«ЖАЗЫҒЫМ НЕ, АНАШЫМ?!»

29

Алматы  облысына   қарасты Жауғашты кентінде аяғы ауыр тұтқындар мен үш жасқа толмаған баласы бар сотталған әйелдерге арналған колония (ЛА-155/4) аумағында орналасқан Қазақстандағы жалғыз балалар үйінде тұрып жатқан емшектегі нәрестелер мен сәбилер айран, жеміс езбелері мен сүт қоспасына, жөргекке зәру. Бірақ, олар өзге балаларға қарағанда қайырымдылық қоры бөлген ақшаға сатып алынған 30 мың доллар тұратын әдемі әткеншекте тербеледі. Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық. 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетінің тілшісі темір тордың арғы жағындағы тағдырлар туралы толғайды.

ЖӨРГЕК НЕГЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

Түрме – балаларға арналған орын емес. Қазақстандағы аяғы ауыр, балалары бар сотталған әйелдер жазасын өткеретін ЛА-155/4 колонияның балалар үйінде бүгінгі күні 33 әйелдің 34 баласы бар.

– Балалар үйі бір мезетте 3 жасқа дейінгі 50 балаға арналған. Онда керектің барлығы бар. Жұмысты балалар үйінің басшысы мен қызметкерлер ұйымдастырады. Балалар дәрігері, невропотолог, психиатр, 5 медбике, рентген-лаборант, акушер, тазалықшы, тәрбиешілер мен бала күтушілері бар. Балалар күнделікті дәрігерлердің тексерулерінен өтеді, деп түсіндірді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу басқармасының бастығы Марат Таласбаев.

Сонымен қатар, балалар мен олардың анасын Тағамтану академиясының ұсынысы бойынша тамақтандырады. Емдеу тегін. Тыңдап отырсаң темір торға тоғытылғандар шипажайда өмір сүріп жатқандай әсерде боласың.

«Адам құқығы мониторингі орталығы» ҮЕҰ директоры Ардақ Жанәбілова бізді қиял әлемінен жерге түсірді. Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында белгілі болғандай, бас дәрігердің рапорты негізінде азық-түлікті (жеміс-жидек, көкөністер, картоп езбелері, сүзбелер, т.б.) қосымша сатып алуға болады, ал жөргек сатып алуға ақша бөлінбейді, сондықтан мекемеде ҮЕҰ-лар мен қайырымдылық ұйымдары әкеліп берген жөргектермен амалдайды. Олар қайырымдылық ұйымдары беретін жөргектерді қолданады.

Қайырымдылық ұйымдары аулаға өте қымбат бағасы 30 мың АҚШ доллары тұратын әткеншек орнатқан. Ондайды кез-келген жерден кездестіре бермейсіз. Егер сөз берсе бұл жерде тәрбиеленіп жатқандар бақыттың кілті онда емес екенін жарыса айтар еді. Әттең, көпшілігі әлі сөйлей де алмайды, өздерінің болашағы жайлы да мүлде бейхабар.

ҮШ ЖАСҚА ТОЛҒАННАН КЕЙІН СӘБИЛЕР ДАЛАДА ҚАЛМАЙ МА?

Балалар үш жасқа толған кезден бастап оларды туыстарына береді немесе балалар үйіне жібереді. Қалай болған күнде де баланың өміріндегі ең маңызды адам оның өмірінен біржолата кетеді немесе біраз жылға алыстайды.

– Үш жасқа толған баланы міндетті түрде түзету мекемесінен шығару керек, бірақ оның мүгедектігі, әлдебір кемтарлығы немесе дамуының тежелуі сияқты жайттар, анасынан айыру баланың психикасын жаралайтыны ескерілмейді. Заңда балалы әйелдердің жағдайын жеке қарау ескерілмеген, көп жылға сотталғандықтан әйел баласын үш жасында балалар үйіне тапсырады, ал өзінің жаза мерзімі – 25 жылға жуық. Мұндай жағдайда не істеу керек? деп анық-қанығын айтты Ардақ Жанәбілова.

Оның сөзінше, кей әйелдер түрмеден шыққаннан кейін балалар үйінен балаларын алмайды, өйткені оны асырауға ақшасы жоқ әрі колониядан кейін олардың қолында бұрын тұрған жеріне дейін баратын билет қана болады. Өйткені, заңда әйелдер бостандыққа шыққаннан кейін баласын өзіне қалай қайтаратыны ескерілмеген.

– Бізде жазасын өтеуші әйелдердің барлығының балалары Бағанашылдағы (Алматы облысы) балалар үйіне жіберіледі. Бірақ, мысал ретінде айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы баласын алып кетуге асығатын емес. Өйткені, оның қаржылай жағдайы жоқ. Оған ол жерде біраз күн тұрақтап, құжаттарын реттеп, үйіне қайтуға қаражат керек. Оның тек қана тұрақты тіркелген жеріне дейін билеті бар. Балалар құқығын қорғау мекемелері ана мен баланың қайта табысуын алдын ала қарастырғандары жөн. Анығырақ айтқанда, жазасын өтеп біткен соң әйел еш қиындықсыз баласын алып кетуі керек, – деген Ардақ Жанәбілова бұл жүйенің кемшілігін жасырмай айтты.

