ЖАДАҒАЙ – ҰЛТТЫҚ КИІМНІҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ

9

«Шебердің қолы – ортақ» дегендей, сүйікті хоббиін кәсіпке айналдырған «AiSem» ұлттық брендінің иесі Айжан Сембиғалиева халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық киімдерінің бірі – жадағай тігеді. Кәсіпкердің айтуынша, Маңғыстау өңірінде жадағайды білмейтін қазақ жоқ. Себебі, бұл киім үлгісі күнделікті киетін, ыңғайлы әрі жылы киімге айналған.  Бүгін 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті Айжан Рахымбайқызының әйгілі жадағайына, халқымыздың ұлттық киімдеріне қысқаша тоқталады.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Кәсіпкер: Айжан Сембиғалиева
Өнім: Жадағай (ұлттық бренд)
Орташа бағасы: 40 000 – 60 000 теңге

КІМ ЕКЕНІН КИІМІНЕН ТАНЫ

Қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінде этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, олар ежелгі дәстүр бойынша тігіледі. Халқымызда ежелден-ақ ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болған.
Бір киер киім – қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдер. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсысын, таңдаулысын киген.
Сырт киімдерге – шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем, ал сулық киімдерге – шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады. Бұл киімдер мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі.
Қазақ халқы құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен де тондар тігіледі. Астарына құнды аң терісі салынған тон – «ішік» деп аталады. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдіпті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.
Ал, шапан – Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матадан арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап сырып тігеді. Ол негізінен тік жағалы, ішінара қайырма жағалы да болады.
Шапан – сырмалы шапан, қапталшапан, қималы шапан болып бөлінеді.
Қыз-келіншектерге арналған қималы шапанды түрлі-түсті матадан тігіп, жаға-жеңін, етегі мен екі өңірін зерлейді. Түйме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма немесе ілгек тағады.
Қазақ шапандарының алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасын ойып пішеді. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді. Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады.
Тарихқа сүйенсек, Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе,Орта жүз қазақтарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Ал Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген екен.
Ішіне жабағы жүн салынып сырылған, суықта киетін сырттық – күпі, түйе жүнінен иірілген жіптен тоқылған жұмсақ сырттық – шекпен, жеңсіз, киізден қаусырылған – кебенек, астары қалыңдатылған – қаптал шапан деп аталады.
Иленген әрі боялған (қарағай, қайың нілімен, өсімдік, қына, томар бояумен боялған) тон, сырты қымбат матамен тысталған ішіктің түрлері де халқымызда кең таралған. Тонды тебен инемен басып тігіпнемесе шалып тігіп, кестелеп, қаптама тон жасайды, етек жеңіне жұрын ұстайды.
Жарғақ, тайжақы, қылқа, дақы деген киімдерді тай, құлын, лақтың терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді.
Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, атқа мініп-түсуге ыңғайлы, кең балақ болып келеді.
Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарлау, әсіресе, батырлар мен аңшыларға, балуандарға тән болған.

ҰЛТ МҮДДЕСІН ОЙЛАҒАН КӘСІПКЕР

Әдетте, көп адамдар шапан мен жадағайды шатастырып, жадағайдың атауын білмегендіктен шапан деп атап жүр. Бұл кейіпкеріміз Айжанның алғашқы сөзі. Бүгінде түрлі-түсті, екі өңірі мен жеңі кестеленген немесе зер салынған жадағай сәнге айналды.
Жадағайға түйе жүні салынады. Түйе жүнінен иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын тәрізді ұлттық бұйымдарды тоқитынын білеміз. Ал оның көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл әрі жылы болатынын, түйе жүнінен қылшық шықпайтынын білетіндер қазіргі кезде аз.
Сонымен, Айжан Рахымбайқызы жастайынан жеке кәсіп ашуды армандаған. Тіпті, бір кездері дизайнерлік қабілетінің арқасында өзі тұратын елді мекеннен тұрғындарға қызмет көрсететін алғашқы орталықты да ашқан екен.
Шығармашылық адамы әрдайым ізденісте жүретіні сөзсіз. Кейіпкеріміз жадағай тігуді әуесқойлықтан бастайды. Өзінің айтуынша, бұл кәсіпті қолға алуына әкесі себеп болыпты. Кәсіп ашуға әкесі тікелей көмектесті деп ойласаңыз қателесесіз.
Бірде Айжан Рахымбайқызы әкесіне арнап жадағай тігеді. Бастан-аяқ ине-жіппен тігілген жадағайға барлық мейірімін, күш-қуатын жұмсаған кейіпкеріміз өзінің жаңа туындысын әкесіне тарту етіпті. Әке үстіндегі жадағайды көргендер қайдан алғанын сұрап, қызығушылық таныта бастайды. Осылайша кейіпкеріміздің тапсырысы көбейіп қана қоймай, өзіне сенімі артып, осы кәсіптен өзін іздей бастапты.
Бастапқыда барлық жадағайларды тек ине-жіппен тіккен кәсіпкер кейіннен арнайы тігін машинасын алып, жадағайларды бұрынғыдан да түрлендіріп тіккенінің нәтижесінде бүгінде еліміздің әр аймағынан тапсырыстар түсуде.
Айжан Рахымбайқызы кәсіби тігінші емес. Оның ойынша, әр қазақ қызы асқан ісмер болып кетпесе де, ине-жіп ұстап көркем дүние жасауға қабілеті жетуі тисі. Себебі, бұл апа-әжелеріміздің тәлім-тәрбиесі. Жақындарының осындай үлгі-өнегесіне қанығып өскен кәсіпкер жадағай тігудегі басты мақсатын да айтты. Кез келген қазақ ұлттық киімімізді ұлықтап, барлық жерде ыңғайлы, жылы, сапалы киімді киіп жүргенін қалайтын кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. Заман ағымына ілесеміз деп, бір сәтке өз құндылықтарымызды, ұлттық киімдерімізді ұмытып бара жатқандаймыз…
Бір қызығы, Айжан Рахымбайқызы мекендейтін Маңғыстау өңірінде жадағайды білмейтін бір де бір адам жоқ. Жадағайдың ерлерге, әйелдерге арналған түрлері де бар. Шапан, күпі, жадағай сынды киімдер бар қазаққа ортақ болғандықтан, әр жерде әртүрлі аталуы да мүмкін.
Әбіш Кекілбаевтың «Құсқанаты» шығармасында жадағай жайлы: «Қара кемпір арқасындағы ішіне жүн салынып сырылған жадағайын баласының аяқ жағында бір уыс болып бүрісіп жатқан келіннің иығына жапты» деген мәлімет кездеседі. Ал Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» шығармасында жадағайдың алды қаусырылып жабылатыны жайлы сипаттайды.
Ұлттық құндылықты ұлықтаған кәсіпкер жадағай тігуде өзіндік ережеге сүйенеді. Ол ереже ежелден келе жатқан өзгермейтін ереже. Жадағай міндетті түрде үш бұрыш жағалы болып тігіледі. Иығы түсіңкі, алды қаусырмалы әрі сәл кеңдеу болуы тиіс. Айжан Рахымбайқызы осы ережелер тігу барысында сақталғанда ғана бұл ұлттық киімді нағыз жадағай деп атауға болатынын айтады. Кәсіпкер жадағайларының сырты хан барқыттан тігілсе, ішкі астары жұмсақ матадан тігіледі.
Айжан Рахымбайқызының бұл кәсіпке қадам басуы, жадағай тігуге қызығушылық танытуы әкеге деген құрметтен, ерекше ықыластан туындап, болашағынан зор үміт күттірген үлкен кәсіпке ұласқансекілді.
Кейіпкеріміздің айтуынша, түйе жүнінің қасиеті көп, осы игерілмегені сала болып саналатын түйе жүнін көп кәдеге жаратуға болады екен. Тіпті, алдағы уақытта көрпе, жастық та тігуді жоспарлап отырғанын жасырмаған Айжан Рахымбайқызы жадағайға еліміздің әр қаласынан тапсырыстар көптеп түсіп жатқанын айтты. Әсіресе, Алматы, Астана қалаларынан тапсырыс берушілердің қарасы көп екен. Этно киімдерді ұнататын өнер адамдары да кәсіпкердің өнімін жоғары бағалап үлгерген.
Иә, сапалы дүниеге сұраныс қашан да жоғары болады.

Тобықтай түйін: Әрбір өніміне ерекше махаббатпен, ықыласпен кірісетін Айжан Рахымбайқызы тапсырыс берушінің көңілінен шығатындай жадағай тігіп жүргеніне қуанады. Ұлттық киімді ұлықтап жүрген кәсіпкердің айтуынша, жадағайды қолмен тіксе, шамамен екі-ақ күнде тігіп бітіреді екен. Бүгінде өзіне ыңғайлы тігін машинасын серік еткен кейіпкеріміз алдағы уақытта көмекшілер алып, кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. Ұлттық киімімізді ұлықтаудың жақсы жолын бастаған кейіпкеріміз осы жолдан ешқашан айнымайтынын айтты.

Әлия ІҢКӘРБЕК,

“Qazaq” газеті