«Е-АЙЫППҰЛ»: ЕНДІ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ДЕ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

15

Қаладағы автокөлік қозғалысын видео камералар арқылы бақылауға тапсырған поли-цейлер қол қусырып қарап отырмай, жол жүру ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілерді тәртіпке келтіруге көшті. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусиннің Facebook парақшасындағы жазбасынан білдік. Бағдат Батырбекұлы комитет құрастырған жоба полицейге бір сағатта 21 адамға айыппұл салуға мүмкіндік беретінін жазды.

 

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ДЕ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕРЕЖЕСІНЕ БАҒЫНУЫ ТИІС

«Ертеректен қалыптасып қалған «жаяу жүргіншінікі дұрыс» деген қағида қате. Бұрын абайсызда біреуді қағып кеткен автокөлік жүргізушісі сотталып кететін. Ал біздегі жаяу жүргіншілер осы уақытқа дейін сол санадан арыла алмай келеді. Жаяу жүргінші жол ережесіне бағынып жүрген жоқ. Жолдан өзінен басқа ешкім жоқтай сезінеді. Қалаған жерден, қалауынша көктей өте береді, тіпті жаяу жүргіншіге арналған жолақтың өзінен дұрыс өтпейді. Мысалы, ережені сақтап келе жатқан жүргізуші аяқ астынан біреудің жолға жүгіріп шыға келеді деп ойламайды. Негізі ереже бойынша, жаяу жүргінші жолдың шетіне келгенде жолдан өткісі келіп тұрғанын ишарамен білдіруі керек. Оң-солға қарап алып, қозғалыстағы автокөлікке кедергі келтірмейтіндей болғанда өтуі керек. Ал, бізде қалай? Жаяу жүргінші қолындағы смартфонға үңіліп, ешкімде шаруасы жоқ, өте шығады. Жүргізуші тежеуішті басып үлгермей қалуы, тіпті, көрмей қалуы әбден мүмкін. Ымырт, апақ-сапақ кезде байқамай қалса ше? Ондай ойлар көп жүргіншінің басына кіріп те шықпайды. Өз басымнан өтті ондай жағдай. Күн батып бара жатқан кез еді. Сағатына 70-80 шақырымға дейін жылдамдықпен айдауға болатын тас жолда көлік жүргізіп келе жатқанмын. Жолдан жүгіріп өткен жаяу жүргіншіні дер кезінде байқамай қалдым. Айналып келгенде, бәрі қарапайым мәдениеттілікке келіп тірелетіні рас», – деген өз ойын білдірді экономикалық сарапшы Денис Кривошеев.

Алайда бұл тақырыпта кеңінен көсілген Денис Кривошеев таяқтың екі ұшы барын және айтты.

«Біздегі жаяу жүргіншілер жолағы дұрыс жабдықталмаған. Арнайы жарықтандыру жағы ойластырылмаған. Адамдар көрінбей қалады. Кей жерде ақылға қонымсыз жерде салынады. Мысалы, бағдаршамға 300 метр жерде тұрады, мүлдем дұрыс емес. Бір сөзбен айтсақ, жүргізуші үнемі қай жерден жүргінші алдымнан атып шығады деп алаңдап отырады, күйзелісте болады», – деп түсіндірді Денис Кривошеев.

 

«Е-АЙЫППҰЛ»:ҚАНДАЙ АЙЫППҰЛ?

АҚШ енді жолақ арқылы жолдың арғы бетіне смартфонына үңіліп өткен жаяу жүргіншіге 35 доллар мөлшерінде айыппұл салуға көшпекші. Оған жүргіншілерді қағып кеткен жол көлік оқиғасы санының күрт өсуі себеп болған. Ал Еуропаның бірқатар елдерінде, Қытайда смартфоннан көз алмайтындар үшін арнайы жеке жол жасалған. Жолдан өту үшін жерден арнайы жарық жанып белгі беру мүмкіндігі де ойластырылған. Идеяны ең бірінші болып Германия 2014 жылы жүзеге асыра бастаған болатын.

Ал біздің елімізде енді «Е-айыппұл» жобасы қолға алына бастады.

«Е-айыппұл» – әкімшілік іспен айналысатын мемлекеттік мекемелердің құзыреттілігін цифрландыруға бағытталған жоба. Бізде ондай 64 мекеме бар. Яғни, бірыңғай тізім (реестр) шеңберінде электрондық хаттама толтыру жүйесі талапқа сай, су кірмейтін, соққыға төзімді арнайы планшетке енгізілген.

«Жобаның артықшылығы көп. Соның бірі – әріптік қатені жою. Бүгінге дейін азаматтардан айыппұл қате жазылып кеткен деген шағымдар көп түсетін. Бұл – адами фактор. Хаттама қолмен толтырылғандықтан базаға енгізуші ондағы жазуды түсінгенінше енгізетін. Аталған жоба осы проблеманы жойып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, айыппұл төленбей қалу мәселесі жойылады. Бұрын инспектордың қағаз жүзінде толтырған хаттамасы базаға үш-төрт күннен кейін түсетін. Мына жоба арқылы онлайн режимде сол сәтте енеді. Айыппұлды да сол жерде-ақ төлеп кетуге де мүмкіндік туады», – деп түсіндірді Недельский.

