ЖЕРІ БАЙДЫҢ ЕЛІ БАЙ МА?

91

Қазақтың жері өзінің даласындай дарқан, көңіліндей кең. Сол жердің асты мен үсті байлыққа толы. Оның қойнауында Менделеев кестесіндегі 110 элементтің 99-ы анықталып, 70-і барланып, 60-ы өндіріледі. Кеңес елі тарағанда, біздің жерде хром кенінің әлемдегі 90%, бариттің 82%, фосфориттың 65%, вольфрамның 38%, қорғасын мен цинктің 33%, мыстың 26% қоры қалған еді. Біз әлемде мұнай, газ, титан, қалайы, уран, алтын, т.б. қазба байлығы бойынша бай елдің біріміз. Сарапшылардың есебі бойынша, бізде бағдарланған жер қойнауының байлығы АҚШ долларымен есептегенде 10 триллион болады екен (салыстырып көріңіз, ел жылына 200 млрд қана доллардың шамасындағы өнім өндіреді). Біз қазба байлығы жөнінен әлемде бесінші орында тұрмыз. Ал, жері байдың елі бай ма?

Қай елдің де тұрмыс-тіршілігі оның экономикасына, халық шаруашылығының даму барысына байланысты, ал оның оң не теріс басқарылуы Үкіметтің атқарушы орындарындағы тұлғалардың ақыл-ойы мен интеллектік деңгейіне, кәсіби біліктілігі мен білімпаздығына, ұлт пен мемлекет мүдделерін қорғауына, тіпті ниет-пиғылдары мен имандылық көзқарасына сай іс-әрекеттеріне байланысты.

Ел шаруашылығының алдыңғы қатарда болып, тұрғындарының дұрыс өмір сүруі тек қана табиғи, адами, қаржылай, технологиялық немесе басқа да өндіріске қажет ресурстардың мол болуында ғана емес, ол сонымен қатар қолдағы бар мүмкіншілікті дұрыс пайдалануымызға да тікелей қатысты. Мәселен, Жапония табиғи ресурстардан тапшылық көрсе де, өзінің адами потенциалын молынан пайдаланудың арқасында күні кешеге дейін оның экономикасы әлемде екінші орын алып келді, соған сай жұртының да әл-ауқаты өте жоғары болып, тіпті тұрғындарының орта жасы дүниедегі ең жоғарғы деңгейге жетті. Ал жер байлығы жөнінен алдағы Ресей әлі дамып келе жатқан елдердің қатарында жүр. Демек, қай мемлекеттің де өркениетінің алдыңғы немесе артқы деңгейінде болуы оның озық ғылым мен техниканы дұрыс қолдана отырып, өз адами күшін тиімді пайдалануында, соған сай өндірісті оңтайлы ұйымдастырып, ел шаруасын ұтымды басқарып, оны қарқынды жүргізуінде. Ал кез-келген қоғамға тарихтың қандай да бір даму деңгейінде болса да, оның қазіргі әлемдік құлдырау кезеңінен шығып, өркендеу жолына түсуіне, оған қоса саяси мәселелерді де шешіп беруіне, қазіргі философия, экономика, әлеуметтану, т.б. ғылымдар үшін ештеңе де тұрмайды. Яғни, білмеген ел билігіне не істеу керек екеніне берілетін қажетті ғылыми көмек бар. Сол себепті Президент Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы халыққа арнаған өз Жолдауында ғылымға жұмсалатын қаржы, дамыған мемлекеттер сияқты елдің өндіретін Жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 3 пайызынан кем болмауын атап кетті. Енді сол көмекке жүгінуге біздің шаруашылық басқарушы Үкіметке тек ынта, ал ел билігіне саяси ерік қана қажет.

Қай экономиканы да дамытып өркендететін қарапайым адамдар, ал ондағы өндірілетін өнімнің, яғни жасалатын ұлттық игіліктің, ғылыми тілмен айтсақ, қоғамдағы өндірілетін қосымша құнның аз не көп болуы, сол  шаруашылықты басқарып отырған жандарға байланысты.

