ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАНАШЫР АЗАМАТ

63

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Өйткені қамқорлық жасаған адамның сауапты ісі де көп болады. Жан-жағына ізгілік нұрын сепкендер әрдайым халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Байламды сөзді бекер айтып отырған жоқпыз. Біз мұның мәнісін Сағадат Нұрмағанбетов атындағы патриоттық қайырымдылық қорының төрағасы Махмұт Нәлібаевпен әңгіме барысында айқан аңғардық.

Махмұт ағамыз армия генералы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовтың атынан қор ашып, ұлт үшін ұтымды жұмыстарды бастағалы біраз болды. Ең маңыздысы сол, абзал ағамыз ғимараттың бір қабатын босатып, мұражай ашты. Бұл істі ұлт руханиятына жасалған қамқорлық деп түсіну керек. Атап айтар болсақ, мұражайдағы бірінші зал Мемлекет басшысы, ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Онда тәуелсіздік алған қазақ елінің қалыптасу тарихындағы Елбасының ерен еңбегі көрсетілген. Сонымен қатар қазақ елінің батырлары туралы да деректер жетерлік. Екінші зал Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовке арналған. Онда Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің суреттері, архивтік құжаттары, ол жайындағы естелік кітаптар, тың деректер мен халықпен кездесулері баян етілген. Онан кейінгі зал Мұстафа Шоқайдың өміріне арналған. Сонымен қатар мұнда қордың қаржыландыруымен шығарылған кітаптар шоғыры жетерлік. Соның ішінде Президенттің өзі академик Сағындық Сатыбалдинге алғысын айтқан автордың кітабы. Ол – «Қазақстан Республикасына 20 жыл: Реформалар, бағдарламалар, нәтижелер, кеңестер» деп аталады. Кең тиражбен шыққан бұл кітап жоғары оқу орындарына, кітапханаларға, облыс орталықтарына тегін таратылды.

– Астана қаласынан 20-30 шақырым жерде республикалық маңызы бар автожолдың бойына күш атасы – Қажымұқанға, туған жерінде қордың атынан ескерткіш қойдық. Қазақ халқының мақтанышына айналған, төрткүл дүниенің 54 елінде өнер көрсетіп, 48 алтын, күміс медаль алған палуанның ескерткіші осал болмауы керек. Біз Қажымұқанның болмыс-бітімін барынша көрікті, қайратты етіп беруге тырыстық. Бұл шараға Қажымұқанның немересі мен қор мүшелері қатысты. Алдағы уақытта оның айналасын гүлзармен көмкеріп, көркейтіп, ас беріп, тағы да дұрыстасақ деп отырмыз. Биіктігі – 3,5 метр, XX ғасырдың теңдессіз алып күш иесінің осылай қасқайып тұруы көңілге патриоттық сезім ұялатады, рухты көтереді. Мұның бәрі де қордың қаржыландыруымен жүзеге асты. Сонымен қатар мына оңтүстік өңірдегі Қажымұқанның кесенесіне де болашақта қайтадан реставрация жасасақ деген ой бар. Негізі, алып адамның жатқан жері көрсе көз тартатындай болуы қажет қой, – дейді қор төрағасы Махмұт Ыбырайханұлы.

Атап өтер бір нәрсе, мұражайда Қажымұқанға қатысты деректер жетерлік. Теңдессіз палуанның өткен ғасырдың 60 жылдары түскен тарихи суреттері мен сарғайған газет қиындылары сақталған, ұлғайған жасындағы түскен суреті де оның күші қайтпағанын көрсетіп тұрғандай. 1956 жылы «Лениншіл жас» газетіне шыққан мақалалар мен сол кезде шыққан кітаптар да сақтаулы тұр.

Ал соғыс уақытында өз қаржысына ұшақ жасатқан Қажымұқанның ісі шындығында өнеге емес пе?

Өткен тарихты қадірлесең, бүгінгі ұрпақтан алғыс алатының ақиқат. Бұл орайда Махмұт Ыбырайханұлы Қобыланды батыр туралы кітапқа қаржылық жағынан демеушілік етті. Дерекке назар аударсақ, 1960 жылдан кейін батыр туралы жинақ толық зерттеліп шықпаған екен. Сондықтан 5 мың данамен қолға, қалтаға салып жүретіндей етіп, бір жағы үйге, офиске қоятындай етіп шығарылған кітаптың кейінгі ұрпаққа берері көп.

Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қордың Оңтүстік Қазақстан бөлімшесінің ұйымдастыруымен Отырар ауданының Шілік ауылында «Тарихи тұлғаларға тағзым» деген атпен ғылыми танымдық конференция өтті. Онда бір әулеттен шыққан Иманжүсіп пен оның әкесі Құтпан батыр және атасы Тұрғанбай датқаға даңқ ескерткіші орнатылды. Бұл шараны қор мүшелері ағайынды Керімхан, Серікжан, Әлімжан Сейітжановтар жүзеге асырып, халықтың ықыласына бөленді. Сонымен қатар мұнда Қажымұқан атындағы стадион салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Серікжан Сейітжанұлы осы өңірге балабақша салып беріп, оған анасының атын қойды.

