ЕУРООДАҚТЫҢ БАСЫНА ТАҒЫ ДА ҚАРА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

14

Алты жыл бұрын қатты дағдарыста болған Еуропаны жаңасы күтіп тұр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
2012 жылы Еуропада «PIGS» (Португалия, Ирландия, Грекия, Испания) проблемасы болды. Бұл мемлекеттерде бюджет дефициті мен қарызы көп банктер орналасты. Енді 2018 жылы Еуроодақта «PHIGS» проблемасы туындап отыр: Польша, Венгрия, Италия, Грекия және Испания. Биылғы проблема күрделірек әрі саяси жағдайларға байланысты.
Еуроодақ үшін басты қатер Италиядан төніп тұр. 4 наурыз күні сайлауда M5S және Лига партиялары жеңіске жетті. Олар әртүрлі округтерден қолдау тапты. M5S популистері кедей италиялықтарға жағдайды жақсартуға сөз берсе, Лига жақтастары иммиграция мен Еуроодаққа кері көзқараста екендіктерін көрсетті. Ал Еуропарламент президенті Жан-Клод Юнкер Италия сыбайлас жемқорлықты азайтып, көп жұмыс істеуге мұқтаж екенін айтты.
Бүгінде Италияның қарызы 2,1 триллион еуроны құрайды. Ал билікке келген екі партия жоспары мемлекет шығынын көбейтіп, салықты азайтуға бағытталған. Бұл стратегия мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін.
Италияға қарағанда Испанияның экономикасы дамып жатыр: жұмыссыздық азайып, несие рейтингі тұрақтанып келеді. Бір қарағанда, алаңдайтын себеп жоқ болып көрінгенімен, көп жылдар бойы консервативті халықтық партия билігі басым болған Испания саясаты сыр бере бастады. Өткен аптада билік мүшелерінің сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталуы парламентке деген сенімді төмендетті. Қазір Испания премьер-министрі Педро Санчес парламенттегі 350 орынның тек 84-ін алатын партия өкілі.
Соңғы он жылда Грекия дағдарыстан көз ашпады. Бүгінде мемлекеттің қарызы жалпы ішкі өнімнің 180 пайызын құрап отыр. Италияда бұл көрсеткіш 133 пайыз.
Еуроодақтан Ұлыбритания толығымен шықса, Еуроодақтың бюджеті азаяды да, Германия мен Франция Еуропаның қозғаушы күшіне айналады. Макрон-Меркель Еуроодаққа жаңа дәуір әкеледі деген сенім болғанымен, Франция президентінің неміс канцлерімен көзқарастарының келіспеуі бұл ойды сейілтті. Бұл аздай, Еуроодақ АҚШ-пен сауда соғысын бастаудың аз-ақ алдында тұр.