Қазір бәрі де ел шаруашылығының нашарлап бара жатқанын айтып, оны сынауда. Айтса айтқандай-ақ. Мысалы, 1970-1990 жылдар аралығында, яғни егемендіктен бұрын 20 жыл уақыт ішінде, елдің экономикалық потенциалы бірнеше есе өсті. Айталық, электр энергиясын өндіру – 2,5 есе, мұнай шығару – 2 есе, болат жасау – 2,6 есе, шойын шығару – 3  есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 4,3 есе, трактор шығару, тіпті, 6,8 есе өсті. Тәуелсіздік қарсаңында, яғни 1990 жылы, өнім өндіруді бір тұрғынға шаққанда біз әлемде ең дамыған елдің бірі – Америка штаттарынан жоғары тұрдық. Мысалы, жан басына шаққанда біз 1,7 тонна астық өндірсек, Америкада – 1,3 тонна өндірілді, сәйкес сүт – 307 және 269 литр, мұнай – 1,5 және 1,4 т, көмір – 7,7 және 3,6 т, темір рудасы – 1,0 және 0,2 т, шойын – 273 және 186 кг болды. Бұл біздің өндіріс деңгейіміз бойынша кезінде әлемдегі ең бай мемлекеттен де бай екенімізді, экономика барысының дұрыс бағытта екенін, ел шаруашылығының басында отырған  жандардың өз орындарына сай екенін білдіреді. Ал қазіргі Қазақстанда 25 жыл ішінде маңызды өнімдер өндірісі құлдырап кеткен. Мысалы, 1990 жылмен салыстырғанда электр энергиясын өндіру – 10%-ға, болат құю – 38%-ға, шойын шығару – 44%-ға, минералды тыңайтқыш жасау – 97%-ға, трактор құрастыру – 99%-ға кеміген еді. Жеңіл өнеркәсәп туралы айтпай-ақ қойса да болады – кезінде Жалпы ішкі өнімнің 20%-ын құрайтын ол қазір шын мәнінде толық жойылған. Қытай елінен таситын бұйымдарды айтпағанның өзінде, тіпті бұрын өзіміз тігетін ішкі киімдердің өзін қырғыз ағайыннан аламыз. Біз тек шикізат өндіруді ғана білеміз – мұнай шығару көлемін 3 еседен жоғары көбейттік.

Ресми мәлімет бойынша, жан басына шаққанда ЖІӨ егемендік алған жылдары 16 есе көбейген. Екі-үш есе емес, ел экономикасының он алты есе көбейуі қарапайым тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің әжептәуір көтерілуіне әкелуі тиіс. Ондайды бүгін ауылда қалған да, жұмыссыздықтан қала маңына көшіп келген де, тіпті қалада бұрыннан да тұратын қазақтардың өмірінен де көру қиын…

Халқымыз дарынды тұлғалардан кем емес, бірақ қазір ел шаруашылығын басқарушылар арасынан кәсіби білгір, талантты ұйымдастырушы, өз ісіне шынайы берілген іскер мамандарды көп кездестіре алмаймыз. Министрлер мен сол деңгейдегі басшылар қатарында өздеріне бекітілген жұмысты түрлі «патамушта» сияқты орындайтын жандар ғана жүр. Бұны өткенде жүрген Үкіметтің кеңейтілген отырысынан тағы да байқадық, ондағы ел шаруасына қатысты бірде бір басшы Елбасының сынауынан аман қалған жоқ. Онда мемлекеттік бюджеттің миллиард доллардан астам сомасы игерілмей отырғандығын, сапасыз жолдардың салынуын, индустрияландырау бағдарламасының орындалмауын, салынған  зауыттардың шамалы уақыттан кейін мүлдем тоқтап қалуын, ал министрлер мен әкімдердің көзбояушылыққа салынуын, т.б. атқарушы басшылардың  көптеген кемшіліктерінің беті ашылды. Бұл жәй ғана білместіктен болған кемшіліктер емес, оларды қаса-қана жасалған, ел шаруасын құлатуға бағытталған қылмыстық әрекет деуге негіз бар.

Еліміз егемендік алып, мемлекетіміздің экономикасын басқару өз қолымызға көшкелі талай бағдарламалар мен жобалардың қабылданғанына куә болдық. Үкімет өткен ғасырдың соңында ел экономикасын диверсификация, яғни әртараптандыру жолына салып, шикізаттық бағыттан арылуымыз керек деп, импорттан құтылу бағдарламасы (қазіргі уақытта оны енді екінші индустриялы-инновациялы даму стратегиясы деп атап жүр), сондай-ақ «Қазақстанның 30 корпоративтік озық жобасы», түрлі кластерлік бағдарламалары, ауылды, ондағы шаруашылықты дамыту жобалары, республикалық және облыстық деңгейдегі көптеген «қарқынды» жоспарларды, тіпті біз ұмытып қалған қаншама тағы сондай бағдарламалар мен жобалар қабылданды. Бірақ солардың бірең-сараңы болмаса, толық орындалды деп, ауыз толтырып айта алмаймыз. Біз қалай шикізатқа тәуелді ел болсақ, әлі солай тәуелді болып келеміз. Тіпті, қабылданған индустриялы-инновациялық стратегияның өзінен де шикізаттық бағыттарды байқаймыз. Осы бағдарлама бойынша салынатын 800 кәсіпорынның 200-ге жуығы, әкімдердің айтуынша, бүгінде «уақытша жұмыс істемей тұр», ал шын мәнінде олар баяғыда-ақ банкрот болған. Демек, өндірісті жобалау, оны іске асырып, дұрыс игеру жолы оң пиғылдағы басшылардың қолында емес.

Мысалы, 2006 жылы «30 озық жоба» бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 300 млн доллар тұратын «Биохим» зауыты салынған болатын. Оның ашылуына тіпті Елбасы да барып, салтанатты түрде лентасын қиған еді. Сол зауыт әлі жұмысын істемей, тоқтап тұр. Қарағандыда ұшақ шығаратын жүздеген млн долларға зауыт салынып еді, бір қанатына қонатын   жалғаз ұшақ шығарған ол да аңырап тұр. Осындай мысалдарды кеңінен келтіруге болады. Қайсыбірін айта берерсің, ел деңгейінде қабылданған бағдарлама бойынша салынған кәсіпорындардың жұмыс істеп тұрғандарының үлесі 1 пайызға да жетпейді, тіпті оның ішінде толық қуатында істейтіндері мүлдем жоқ. Ал шетелдерде қабылданған бұндай жобалардың ең кемі үштен бірі толық жұмыс істеп кетеді, неліктен?

Бұрын бізде 5 мыңнан астам дайын өнім шығаратын кәсіпорын жұмыс істесе, қазір елде олардың жүзге жетпейтіні ғана қалып отыр, олардың өзі де тек сырттан әкелген дайын бөлшектерді жинау арқылы өнім жасайды. Біз өнім өндіруші елден, тұтынушы елге айналдық. Көше толы үлкенді-кішілі азық-түліктік дүкендерді, дәрі-дәрмегі бар дәріханаларды, тұрмыстық тауарлары бар түрлі маркеттер мен супермаркеттерді ғана көреміз. Ал бірақ біз барлығында дерлік – автокөліктен бастап құрылыс техникасына дейін, азық-түліктен бастап киетін киімге дейін, дәрі-дәрмектен бастап балалар жөргегіне дейін шетелден аламыз.

Француз философы Жан Жак Руссо кезінде: «Мемлекетті кімнен болса да егемендікте ұстаудың бірден бір құралы – ауыл шаруашылығы», – деген екен. Ал бұрын ЖІӨ-нің үштен бірін құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері бізде қазір 6%-дан аспайды. Елде астық өндіру 58%-ға азайған, ал ұзын саны екі есеге кеміген мал басы ет өндіруді де екі есеге кемітіп отыр. Демек, ауыл шаруашылығына жауапты министрлер мен әкімдер өз міндеттерін дұрыс атқарып отырған жоқ.  Шаруаны басқару, ол жалпылама билік жүргізу емес, ондай қызметке шын берілген, басқа іске алаңдамайтын, нағыз білімді де, білгір маман араласуы қажет. Ал өз бизнесін күндіз-түні ойлап жүрген жан халық шаруасын дұрыс атқарып, оған жаны ашып, ел мүддесін қорғай ала ма?

Жердің де, малдың да бәрі дерлік жеке меншікте, сонда соншама қызметкерлері бар ауыл шаруашылығы министрлігі елден мәлімет жинаудан басқа не тындырып отыр? Ал қай заманда мұхиттың арғы бетінен ұшақпен сиыр тасығанды кім көріп еді? Малды асылдандыруға оның ұрығы да жеткілікті. Мал жақсы өсіп, «семіз де, төлінің егіз де» болуы үшін оның азығы молынан болуы керек, ал елде оны  дайындайтын қажетті жағдай болмаса, ен далада қазақы малдан басқа қандай мал өсіп-өнуші еді? Енді қиырдағы шетелдерден тасыған асыл тұқымды ересек мал бір жағы жолды көтере алмай, екінші жағы біздің жағдайға үйренісе алмай, енді бірі бұрыннан ауруға шалдыққан олар шығынға ұшырап жатыр.

Кеңес кезінде біз сапалы астықпен, ет-сүтпен өзімізді ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, бүкіл Одақты асырайтынбыз. Енді қазір сапасы күмәнді азықтың 80%-ына дейін шетелден сатып алып жатырмыз. Ал бұл ұлттық азықтық қауіпсіздігіне әкеліп соқтыратын жағдай. Шетел бізге ренжіп, бір ай бойы азық-түлік тасымалын тоқтатып тастаса, сонда күніміз не болмақ? Сондықтан ауыл біздің рухани азығымыз, алтын бесігіміз ғана емес, ол бізге материалды да азық беретін, сөйтіп бәріміздің егемендігімізді сақтап тұратын ортамыз. Бұны ешқашан да ұмытпауымыз тиіс.

