ЖАСТАРҒА СЕРПІН БЕРЕР БАСТАМА

16

Жаңаша өркендеу дәуіріне аяқ басып келе жатқан Тәуелсіз Қазақстан бүгінде өткенін саралап, ертеңгі бағыт-бағдарын нақты бағдарламалармен айқындап отыр. Қазақстан халқы үшін тәуелсіздіктен артық байлық жоқ.

Тарихқа үңілсек, бүгінгі біз жетіп отырған азат қоғамды ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы аңсап кетті. Егемен мемлекетімізді құру жолында қаншама боздақтарымыз бен ерлеріміз құрбан болды. Алайда, осы баға жетпес байлығымызды біз қалай дәріптеп, қалай түсініп жүрміз? Егемендік алғалы бері ширек ғасырдан астам уақыт аралығында ұлттық санамыз қаншалықты өзгерді? Асыл дініміз бен ана тілімізді қаншалықты дамыта алдық? Тәуелсіз ұрпақтың ой-санасы қаншалықты тәуелсіз болып қалыптасып келеді. Көкейде сұрақ көп…
Ата-бабамыз сан ғасыр армандаған Азаттық пен Еркіндік – бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиеді. Тәуелсіздік – біз үшін ең қасиетті құндылық. Сондықтан оны қадірлеп, қастерлеу әр азаматтың міндеті. Бүгінде егемендігіміздің арқасында еліміз елеулі жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырды. Заман тудырған дағдарыстар мен қайшылықтарға қарамастан, мемлекет жүргізген ұтымды саясаттың нәтижесінде қазіргі Қазақстан бүкіл әлем мойындаған мемлекетке айналды. Десек те, уақыт озған сайын жаhанданған әлемде әр мемлекет, әр ұлтпен ұлыс өз кескін-келбетін сақтап қалуға ұмтылыс жасап, аласапыран дәуірдің көшінен қалмаудың қарекет-амалын жасауда. Қазіргі заман жаңаша көзқарастар мен жаңаша талаптарды, тың ізденістерді қажет етеді. Біздің қоғам экономикалық мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, нарық заманының қатал талаптарынан сабақ ала отырып, «қазақстандық даму моделін» қалыптастырып үлгерді. Алайда, ақпараттық технологиялар алға озған қазіргі дәуірде экономикалық түйіткілдер мен қатар рухани-мәдени дамуды да қатар алып жүру керектігін уақыттың өзі талап етуде. Сондықтан, Елбасы ұсынып отырған «Рухани жаңғыру» идеясын негізге ала отырып, қазақ қоғамы тыңнан серпіліс жасауы тиіс. Ол үшін біз осыған дейін жеткен жетістіктерімізге тойынып кетпей, тарихи жадымызды жаңғырта түсіп, төл тарихымызды терең зерделеп, мемлекеттігімізді айқындай түсуіміз керек. Бұл ретте қоғамның басты үміт артары – жастар. Өйткені, бүгінгі жастар еліміздің ертеңгі болашағы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-де басшылыққа алған «Өнер» студиясы 2001 жылдан студент жастармен жұмыс жасай бастады. Шығыс даналарының бірі Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берген білім қауіпті» деген екен. Ал, өнер атаулының барлығы адам жанын ізгілікке тәрбиелейді. Өнер жастардың бойында зиялылықты қалыптастырады. Олар ертең оқуды бітірген соң өмірге жолдама алады, өзге орталарға түседі. Сонда бойында өнері бар жас мамандарға басқалар соншалықты құрметпен қарайтын болады. Ондай көкірегі байлыққа толы, өнерге бай жастар кез келген ортаның, ұжымның көркі болып есептеледі, айналасына нұр шашып, замандастарын тәрбиелейді», – дейді «Өнер» студиясының жетекшісі, ҚР Халық ақыны Әсия Әйіпқызы Беркенова.
Университетте өтетін мерекелер, жастар кештері «Өнер» студиясы берген концерттермен әрлене, ажарлана түседі.
Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты дамытуға байланысты нақты бағдарламалар мен құжаттар қабылданып, түрлі ұйым, қоғам бірлестіктері жұмыс жасайды. Дейтұрғанмен, аталған талаптардың барлығы қазіргі жастардың бойынан толық табыла ма? Жастар саясатын іске асыру мен айналысатын құзырлы орындар осы талаптар бойынша атқарылып жүрген іс-шаралары қаншалықты нәтиже беріп жүргенін талдап, сараптап, әлеуметтік зерттеулер жүргізіп отыр ма? Әлде, бәрі тек есеп үшін қаптаған құжаттардың бетінде ғана орындалып келе ме?
Әйтсе де, «Ауызды қу шөппен сүртуге» болмас. Қарап отырсақ, бүгінгі жастардың басым көпшілігі аға буынға қарағанда жаңаша ойлайтын тың идеялар төңірегінде креативті дүниелер жасай алатын озық инновациялық технологияларға бейім болып келеді. Бұл, әрине, өте қуанарлық жағдай. Дегенмен, осындай бәсекеге қабілетті, интеллектуалды тұрғыдан жетіліп келе жатқан жастарға «мотивация» беретін жаңа тетіктер ашылуы керек сияқты.
Кейінгі кезде «Рухани жаңғыру» идеясы, әсіресе, қазақтың алтын бесігі саналатын ауылдарда ерекше қолдау тауып келеді. Бұқаралық ақпарат көздерінен, әлеуметтік желілерден байқағанымыздай, әр ауыл өз топырағынан шыққан елеулі азаматтарын елге шақырып, жас буынға оларды үлгі етіп, түрлі кездесулер мен рухани кештер ұйымдастырылып келеді. Өз кезегінде ауылдан шыққан мықты азаматтар туған жерлеріне шама-шарқынша қолдау, көмек көрсетіп жүр. Мұндай игі істер ел жұртты серпілтіп, жас буынның бәсекеге қабілетін арттырып, оларды ізгілікке тәрбиелейтіні сөзсіз.
Өшкеніміз қайта жанды, ұмыт бола бастаған құндылықтарымыз қайта жандана түсті. Мұның өзі жаңару мен жасампаздық жолында келе жатқан еліміздің кемелді келешегін көрсетіп бере алатын қадамдар екені даусыз. Себебі, өз тарихын ұмытпаған халық қана мәңгі жасайтыны анық. Сондықтан да, бүгінгі жеткен жетістіктерімізді паш ете отырып, өткенімізді естен шығармауымыз қажет. Шындығында да қазақ халқының қазіргі бейбіт өмірі мен ұлан байтақ жері сол батыр бабаларымыздың бізге қалдырған ештеңеге тең келмес асыл мұрасы екені сөзсіз.

Баймұхан Темірбекұлы,
Ілияс Мұхамеджанұлы,
Ахмет Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университеті
Ветеринариялық медицина
кафедрасының оқытушылары