ЕРНАР ЖҰМАТАЕВ: «ШЫН ӨНЕРДІ ҚАДІРЛЕЙТІН КӨРЕРМЕН БАРДА АКТЕР БАРЫНША ҚАРАПАЙЫМ БОЛУЫ ТИІС»

77

Жастар театры – өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын ойып тұрып алған жас та болса жасампаз өнер ордаларының бірі. Өзінің небәрі он жылдық тарихында республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардан сегіз бірдей Бас жүлдені қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем болса керек. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы құрылған жас театрдың тұңғыш директоры қызметіне Ғани Құлжанов тағайындалса, 2013-2016 жылдары театр тізгіні Айболат Сексенбаевта болды. Бүгінгі таңда бұл қызметті Ернар Жұматаев абыроймен атқарып келеді. Жас болса да, бас болып жүрген актер, әнші Ернар Құрбанбекұлының «Сахна сыртындағы сырын» төменде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ӨМІРДІҢ ӘР СӘТІ ҚАЙТА ОРАЛМАЙТЫНЫМЕН ҚҰНДЫ»

− Ернар мырза, сұхбатымызды Сізді мазалайтын сауалдардан немесе дәл қазір не ойлап отырғаныңыздан бастасақ…
− «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»,− деген Абай Құнанбайұлының орамды ойы әрқашан жадымда. Осы өмірге келген әрбір адам өзінің артынан дара жолын қалдыруға ұмтылады емес пе? Бүгінгі заманда бізде бәрі бар, барлығы да қолжетімді. Сондықтан барымызды бағалауымыз керек. Алдағы уақытта табанды еңбек пен толассыз ізденістің нәтижесінде шыңдарды бағындыруымыз керек. Жалған өмірде жаңылыспай, сыйластықты сақтап, бізге үміт пен сенім артқан жандарды жерге қаратпай күн кешкен дұрыс қой. Мен Сізге ішімдегі барымды айттым. Яғни, дәл қазір не ойлап отырмын, соны айна-қатесіз жеткізуге тырыстым.
− Байқауымша, Өзіңізді көп сынайтын секілдісіз. Барлық мағынасында…
− Иә, әрине, әр адам өзіне сырттан сын көзбен қарап, әрдайым қателіктерін түзетіп отыруы керек. Сонда ғана алға ұмтылуға, жетістікке жетуге болады. Бір орыннан қозғалмай өмір сүруге болмайды. Шындығында, өмір өтпейді, біз өтеміз!
− Сіздің балдәуреніңіз қалай өтті? Жадыңыздағы бала Ернар қандай?
− Өмірдің әр сәті қайта оралмайтынымен құнды. Бала кезде тезірек есейсек екен деуші едік. Балалық шақ дегенде қолында қара домбырасы бар, қара бала көз алдыма келеді. Домбыраның құдіреттілігі сол, екі-ақ ішектен сан мыңдаған әуен шығады. Сезіне білгенге, онда ерекше гармония бар. Ішкі қуатыңмен домбыраның күмбірі үйлесім тапқанда өзіңді ерекше бақытты сезінесің. Домбырамен ән айтқан кезде өмірдің ұлы үйлесіміне қол созасың.
− Арман қала Алматыға домбырамен келдіңіз ғой?
− Иә, негізі, дәстүрлі әнші боламын деп келген едім, бірінші жылы оқуға түсе алмадым. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясына эстрадаға тапсыру үшін келдім де өнер ордасынан әртістермен танысып, қызығушылығым ояна бастады. Әрі әнші, әрі актер болуға да болады екен. Содан кейін актер-драма бөліміне Нұрқанат Жақыпбаевтың «қазанына» түстім. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаған ғой, бүгінде ұстазыммен, бірге оқыған қатарластарыммен мақтанамын.
− Ал қазір актерлік жолды таңдағаныңызға еш өкінбейсіз бе?
− Жоқ, өкінген емеспін. Себебі, бала кездегі ұшқыр қиялыңды, армаңдарыңды, фантазияңды сахнадан көресің. Ең ғажабы сол процесске өзің де қатысасың. Актер ретінде, режиссер ретінде бағыңды сынап көріп, тәжірибеден өтесің. Әлемдік классиканың дәмін татып, өлеңнің мәнін ұға түсесің. Сонымен қатар, вокал мен хореографияны да қатар алып жүресің. «Бұйрық» деген осы болар? Менің өмір жолым осы бағытқа қарай бұрылды. Менің бақытым да осы.

«ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ БОЛУ МАҒАН ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ӘРІ СЕНІМ ЖҮКТЕЙДІ»

− Сіз бүгінде  Жастар театрының директорысыз…
− 2007 жылы Астанада қала күні қарсаңында Жастар театры құрылды. Театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекші әрі бас режиссері − Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай. Тұңғыш директоры Ғани Құлжанов ағамыз еді. Соңғы екі жыл көлемінде мен басшылық етудемін. Мен оған дейін сегіз жыл шамасында жалпы өнер саласында болдым. Әнді де айттым, киноға да түстім, ұйымдастырушылық қызметтер де атқардым. Жастар театрының директоры болу маған зор жауапкершілік әрі сенім жүктейді. 2015 жылы театрымыз ғимаратқа ие болды, бұрынғы Күләш Байсейітова атындағы опера театрының ғимаратын тарту етті. Нұрқанат ағамыздың актерларды бір үйдің баласындай татулықпен, ұйымшылдықпен ұстап отырғандығындығының өзі ғажап емес пе?!
− Әрине. Театр актерларының барлығы дерлік Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері екенін білеміз…
− Иә. Бәріміз сол кісіден қанаттанып, көкке ұмтылдық. Ағай төрт курсты, былайша айтқанда, төрт ұрпақты тәмамдатып, барлық шәкірттерінің басын қосты. Қазіргі таңда 45 актерымыз бар. Театрымыздың он жылдық мерейтойының қарсаңында Алматы қаласындағы өнерсүйер көрерменмен қауышып отырмыз.
− Жас әрі жасампаз басшы ретінде Жастар театрында қандай тың өзгерістерді қолға алдыңыз?
− Актерлардың жан әлеміне терең бойлап, қолымнан келгенше түсіністік танытуға тырысудамын. Жалпы қай сала болмасын кез-келген басшы өзінің тың ойларымен, жаңа бастамаларымен келеді немесе сол ұжымның ығына жығылып, барынша игілікке ұмтылады. Маған дейінгі директорлар да айтарлықтай керемет істер атқарды, гастрольдік сапарларды қолға алды, ғимаратқа ие болуға мұрындық болды. Ал мен театрымызды бұрынғыдан да жиірек түрлі фестивальдарға қатыстыруды жөн көрдім.
− Сонда сіз үшін бірінші орында фестивальдер мен жарнама ма?
− Иә, бірінші орында жарнама. Өйткені, мен театр актерлерінің мықты екенін білемін. Қандай сынақ болмасын бәріне дайын, суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын хас таланттар әрі жас таланттардың қанаты қатайып, көкте қалықтауға әзір тұрғанын көріп, менің мақсатым – «ұшыру» ғана болды. Жарнама бөлімімен көбірек жұмыс жасап (театр 10 жылдың өзінде 8 Гран-При қанжығалаған), ал соңғы бір жылдың көлемінде, жаңылмасам 3 Гран−приді иелендік. Бұл жас театр үшін үлкен жетістік. Халықаралық, Республикалық, Орта Азиялық фестивальдерден үздік атанып жүрміз.
− Шығармашылық ұжымға атақтың, марапаттың қаншалықты қажеттілігі бар?
− Әр адам мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан соң студенттік шақтан бастап жаңылыспауға, шалыс баспауға тырысады. Менің өмір жолымда жақсы адамдар өте көп кездесті. Бұл менің − бақытым. Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай ешқашан атақ-даңққа құмартпаған азамат ретінде бізге әлі де тура жолды нұсқап келеді. Ол кісі бір жаққа барарда, конкурс-фестивальдарға аттанарда бізге «қайтуды ойлаңдар» дейтін. Яғни, бару оңай, қайту қиын. Қалай, қандай абыроймен қайтуды ойлау керек. Біз әлі де осы ойдамыз. «Атаққа ешқашан қызықпаңдар. Атақ үшін еңбек етпеңдер. Қолыңнан келген істі тындыр, атақ өзі-ақ артыңнан қуып келеді»… Бұл тағы да Нұрқанат ағайдың сөзі.
− Таяуда ғана Түркі әлемі театрларының Халықаралық фестивалінде тағы да Гран-Приді иеленді. Бір қызығы театр ұжымы марапаттау рәсіміне қатыспады. Себебі, Сіздер осында жүрсіздер…
− Біз Шымкент қаласында өткен сол фестивальге «Асауға тұсау» комедиясымен қатыстық та, уақытымыз тығыз болғандықтан бірден Алматыға қарай жолға шықтық. Кезекті Гран-Придің марапатында бола алмадық. Сол жүлдеміз кеше ғана артымыздан өзі іздеп келді (күліп). Бүгінгі таңда Өзіңіз байқағандай театрымыздың беделі жоғары, театртанушылар мен белгілі сыншылардың көзқарасы өте жақсы. Тіл-көзден аман болайық! Мен әрбір театрға осы бір бақты тілейміз. «Жастар» театры кез-келген фестивальдан бас жүлде мен бірінші орынды ғана иеленуде.
− Мұның қандай сыры немесе құпиясы бар?
− Құпиясы дейсіз бе?! Біздің актерлар «Осы бүгін халықты таң қалдырамыз!» − деп сахна төріне шығады. Басқа ештеңе ойламайды. Мақсат – мүлтіксіз, еш саспай спектакльды халық жүрегіне жеткізу. Осы мақсаттың үдесінен шыққан соң ғана орын тағайындалатыны актерлардың естеріне түседі. Бұл актерлардың ойы. Мен екінші жақтан сөйлеп отырмын.