Мұражайдағы Мұстафа Шоқай залына бас сұқпай кетуге болмайды. Мұстафа Шоқай экспедициясымен бірге суретші Әбілқасым Сәрсенбаев түркі дүниесінің көсемі болған қайраткерге 200-дей картина салса, мұнда оның отызға жуығы ілулі тұр. Қайырымды істің басы-қасында жүретін ұлтжанды азамат Махмұт Ыбырайханұлы қылқалам шебері Сәрсенбаевтың «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» атты кітабын үш тілде шығарып берді. Мұнан артық қандай қамқорлақ, жанашырлық керек?

Сонымен қатар қордың бастамасымен Парижде Шоқай аллеясы ашылды. Осы шараның бәрін ұйымдастырған Махмұтқа Ножан қаласының әкімі алғысхат тапсырды. Қор белсенділердің идеясымен «Мұстафа Шоқай бақшасы» қаланың сызба картасына енгізілді. Енді жыл сайын 5 қаңтарда осы қалаға аяқ басқан түркі жұртының зиялы қауым өкілдері бұл жерге гүл шоқтарын қояды.

– Осы айтулы еңбектердің жарық көруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы патриоттық қайырымдылық қорының төрағасы Махмұт Нәлібаевқа шексіз алғысымды білдіремін, – дейді Суретшілер одағының мүшесі, танымал қылқалам шебері, профессор Әбілқасым Сәрсенбаев.

Қордың демеушілігімен шығарылған «Елбасының сыныптастары», «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты Әубәкір Кеңес Аманұлының қазақ халқының тәлім-тәрбиесіне құрылған ұлттық энциклопедиясы, Ақжігіт Әлібекұлының «Мәмлүктер билігі кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті», «Казахстан – родина строй отряда», Оразбек Сәрсенбайұлының «Азаттық құрбандары», «История мамлюкской архитектуры в Египте», Құдайберген Сұлтанбаевқа арналған және тағы басқа да кітаптар мұражай сөрелерінен орын алған.

Қазір мұражай сөресі тың деректермен, жаңа жәдігерлермен толығу үстінде. Мұнда Мұстафаның ерте кезде түскен суреті мен пленкасы тұр. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай мінген арба да алдағы уақытта мұражайдың құнды заттарының біріне айналмақ.

Расында да қазір мұражай ашу оңай емес. Бірақ Махмұттай азаматтың бастамашы болуымен атқарылған шаруалар жетерлік. Ол жас ұрпақтың игілігіне қызмет ететін, көптеген игі шараларға қаржылық қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Әрине, оның бәрін тізбелеп, тауысу мүмкін емес. Бірақ іскер азаматтың ұлт үшін жасаған ұланғайыр ісі көп екенін анық аңғардық. Соның ішінде Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, тәуелсіз қазақ әскерін қалыптастыруда Сағадат Нұрмағанбетовтың еңбегі орасан.

– Жеңістің – 70 жылдығы мерекесіне де санаулы күндер қалды. Біз қазақтың мұндай қарапайым да қайсар нар тұлғалы азаматының ерлігі мен ерен еңбегін еш уақытта ұмытпауға тиіспіз. Қордың қаржыландыруымен «Ұлт болмысы» және «Тәуелсіздіктің ақ таңы» журналының бір нөмірін Сағадат ағамыздың өмірі мен өнегелі жолына арнадық. Мұрағат материалдарына және батыр атамыздың жеке шежіресіне сүйене отырып, «Ұлт мақтанышы – Сағадат Нұрмағанбетов» атты арнайы фотоальбом шығардық. Жалпы, мұражайда келушілерді қызықтырар дерек жеткілікті. Мысалы, Сағадат Нұрмағанбетов ағамыздың 1945 жылы 2 мамыр күні екінші рет Кеңес Одағына батыры атағына ұсынылғанын екінің бірі біле бермейді. Мұнда осыған қатысты арнайы қол қойылған ресми марапат қағазы бар. Кейін ағамызға Ленин ордені берілген де, екінші рет алған батыр атағы табыс етілмеген. Біз бұл ресми қағазды арнайы мұрағат деректері арқылы таптық. Атақ-даңққа құмарлығы емес шығар, Сағадат ағамыз екінші батырлық марапатын керек те етпеген. Бірақ ресми құжаттарды тапқаннан кейін мұның барлығын өзі де растады. Өйткені атаққа емес, Отанына адал болды. Әскери көшбасшы бола жүріп, қарапайымдылығынан екінші алған батыр атағын да керек етпеген, – дейді қор төрағасы Махмұт Нәлібаев.