Бір мысал келтірейік. Соңғы деректерге қарағанда, Жер бетіндегі жеті миллиард халықтың үштен бірі қайыршылық күнін кешуде, ал оның 1 миллиарды үнемі ашығуда. Дамыған елдердің өзінде 16 миллион адам аштық көруде. Ал дүние жүзінде жылына 30 миллион адам аштан өледі екен. Қазіргі өндірістік күштердің деңгейімен Жер шарының биоресурсы 16 млрд жанды асырай алады. Сонда әлемдегі аштық құбылысы қолдан жасалған іс болып отыр. Африка, Азия елдерінде аштықтың тарауының бір себебі – Батыстан келетін азықтық көмекке кіріптарлықта қалып, жергілікті биліктің өз ауыл шаруашылығын дамытпауында болып отыр. Дамыған елдердің саясаты бойынша бұл елдерге қажетті азықтық дақылдар емес, тек қана техникалық – мақта, каучук немесе шәй және т.б. дақылдар өсірілгендіктен, сол елдерде азық-түлік жетіспей, халқы аштық көруде. Ал біз болсақ, елде бұрын дамыған ауыл шаруашылығын аздырып, халықты сырттан әкелінетін азыққа тәуелді етіп отырмыз. Елдің  азықтық қана емес, бүкіл ұлттық қауіпсіздігіне қатер туып отыр. Сонда ауыл шаруашылығын басқаратын министр «не бағып» отыр?

Жалпы алғанда, бүкіл адамзаттың тіршілігі ауыл шаруашылығына   байланысты. Адамға қажетті киім-кешек пен тұрмыстағы темір-терсекті айтпағанның өзінде, бүкіл өндіріс орындары шығаратын барлық темір де, көмір де, мұнай да, газ да, ұшатын ұшақ та, астымыздағы көлік те, түптің-түбінде адамзаттың аштық көрмей сол ауыл шаруашылығының өсуі, оның дамып, өркендеуі үшін жасалаып отыр. Бұл салада еңбек өнімділігі мен өндіріс деңгейі қаншама жоғары болса да, ол экономикалық тұрғыдан алғанда қашанда шығынды болып келеді. Сол себепті әлемнің барлық мемлекеттері ауыл шаруашылық саласына дему жасап, оған субсидия, субвенция, т.с.с. дотация түрінде түрлі қаржылай көмек беріп тұрады.

Қабылданған толып жатқан стратегиялық жоспарларды іске асыру барысында біз таяу арада әлемдік дағдарыстан қарқынды дамыған, бәсекелестікке қабілетті, экономикасы көптарапталынған, он жыл сайын үш есе көбейтілетін, тұрғындары жаңа шаруашылық пен заманауи тұрмысқа араласып, халқымыз әлемдегі озық отыз елдің қатарында болуымыз керек. Бірақ, елдің қай шаруасын алмасақ та, бәрінің де «ақсап» тұрғанын байқаймыз. Халық шаруашылығы салаларының басшылығына білімді де білікті мамандар тағайындала бермейді. Бұны мемлекеттік жұмыстағы басты қызметкерлер арасында өткізілген тексеріс барысынан байқадық – олардың үштен бірі сынақтан өте алмай қалды. Ел экономикасының даму заңдылықтары, оның құрамы мен потенциалы есепке алынбайды, әлемдегі қолданылатын озық тәжірибе, ғылым мен технологиядардың жетістіктері пайдаланылмайды, соның салдарынан халық шаруашылығының дамуы, оның өсіп-өнуі, өндірілген игіліктің өндіріс пен тұтынуға тиісті мөлшерде жұмсалмауы, шын мәнінде ел шаруасының  қалай болса солай жүруіне әкеліп отыр.

Мемлекет шетелден бәленбай миллиард доллар қарыз алып, ел «экономикасын дамытуға жұмсап» жатса, біз атқарушы орындағы басшылардың оларды қалай «тиімді пайдаланып» жатқанын көріп отырмыз – олар «құмға құйылған судай» із-түзсіз жоғалып, тиісті нәтиже бермей жатыр.

Қорыта айтсақ, ел шаруашылығы оңтайлы басқарылып отырған жоқ. Оның көптеген кемшіліктері мен себеп-салдарын жоғарыда қысқага айтып кеттік. Қай мәселені де шешетін қадрлар екенін бұрынғы ел басындағылар айтып кеткен. Сондықтан халық шаруашылығын басқаратын жандарға талап жоғары болуы тиіс, оларды тағайындағанда біреудің мүттайым есебі болмай, бірінші ел мүддесі тұру керек.

Серкеш Жауғашар, экономист