«РЕЖИССЕР МЕН АКТЕРЛІК – ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ ЕГІЗ ҰҒЫМ»

− Қалай ойлайсыз, меніңше актер режиссер болуы мүмкін, ал режиссер актер бола ала ма?
− Режиссер сахнадағы құбылыстарды әбден зерттейді. Сахнаға шығып өзі ойнамаса да, дайындық барысында актермен бірге ойша ойнап шығады. Сол арқылы көңіліне қонымсыз, шикі тұстарын ретке келтіреді. Кейде, режиссерлер де актер болады. Бір ғана мысал, өзіміздің ұстазымыз Нұрқанат ағай студент кезімізде Ж.Хаджиевтің «Исатай−Махамбет» спектаклінде Жәңгір ханды ойнағанына куә болғанымыз бар. Демек, олай да болады екен. Театрымыздың талантты актеры Д.Серғазин де бүгінде бірталай спектакльдерді қойып жүр. Мұның бәрі режиссер мен актерлік құстың қос қанатындай егіз ұғым екендігіне дәлел. Кейбір режиссерлер сахнаға актер ретінде шықпайды. Бұл енді әр режиссердің ұстанымына байланысты деп ойлаймын.
− Қара домбырамен қасиетті өнерге келіп, өз тыңдарманы бар «Денар» тобының да бағын жандырғаныңыз халық жадында. Сіздің режиссерлік қырыңызды өзіңіз жеке әніңіз «Мағжанның мұңы» атты әнді орындағаныңыздан байқап қалдым…
− Ол рас. «Мағжанның мұңы» − менің мұңым. Әрбір ән − кішігірім спектакль ғой. Мен солай есептеймін. Негізі актер әрі әнші болған керемет. Өзіңіз де байқағандай композитор М.Жәутіковтің жеке концертінде сол әнді алғаш сахнада орындадым.
− Сонда қалай? Бұл жаңа ән бе? Маған әсер еткені сондай, Мағжанның мұңлы монологы көпке дейін есімнен кетпеді…
− Жоқ, бұл жақында жазылған ән емес. Үш жылдан астам уақыт бұрын жазылған еді. Ауыр тақырыпты қозғайтын ән болғандықтан кез-келген ортада орындау мүмкін емес. Мағжанның қазасынан бұрын артына бір қарап сол сәттің өзінде өткен-кеткенінің бәрін оймен тізбектегенін ақын бір параққа сыйдырып қойғандай әсер қалдырды. Өлеңін жазған И.Исаев. Маған өте ұнады. Басқаша әсер етті. Сондықтан бірден осы әнді жаздырдым. Бір қызығы, ән жазу барысында ешқандай қиындықтар болған жоқ. Үйге барып бірнеше мәрте гитарамен орындадым. Әуен құлағымнан кетпей қойды. Әр шығармашылық адамының кеудесінде толқынға ұқсас түсініксіз құбылыстар болып тұрады. Оны уақытында шығармасаң, өзіңді шайып кететін секілді әсер қалдырады. Менің ішкі тебіреністерімнің бәрі осы әнге құйылды. Тыңдармандар да жақсы қабылдады.