Расында да Сағадат Нұрмағанбетов Орта Азия әскери округі басшысының бірінші орынбасары, 1980 жылдары Венгрияда кеңес әскерлері құрамы басшысының бірінші орынбасары болды. Бұл ғана емес, Сағадат Нұрмағанбетов екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Гитлердің бункеріне бірінші болып кірген әскери адам. «Гестапо ғимаратына» да Сағадат ағамыздың батальоны бірінші болып енген. Ал еліміз егемендікке қол жеткізгенде Президентпен бірге кеңесе отырып, Қазақстанның тәуелсіз әскерін де алғашқы болып жасақтады. Қарулы күштеріміздің 80-90 пайызы басқа ұлт өкілдерін құрағандықтан, әскердің маңайына ұлттық кадрларды шоғырландырды. Осы жерде айта кететін бір жайт, батыр ақсақалдың өзі қолтаңба қойып, Махмұт Ыбырайханұлына тарту еткен «Мой передний край» деген өзінің өмір-жолына, әскери қызметіне арналған кітабы да мұражайда сақтаулы тұр.

Былтыр генералдар кеңесімен ақылдаса отырып, 90 жылдығына арнайы медаль шығарылды. Сонымен қатар ауған соғысының ардагерлерімен бірігіп, «Сағадат сардары» деген төсбелгі жасалды. Екі деректі фильм шықты. Биыл патриоттық сезімді оятатын «Сағадат батыр жасасын!» деген ән дүниеге келді. Екі тілде айтылатын бұл әнді Нұрлан Нұртазин деген азамат өзі орындады. Осыдан екі-үш ай бұрын әннің Астанада тұсаукесер рәсімі болды. Бүкіл халық қошемет көрсетті, орындарынан тік тұрып тыңдады.

Әрине, бұл Сағадат Нұрмағанбетов атындағы қордың төрағасы, «Марсель групп» компаниясының президенті Махмұт Нәлібаевтың жасаған қайырымдылығының бір парасы ғана. Әсіресе, Қызылорда облысының денсаулық саласына жасап жатқан жұмысының өзі бір төбе. Жасанды бүйрек аппаратын алуға 16 миллион теңге қаражат бөлінді. Соның арқасында бүйрек қызметі бұзылған 52 науқастың жағдайы жақсарып, тұрақты ем алып жүр. Облыстағы перинатальды орталықтың нәрестелер бөлімшесіне 16 миллион 850 мың теңгеге жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауруханаларға 3 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.

Бұл ғана емес, жақында ғана «Марсель групп» ЖШС компаниясы Алматы қаласындағы үлкен стадионда салауатты өмір салтына қатысты денсаулық акциясын өткізді. Акцияға қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, медицина қызметкерлері, байырғы спорт майталмандары, өнер жұлдыздары қатысты. Қаладағы «Жанұя» мамандандырылған жетім-мүгедек балалар үйінен 565 жас жеткіншектерге арнайы автобус бөлініп, жетекшілерімен бірге олар стадионның төріне жайғасты. Аталмыш шараны «Марсель групп» компаниясының басшысы, белгілі меценат Махмұт Ыбырайханұлы ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін істеп жатқан жұмыстарын айта келе, жиналғандарды Елбасыға дауыс беруге шақырды. Ол «Нұрлы жол» бағдарламасы халықты жарқын болашаққа бастайтынын, бұл Елбасының көрегендігінің арқасында болып жатқандығын атап көрсетті. Жиын соңында «Марсель групп» компаниясы жетім-мүгедек балалар үйіне арнайы әкелген үлкен телевизор, әртүрлі тұрмыстық техникалар, киім-кешек, тәтті тағамдар мен түрлі жеміс-жидектер тарқатты, акцияға жиналған жанкүйерлер «Марсель групп» компаниясының футбол командасымен «Алатау» өнер жұлдыздарынан құралған футбол командасының ойынын тамашалады. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлық берілді. «СИВИ» продюсерлік орталығының өнер шеберлерімен бірге басқа да жұлдыздар өнерін көрсетті. Барлық акция қатысушыларына «Марсель-Су» минералды суы тегін таратылды.

Жақсының артында жарым ырыс сөз қалады. Жанашыр жан атақоныс Айдарлыдан Сәдуақас молда мешітін салды. Қазақ халқының жеңімпаздары Ильия Ильин, Серік Сәпиев пен Алмас Өтешовтерге ат мінгізді, республикалық маңызы бар айтыс ұйымдастырып, мектептерге «Газель» көлігін сыйлады. Сонау Шиелі ауданының Бірлестік ауылынан анасына арнап, мешіт салып, оны «Қалыкүл ана шарапаты» деп атады. Сауапты жұмысқа үнемі уақытын сарп ететін жанашыр азамат өмірінің мәнін «Байлық емес, адамгершілік, шынайы сыйластық, жақсылық, шарапат» деп түсінеді. Өлеңдетіп айтар болсақ, «Өзін ғана ойлаған, жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі». Ендеше, ұлт үшін ұлы істер жасап жатқан Махмұттай ағамыздың жанашыр жарқын істеріне қуанайық…

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

(«Айқын» газеті, 2015 жыл).