«ЖЕР МЕНІКІ ЕМЕС, ХАЛЫҚТІКІ…» ДЕГЕН НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫ БІЗ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ?

190

Нұртас ОҢДАСЫНОВ: «…Ел басқару өте қиын. Ел басқару біреуге бақыт, біреуге мехнат. Мен өзіме мехнат жолын таңдадым. Мен өз бала-шағамнан гөрі қазақ халқының жағдайын ойладым. Ел қатарына қосылса екен дедім. Үш нәрседен тазамын. Бірінші, сонша жыл ел басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін – арым таза. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған емеспін – қолым таза! Сенбегендер архив ақтарып көре берсін. Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!»

Киелі  Түркістан  (1904 жылы  26  қазанда дүниеге келген, – ред.) төрінде дүниеге келген, саналы ғұмырында адалдық пен әділдікті, ұлт мүддесін ту етіп көтеріп өткен нар тұлғалы Нұртас Оңдасынов есімі қашанда ел есінде. Қарапайым орман шаруашылығы қызметінен бастап, Қазақ Кеңесі Халық Комиссариатының, Қазақ Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметіне дейін көтерілу оның үлкен мемлекет және қоғам қайраткері екенін дәлелдейді.

Бала Нұртас молдадан азды-көпті сауатын ашып, ауыл адамдарына қыстың ұзақ түндерінде қиссалар, жырлар оқып беріп, «Молда бала» атанып үлгерген. Болашақ ел тағдыры туралы ойлағанда қазақтың байтақ даласының сусап бара жатқанын бала жастан көңіліне түйіп өсті. 1917-1918 жылдар аралығында әкесі қайтыс болып, жетім-жесір отбасы Ташкент қаласының (Өзбекстан) Келес станциясына көшіп келеді. Онда бала Нұртас жүн жуатын жерде, кірпіш зауытында қара жұмысшы болып істейді. Кедейдің балаларына арналған интернатта білім алып, кейіннен Ташкенттегі техникумға оқуға түседі. Сол жылдары қазақ зиялыларының Ташкентте шоғырлануына байланысты ол ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтен, Ғани Мұратбаевтан дәріс алады.

Нұртас өз арманына жету мақсатында Ташкент қаласындағы Ирриграциялық институтқа түсіп, саясатқа байланысты оны толық аяқтай алмай қалады. Әйтсе де тумысынан өте қарапайым, кісімен сөйлескенде тіл тапқыш, өзіне баурап алатын ерекшелігінің, ізденімпаз, еңбексүйгіштігінің арқасында ол кезінде еліміздің шын мәніндегі білікті басшысы бола білді. Орманшыдан бастап, қазақ елінің Үкімет басшысына дейін көтерілді.

Кеңестік дәуірдің жетпіс жылының ішінде министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарғандар көп. Бірақ солардың ішінде ел үшін аянбай тер төккен, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен, салт-дәстүрді сақтауға зор үлес қосқан әмбебап басшы ретінде Нұртас Оңдасыновтың есімін ерекше атауға болады. Ол төрағалық қызметке небәрі орда бұзар 34 жасында тағайындалып, үздіксіз 13 жыл бойы абыроймен басқарып, қиыншылықтарды жеңіп қана қоймай, ірі жетістіктерге жете білді.

Нұртас Оңдасынов Үкімет басына келе салысымен ең бірінші қазақ балаларының білім алуына, елдің ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы, өндірісті дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. Айталық, Ғылым академиясының құрылуына елеулі ықпал етті. Соғыс жылдарында Қазақстанның жер асты табиғи байлығы көп қиындықтарды шешуде үлкен рөл атқарды. Кеңестер Одағының айтулы ғалымдары соғыс құралдарын, қару-жарақтарын дайындауда, Қазақстанның қазба байлықтарын игеруде бар күш-жігерін, білімін жұмсады. Олардың ішінде Қаныш Сәтпаевтың да орны ерекше болды. Осыны пайдаланған Нұртас Оңдасынов елімізде өз алдына ғылым академиясын ұйымдастыруды қолға алды. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін комиссия құрылып, төрағасы Оңдасынов, мүшелері Скворцев, Шаяхметов, Сәтбаев – барлығы 18 адамнан құралды. Ақыры табандылықпен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1946 жылы 1 маусымда КСРО Халық комиссарлар кеңесінің «Қазақстан Ғылым академиясы құрылсын» деген шешімі шығарылды. Ал қазіргі ғылым академиясының ғимаратын сәулетшіге өзі жасатып, оның іргетасын қалағанда «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп, күміс тиындар шашқан екен.

Нұртас Дәндібайұлы соғыс жылдарының өзінде де ел ішінде әдебиет, өнер, білімді еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Ең бастысы – мектептердің санын көбейтуді күн тәртібінен түсірмеді.

