ЕШКІМГЕ ҰҚСАМАЙТЫН ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ

24

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» (Шәкәрім Құдайбердіұлы) дегендей, «Саяси портреттің» бүгінгі кейіпкері Иран Ислам Республикасының экс-президенті Махмұт Ахмадинежад өзге Президенттерге мүлде ұқсамайды. Сөзі де, ісі де, жүріс-тұрысы да өзгеше. Президент болып сайланғанға дейін Ардебиль провинциясын, ел астанасы – Тегеранды басқарған саясаткердің қарапайымдылығына сүйсінбеске болмайды. «Мысал келтір» десеңіз, келтірейік…

Иран Ислам Республикасының 2005-2013 жылдардағы Президенті болған 62 жастағы Махмұт Ахмадинежадтың бүгінде қарапайым оқытушы екенін, жұмысқа тек қоғамдық көлікпен қатынайтынын «QAZAQ» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы білетін болар (Қараңыз: «Иранды 8 жыл басқарған Президент жұмысына автобуспен қатынайды», №31, 2016 ж.). Сол кезде әлеуметтік желіде экс-президенттің автобустағы суреті жарияланған еді. Енді тағы да сол Махмұд Ахмадинежад өзінің қарапайымдылығымен көзге түсті. Бұл жолы Иран Ислам Республикасын 8 жыл басқарған, кезінде тәкаппар Батыс және азулы АҚШ пен оның саяси сыбайласы Израильдің саясатына ашық қарсылық білдіріп, «тиран президент» атанған Махмұт Ахмадинежад бүгінде мал бағып жүргенге ұқсайды. Былтыр ғаламторда қолына айыр ұстаған экс-президенттің суреті пайда болды.

Расында, әйелі медреседе еден жуушы болып жұмыс істеген Махмұд Ахмадинежад туралы шетелдік БАҚ өкілдерінің әлі күнге дейін жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазулары тегін емес. Өйткені, экс-президенттің қарапайымдылығында шек жоқ.

Мысалы, Махмұт Ахмадинежад Президент резиденциясындағы өз кабинетіне алғаш  кірген бойда қымбат парсы кілемін Тегерандағы мешіттердің біріне беріп, оның орнына ол жақтағы арзан кілемді төсеген екен.

Бір қызығы, Махмұт Ахмадинежад  Президент болғанда өзінің мүлкі туралы декларация тапсырған. Адам сенгісіз, сонда оның 1977 жылғы үлгідегі «Пежо 504» автокөлігі мен Тегеранның кедей аудандарында 40 жыл бұрын салынған ескі үйі ғана бар екені анықталған.

АҚШ-тың «FoxNews» телеарнасы Президенттен: «Сіз таңертең айнаға қараған кезде Өзіңізге не айтасыз?» деп сұрғанда, ол: «Мен айнадан адамды көремін де оған: «Есте сақта, сен қарапайым ғана қызметшіден артық емессің» деймін», – деп жауап беріпті.

Сенесіз бе, ол өзі тұратын аудандағы аула сыпырушыларға жиі көмектеседі деседі. Тіпті, қымбат қонақүйлерге тоқтаған кездерінде үлкен кереуеті бар бөлме бермеуін талап етеді екен. Өйткені, ол диванда ұйықтағанды мүлдем ұнатпайды. Есесіне, жерге көрпе жайып ұйықтаған ыңғайлы көрінеді.

Президенттің күн сайын жұмысқа ұстап келетін портфелі де көпшілікті қызықтыратын еді. Оның сөмкесінде әйелі дайындап берген бірнеше бутерброд пен зәйтүн майы және ірімшік қосылған нан жүретін. Осылайша Президент мемлекеттің ақшасын артық шығындамауды мақсат тұтқан-мыс.

Махмұт Ахмадинежад ел басқарған кезінде министрлердің барлығына ортақ талап қойды. Яғни, шенділер кедей болуы тиіс. Тіпті, олардың туыстарының де есеп-шоты тексерілді.

Ақша демекші, кезінде Махмұт Ахмадинежад Президентке тиесілі жалақыдан да бас тартты. Алайда  АҚШ-тың 45-ші Президенті болып сайланған Дональд Трамп секілді айлықтан өз байлығының асып-тасығанынан бас тартқан жоқ, экс-президент бұл қадамын барлық байлық халыққа тиесілі екенімен түсіндірді.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, өз еркіңіз – Иран Ислам Республикасының 2005-2013 жылдардағы басшысы Махмұт Ахмадинежад Президент болғанға дейін де, одан кейін де мемлекет қазынасынан бір тиын алмай, университетте лекция оқығаны үшін алатын 250 долларлық жалақыға күн көреді. Кейбіреулер билікте жүргенде артын ойлап «Экс-президенттер туралы» заң шығарып, зейнетақысын тағайындап кететін еді. Ал, мемлекетті 8 жыл басқарған ол оған да бармады. Биліктен босағаннан кейін бұрынғы оқытушылық жұмысына қайта оралды, жұмыстан тыс уақытта қой бағатыны тағы бар. Ал бұл сонда қарапайымдылықтың қай түрі?

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті