ЖОЛАУШЫЛАР ПОЙЫЗЫНДА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ ҚАШАН/ҚАЛАЙ КӨТЕРІЛЕДІ?

24

«Жол азабын жүрген білер» дегендей, ми қайнатар ыстықта сапарға шығу оңай емес екені белгілі. Сынап бағанасы
+40, 45 градусты көрсеткен кезде, әсіресе, теміржолмен қалаған жеріңізге жетудің өзі қиын болып тұрған жайы бар. Оның басты себебі – қанша айтылса да шешімін таппаған тозығы жеткен, салқындатқышсыз вагондар, кассадағы кезек, әрбір стансаға сағаттап тұратын пойыздар. Бүгінгі күннің ащы да болса шындығы – осы. Дегенмен, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қызмет көрсету және клиенттермен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов алдағы уақытта жолаушылар пойызында қызмет көрсету сапасының көтерілетініне сендірді.

2019 ЖЫЛДЫҢ 1 ҚАҢТАРЫНДА ТӨСЕК ЖАБДЫҒЫНЫҢ ЖИЫНТЫҒЫ ТОЛЫҚТАЙ ЖАҢАЛАНАДЫ

Жаздың аптап ыстығында отандық пойыздарда желдеткіш жүйесі де орнатылмаған. Вагондар ескі. Wi-Fi-ды айтпағанда, тіпті вагонның ішінде тоқ көзінің (розетка) өзі жоқтың қасы. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қызмет көрсету және клиенттермен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтановтың айтуынша, қазір компанияда әртүрлі бағытта 2 200-ге жуық вагондар жолаушыларды тасымалдайды, оның жартысынан көбі 80-ші жылдары жасалған вагондар екенін ескерсек, сол кезде ғаламтор деген адамдардың түсіне де кірмеген, ал желдеткіш жүйесін орнату деген ешқандай стандартта болмаған, вагон іші ыстық болса, жолаушылар жай ғана терезені ашатын болған.
«Жолаушылар біздерден «Неге қазір желдеткіш жүйесін орнатпайсыздар?» деп сұрайды. Оның себебі бұл вагондарды жасап шығарғанда желдеткіш жүйесін орнату қарастырылмағандықтан және бір вагонда 13 купе, 2 тамбур, дәліз және екі әжетхана бар, бұлардың барлығын желдеткіш жүйесімен қамту өте үлкен қаржы көлемін талап етеді. Ол қаржы вагонның өз құнынан да асып түсуі мүмкін, оған вагонды қайта жасап шығу шығынын қоссақ, тіптен үлкен шығын. Бұл шығынның барлығы тасымалдаушы компания қалтасынан шығатын боғандықтан, әлбетте барлық тарифтер, соның ішінде жол ақысы да қымбаттай түседі. Осыған жолаушылар дайын ба? Және бұл нәрсе бізге керек пе? Өйткені, шамалы уақыттан соң бұл вагондардың қызмет уақыты аяқталып, есептен шығарылатыны сөзсіз. Егерде «Неге вагондарды басқалардан жалға алмасқа?» деген сұрақ туындаса, оған да жауап берейін. Өткен жылы елімізде ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан кезде біздің жолаушылар еселеп көбейді, сол кезде біз ресейліктерден өте жоғары бағада вагонды жалға алдық. Біздің басқа амалымыз болмады. Бірақ, қаржы жағдайына қарағанда біз үшін бұл тиімсіз екеніне көзіміз жетті. Тығырықтан шығудың бір ғана жолы – өз паркімізді біртіндеп жаңалау. Біз зауыт салдық. Сол зауыттан шыққан 670-тей қазіргі заман талаптарына сай «Тұлпар-Тальго» вагондары Қазақстанның магистральдық желісінде жүйіткіп жүр. Олай дейтінім, Астанадан Алматыға дейін жолаушыларды бар-жоғы 11 сағатта жеткізеді. Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Шымкент қалаларына да қатынайды. Пойыздарда заманауи желдеткіш жүйесі, автоматты басқарылатын жылыту жүйесі, экологиялық био-әжетханалар орнатылған. Көптеген ойын-сауық бағдарламалары және видеофильмдер мен мультимедиялық порталдар да бар», – деп түсіндірді Әлібек Сұлтанов.
Әлібек Сұлтановтың сөзіне сенсек, жақын он жылдықта шамамен 1 200-дей вагонды жаңарту жоспарда бар. Ал, қызмет сапасын арттыру мақсатында 2019-2028 жылдары жаңа да жайлы 100 вагон сатып алынады.
«Әлбетте, паркті толықтай жаңалау – уақыттың еншісіндегі шаруа. Ал, дәл қазір біз қызмет көрсету сапасын жоғарылату жолында жұмыс жасаудамыз. Жолаушыларға толықтай жағдай жасау, жайлылықты қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз. Мысалы, жақын арада толықтай төсек жабдығының жиынтығын ауыстыру жоспарлануда. Яғни, төсек-жабдықтар жаңа форматта болады. Жолаушыларымыз енді түйін-түйін болып тозығы жеткен жастық, матрастарды пайдаланбайды. Заманауи технологиямен жасалған жоғары сападағы жабдықтарды сатып аламыз. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл іске асады. Біртіндеп қызмет көрсету сапасын жақсартып жатырмыз, жоғарыда айтып өткенімдей, мультимедиялық порталдан фильмдер, түрлі сериалдар тамашалай аласыздар, бұл да бір қызмет көрсетудің жаңа үлгісі болса керек», – деді Әлібек Сұлтанов.

«ҚОЯНДАРМЕН» КҮРЕС

«Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін үлкен мәселе – билетсіз жолаушылар. Жолсеріктер оларды бос орындарға немесе өз купелеріне орналастырады, ал егер бос орын болмаса, жерге төсек салып беруден тайсалмайды.
«Жалпақ тілмен айтқанда, бұрынғыдай көп болмаса да, вагондардың ішінен әлі де болса «қояндарды» кездестіруге болады. Егер пойызға билетсіз, орынсыз адам отырса, бұл сөзсіз біздің жолсеріктердің заңды бұзуы болып саналады. Біз жылдар бойы осы заң бұзушылықпен күресіп келеміз. Бұл жай ескертумен шешіле салатын нәрсе емес, сондықтан біз барлық қатаң шараларды пайдаланамыз. Барлық жолсеріктермен қосымша келісімшарт жасалған, ол келісімшартта көрсетілгендей, егер жолсеріктің жауапты вагонынан билетсіз адам табылған жағдайда, ешқандай ескертусіз еңбек шарты бұзылады, яғни жұмыстан шығарылады. Жыл басынан бері 30 шақты жолсерік осы себеппен жұмыстан қуылды, енді қалған жолсеріктерге сабақ болады деп үміттенеміз», – деп түсіндірді Әлібек Сұлтанов.
Департамент бастығының айтуынша, вагон ішінен «қоянды» көрген жолаушы 1433 нөміріне қоңырау шалса, мәселе май шаммен қаралады.
«Өздеріңіз білетіндей, арыз түскенде жолсерік өзін қорғап, мойындамайды, ал егер арыз тастаған жолаушы өзі туралы бүкіл мәліметті қалдырып, қай күні, қай уақытта, қай вагонда жол жүргенін анықтап жазып, оған қоса фото, видео материалдарды жолдаса, біз ешқандай түсіндірусіз-ақ тек жолсерікпен ғана емес, сол пойыздың бастығымен де келісімшартты бірден бұзамыз», – деді Әлібек Сұлтанов.
Вагондарда «қояндардың» бар-жоғын арнайы 40-қа жуық ревизорлар тексереді екен.
Айта кетейік, қазіргі таңда жолаушыларға 10 интернет сайт және 17 мыңнан астам автоматтар арқылы электронды билет сатылып жүр. Жолаушыларды дер кезінде құлақтандыру үшін «күту парағы» және «пойыз рейтингі» арқылы пойыздағы бос орындар ашық көрсетіледі. Осыған орай 2020 жылға дейін электронды сату көлемін 90 пайызға жеткізу көзделуде.

ЖОЛСЕРІК ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛМАЙ МА? АРЫЗДАНЫҢЫЗ!

Вагон ішіндегі тазалық пен тәртіп, барлық құрылғының істен шықпауы, жолаушыларға дұрыс қызмет көрсету, олардың арыз-тілектеріне уақытында жауап беру – бұл сөзсіз орындалуы қажет нәрселер. Мысалы, тазалық жұмыстарын жолсеріктер әр 6 сағат сайын атқару қажет. Егер жолаушы байқамай купеде шай, тосап секілді сұйық нәрсені төгіп алса, бірден сүртіп алуы керек.
«50 сағаттан артық жол жүретін бағыттағы вагондарда тазалық жұмыстарын жүргізетін арнайы қызметкерлер жүреді. Егер жолсерік өзі тазаламай, сол кісілерді шақырса, бұл қалыпты жағдай, бұны да ескеру қажет. Ең қиыны – әжетханаларда тазалық сақтау. Әр адамның артынан бақылау мүмкін емес. Маған «Неге әжетханаға «Аяқпен отырмаңыздар!» деген хабарлама-ескертулер іліп қоймайсыздар?» деген арыздар келіп түседі. Бірақ, одан пайда жоқ екенін көп адам түсіне бермейді. Бұл жерде жолаушылардың мәдениеттілігіне байланысты жағдай. Бір вагонда 50 жолаушы болса, жолсерік оның әрқайсысы әжетханаға кірген сайын артынан тексере алмайды ғой. Сонда да әжетханадағы тазалықты сақтау – жолсеріктің тікелей міндеті, егер тазалық сақталмаған жағдайда жолаушылардан арыз түссе, қажетті шаралар көп күттірмейді», – деп тазалық мәселесіне тоқталды Әлібек Сұлтанов.
«Жолсеріктің қызметіне қатысты жолаушы-лардан түскен арыз-шағымдарды жіті қараймыз. Жолсерік өз міндетін қалай атқарды, оның кінәсі бар ма – соны анықтаймыз. Егер кінәсі болса, міндетті түрде жазасын алады. Ал бұл «жаза» – қосымша ақыдан айыру. Бағыттарда өз саласының мамандары қызмет атқару үшін біз қызметкерлеріміздің білім алуына аса үлкен мән береміз. Бізде қызмет атқаратын 5,5 мың жолсеріктің 1,5 мыңы «Air Astana»-дан арнайы оқытудан өткен. Оларға түрлі жағдайлар орын алғанда өздерін қалай ұстау керектігі үйретіліп, түрлі тренингтер өткізілді. Болашақта жұмысқа қабылдау шарттарына да өзгертулер енгізбекшіміз, түрлі тапсырмалар мен психотесттерден өткізу арқылы оның көпшілікпен жұмыс жасай алатындығына көз жеткіземіз», – деді Әлібек Сұлтанов.
Айта кетейік, «Жолаушылар тасымалы» АҚ соңғы 3 айда жұмысына салғырт қараған 30-ға жуық жолсерікті жұмыстан шығарған екен.

Тобықтай түйін: Еліміз әлемнің озық мемлекеттерімен иық тірестіретін тұста экономика күретамырын өркендету – кезек күттірмейтін мәселе. Ендеше, жолаушылардың пойыздарда жайлылыққа қол жеткізе алмай жүруі ұят болса керек.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, 

“Qazaq” газеті