 

АЙЫППҰЛДЫҢ КӨЛЕМІ ҚАНША?

«Бір сағаттың ішінде жиырма шақты адамға айыппұл салу – заң бұзушылық емес. Ойлап қарасаңыз, арнайы белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен азаматтарға айыппұл салды. Яғни, ол оның жұмысы. Заңды тұрғыдан қарау керек. Бұздың ба, төле», – дейді Евгений Недельский.

Жол жүру ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге салынатын айыппұл бес айлық есептік көрсеткіш (2017 жылға есептелген АЕК – 2269 теңге) мөлшерінде, яғни, 11345 теңге. Қайталанған жағдайда бұл көрсеткіш екі еселенеді. Ал бір аптада төлейтін болсаңыз, 50 пайыз жеңілдік бар.

Егер жол ережесін сақтамаған азаматтың өзінде жеке куәлігі болмаса, инспектор аты-жөнін енгізіп, базадан қарайды. Ол жерде фотосына дейін бәрі шыға келеді. Шетел азаматы болса да жауапқа тарту мүмкіндігі қарастырылған. Оларға да хаттама толтырылып, айыппұл төлеу міндеттеледі.

Қазір  Астанада 400-ден астам жол полициясы инспекторы болса, соның 60-ында осы планшет бар. Жыл соңына дейін барлығында болады.

 

ПОЛИЦЕЙДІҢ ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

«Құқық бұзушының деректерін алу үшін ЖСН енгізу жеткілікті. Жүйе жеке тұлғаның іздеуде жүргенін, өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарының бар-жоғын анықтап, бұл әрекетті дұрыс саралауға мүмкіндік береді. Былтыр жаяу жүргіншілердің қатысуымен 157 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл жыл басынан бері 54-і тіркелген екен. Ал бұл жоба сынақ түрінде 18 шілдеде енгізілген. Содан бері 6 685 әкімшілік хаттама толтырылып, 58 млн теңге айыппұл салынды. Оның жартысы өндіріп алынды», – дейді Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибелеу бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Тахир Абдурахманов.

Ал Денис Кривошеев ережелерге бағыну үшін техникалық жағдай жасалмағанын, қит етсе айыппұл салу қоғамның ішінде әлеуметтік шиеленіс тудыратынын айтады.

«Біздегі айыппұл Америкадағыдай. Салыс-тырып көріңіз, орта есеппен қарайтын болсақ, біздегі айыппұл құны – 20 мың теңге. Азы да бар, көбі де бар. Енді қараңыз, бұл шамамен 70 доллар. Ал кейбіреулер 40 мың теңге жалақы алып күнін көріп отыр. Меніңше, ешқандай да тәртіп орнату емес. Айыпталғандардың саны артып, айыппұлды тез жинап алу мүмкіндігі – бюджетке сарқылмайтын алтын көмбе. Себебі, қанша айыппұл салғанмен ол тәртіпті жақсарт-пайды», – деген пікірде Денис Кривошеев.

 

АЙЫППҰЛ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕУ МҮМКІН ЕМЕС

«Жазаны жеделдетуді ғана ойлап тұрмыз. Ережені күшейткің келсе, жағдай жаса. Қойылатын белгілерді ереже бойынша орнат. Мысалы, сен келе жатқан жолақтан солға бұрылуға бола ма, жоқ па дегенді тек қана бағдаршамға келгенде білесің. Ал негізі бағдаршамға жетпей, алдын ала қай жерден, қай жаққа бұрылуға рұқсат етілгенін білдіретін белгі болу керек. Яғни адамдар, жүргізушілер, жүргіншілер алдын ала ескертіліп отырулары керек. Ал бізде бәрі айыппұл салу үшін орнатылған. Осы уақытқа дейін ұрлық жасағаны үшін адамды қылмыстық жауапкершілікке тартса да, ұрлық жасалмай жатқан жоқ. Тіпті, мәселе айыппұл салуда емес, адамның сол ережеге бағынуы үшін жағдай жасалмағандығында. Мен оны өмір сүру сапасын арттыру деп емес, ақша жинаудың жаңа түрі деп білемін. Мұнайдан қазынаға құйылған мол қаражаттың дәурені өтті. Енді адам – жаңа мұнай көзі. Барлығы қалтамызды қағып алу үшін жасалып жатыр. Дәлірек айтсам, қалтамызды қағып алу жұмыстарын жеңілдету үшін атқарылған жұмыстар. Ертең ол базаны біздің мекен-жайымызға, не телефонымызға, не банк картамызға қоса тіркеп, ақшамызды автоматты түрде сыпырып отырады. Біз соған келе жатырмыз», – деген пікір білдірді Денис Кривошеев.

Денис Кривошеевтің пікірінше, соттық жүйе қалуы тиіс. Әрбір айыппұлды жағдайға байланысты жеке талқылау керек.

Тобықтай түйін: Соңғы кездері әр салада жасалып жатқан елдегі реформалар мен өзгеріс-тер халықтың сын садағына ілінетін болған. Бұл түсінікті де, өйткені, кез-келген жаңалыққа үйрену керек. Ал оған тек қана уақыт төреші.