Қоғам белсендісінің айтуынша, туыстары асырауға алған балалардың да жағдайы мәз емес. Заң бойынша әйел баласын тек үй жағдайында ғана көре алады. Тәжірибе жүзінде бұл іс жүзеге аспайды, себебі мұндай кездесулер үшін қарауылшы жасақ (конвой), әйелге тұруына ерекше жағдай және жанына серік керек. Ал, мұның барлығы өте қымбат.

Қазақстандағы  балалар  құқығы  жөніндегі   уәкіл (омбудсмен) әрі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева бұл балаларды да бас бостандығынан  айыру – жазықсыз баланың құқығының тапталуы деп есептейді.

– Әйел қандай қылмыс істесе де, жазасын шегеретін жағдай жасалуы керек. Ал, аса ауыр қылмыскерлер жайында әңгіме бөлек. Бірақ біздің мемлекет ол әйелдің ешкімге зиянын тигізбеуін бақылауға алуы маңызды. Дегенмен, бала анасының қасында, бостандықта өмір сүруі керек, деп  өз  ойын ортаға салды  халық қалаулысы.

Зағипа Яхияқызы Әділет министрі болып тұрғанында көтерген мәселені және айтты. Яғни, Қылмыстық-атқару кодексін Еңбекпен түзеу кодексімен алмастыру керек.

– Түзеу мекемелерінде қарама-қайшылық бар. Жазасын өтеушінің еңбек істеуге құқығы бар, бірақ бұл мәжбүрлі түрде жүзеге аспауы керек. Осылайша, шығынды өтеу мәселесі шешусіз қалып келеді. Бұл – бір. Екіншіден, бостандықтағы балалар алиментсіз қалады. Үшіншіден, түзеу мекемесінен шыққаннан кейін не еңбек тәжірибесі, не қаржысы болмайды, деп түсіндірді депутат.

Бұған қарсылар көп. Себебі, елімізде жазасын өтеп шыққандарға арналған жұмыс орындары жоқ. Дегенмен, Зағипа Балиева егер заң күшіне енсе, колония билігі мен жергілікті әкімшіліктегілер жұмыс орындарын ашуға міндетті болатынын алға тартып отыр.

«ҚОЛЫНА СУЫҚ ҚАРУ ҰСТАП ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ЖОҚ»

Аналарымен торға тоғытылған балалардан басқа, колонияға өз кінәсімен түскен балалар да бар. Түрмедегілердің 3 пайызы кәмелеттік жасқа толмағандар.

– Күштеп ұстау орындарындағы балалар – қоғамда дендеп кеткен экономикалық, құқықтық және әлеуметтік дерттің көрсеткіші, – деген сенімде Орталық Азиядағы «Халықаралық түрме реформасы» өкілдігінің аймақтық директоры Азамат Шамбилов.

Дегенмен Жоғарғы Сотының судьясы Лариса Шепелева өз қызмет тарихындағы ең ауыр қылмысты жасаған кәмелеттік жасқа толмаған бала болғанын айтса, құқық қорғаушылар балалардың түрмеде отыруын жөнсіздікке балайды.

– Қандай қатыгездікпен жасалған қылмыс болса да, бұл біздің кінәміз. Ата-анадан бастап, осы отбасыны қоршаған, бейғамдық танытқан адамның да кінәсі. Бала қолына суық қару ұстап, жүрегіне жамандық ұялап туылған жоқ. Ол адам болып дүниеге келген. Оны қылмыскер жасаған қоғам мен қоршаған ортасы, деді Зағипа Балиева.

Халық қалаулысы қиын балалармен жұмыс жасауды, ол бұл аты жаман «мәртебені» иеленбей тұрып бастау керектігін баса айтты.

Құқықтық қудалауға тап болған балаларға келетін болсақ, оларды бұл жүйеден барынша қорғап, Еуропадағы мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың сот мәжілісіне қатысуына тыйым салуды ұсынды халық қалаулысы.

– Баланың барлық жауаптарын балаға жайлы, достық қарым-қатынаста арнайы оқыған адам камераға түсіруі керек. Сотта жауап ретінде сол жазба ұсынылуы керек. Норвегияның тәжірибесіне сәйкес, бала екі мәрте ғана сот алдында жауап бере алады, бір рет және егер соттың қосымша сұрақтары болса екінші мәрте, деп түсіндірді Зағипа Балиева.

Бұрынғы Әділет министрінің ойынша, тәжірибе жүзінде бұл біздің заңға көптеген түзетулер әкелуі мүмкін. Дегенмен, бұл оған тұрарлық өзгертулер болады.

Айта кетейік, Қазақстанда үш мыңнан аса тұтқын әйел бар. Бұл әйелдер түрмеге көбінесе алаяқтық жасағаны және есірткі сатқаны үшін түседі. Олардың орташа жасы – 30-50 жас. Ал, түзету колонияларында отырған әйелдердің 75 пайызының баласы бар. Әйелдер қылмысын зерттеген «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының сарапшылары осындай қорытындыға келген екен.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті