ЕРНҰР РЫСМАҒАМБЕТОВ: БІЛІКТІ ФИЗИК

40

Ағымдағы жылдың қазан айында Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында өткен «Astana Media Week» апталығы аясындағы сессияда Халықаралық қаржы орталығының басшысы Ернұр Рысмағамбетов өміріндегі ең қызықты мотивациялық оқиғаларымен бөліскен еді. «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген 31 жастағы физиктің сол пікірлерін төменде оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Бала күнімде домбырада ойнауға қатты қызығатын едім. Бірақ менің туып-өскен жерім қалалы жерден шалғай орналасқандықтан, үйірмелерге өзім бара алмайтынмын. Сәл есейгеннен кейін осы мақсатыма жету үшін домбыра мектебіне барып жазылдым. Біраз күйді үйрендім. Бірақ жетекшілерім ансамбльдерге қатыстырмайтын. Себебі, мен әріптестеріме қарағанда жылдам шертіп, шатасып қалатынмын. Сол кезде мен өміріме қажет бір нәрсені түйдім. Ешқашан оза шаппай әрі көштің соңында қалып қоймау қажет екен. Бір сөзбен айтқанда әр адам заманына сай болу керек», – деді Ернұр Рысмағамбетов.

Ернұр Рысмағамбетов мектеп оқушысы кезінде де, студенттік шағында да біраз жетістікке жеткен. Ол 2003 жылы Тайпэйде өткен 34-ші халықаралық физика олимпиадасының алтын жүлдегері, сондай-ақ физика пәнінен өткен халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, әлемнің ең үздік университеттерінің бірі болып саналатын Калифорния технологиялық университетін (CalTech) тамамдаған. Бірақ бір қызығы бала күнінде физикаға мүлдем қызықпапты, тіпті ұнатпаған екен. Бәрі Жезқазған қаласындағы білім инновация мектебіне (қазақ-түрік лицейі) түскеннен кейін басталыпты. Жаңа мектепке барғаннан кейін мұғалімдері физика пәнінен түрлі олимпиадаларға жіберген.

«Сыныптастарым түрлі елдердегі олимпиадаларға қатысып жүретін. Ал менің арманымның бірі өзге мемлекеттерге бару болатын. Бұл маған қаржылай қиын еді. Сондықтан оқу арқылы арманымды жүзеге асыруға тырыстым. Күніне он сағат уақытымды физикаға арнадым. Уақыт өте келе аудандық, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жеңіске жете бастадым. Өз уақыты келгенде халықаралық жарыстарда елімнің намысын қорғайтын болдым. Аздаған уақыттың ішінде Түркияның Анталия қаласында, Индонезияның Бали қаласында, Сингапурда, Тайландта өткен олимпиадаларға қатыстым. Сондықтан өмірде бір нәрсеге жету үшін тырысу керек, жеңіске жету керек», – деді физик.

Бұдан кейін Ернұр Рысмағамбетов Калифорниядағы оқуы жайлы айтты. Қасында бірге болған екі досы арқылы үлкен жетістіктерге жеткенін есіне алды. Осы орайда ол жиналған қауымға кәсіби адамдармен жақынырақ араласуды кеңес етті. Себебі, кәсіби мамандармен араласу арқылы өзіңнің де жылдам дамитыныңды алға тартты.

Ернұр Рысмағамбетов бүгінде ҚР Ұлттық командасын мектепаралық ғылыми жарыстардың дайындығына белсенді қатысушыларының бірі.

Соңғы бес жылда жаттықтырушы ретінде оқушылары  25  мүмкін  медальдің     ішінен   24-ін жеңіп алған. Оның 6-ы алтын, 15-і күміс және 3-і қола медаль екен.

Небәрі 31 жасында биік белестерді бағындырып үлгерді. Өмір жолына қарасақ, ол домбыра шертумен де айналысқан, физика маманы да болған, қаржы саласында білім алған. Осы арада көпшіліктің ойына оның о бастағы арманы, мақсаты қандай болды екен деген сауалдың туындары анық.

«Шынымды айтсам, арманым да, мақсатым да  көп  болатын.  Бірақ  біреуін  бағындыр-ғаннан кейін «ары қарай не істеймін?» деген сұрақ үнемі мазалайтын. Осылайша алдыма жаңа мақсат қоятынмын. Бірақ бұл істі мен сүйсініп, рахаттанып отырып жүзеге асыруым керек. Міне, осы кезде нәтижесі де болады», – деп сөзін қорытты Ернұр Рысмағамбетов.

 

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Ернұр Рысмағамбетов – «Астана» халықаралық қаржы орталығының үздіксіз кәсіби даму Бюросының басшысы, Халықаралық физика олимпиадаларының қазынашысы, Республикалық физика-математика мектебінің тәуелсіз мүшесі және Fizmat Endowment Fund-тың басқарушысы.

2003 жылы мектепті «Алтын белгі» иегері болып бітірді. Мектеп жылдарында ол физика пәнінен халықаралық олимпиадалардың (IPHO) бірнеше дүркін жүлдегері болды.

Калифорния Технологиялық Институтының толық грантын иеленіп, оқу орнын «Бизнес, экономика және менеджмент» мамандығымен тәмамдады. Сонымен қатар, ол студенттермен алмасу бағдарламасы арқылы Лондон университетінің колледжінде оқыды. CFA квалификациясының барлық үш дәрежесінің иегері.

Нью-Йорк қаласындағы «JP Morgan Chase» және «Wilshire Associates» атты қаржы-сараптамалық компанияларында сарапшы қызметін атқарды.

2008-2013 жылдары «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қорында жұмыс істеп, «Falah Growth Fund» тікелей инвестициялар қорында әртүрлі деңгейлерде қызмет атқарды.

2014-2016 жылдары Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясында Басқарма Төрағасының Орынбасары болды.

2008-2012 жылдар аралығында білім беру және кәсіби даму салаларында коучингпен айналысты. Соның нәтижесінде 200-ге жуық дарынды талапкерлер Еуропа, АҚШ және Сингапур мемлекеттерінің алдынғы қатарлы ЖОО-на түсті.

2009 жылдан бастап физика, математика және қаржы салаларының бапкері болып табылады. Оның 5 жылдық физика пәніндегі бапкерлік қызметінің арқасында оқушылар халықаралық олимпиадаларда алтын алқа иегерлері атанды.