ЖАС СПОРТШЫЛАРДЫ АУДАН ӘКІМІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

11

Ағымдағы жылы 20-22 сәуір күндері Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) астанасы – Абу-Даби қаласында жасөспірімдер арасында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы, егеменді Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Сағадат батыр» спорт клубының жас спортшылары намысты қолдан бермегендерін 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінде жазғанымызды көзі қарақты оқырман біледі (Қараңыз: «Әлем чемпионы атанған қазақ қызы», №17). Сол байрақты бәсекеде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған жас спортшыларды және бапкер Нұрсұлтан Орынбасаровты Іле ауданының (Алматы облысы) әкімі Қыдыркелді Медеуов қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Айта кетейік, аталған әлем біріншілігінде Нұрсұлтан Орынбасаровтың шәкірттері Жібек Құлымбетова (32 келі) алтын медаль, Алина Махамбет (36 келі) қола медаль, Бекзат Жаманбай (45 келі) қола медаль иеленді.