ЗАҢНАМАНЫ ІЗГІЛЕНДІРУ – БАСТЫ МАҚСАТ

18

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталып, бірқатар міндеттер жүктегені белгілі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да маңызды 10 міндеттің тоғызыншысы ретінде «жемқорлықпен күрес пен заңның үстемдігін» атады.

«Азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді Президент.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында еліміздің құқық саласы біріздендіріліп, биік белестерді бағындырды. Оны әлемге әйгілі халықаралық ұйымдар да өте жоғары бағалауда. Бұл біздің елде адам құқығы қорғалатындығын және оны қолданыстағы заңдарымыз қамтамасыз ете алатындығын айқын көрсетеді.
Десек те, қоғамымыздың өсіп-өркендеп, дамып жатқаны секілді, заңдарымыздың да уақыт талабымен үндесуі үшін жетілдіріп, толықтырып отыруымыз қажет. Сондықтан бүгін қылмыстық-процестік заңнамамызды жетілдіріп, жаңғырту мақсатында заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бекітілді. Бұл толықтырулар бізге не береді?
Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және оны құқықтық мемлекет стандарттарына сәйкес келтіру, қылмыстық сот ісін жүргізудің қудалау сипатын азайту, қылмыстық процесте заңдылықтың қосымша кепілдіктерін белгілеу, оның ішінде жеке кәсіпкерлік мүддесін қорғау дәрежесін арттыру.
Сонымен қатар, азаматтар құқығының қорғалу деңгейін арттыру үшін қамау шаралары қолданылмайтын негіздердің тізімін, әсіресе, адамды қоғамнан оқшауламайтын, яғни баламалы жаза түрлерін, атап айтқанда, бас бостандығынан шектеу жазасын, сотталушыға қоғамдық жұмысқа тарту сияқты жаза түрлерін кеңінен қолдану мәселелері ұсынылғанын атап өту қажет. Бұдан былай күдіктілерді оңды-солды қамай беру тыйылып, бұлтартпау шараларының саны қысқармақ. Ендеше, түрмедегі адамдардың саны азайып, мемлекетке артылатын салмақ та жеңілдемек.
Заңнамаға енгізілген тағы бір өзгеріс – қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстау мерзімінің қысқартылғаны. Аталған жаңашылдық Еуропа елдерінің тәжірибесі негізінде енгізілгенін атап өткен жөн. Бұл ұстауды күш-қысым көрсету арқылы дәлелдемелер жинақтау құралы ретінде қолдану қаупін азайту мақсатында қарастырылған. Яғни, қылмыстық сот өндірісі барынша оңайлатылды.
Бұдан бөлек, жасырын әрекеттермен қоса құқықты шектеу сипатындағы процессуалдық әрекеттердің бәрін санкциялау түрінде соттық бақылау саласын әрі қарай кеңейту ұсынылды. Сонымен, тергеу судьясының өкілеттілігі кеңейтілді, ол сотқа дейінгі іс жүргізу барысында қарап-тексеруді, тінтуді, алуды және жеке тінтуді санкциялау мәселелерін де қарап, шешім қабылдайды. Бұның өзі азаматтардың құқығын шектейтін тергеу әрекеттеріне, заңбұзушылыққа жол бермеуге ықпал етеді. Бәрін қоса алғанда, бұл құқық қорғау құрылымындағы үлкен жаңалық, жақсы нышан деуге болады.
Қылмыстық заңнамадағы тағы бір жаңашылдық – бұйрық тәртібінде істерді қарау мәселесі. Қазіргі уақытта сотта істерді қарау кезінде «Бұйрық өндірісі» қолданылып, теріс қылықтар және ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімі қысқартылды. Оның негізгі міндеті – қылмыстық процесті модернизациялау шеңберінде істердің қаралу мерзімдерін қысқарту. Құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің жұмысын барынша түсінікті, ашық ету. Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, іс бойынша тараптарды сот отырысына шақырмай-ақ, қылмыстық іс «Бұйрық өндірісі» тәртібінде қаралмақ.
Бұл ретте, істердің қаралу мерзімі едәуір қысқартылып, бұған қоса, мемлекет қаржысы да үнемделмек. Сонымен, «Бұйрық тәртібі» санатына жататын қылмыстық істер сотта тараптарды шақырусыз, сот отырысын өткізбей-ақ, 3 тәулік ішінде қаралуға жатады. Аталған өзгерістердің тиімділігі – белгілі санаттағы істер жедел қаралып, іс бойынша тарапты әуре-сарсаңға салмауды қамтамасыз етпек. Бұл ретте, облыс соттарымен енгізілген өгерістерден кейін, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлығы 4 қылмыстық іс бұйрық тәртібінде қаралған.
Модернизация шеңберіндегі ең басты жаңалық – электрондық қылмыстық істер. «Е-қылмыстық іс» Президент Жолдауы шеңберінде еліміздегі цифрлық технологияны дамыту бойынша жүзеге асырылуда. Бұл жаңашылдықтың пайдасы неде? Ең алдымен, қажеті жоқ қағазбастылықтан құтыламыз. Екіншіден, істерді бұрмалауға, өзгертуге жол берілмейді. Үшіншіден, арыз түссе, прокурорлар істі сұратпай-ақ, өздері қарайды. Төртіншіден, істі ешкім жасыра алмайды. Жәбірленуші, айыпталушы, сондай-ақ адвокат кез келген уақытта онлайн режимде істің қалай тергеліп жатқанын қарай алады. Электрондық нысанға ауысқан соң істер жедел тергеледі. Талдау күшейтіледі. Мәселен, «Қылмыстық электрондық іс» бойынша Шығыс Қазақстан облысының соттары қылмыстық санкциялауды енгізу бойынша 4 қылмыстық істі және санкциялау туралы 54 материалды электронды түрде қараған.
Электронды сот ісін жүргізуде заманауи жетістіктерді тиімді пайдалана білу – барлық соттар үшін және сот төрелігін халық алдында шынайы, ашық та қолжетімді етіп көрсетудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Сондықтан біз заман талабына қарай мұндай озық технологиялық жетістіктерді сот жүйесінде әрдайым сәттілікпен пайдалануды дамыта беруіміз керек. Бұл үрдіс азаматтардың және қоғамның соттарға деген сенімін одан сайын арттыра береді.
«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, барлық салада тәртіп орнату үшін талапты күшейту керек болса, ал қазір заманның дидары өзгерді. Соған сәйкес кей баптардағы жаза түрлерін жеңілдету, заңдарды ізгілендіру секілді шаралар бүгінгі күннің талабына айналып отыр.
Еліміздегі сот әділдігін іске асыруда оның халыққа ашық және қолжетімді болуы – Елбасы алға қойған ең жауапты міндет. Бұл жауапкершілікті біздер барынша сезініп, берілген тапсырмаларды одан әрі де тыңғылықты атқаруға тиістіміз.

Тобықтай түйін: Заңды сыйлау, оны орындау біздің қоғамның басты шарттарының бірі болуы тиіс. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам» деген қанатты сөзін әр азамат жадында сақтап, бойтұмардай бағалай білгені абзал болмақ.

Нұрлан Қайырбеков,
Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы