ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ САҚТАНДЫРУ ПОЛИСІНІҢ ЖОҚТЫҒЫ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛЫНБАЙТЫН БОЛДЫ

7

Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру полисін электронды форматта ресімдеуге болады. Осылайша, міндетті сақтандыру шарты бойынша қағаз полистің қажеті болмайды. Жүргізушілер әкім-шілік полиция қызметкерлеріне сақтандыру полисі қағазын көрсетуге міндетті емес. Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер бойынша жаңа жылдан бастап қағаз түріндегі сақтандыру полисінің жоқтығы үшін 5 АЕК (2018 жылғы ахуал бойынша 12 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынбайды. Бұл өзгерістер халық пен бизнес үшін сақтандыру бағасын арзандатып, сақтандыру төлемін алуды жеделдетеді.
Қазір Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 612-бабында көрсетілгендей, көлік иесінің өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына уақытша куәлiгi, көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру полисi, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары болуы тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ӘҚБК 612-бабы 1-бөліміндегі бірінші абзацтағы сақтандыру полисі туралы норма алынып тасталады.
Тағы бір жаңалыққа құлақ түріңіз. Техникалық паспорттарды ауыстыру осы жылдың 1 желтоқсанынан басталады және кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Автокөліктің жаңа техникалық паспортында бұрынғы құжатқа қарағанда меншік иесі туралы әлдеқайда көп мәлімет көрсетіледі. Бұрынғы техпаспорт меншік иесі мен оның көлігі туралы 11 ақпаратты ғана қамтитын. Жаңа құжатта интегралды микросхема – қазақстандықтардың жеке куәлігіндегіге ұқсас чип болады. Онда 21 пункттен тұратын көлік иесі және оның техникалық сипаттамалары туралы ақпарат сақталады.
Көлік иесінің аты-жөні, мемлекеттік нөмір белгісі, кузов және шасси нөмірлері, маркасы, шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі, автокөліктің түсі, санаты және рұқсат етілген жүктің салмағы, Қазақстанда алғаш тіркелген күні, көлік құралын қайта жабдықтау туралы мәлімет, иесінің ЖСН немесе БСН-і және тағы бірнеше пункт қарастырылған. Сонымен қатар, құжатта бұйрық күшіне енгенге дейін берілген бұрынғы техникалық паспорт күшін жоймай, жаңа тіркеу куәліктерімен бірге пайдаланыла беретіні аталып өткен. Ол автокөлікті сатып алу немесе сату және оны қайта тіркеу процесі кезінде ғана алмастырылады.