ЖАЗҒЫ ДӨҢГЕЛЕКПЕН ЖҮРГЕНДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ

20

ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті алдағы 1 желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелегін ауыстырмаған автокөлік иелеріне айыппұл тағайындалатынын тағы да еске салды. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590 бабы 5 бөліміне сәйкес, бұл норманы орындамаған жүргізушілер 5 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш – 2 405 теңге) айыппұл арқалайды. Бұл туралы abctv.kz жазды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қыс айларында (желтоқсан, қаңтар, ақпан) «М+S», «M&S», «M S» белгілері көрсетілген және үш шыңы бар тау түріндегі (ішінде қар ұшқыны бар) белгі бейнеленген қысқы шинамен жабдықталмаған көлік құралдарының жүруіне тыйым салынған. Жоғарыда айтылған талап сақталмаған жағдайда шина жарамсыз болып табылады. Жарамды шина бұдырының тереңдігі кем дегенде 4 милиметр болуға тиіс. Қысқы шиналар, сондай-ақ арнайы бұдырлар барлық типтегі көлік құралдарының дөңгелегіне салынады.
Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ереже-лердің (ҚР Жол қозғалысының ережелеріне қосымша) 14 бөліміне сәйкес, техникалық регламенттерге, тиісті стандарттарға сай келмеген жағдайда көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беруге тыйым салынады. 2015 жылы Кедендік одаққа мүше елдер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дәл осындай шешім қабылдаған болатын.
Сырғанауға қарсы бұдырлары бар шиналарды қолданған жағдайда, оны көлік құралының барлық дөңгелегіне орнату керек. Ал, бұдыры бар шинамен жазғы уақытта жүруге тыйым салынған.
ҚР ЖҚЕ Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелердің 9-тармағына сәйкес, егер көлік бұдыры бар шинамен жабдықталса, міндетті түрде «Ш» белгісі орнатылуы керек.