ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП КІМДЕРДІҢ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДАРЫ ЖАРАМСЫЗ БОЛЫП ҚАЛАДЫ?

6

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген ұялы телефонға байланыс қызметі көрсетілмейді.
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап IMEI-код + SIM-карта + тұлғаның ЖСН-ні (ИИН) сызбасы бойынша абоненттік құрылғыларды міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Тіркел-меген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді. Сондықтан азаматтар осы жылдың соңына дейін өз құрылғысын тіркеуі қажет», – деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
Ресми өкілдің айтуынша, жыл соңына қарай ұялы байланыс операторларының филиалдарында дүрбелең болуы мүмкін, сол үшін тіркеу рәсімін дер кезінде жүргізу керек. Бұл ең алдымен азаматтардың мүддесін қорғау үшін жасалып жатыр.
«Егер тіркеуден кейін әлдекімнің телефоны ұрланса, база арқылы оны кім пайдаланып жүргенін анықтауға болады. Базада құрылғының IMEI-коды ұрланған ретінде тіркеуде тұрса, байланыс операторлары да байланысты бұғаттауға мүмкіндік алады», – деп түсіндірді Алмас Сәдубаев.
IMEI-код деген не? Бұл аппараттың бірегей коды. Оны телефонның артқы қақпағынан, құрылғының қорабынан табуға болады немесе ұялы телефонда *#06# командасын енгізсеңіз, экранда шығады.
IMEI-кодты қалай тіркейді? Кодты тіркеу үшін мобильді оператордың кеңсесіне бару керек. Сондай-ақ, онлайн немесе SMS арқылы тіркеуге де болады. Мұндай тіркеудің шарттары туралы өзіңіздің байланыс операторыңыздан біле аласыз.
Айта кетейік, SIM-картасы пайдаланылатын барлық электрондық құрылғыны тіркеу қажет.