− Сіздің қарапайымдылығыңыздың сыры неде?
− Бидайдың масағы піскен сайын иілгіш келетіні бар. Сол секілді өзіңді таныған сайын қарапайым бола түсесің. Өйткені, бұл өмірде барлық адамды бірдей жаратқан. Әр адамның өз жолы, өз мақсаттары бар. Әркім әр қырынан талантты. Өнер адамдары халықпен етене байланыста болуы керек. Себебі, оның өнерін көкке көтеретін халықтың қошеметі ғой. Өзіңіз де білесіз, актерлер қауымы барынша қарапайым. Шын өнерді қадірлейтін көрермен барда солай болуы тиіс. Әрдайым, қарапайым, кішіпейіл болу − айналаңдағылармен тіл табысуға, көңіліңнің жайлануына ықпал етеді. Өзің қандай болсаң, жаныңа сондай адамдар үйір болады. Бұл жазылмаған заңдылық. «Өркенің өссін! Халқыңа қалаулы, еліңе елеулі бол!» − деп басталатын ақжарма тілектердің түп-негізінде осы кішіпейілдік жатқан секілді.
−  «Сахна сыртындағы сырыңызға» рахмет!

Сұхбаттасқан: Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Ернар Құрбанбекұлы Жұматаев – Жастар театрының директоры, актер, әнші.

1984 жылы 21 мамырда Өзбекстандағы Ташкент облысы, төменгі Шыршық ауданы, Шыңғыс ауылында дүниеге келген.

2002-2006 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Драма және кино актері» мамандығын бітірген.

2006 жылы Тазабеков театрында актер болып еңбек жолын бастаған ол әр жылдары Жастар театрының актері, Мұхтар Әуезов ауданында (Алматы қаласы) мәдени іс-шаралардың ұйымдастырушысы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Мәдениет бөлімінің бастығы, «Бейбітшілік және Келісім сарайы» МКҚК директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2008 жылы «Денар» тобын құрды. Осы жылдан бастап 2015 жылға дейін «Денар» тобында әнші әрі продюссер болды.

Астана қаласы әкімдігі мен Мәдениет басқармасының  шешімімен 2016 жылдың 5 қаңтарында Жастар театрының директоры болып тағайындалды.

Театрдың репертуарындағы Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсында – Осип, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде – Айбас, Ш.Айтматовтың «Жан азабы» әфсанасында – Мәңгүрт рөлдерін сәтті кейіптеді.

Жастар театрының шаңырағын көтеріп, уығын қадасқандардың бірі – Ернар Жұматаев «Қазақстанның жаңа 100 есіміне» енуге лайық азамат. Соған сәйкес, редакция www.100esim.el.kz сайты арқылы өтінім береді.