Соғыс қиыншылықтарына қарамастан, мәдениет орындары көптеп салына бастады. Орталық комитет бюро мүшесі ретінде оның қолдауымен соғыс жылдарының өзінде Шет тілдері институты, Дене тәрбиесі институты, Қарағанды, Семей дәрігерлік институттары, Қарағанды кен институты, Шымкент технология институты (Қазір ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті), Мемлекеттік консерватория, Қыздар педагогикалық институттары ашылды.

Сонымен қатар, Орталық Комитеттің қаулысына сәйкес бюро мүшелеріне өнердің әрбір саласы бекітілгенде ең кенже қалған кино саласына қамқорлық жасауды Оңдасыновқа жүктепті. Ол Мәскеу, Ленинград қалаларының киноөнер мамандарымен, басшыларымен келісе отырып, М.Левиннің режиссерлығымен «Амангелді» фильмін тұңғыш рет жарыққа шығартады. Сосын М.Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмі жарық көреді. Соғыс жылдары «Мосфильм», «Ленфильмдер» Қазақстанға үкімет шақыруымен келеді. Оларға жағдай жасаудың нәтижесінде елімізде кино өнері дамып, қазақтың өз «Қазақфильмі» ашылады. Сөйтіп, бұл мәселені де абыроймен шешті.

Нұртас Оңдасыновтың ерен еңбегін, халыққа еткен қызметін тізе берсек, әңгіме ұзарады. Тек, бұл жерде біз тұғырлы тұлғаның Қазақ жерінің тұтастығын сақтауда Мәскеумен қалай алысқанын бір-екі мысалмен ғана келтіруді жөн санап отырмыз.

«…Соғыс бітіп, ел әлі есін жиып үлгермеген жылдар. Мәскеудегі өтетін жиналыстарға жиі барамыз. Бір жолы сондай бір жиынды Украинаның сол кездегі басшысы Н.С.Хрущев жүргізді. Оның қасына Өзбекстанның жетекшісі Осман Юсупов жайғасыпты. Мәжіліс залына кіргенімде екеуі сыбырласып отыр екен. Шынымды айтсам, екеуін де аса ұната қоймайтын едім, сондықтан көздеріне түспей-ақ қояйын деп артқы жаққа отыра беріп едім, Хрущев көріп қалды да:

– Оңдасынов, тұр орныңнан! Сен неге өзбектерге ана үш ауданды бергің келмейді? Өзбектер мақтаны жақсы егеді! – деді діңкілдеп. Мына сөз менің шымбайыма батып кетті:

– Ол үш аудан менің жерім емес, оны беру-бермеуді халық шешеді! Ал мақтаны біз де жақсы өсіреміз, өткен жылы жоспарды асыра орындадық! – дедім.

Хрущев қып-қызыл болып кетті, ашулы үнмен «Отыр!» деді. Оған айтқызып отырған Осман Юсупов екені даусыз. Өйткені, оның өзі маған бір мәрте шығып, осы осы үш ауданды сұраған болатын, сонда мен: «Сіз де бір республиканы басқарып отырсыз, Сізден қырғыздар немесе түркімендер үш емес, бір ауданыңызды сұраса берер ме едіңіз?!» дедім. Уәж айта алмай қалған болатын. Өзінің сөзі өтпеген соң даңғой Хрущевты айдақтап салып отырған түрі ғой!» – депті көзі тірісінде Қазақстан Үкіметін 13 жыл (1938-1951) басқарған кемеңгер басшы.

Кезінде 20 жылдай Қазақ КСР Жоспарлау Комитеті төрағасының орынбасары болған аса білікті экономист, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ғарай Сағымбаев «Нұртас Оңдасынов» атты кітапқа енген естелігінде былай жазыпты: «…Қазақ КСР-інің 40 жылдық мерекесі 1960 жылы тойланбай, Хрущевтың келуін күтіп, 1961 жылдың 24-ші маусымында өткені белгілі. Қонақтарға арналған кеште «Хрущев был в плохом настроении и рано ушел с приема» деп жазады Д.А.Қонаев («От Сталина до Горбачева», 143 бет.) Бірақ, Димаш аға себебін ашып айтпайды. Оның себебі мынада еді. Хрущев қолында арақ құйылған стақаны бар, тойға жайылған дастарханның орта шенінде отырған Оңдасыновтың қасына келіп: «Нұртас Дәндібаевич, мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің, ертең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданады», – дегенде Нұрекең орнынан аспай-саспай тұрып: «Мен Қазақстанның Үкіметін басқарып отырсам, әлі де қарсы болар едім!» – депті. Мұндай жауапты күтпеген болуы керек, ашуға булыққан Хрущев қонақасыдан кетіп қалады. Нұрекеңе «Кешірім сұра, ертең сессияда аудандарды беру туралы ұсыныс жаса» деген бюро мүшелерінің кеңесін үзілді-кесілді қабылдамайды».

Елі мен жерінің тағдырына жауапты басшы нақ осындай-ақ болар! Бұдан артық қандай жанпидалық керек, жанашырлық керек?! Бұған дейін де Оңдасыновқа талай шүйліккен Хрущев қаһарына мініп, 58 жастағы Оңдасыновты зейнеткерлікке кетуге мәжбүрледі. Әйтпесе, мемлекетті ең қиын шақта 13 жыл үздіксіз басқарған басшының мол білімі мен тәжірибесі арқасында елдің өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысты ғой. Соған сәйкес, Қазақстан үшін еңбегі ұшан-теңіз Оңдасынов зейнеткерлікке шығып, кооперативтен үй алып, оған ақшасы жетпей, қайын-жұртынан қарыз алып, елден жырақ Мәскеу асып кете барды.

Н.С.Хрущевтың тұсында қазақ жері «ханталапайға» салынды, Бостандық, Мақтаарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы өлкелер көрші Өзбекстанға беріліп жіберілді. Көптеген совхоздар шұрайлы жерімен, халқымен, мал-мүлкімен, байлығымен Өзбекстанда қалып қойды.

Ата-бабамыздың айлап-жылдап бел шешпей аттың жалы, түйенің қомында жүріп жаудан қорғаған жеріне кімдердің көзі түсіп, ашкөзденбеді дейсіз. Тағы да соның бірі – Қазақстанда тыңды игеру, Солтүстік бес облысты (Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақмола, Павлодар)  Ресейге қосу болды. Бұл мәселе патшалық Ресейден бері көтеріліп, «қарашекпенділердің» қазақ даласына баса-көктеп кірген кезінен жүргізіліп келе жатқан империялық көзқарас болатын. Тек Лениннің тұсында Алашорда өкілдерінің белсенді араласуының арқасында республика шекарасы анықталып, бекітілген кезде сәл де болса саябырлағанымен, қырқыншы жылдарға қарай қайта көтерілді. Ол, әсіресе, Кеңес елін әпербақан Хрущев басқарған тұста тіпті үдей түсті.

Нұртас Оңдасыновтың айтысына қарағанда, 1947 жылдары бұл мәселе бірде КСРО Министрлер Кеңесінде арнайы қаралады. Айтқан уәждері – «шекаралас бес облысты Ресейге беріп, үлкен астықты аймақ жасайық, бидайды ресейліктер жақсы өсіреді». Сонда Нұртас Оңдасынов: «Солтүстік облыстардың Ресейге қосылу-қосылмауын Сіз бен біз шешпейміз, жалғыз Үкімет шешпейді, ол облыстарда тұрып жатқан сан мыңдаған жергілікті халық бар, сол халық шешеді! Ал, тыңды көтерсек көтерейік, Үкімет оған қарсы емес, бірақ аштық жылдарында жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен қазақтарды жинап, туған жеріне оралтып, сосын көтерейік!» – дейді. Қысқасы, келе жатқан алып тасқынға Оңдасынов тосқауыл қояды.

Бұған дәлелді тағы да Д.Қонаевтың өзінің естелігінен көреміз. 1961 жылы республикаға келген Хрущевты пойызбен ел шетіне дейін шығарып салып бара жатқанда, Хрущев: «Было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ошибка Скворцова, Шаяхметова, Ондасынова», – депті. Әрине, ол ешқандай қателік емес еді. Бұл сонау патшалық Ресейден жүргізіліп келе жатқан отарлау саясатының жалғасы екенін түсінген Оңдасынов оған үнемі қарсы болып, тойтарыс беріп келді. Ақырында Оңдасынов, Шаяхметов биліктен кеткен соң ғана Мәскеу мақсатын іске асырды – тыңды игеру басталды. Жайылым қысқартылып, халық қолындағы күн көріп отырған малын арқандап жаюға дейін мәжбүр болды, мал басы күрт азайды, қазақтар ата кәсіптерінен айрыла бастады, жер құнарсызданды.

Осылай заңды бұзып, өр кеуделікпен қазақ жерін тартып аламыз дегендердің көкірегін басқан Нұртас Дәндібайұлының батырлығын аға буын білгенімен, бүгінгі буынның білмейтіні өкінішті-ақ!

Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің қазақ жері бөліске түскелі тұрған тұста ұрда-жық Хрущевқа қасқайып тұрып тойтарыс бергенін аңыз етіп айтып жүрміз. Өте дұрыс! Үлгі болар ерлік! Бірақ, Тәшеновке дейін жерді бөліске бермей, ел іргесін сөктірмей келген Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов есімі көлеңкеде қалып келеді. Біз олардың бірінің ісі кем, екіншісі артық деуден аулақпыз, қайта Оңдасыновтың да, Тәшеновтің де өз дәрежесінде жастарға дәріптелінбей жатқанына қарнымыз ашады. Әрбір жастың отаншыл болуы осындай үлгілі істерден тәлім алуында. Ел мен жер тағдыры таразыға түсіп, қылыш үстінде тұрғанда қарақан бастарының, әулет-жұрағатының қамымен кетпей, қалың халықтың қамын жеген, нағыз қас батырларша қорғай білген әрекеттерін әспеттеп жазу, жариялау, жастар санасына ұялату – бүгінгі ұрпақтың тікелей міндеті!

Дайындаған: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