар көрінеді. Коллекция толық дайын болған уақытта жұрт назарына ұсынылмақшы. Бұл жаңалық Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Динар Нөкетаева, Төлеубек Мұқашев, Дулат Құсдәулетов бастаған депутаттар «Ерке-Нұр» ұлттық сән үйіне арнайы барғанда айтылған. Депутаттарды тігін цехының жұмыс барысымен таныстырған Фарида Мерхамитқызы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің де бар екенін жеткізіпті. Биыл аталған кәсіпорын бизнесті қолдау бойынша Жастар бағдарламасымен 18 жасты жұмысқа алған екен. Жарты жылға дейін Үкімет оларға 56 мың теңге төлейді. Олар оның 47 мыңын қолдарына алады. Қалғанын сән үйі төлейді. Елбасының биылғы Жолдауы – кәсіпкерлерді ерекше қолдау мен қорғауға, отандық өндірушілердің кәсібін дамытуға жан-жақты жағдай қарастырылу керектігіне көңіл бөлген болатын.

Расында да, жеңіл өнеркәсіп жеңіл емес, өте ауыр сала. Өйткені, бұл салада өте көп адам жұмыс істеу керек. Тауардың құны көп адамның еңбегімен шығады екен. Кейіпкеріміз Фарида Мерхамитқызы әрдайым осы мәселенің оңтайлы шешімін іздеп келеді. Сән үйіне мемлекет тарапынан көмек берілгені «Ерке-Нұрдың» ұлт құндылықтарын сақтауда күрескерлігіне мемлекеттің қарымта жауабы деп білеміз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: «Ерке-Нұр» ұлттық сән үйі ұлттық киiмнiң негiзiнде қазiргi заманауи киiм үлгiлерiн шығаратын ұлт жанашыры. Кәсіпкер Фарида Мерхамитқызы өткеніміз бен бүгінімізді бір арнаға тоғыстырып, киiмге салынатын ою-өрнектердiң дұрыс болуына баса назар аударып, ұлт болашағына үлес қосып жүр. Адал еңбек пен нақты нысананы көздеген кейіпкеріміздің өнімдері ғасырдан ғасырға бүлінбей жетеріне сенеміз.

Әлия ІҢКӘРБЕК, “Qazaq” газеті